Жағдаяттарды жалғастырыңыз.
1.Жарқынның үйге берілген тапсырманы орындауға зауқы соқпады. Әлі уақыт бар ғой деп күні бойы теледидар көрді. Интернетпен «Менің әлемім» желісі арқылы достарымен хабарласты. Бір кезде сыныптасы Жеңіс қоңырау шалып, компьютерлік клубқа шақырды. Өзі де зерігіп отырған Жарқын ......
Мұндай жағдайда өзің не істер едің?
2.Арман ертең Алматыға бармақшы еді. Жолға ерте тұрып жиналсам да болады ғой, сағаттың қоңырауын тағы 5-ке қойды да, төсегіне қисая кетті.
Жаздың қысқа таңы тез атып, бөлме ішіне де жарық түсе бастады. Кенет үлкен үстелде тұрған кішкене сағат шырылдап қоя берді. Арман шошып оянды да, сағатты тарс еткізіп қойып қалды. Тәтті ұйқыны қияр емес. Әйтсе де біраз жатқан соң, орнынан атып тұрды да, асығыс киіне бастады. Жолға алатын заттарын жинастырды. Кеше дайындап қоймағанына өкінді. үйден асығыс шығып вокзалға келсе, поезд әлі келмепті. Жарты сағаттай уақыт бар ғой деп, ол орындыққа сылқ етіп отыра қалды да ұйықтап кетті. көзін ашса, қасында отырған адамдардан ешкім қалмапты. сағатына қараса, жетіден асып кетіпті. Ал поезд болса баяу жылжып барады екен.
1) Арман поезға неге кешігіп қалды?
2) Бүгінгі істі ертеңге қалдырудың зияны неде?
3) Арманға қандай ақыл қосар едіңдер?
4) Өз ісіне жауапкершілікпен қарау қандай нәтиже береді?
5) Шығармашылық шаттық дегенді қалай түсінесіңдер?
6) Адам қандай жағдайда шаттыққа бөленеді?
7) Адамның шабытына нелер әсер етеді?
8) Құштарлықтың шабытқа қандай қатысы бар?
Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі: Елбасының беделі, Астананың серпілісі Қазақстанның беделімен, серпілісімен тұтастанып отыр немесе елдік іс және өркениет дәстүрі
Тәуелсіздіктің талабымен және ғаламдық серпілістердің ықпалымен жаңарған Қазақстан халқы - рухани мол байлықтың мұрагері. Ол өресі биік, сан салалы тағылымды мәдениеті мен өркениеттен тамырын үзбеген деңгейіне бір күнде, бір ғасырда жеткен жоқ. Бүгінгі адами да, материалдық та мол қазынаның түп-төркіні ғасырлардың тереңіне кетеді.
Батыста және алтайлық тектен бізбен тамырласатын Жапония мен Кореяда «адам ресурсы» деген термин-тіркес бар. Тіпті үкіметтегі министрліктің атаулары осылай аталады. «Ресурсты» біз кейде «қор» дейміз. Бұл сонда қандай қор? Байыптап қарасақ, белгілі мемлекеттегі өткен де, бүгін де, келешек те - қор болып жинақталады екен. Қоғам болып ұйысу, мемлекет болып жұмылу осыған байланысты болатыны түсінікті. Үстірт шолғанда техникалық атаудай көрінетін осы ұғымның елімізде дұрыс қалыптасып, дамуына бәріміз мүдделі болуымыз керек.
Діни аңыздардағы Нұқ кемесінің тұрағы мен тиянағын, мысалы, біздің шежірелік-эпикалық жадымыз Қазығұрттан өрбітіп жатса, әлемдегі басқа да балама әпсаналардың өмір сүре алатынына кепіл бере отырып, қуануымыз керек. «Қазығұртта кеме қалған...» - жай миф емес, өміршең миф. Әлем ақыретке дейін әлем болған және болады, қазақ мәйек болған Қазақстан да сондай! Жасайды және жасай береді! Бабамыз солай түсті ғана көрмеген, істі де көрген. Себебі олар оны өз қолымен жасаған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мынандай бір тағылымды сөзі бар: «Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді».
