3. Мәтіннің негізгі мазмұнын кесте, график немесе диаграмма түрінде көрсетіңіз. 4. Авторға хат түрінде эссе жазыңыз Я.А. Коменскийдің педагогикалық жүйесі 1. Мына сұрақтар төңірегінде ой толғап көріңіз. 1) Мен осы тақырып бойынша не білемін?
2) Менің білетінім қандай дәрежеде екен?
3) Ол маған қалайша қажет болып еді?
4) Не білгім келеді?
5) Бұл тақырып маған тұлғалық, кәсіби даму тұрғысынан не береді?
2. Тақырыпқа қатысты негізгі сөздер мен сөз тіркестерін оқып, мәтінде не туралы сөз болатынын болжап көріңіз. Сыныптық-сабақтық жүйе, көрнекілік, дәйектілік, саналылық, жүйелілік, оқу әдістемесі, педагогикалық шеберлік.
3. Мәтінді оқыңыз, автор қандай проблеманы көтереді және одан шығудың қандай жолдарын ұсынады?
Ян Амо́с Коме́нский( 28 наурыз 1592 – Нивница, Оңтүстік Моравия — 15 қыркүйек 1670, Амстердам) — чех педагог-гуманисі, жазушы, қоғам қайраткері, ғылыми педагогиканың негізін салушы, сыныптық-сабақтық (классно-урочной) жүйені ойлап тапқан. 1627 жылы Коменский дидактика бойынша чех тіліндегі еңбегін жаза бастады. Католиктер тарапынан қудалауға ұшыраған Коменский Польшаға кетуге мәжбүр болады (Лешно қаласы). Мұнда ол гимназияда сабақ береді де, «Дидактиканы» аяқтайды (1632), одан кейін оны өңдеп, латын тіліне аударады да, «Ұлы дидактика» деп атайды (1633-38). Коменский тәрбиені жалпымектептік жоспар, сынып-сабақтық ұйымдастыру, 6 жастан оқу, білімді тексеру, сабақтан қалуға тыйым салу, әр сыныпқа арналған оқулықтардың көмегімен мектепте жүзеге асыру керек деп есептеді. Дидактикалық принциптері: көрнекілік, дәйектілік, саналылық, беріктік, жүйелілік. Тәрбиелеу мен оқыту мәселелерін Коменский әрдайым өзара тығыз байланыста қарастырды. Дидактиканы ол білім беру мен оқытудың ғана теориясы емес, тәрбие теориясы ретінде де ұсынды. Коменский бүкіл жастарға жан-жақты білім беруге шақырды, барша білім беру жұмысын тілдерді үйретумен – ең алдымен, ана тілін, одан кейін сол уақыттың ғылым мен мәдениет тілі болып есептелетін латын тілін үйретумен байланыстыру керек деп есептеді. Оқу әдістемесінде Коменский тәртіп пен табиғилыққа ерекше мән берді. Осыдан келіп, Коменскийдің оқытуға қойған негізгі талаптары шығады: оқытуды мүмкіндігінше ерте бастау керек, оқу материалы оқушылардың жасына сәйкес келу керек. Коменский адам санасының бәрін қамтуға қабілетті екендігіне еш күмән келтірген жоқ, тек ол үшін оқытуда жақыннан алысқа, таныс нәрседен бейтаныс нәрсеге, бүтіннен бөлшекке жүйелі түрде және бірізділікпен алға жылжушылық болуы керек, соның нәтижесінде оқушылар жекелеген мәліметтерді емес, білім жүйесін меңгеруге тиіс. Коменскийдің пікірінше, баланың бойынан әділдік, бір қалыптылық, батырлық (еңбек етудегі табандылық) сияқты қасиеттерді ояту керек. Рухани тәрбие беруде ересектер өнегесінің атқарар рөлі өте зор, балаларға пайдалы қызметпен айналысуды жүйелі түрде үйрету керек деп есептеді. Коменский барлық балаларға білім алуға мүмкіндік беретін жеке оқытудың орнын басқан сынып-сабақтық жүйені ойлап тапты. Ол біртұтас мектеп жүйесін: ана мектебін (6 жасқа дейінгі отбасындағы ана тәрбиесі), 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған ана тілі мектебін (ана тілін, арифметиканы, геометрия элементтерін, географияны, табиғаттануды меңгеру, маңызды кәсіптермен танысу), ірі қалаларда 12 жастан 18 жасқа дейінгі әлдеқайда қабілетті балаларға арналған латын мектебін немесе гимназияны ( Коменский оқу жоспарына дәстүрлі жеті «еркін өнер» түрімен қатар, жаратылыстану, тарих, жағрафияны да енгізді) жасады. Коменский осы «жеті өнер» түрінің мазмұнын өзгертті де, жаңа ғылым деңгейіне көтерді. Сонымен, әр мемлекетте академия – 18 бен 24 жас аралығындағы жастарға арналған жоғары мектеп болуы керек. Коменскийдің көптеген еңбектерінде оның мұғалім туралы ойлары бар. Оның пікірінше, мұғалімнің педагогикалық шеберлігі болуы тиіс, ол өз ісін сүю керек, оқушыларды өз бетінше ойлауға үйрету керек, халқына пайдасын тигізетін адам ретінде тәрбиелеп шығару керек. Коменский әлемдік педагогика мен мектеп тәжірибесінің дамуына зор үлес қосты.