4. Мәтіннің негізгі мазмұнын кесте, график немесе диаграмма түрінде көрсетіңіз.
МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫНЫҢ ИСЛАМ ДІНІ ХАҚЫНДАҒЫ ОЙ-ПІКІРІ ЖӘНЕ ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ
1. Жастар тәрбиесі тақырыбына байланысты бестармақ (синквейн) құрастырыңыз. 1) 1 зат есім 2) 2 сын есім 3) 3 етістік 4) 4 сөз табынан тұратын сөйлем 5) 1-сөздің баламасы немесе синонимі
2. Мәтінді оқыңыз, оның мазмұны бойынша жазбаша дөңгелек үстел өткізіңіз. Студент өз ойлары мен идеяларын белгіленген уақыт аралығында (2-3 минут) жазып, уақыт аяқталған соң қасындағы көршісіне парағын ысырады. Көршісі алдыңғы жолдасының жазғанымен танысып, сол ойларды ары қарай жалғастырады. Осылайша жазуды толықтыру жалғаса береді. Бүкіл үстелді айналып өткен парақ қолына тигенде, парақ иесі жазғандардың бәрімен танысып шығып, қорытынды тұжырым жасайды. Өткен XX ғасыр басында халқымыздың азаматтығы жолындағы күресті өмірінің ең басты мақсатына айналдырған Міржақып Дулатов сынды ұлы тұлғаның ислам діні хақындағы пікірі қандай? Исламның отарлық езгіге қарсы күрестегі аса маңызды фактор болып табылатындығын терең ұғынған либералдық зиялы қауымның аса көрнекті өкілдерінің бірі Міржақыптың ұлт
жастарына қатысты мұсылмандық тәрбие мен имандылыққа көзқарасы нендей өлшемдермен айқындалады? Аталмыш сұрақтардың өзектілігіне ешбір дау жоқ. Ислам дінінің қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алатындығын, имандылықтың, адамгершіліктің негізі екендігін әр кезеңде халқымыздың алдыңғы қатарлы озық ойшылдары жеткілікті түсінген. Сондай қазақ халқының біртуар зиялы азаматтарының бірі, барлық қабілеті
мен күш-жігерін халқының болашағы үшін арнаған, қазақтардың ұлттық сана-сезімін оятып, тілі мен діні үшін күрескен озық ойлы ағартушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының (1885-1935) ислам діні хақындағы ой-пікірінің бүгінгі ұрпақ, жастар тәрбиесіне тигізер әсері мол. Міржақып Дулатұлы қазақ халқының болашағын жастармен тығыз байланыстыра отырып, адамгершіліктің, ар-ұяттың басты тұтқасы имандылықта, мұсылманшылықта, дінді ұстауда екенін жете түсінген. Ол «Имандылық саған міндет» - деп қазақ жастарын имандылыққа, мұсылмандық шарттарын берік ұстауға шақырады.
Міржақып Дулатұлы қазақ жастарын «бірлікке, соның үшін мұсылманша ғылымдар оқып, дінімізді танытып, надандардың көзін ашып», пайда табуға шақырады [10]. Жастарды дүниелік оқуға, ағарту ісіне шақырғанда Міржақып Дулатұлы қалың көпшілікті үркітіп алмайын дегендей діни оқуды қатар айтады. Ауыл мектептері мен медреселерде діни оқумен бірге пәндерді орыс тілінде оқытуды ұсынады:
«Медреседе сайлансын екі молда, Бірі оқытсын мұсылманша, бірі орысша. Педагогика тәртібімен оқытса олар, Қазағым, кетер едің сонда алға» [2].
Міржақып білімге, әлемдік ғылымға шақыруда, қазақ балаларының тілін ұмытып, дінінен айырылып қалу қаупі бар екендігін ескере отырып, әуел баста бастапқы білімнің мықты болуының шартты екендігін атап кетеді. «Халықта оқымаған адам қалмаған жақсы, бірақ қазіргі сөзімізше сол оқудың тәртібі хақында жаңа низам бойынша әлгі жас балалар орыс кітабымен орысша оқып кетсе, тез уақытта тілін ұмытып, діннен де айрылып қалу қаупі бар. Соның үшін мұны білген адамдар қайғырып әбтеһи мектептерде 3-4 жылдай оқу баланың ана тілінді болып һәм діні де жақсы болса екен, онан кейін әркім сүйген ғылымын үйренуге ешкім тоқтау етпес еді» деп тіледі
Міржақып Дулатұлы ислам дінінде белгілі дәрежеде халықты ағартушылық бағытқа жетектейтін негіз бар деп есептейді. «Дін қараңғылық, қара түн мысалында болса», - деп жазды ол, ғылым – жарық күн мысалында. Күн мен түн табиғат заңы бойынша «жанаса бір-біріне жақын жүрсе, дін мен ғылым еш уақытта жанаса алмайды...» Міржақып Дулатұлы ғылым мен білімді жақтай отырып, жалпыадамзаттық асыл қасиеттердің қалыптасуында діннің тәрбиелік мәнін баса айтады. Яғни руханилықтың басты көзі – имандылық. Адамзат ғылыми прогресс арқылы қаншалықты ілгерісе де, қандай құрал ойлап тапса да, заманның, тіршіліктің сырын ақиқаттардан, яғни діннен іздейді. Әр адам жаратылысын ойлау арқылы жаратушы иесін табады да, оған жүзін бұрып, иман келтіреді. Кәміл бір иман адамды жамандықтан, арам ойлардын алыстатады, рухани жан-дүниесін, көңілін адамзатқа пайдалы болатын әр түрлі іс-әрекетке әуес қылады.