Әр елдің, әр мемлекеттің өз биігі, өз асқары бар. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да. Мәселен, сол Қазығұрт немесе бабалар таңбасын қалдырған Ұлытау, мәслихат құрған Мәртөбе, Абылай хан мен Кенесарыға ойласу алаңы, қорғанар саясы болған Көкше - Бурабай, атының өзі жауды қаймықтырған Хантәңірі - саяхатшы-топографтар белгілеген қарапайым нүктелер емес, халықтың арманы, ойы, аңсары. Ђзен-көл де, жайлау-бел де осындай! Бәрі де - «ел қондырсам деп едім», «жау қашырсам деп едім» арманынан туған елдік ниет пен істер.
Қазақстан территориясының әр тұсында жүргізілген археологиялық зерттеулер байырғы ата-бабаларымыздың жерін жаудан қорғаған жауынгер, ән салып, өлең шығарған ақын ғана емес, әлемдік өркениетке үлес қосқан тамаша сәулетші, мүсінші, суретші, ұста болғанын да дәлелдеп отыр.
Аталарымыз өз ұрпағын күмбірлеген күміс күйімен, қобыз, домбыра, сыбызғы үнімен, асқақтата салған әсем әнімен, ғашықтық жырымен, мақал-мәтел, шешендік сөз, айтыс өлеңімен сан ғасыр бойы «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі, адамгершілік ар-ұжданы жоғары, намысты азамат етіп тәрбиелеп келгені - тарихи шындық.
Түркі тілдес халықтарға ортақ, өшпес мұра қалдырған ортағасырлық ғұламаларымыздың терең толғаныстары мен ақыл-кеңестері - қазіргі қоғам үшін, оның тәлім-тәрбиесі мен мәдениеті үшін таусылмас мол азық. Халықтың, ағартушы-ғалымдардың педагогикалық, психологиялық тұжырымдары бүгінгі заман талабымен толық үндеседі. Сол себепті де өнегелі тәлім мен текті тәрбиенің тінін табу үшін әрі тұлға болып қалыптасу үшін өткен күн мен осы күннің арасын сабақтастыра білгеніміз орынды.
Халқымыздың мәдени тәлім-тәрбиесін негізінен, төрт жүйе төңірегіне топтастыра аламыз. Біріншіден, адамдықтың бастапқы әліпбиін үйретуді көздеген әке-шеше баласына «әдепті, шыншыл бол» дегенді өмірлік темірқазық етіп миына қондырады. Екіншіден, ата-ана баланы қайырымды, иманды болуға баулиды. Үшіншіден, Отаны мен отбасын қорғайтын батыл, намысты болуға үйретеді. Төртіншіден, саналы, білікті етіп қалыптасуын ойластырады. Осының бәрін бойы мен ойына сіңіріп өскен перзент ары мен азаматтығының алдында ақ-адал болған. Бұл - елдік құндылықтардың қарапайым отбасындағы саф қайнары, қоғам түзілісінің алтын арқауы.
Әлемдік өркениет тарихында ерекше орны бар, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген. Бұл нақылдың өмір тәжірибесінен алынғандығы бірден аңғарылады. Ђйткені ұрпағының болмыс-бітіміне, ертеңіне алаңдаған бабаларымыз оның тәрбиесін «ең үлкен елдік іс» деп, жауапкершілікпен қараған.
«Балаңды бес жасқа дейін аялап, өбіп ұста, бес пен он жастың арасында құл қылып жұмса, он беске келгенде онымен ақылдас» дегенді айтқан аталарымыз «ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деуді де ұмытпаған. Ұждансыз ұл, қылықсыз қыз тәрбиелеуден сақтанған қазақ ұрпақ тәрбиесіне келген кезде темір тәртіп, қатаң қағида ұстанған. Кеспірсіз қылық көрсетіп, ұят іс жасаған бала, жасөспірім тиісінше жазаланып отырған. Ұрпағының ары мен ұятын ұлықтаған жұртымыз баланың балалығына да, даналығына да дақ түсірмеген. Жігерін жасытып, өрлігін өшірмеген. Бірақ жазалаудың жолы мен жосығы осы екен деп, орынсыз даттамаған, жөнсіз кесім жасамаған, жүйесіз тезге салмаған. Елдік құндылық осылай қалыптасқан.
Қазақтың ұл-қызының барлығы «тәрбиесіз» деген сөзден қорыққан. Ђйткені жер басып тірі жүргенде осы сөзді есту тұтас бір әулеттің, елдің сүйегіне салынған таңба деп есептелінген. Тіпті «тәрбиесіз», «көргенсіз» деген сөздерді ата-анасының да ар-абыройына жағылған күйе деп қабылданған. Ғайыптан тайып жетесіздік жолына түссе, қоғам ондайларды тәрбиелеудің аса қатаң жолын ұстанған. Дала демократиясы мұны тиісінше қолдап отырған.
Қоғам болған соң бәрі де кездеседі. Телі-тентек, бұзық, нәпсіден құтырынған жетесіз жан - әке-шешенің қайғысы мен қасіреті. Кез келген адам «пәленшенің баласы анадай, қызы мынадай екен» дейтін болса, ата-анаға мұнан өткен қорлық жоқ. Олардың бетіне басылатын салық та, көңілінің көбесіне түсетін дақ та осы.
Дегенмен дәстүрлі қазақ қоғамында үлкеннің, зерделінің, зиялының бетінен алып шайпаулану, жаға жыртысып адуындану жоққа тән болған. Бәтуасыз сөз айтып, бейәдеп қылық көрсету ешқашан белең алмаған. Оқта-текте кездесе қалған жағдайда ақсақалдардың, ел ағаларының: «Ей, бала, барар жерің белгілі болды!..» деген сойыл сөзінен соң-ақ, кінәлі жан: «жаздым, жаңылдым» деп, кешірім сұраған. Бір қызығы, үлкендердің мысы тәрбиесізді шынында да, түзей алған. Мұны «қолмен істегенді мойынмен көтеру» немесе «жұрт алдында өз күнәсін сезіну» дейді. Біле білген адамға бұл - жауапкершіліктің бастамасы, түзелудің нышаны.
Ђкінішке қарай, соңғы жылдардағы Батысқа әсіре еліктегеннің әсері ме, әлде отбасы тәрбиесінің кейбір тұсы кемшін түсіп жатқаны ма, әйтеуір кейбір жастар жаңарған қоғамға өзінің азаматтық үнін қоса алмай, білім мен білік, парасат пен жауапкершілік тұрғысынан саябырсып, селқостанып кеткені де байқалады. Біразы «Отан» деген киелі ұғымға жалаң, жадағай қарай бастағаны сезіледі.
Кез келген дүниені ақыл таразысына салмастан бұрын «аттандауға», белгілі бағыт-бағдары мен табан тірер тұрағын анықтап алмай тұрып «мен білемге» салып өзеуреп сөйлеуге, қит етсе «бұл біздің құқымызға қайшы» дегенді желеу етіп, негізсіз байбалам салуға, арыз-шағым жазуға бейім тұру - әлемдік демократия құндылықтарына пародия десе болғандай. Осы орайда мынадай сұрақ туындайды: «Біз, жасамыс аға ұрпақ, жас ұрпақты өрелі, өркенді азамат етіп қалыптастыру үшін отбасында, қоғамда қандай жеке үлгі, өнеге көрсетіп жатырмыз? Әлем таныған Қазақстан атты кеменің рулін, бағдаршысын, желкеншісін, ескекшісін қандай жастардың қолына тапсырмақпыз? Жауапкершілігі бар ойлы ұрпаққа ма, жоқ әлде кінәмшіл, даярға тап, бергеннен гөрі алғанды жақсы көретін ұрпаққа ма?..».
Осындай сұрақ қойылса, бәріміз ойланып қаламыз. Құндылықтарымыз бар екен, ал оны құнсыздандыратын да - өзіміз. Қоғамның шынайы қалпына қарасақ, аталған құндылықтарды орашолақ ісімізбен, сөзімізбен қалайша арзандатып алғанымызды білмей қаламыз. Әуелі «жауапкершілігі шектеулі» деген ұғымды естігенде үріккен қазақтың кейінгі кезде жауапсыздыққа бойы үйренген сыңайлы.
Ђкінішке қарай, бүгінде жекелеген орталарда жаман әдет қалыптаса бастағанын жасырудың қажеті болмас. Ол әдет - «сыпыра жамандау» әдеті.
Әрине, жамандау - сенбеуден, сенбеу - күдіктен шығады. Алайда сан ғасырлық ұлттық дәстүрімізде орынсыз жамандау, дәлелсіз қаралау, себепсіз жазғыру - қателік қана емес, ауыр күнә. Осыған байланысты ілгерідегі көнекөз қариялардан естігеніміз жадымызда жаңғырады: «Бір жақсыны орға жыққан - бір жаманның айласы», «Әкесі де жақсы, шешесі де жақсы, Қос жақсының баласы, болма тапшы», «Жамандама жеріңді - кірер көрің, Жамандама еліңді - шығар төрің».
«Жаппай жамандау қайдан жұққан дерт?» дерсіз. Құлақ түрсеңіз, көңіл құлазиды. Білсін-білмесін біреуге баға беру, көрсін-көрмесін күйелеу, сынау-мінеу, үкім айту, әйтеуір жақсы жағын елемей, етектен тарту, аяқтан шалу. Мәселен, «Кім жаман?». «Әкім жаман, министр жаман, әртіс жаман, әскер жаман, пошта жаман, полицей жаман...» тағы сол сияқтылар. Қосамжарлар қосыла кетеді: «анау ескерткіш жаман, мынау көпір жаман, анау жол жаман, анау кино жаман, мынау түйме-ине жаман, анау арна жаман, мынау жарна жаман» деп қардай боратады. Жамандаушының сөзіне қарағанда, «бір өзі ғана жақсы!». Тіпті оның кінәмшіл көңілі мен аузынан тек «жаман» деген сөз ғана шығатындай.
Байыптап қарасақ, «жаман» деп айта беру, шынында, жамандықты шақыруға ұласпай ма? Ђйткені мамандар «сөз қайталанып айтыла берсе, материалды дүниеге айналады» дейді. Жағымсыз сөздің әсері тіпті жүкті ананың құрсақтағы шаранасына берілетінге ұқсайды. Мұны жамандаушылар неге ескермейді екен? Жамандықты күндіз-түні құйқылжытсақ, сонда жақсысын кім береді, жақсыны кім көреді? Мұны ойлауға мұршалары жоқ. Одан қалса бір-біріне айдап салып айтыстыру, жағаластырып жарыстыру, көпе-көрнеу күйе жағу, тағысын тағылар. Қаптаған қауесет, түкке тұрмайтын өсек-аяң, пыш-пыш әңгіме кімге тиімді? Айтушыға, ежіктеп жазушыға абырой әпере ме? Сонда бұл кімге, неге, кім үшін, не үшін керек?.. Осы жайтты бір-ауық ойланған кісі болса, әлгі сұрақтарға жауап табу қиын емес деп ойлаймыз.
Тегіс жамандай беру, дүниедегі және қоғамдағы өзгеріске көңілі толмай, кежегесі кейін тарту - адам санасындағы дағдарыстың, тіпті патологияның бір сарқыншағы іспетті. Оның тамыры империялық саясаттың зардаптарында жатыр.
Әлемдік отаршылдар тәжірибесінде құлдық қамытын киген елдерге өткендерін таңдап қана «мақтан тұтқызу», ата-баба даңқын жалғастырушылардың ерлігі туралы тіс жарғызбау немесе жасампаз істеріне күдікпен қарату тәсілі тиімді қолданылған. Бұл - жазушы Шыңғыс Айтматов айқындаған «мәңгүрт», ғалым Рақманқұл Бердібай дәлелдеген «көзқаман» атау-ұғымдарымен түсіндірілетін құбылыс. Сондықтан да жаңа өмірдің жақсылығын бағаламау - құлдық психологиядан қалып қойған жұрнақ. Бұдан кейін «тәуелсіздік жылдары қалыптасқан, қалыптасу үстіндегі құндылықтармызды мансұқтау, менсінбеу, кішірейтіп көрсету, мұқату кімге қажет?» деген сұрақтың жауабы өзінен-өзі түсінікті болады.
«Ђтірікті елу рет қайталаса, шындыққа айналады» деген қытай мақалының кері келіп, қарақан басының қамын мемлекеттің мүддесінен жоғары қоятын жекелеген сабаздардың әуселесін кім көтеріп жүргені де белгілі. Ђзінің емес, өзгенің есебінен сөз сөйлеп, қара аспанды төндіріп, азуын айға білегендер ешкімнің зорлауынсыз-ақ өз өтіріктеріне шашалып жатқанын да ел біледі.
Қазақта «таразы басын тең ұста» деген сөз бар. Бұл заңгер мен сатушыға ғана айтылған сөз емес. Мәселен, рухани-мәдени мәселеде өткенді ғана айтып, тек арғы ата-бабаны мақтаумен шектелу дамуды тежейді. Оразды елдерде өткенімен қатар қазіргі күнді, яғни осы шақты бағалай біледі. Бір-бірінің қадірін арттырып, елге жұмыла қызмет етудің жолын іздейді. Тірісінде сыйласады, құрметтейді, қолдайды, пікірін іркіп қалмайды.
Бізде де солай болған және болуы тиіс. Бірақ белгілі кездерде объективті жағдайларға сәйкес қоғамымызда әлеуметтік жік пен парасат парқының арасы ашылды. Мұны данышпан Абай: «Ђлгенде адамның жаманы жоқ, тірісінде жамандаудан аманы жоқ» деп әділ сынады. Ақын осыны «халқым жаман әдеттен арылсын» деп айтты. Елі үшін жанын беретін, ұлтының мерейін асқақтататын, мәртебесін көтеретін жайсаң ұлдары мен қыздарына лайықты бағасын берсін, қадірін білсін деп өсиет қалдырды.
Еліміздің өркениетті тек-тамыры, бүгіні және келешегі шығармашылықпен айналыспайтын, ізденбейтін, кітап оқымайтын, классикаға назар аудармайтын, дәлдүріш дүниемен шектеліп, интернеттің білімін емес, кісәпір иірімін қанағат қылатын қайсыбір жастарды сыртқа теуіп бөлектемей, тәрбие жөнімен елдік ортақ іске тартуды да қажет етеді. Ђз елінің әдебиеті мен мәдениетінен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан мақұрым қалғандар адасып жүре берсе немесе қоғамын «жат» санаса, бәрімізді опындыруы мүмкін. Тура осы тұста ата-ана мен қоғамның белсенділігі, парасаты, жауапкершілігі өте-мөте керек.
Елбасының бастауымен «Бәсекеге қабілетті қоғам құрамыз» деп биік істерге жұмылып жатқанымызда бүгінгі жас азаматтар құр сөзбен, елдікке жат іспен айналыспауы тиіс. Олардың бағдары да, іздейтіні де тек қана білім, ғылым және мәдениет болуы шарт. Білімді әрі білікті ұрпақ қана өркениет көшіне ілесе алады. Ал біздің мемлекетте білім мен мәдениет бәсекесіне мүдделілерге барлық жағдай жасалған. Отандық таңдаулы, жетекші оқу орындарынан бастап, Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің озық университеттерінде оқуға ұмтылу, қоғамдық мәдени іс-шаралар мен түрлі қызықты кештер, мазмұнды да мәнді кездесулер жастардың мәдени, рухани арнада да толығып өсуіне мүмкіндік береді. Ең бастысы, жас азаматтарымызда зейін-зерде, ынта-ықылас болсын деңіз.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» ұрпақтың тәрбиесін отбасынан бастап қолға алмаса, «балабақшада, мектепте, жоғары оқу орнында түзеп аламыз» деу көбіне жай арман ғана. Бұл жағдай, әрине, білім жүйесінің міндетін жеңілдетпейді. Әдет болып қалыптасып, сүйекке сіңіп кеткен мінез-құлықты қайта қалпына келтіру - өте қиын іс. Қоғамның зайырлы да зиялы мүшесін қалыптастыру - ата-ана мен сол қоғамның ең асыл міндеті.
Бүгінгі ұрпақ дана Абай айтқан «жан құмарына» яғни білмекке, көрмекке, үйренбекке ұмтылып, халықтың терең де өміршең философиясы мен елдіктің заңдары мен құндылықтарын қасиет тұтып, үлгілі тәлім-тәрбие мен мәдениетке мойынсынуы тиіс. Біз сонда ғана «ежелден еркіндік аңсаған» бабалар аманатына адал болмақпыз.
Жаңарған әлемде Елбасымыздың беделі, Астананың серпілісі Қазақстанның беделімен, серпілісімен тұтастанып отыр. Мұны барша дүние де, қазақ жұрты да осылай қабылдайды. Абайдың: «Не болады өңшең нөл, бастамаса бір кемел» деген сөзі тағы да шындыққа айналды.
Бедел-авторитет - латынша адамгершілік, ар-намыс, күш, билік ұғымын білдіретін сөз. Бұл - философиялық, психологиялық, тарихи, әлеуметтік сипаттарды бойына жинақтаған өте мәнді дәреже. Ел мен көшбасшының, халық арманы мен арманды орындаушылардың ниет-тілегі үйлескенде, мемлекеттің тұғыры биіктей түседі. Қазақстанның дәреже-даңқы өскеніне, көтерілгеніне бәріміз мүдделіміз. Ендеше, елдік істің отбасыдан басталып, мемлекеттік деңгейде тиянақталатынына дейін бірлік пен береке жолын тілеп қана қоймай, соны жүзеге асыруға жәрдемдесейік.
Қай мәселеде болсын өсу мен өркендеудің басты шарттарының бірі - тұрақтылық. Тұрақтылық болу үшін басталмақ іске белгілі бір кұндылық негіз болуға тиіс. Осы түп негіздің төңірегіне сұрыпталып, жаңаша бастамалар қолға алынбаса, басы жоқ істің аяғы болуы екіталай. Мақсатқа жету үшін бағыт ұстанар темірқазығымыз бен табан тірер тұғырымыздың болуы - елдік істің іргетасы. Мұндайда ең дұрысы - «Әр нәрсенің сырын иесінен сұра» деген қағиданы басшылыққа алу. Сондықтан осы мәселемен арнайы айналысып жүрген сала мамандарының пікіріне құлақ түрсек, ғасырлар тоғысындағы, өткені көп өтпелі кезеңде, түйіні берік, шешілуі нәзік күрделі істің маңызды бір тетігі айқындалады.
Сала мамандарымен қатар, дамыған елдер тәжірибесіне көз жіберсек, олардың қол жеткізген нәтижесі бізде көтеріліп отырған бастамалармен бір арнада тоғысатындай. Бұлардың бәрінде айтылатын негізгі ойдың түйіні - жастарды рухани түлетіп, өз Отанына деген мақтаныш сезімін туғызып, барды бағалай білетін дәрежеге жеткізу - әрі елдік байлық, әрі елшілдік мәдениет. Біздің ойымызша, бұлай болуының себебі мынада: белгілі бір өңірді мекендеген ел құрамындағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі күнделікті қолданыста жетіле отырып, жалпыға бірдей ортақ сипат алады. Тоқтаусыз қайталанудың нәтижесінде ол әрекеттер дағдыға айналады да, осыдан келіп өмірлік дәстүр орнығады. Әрине, жекелеген адамдардан құралып, халық болып біріккенге дейін түрлі тарихи кезеңдерді бастан өткеретіні белгілі. Соның бәрінде оларды бір-бірімен байланыстырып тұратын күш - ынтымақты тіршілік пен мақсат-мүддеден келіп шығатын ортақ дәстүр. Күн көруге бағытталған осы әрекеттердің негізінде сол елдің экономикасы, әлеуметтік дәрежесі мен мәдениеті өсіп- жетіледі де, бірлесіп еткен еңбектің арқасында біртұтастыққа тән белгілері айқындала береді. Демек, бірлескен мәнді еңбек жалғыз материалдық игіліктерге ғана жеткізіп қоймай, біртұтас ортақ ойлау жүйесін де қалыптастырады. Көкіректегі көрікті ойдың өмірдің түрлі салаларындағы формасы, яғни тұрмысқа қажетті заттарға айналған түрі адамдар игілігіне жарап жатса, тұтынушы үшін де, өндіруші үшін де жетістік. Осыдан келіп, өз қолымен жасалған материалдық игіліктер мен адам арасында ажырамас тығыз байланыс орнайды. Басқаша айтсақ, адамдардың өзі өндірген дүниелеріне деген сүйіспеншілігі артып, күнделікті қажеттіліктерінің негізінде оны дамыта түседі. Әркімнің өз ісіне жауапкершілігінің артуына, сөйтіп, оның дағдыға айналуына бірден-бір жетекші нәрсе - қажеттілік пен өз ісіне сүйіспеншілік сезімі. Бүтін бір халықтың ортақ сипатқа ие түрлі салалар бойынша қол жеткізген игіліктері өзі үшін қымбат болатыны сондықтан.
Ұлт өкілінің көзін ашқаннан көргені, өмірдегі бар қуанышы, ізденіс-талпынысы ұлттық игіліктермен тікелей байланысты. Мұндайда туған ел мен дәстүрдің, туған жер мен ана тілдің бойға сіңген қасиеті адам жанына жақын тұрады. Әрқашан өзгенікінен биік көрінеді. «Отанын мақтан етіп, қасиет тұту» сезімі осындай ортада өскен ұрпақ бойында күшті болады.
Мәселен, әлемдік деңгейге еңбегіне сай көтерілген жапон, қытай елдерінің тәжірибесіне жүгініп көрелік. Бұл елдерде халық пен қауым жастар ісіне өте терең көңіл бөліп, ұлттық санасының қалыптасуына барынша баса назар аударады. Соның нәтижесінде, жер шарының қай түкпірінде жүрсін жастайынан жадында жатталған туған жер мен ұлтына деген борыштарлық сезім Отан алдындағы қарызды өтеуге бағытталған әрекеттерге жетелейді. Қайда барса да, санадағы таныс үн туған жерге, тіл мен дінге деген сағыныш болып жаңғырады да тұрады. Сағынбағанның өзінде болмысындағы түйсік ұлттық негізіне тарта береді. Бұл дегеніңіз - туған тегінен адастырмайтын ең құнды қасиет, ата-ана, өскен орта, ұлт алдындағы өтелген борыш.
Біздің жаңарған әлемнен үйренетініміз - негізгі бағыты мен тәсілдері. Елдік сана мен болмысымызға осындай озық үлгілерді сіңіре отырып, өзімізде барды жаңаша қалыптастыру - біреуге еліктеу емес, әлем айнасына жақсылап бір қарау. Ол - біріншіден, озығымыз бен тозығымызды саралап, табиғатымыздағы заманалар бойы өзімізді ілгері сүйреп келген негізгі ұлттық асыл қасиеттерімізді айқындау; екіншіден, таңдаулыларын мүмкіндігінше дамыта отырып, қолданысқа енгізу. Осы орайда біздің де арқа сүйер ең бірінші таянышымыз - сан ғасырдың сарабынан өткен елдік дәстүріміз екенін аңғарамыз. Оған заман талабына лайық жаңаша сипат беріп, ұрпақ игілігіне жарату - маңызды істердің бірі. Осы ретте балабақшадан басталатын тәрбие жұмысын мектепте толықтырып, жоғары оқу орындарында биік мәдениетпен қабыстыру - ұлттық педагогика мен философияға негізделуі керек.
Қазір бізде «Ел бірлігі» деген ұғымды түрлі этностар мен диаспора өкілдері аудармасыз-ақ түсінетін болды. Тіпті жақын болашақта «ел» сөзі халықаралық саясаттану термині ретінде де қалыптасуы мүмкін. Жерімізде мекендеп жатқан алуан түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген тарихи сенімі мен ризашылығы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Бұлай болуының себебі біріншіден, экономикамыздың дамуы тұрақтанып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына байланысты; екіншіден, олардың біразы кейінгі кезеңде түрлі жағдайлармен тарихи отанында болып, өздерін Қазақстандағыдай еркін сезіне алмай, қайтып көшіп келді. Этникалық ұлт өкілдері жаңарған Қазақстанда бұрынғы психологиялық болмысын, танымдық әлемін ел тәуелсіздігі құндылықтарна сай қайта құрып жатыр. Бұл үдеріс жуық арада өз жемісін беруі тиіс. Себебі іргелі елдердің бәрінде осындай болған. Ел ұйысуының дүмпуі, серпілісі біздегі ұлт, этнос, диаспора ұғымдарына жаңа мағына үстеуі тиіс. Қазіргі кезде Қазақстандағы барша этносқа қазақ халқы дәстүрінің кейбір қырлары әсер ете бастағаны, сондай-ақ қазақтың «еуропаланғаны» - жаңа ғасыр шындығы. Сонымен бірге бұл елдік үдеріс ортақ біртұтас ойлау жүйесі мен танымның қалыптаса бастағандығын көрсетеді.
Халқымыздың ашық мінезі, досын жауға бермейтін адалдығы, Отан үшін отқа түсетін батылдығы тәуелсіз елдің патриоттарын тәрбиелеу барысында екінші тынысын ашып, елді өркениет дәстүрімен дамыту ісінің қажетіне молынан жарамақ. Жатты жақын тұтып, бауырға тарту, кім екеніне қарамай қиналғанға қол ұшын созу қасиеті біздің бойымызда түгесілген жоқ. Жаңа заман талабы - туған табиғатымыз тектес кеңдікке құрылған ой-санамыздағы осы қасиетпен шектеліп қалмай, өзгенің де жақсы қасиетін бағалай білу, керек жерінде бойға сіңісті ету.
Ђткен ХХ ғасырдағы тарихымызда әлемнің озық мәдениеті мен ұлт мәдениетін ұштастыруға деген талап әлденеше рет болды. Мысалы, сол ғасырдың басында және 60-жылдары. Кеше ғана бұйығы ауылдан шыққан жас азаматтар үнемі жақсы істерге ұмтылудың нәтижесінде, ата-ана мен ел-жұрт атына кір келтірмейміз деген намыспен қазақ халқының атын күллі дүниеге танытты. Ауыл мектебі, ұстаздары, газет-журналдар, барша зиялы жасөспірімнің жүрегіне елі мен отбасына адалдықты, жауапкершілік сезімін сіңіре алды. Қазіргі жекелік пен даралыққа, нарық пен бәсекеге құрылған заманда елдік құндылықтарды жаңаша дамытудың жөні де, жолы да бар. Мұнда, ең бастысы, бұрынғыдай төбеден төнген қасаң идеология жоқ, намыс пен жігерді дерексіз нәрсеге емес, өз ұлтыңа, еліңнің дамуына арнай аласың.
Ђркениет дәстүріне сай қалыптасып, өркендеп жатқан Қазақстанда өнеге етер үлгіміз де, елдік мақтанышымыз да осы - текті рухымыз, өмірлік мұраттарға негізделген дәстүріміз, өткен мен бүгінді үйлестірген ой-түйіндеріміз, баянды бірлігіміз бен еңбектегі ерлігіміз. Бұлар - туған елдің ұлылығын мақтан етуге жетерлік құндылықтар.
Бүгінгі Қазақстан - тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдегі барша қазақ пен түркі жұртының үкілеп отырған үміті, тарихи арманының баянды жемісі. Ендеше, оның жасампаздығын өткенімен салыстырып, келешекпен сабақтастырып айтатын, жазып, көрсететін мезгіл жетті. «Көтерілген туым бар, көтеретін ерім бар» деп мақтанатын, сенетін, тірек тұтатын Отанымыз бар, Президентіміз бар. Алпауыт елдермен салыстырғанда, олардың қалың, қара орман халқын есептегенде бұл - шүкіршілік дейтіндей, сеніммен алға ілгерілейтіндей жағдай.
Елімізде әлем деңгейінде көрсетуге тұрарлық, әрбір азаматқа айбат беретін, қайрат беретін дүниелер жасалып жатыр. Тәубе, көрер көз де бар, еститін құлақ та бар, көкірек көзі оянғандар да жетерлік. Қазығына дейін қазақтың рухына суарылған байтақ қаламыз - Астананың өзі неге тұрады? Кез келген ортадағы әңгіме, пікірталас, айтыс, сұхбат-диалог қазақты бөліп-жаруға емес, біріктіруге арналса, Қазақстанның мүддесі - қазақтың мүддесі болып шықпай ма? «Ең басты құндылығымыз - Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан!» дейді Президент Н.Ә.Назарбаев.
Ақиқаты сол - Қазақстан қоғамының тұрақтылығы, елдің биік еңсесі, экономикасының өрлеуі, әлемдік нарық айдынында белсенді мемлекет болу - әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейтін, мәртебелі міндет артатын құндылықтар. Ұлттың бірлігіне қызмет ететін, бүгінді ертеңге жалғайтын, игі жақсылардың елге, бір-біріне деген сенімін бекемдейтін де осы құндылықтар екені даусыз.
|
Достарыңызбен бөлісу: |