Филология ғылымдарының докторы,профессор Д. А.Әлкебаева., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ



бет3/68
Дата24.03.2023
өлшемі0,64 Mb.
#75933
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   68
Сабақ жоспары:
1. Стилистика пәнінің зерттеу объектісі.
2. Стиль – стилистиканың негізгі ұғымы.
Бақылау сұрақтары:
1. Тілге қатысты стильді қалай түсінесің?
2. Стильдік қателерге нелер жатады?
3. Стилистика дегеніміз не?
5. Эмоциональды-экспрессивті бояу дегеніміз не?
6. Тілдің стильдік сапасы дегеніміз не?
7. Тілдің мәнерлі тәсілдері дегеніміз не?
8. Жалпыхалықтық тіл дегеніміз не?
Глоссарий:
Стилистика – жалпы халықтық тілдің ауызша және жазбаша формаларын, оның әр түрлі стильдерін зерттеп, олардың бір-бірінен айырмашылықтары мен өзіндік ерекшеліктерін қарастырады.
Эмоциональды-экспрессивті бояу – тіліміздегі сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа беретін қосымша реңдері.
Жалпыхалықтық тіл – қоғам мүшелерінің бәріне бірдей түсінікті ортақ тіл

1. Стилистика – стиль туралы ғылым. Стиль деген сөздің ұғымы өте кең. Ал тілге қатысты стильді тіл білімінің салалары – фонетика, лексика, грамматика қарастыратын тіл заңдылықтарымен, оларды қолданысқа түсіру принциптерімен байланыста түсінеміз. Себебі тілдік заңдылықтарды дұрыс, ережеге сай етіп жұмсай білу бар да, белгілі бір көңілдегі көрікті ойды көркем етіп жеткізу мақсатында сөйлеушінің, не жазушының әдейі қолданатын тіл ерекшеліктері бар. Тіл заңдылығын толық танып білмеуден, тілге ұқыпсыз қараудан туған тіл ерекшеліктері стильдік қателерге жатады. Стилистика тілдің әр түрлі көріктеу құралдарын, тілдегі әрлі де сезімге қаныққан бейнелі сөздерді, сөз тіркестерін табуды, сөйлемдерді белгілі бір мақсатқа сай етіп жатық құруды үйретеді. Стилистиканы тіл өнері туралы ғылым деп те атауға болады. Өйткені тілдік талғамдықтың мағыналық дәлдіктің, тіл икемділігінің, тілді көріктеудің, бейнелеу құралдарын дұрыс жұмсай білу шеберлігінің тасасында адам ұғымы тұрады. Тіпті, әр адамның, суреткердің ана тілін – қазақ тілін игеру өресі әр басқа болуы былай тұрсын, оны қажетіне жарату қабілеті әр қилы, себебі логикалық ойлау халықтық болғанымен, әркімнің ойлау зердесі бірдей емес. Халық «көңілдегі көрікті ой ауыздан шықса, құты қашады» деп бекер айтпаған. Тілдің ойды нақты жеткізудегі қиындығын айтқан. Стилистикада тіл мен әдебиет түйіседі, сондықтан лингвистикалық заңдылықтар мен әдебиеттану теориясын жіті білу өте қажет. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналарынан басқа олардың әр түрлі қосымша реңдері болады. Синтаксистік құрылыстың ойды айтып немесе жазып жеткізуде айрықша мәні бар. Әдетте сөйлемдердің айтылуына, қолдану тәсіліне қарай әр түрлі реңдері болады. Олар көбінесе сөздердің орын тәртібі және сөйлемнің құрылысы арқылы беріледі. Сөздердің орын тәртібі жеке-жеке сөздердің мағыналарының өзгеруіне ғана әсерін тигізіп қоймайды, сонымен бірге бүкіл сөйлемге ықпал жасайды. Сөйлеуде сөз бен сөйлем құрылысының дұрыс және айқындығының үстіне, дыбыс үйлесімділігі болуы да шарт. Дыбыс үйлесімділігі, біріншіден, біркелкі дыбыстардың бір жерге жиналуынан сақтандырса, екіншіден, сөйлеудің мәнерлілігін арттырады. Сондықтан дыбыс үйлесімділігі оқуға және тыңдаушының қабылдауына үлкен жеңілдік туғызады. Бұл – фонетикалық тәсілдердің практикалық мәні.


2. Тіл– қоғам өмірімен бірге жасап, бірге дамиды. Қоғам мүшелерінің бір-бірімен қатынасы олардың бәріне бірдей түсінікті ортақ тіл арқылы жасалады. Ол ортақ тіл жалпыхалықтық тіл деп аталады. Қолдану ерекшелігіне қарай жалпыхалықтық тілдің ауызша және жазбаша түрлері болады. Мұнда ескеретін бір жай: «ауызша», «сөйлеу тілі» мен «жазбаша» және «кітаби» дегендерді бір-бірімен мағыналас деп қарауға болмайды. Сондай-ақ, тіл мен сөздің (речь) де өз алдына жеке ұғымдар екенін ескерген жөн. Тіл мен сөзді бір-бірінен бөліп ажырату үшін ең алдымен тілдің қандай элементтерден тұратынына көңіл аударған дұрыс. Тіл құрайтын элементтер: морфема, сөз, сөз тіркесі және сөйлем. Бұларды тіл жүйесі деп те атайды. Сөз (речь) тұтас бірлікте танылып қабылданылады. Солай болғанымен оның ішкі мазмұны мен сыртқы формасы болады.
3. Жалпыхалықтық тіл негізгі қатынас құралы ретінде өмірдің барлық саласында пайдаланылады. Осы негізгі қатынас құралы жалпыхалықтық тілді белгілі бір жүйелілікке, нормаға салатын әдеби тіл.Стилистика тілдің қолдану заңдылықтарын зерттейтін ғылым болғандықтан, тілдік белгілердің (сөз, сөз тіркесі, сөйлем) дұрыс қолданылу нормасын көздейді. Тілдік құралдарды дұрыс, ұтымды қолдана білудің қоғамдық үлкен мәні бар. Тілдік белгілерді сұрыптап қолдану заңдылықтары әдетте айтылатын ойдың мазмұнына байланысты. Ойлау жұмысының нәтижелерін тіл сөз арқылы бейнелейді. Ал сөз арқылы жеткізілетін ой мен оның мазмұнының арасында тығыз байланыстылық болады. Егер ой түсініксіз болса, онда сөз де түсініксіз шығады. Айтылатын ойды сауатты жеткізе білмеу тек сөйлеушінің не жазушының жалпы мәдениетінің төмендігін ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар ол адамдардың бір-бірімен түсінісуін де қиындатады. Сондықтан ауызша не жазбаша түрде айтылатын ойдың түсінікті, нақтылы болуына айрықша көңіл бөліп, оның мазмұнын дәл бере алатын тілдік құралдарды сұрыптап қолдана білудің маңызы зор. Баяндау түрінде жазылған материалдарда қарапайым және жергілікті ерекшелік сипатындағы сөздерді қолдануға болмайды. Стилистика әдеби нормадан ауытқымай, тілді тек дұрыс қолдануды үйретеді, әдеби тілдің стильдік сапасын, мәнерлегіштік қасиетін арттыру жолын көрсетеді. Стилистика жалпы халықтық тілдің ауызша және жазбаша формаларын, оның әр түрлі стильдерін зерттеп, олардың бір-бірінен айырмашылықтары мен өзіндік ерекшеліктерін қарастырады. Стилистика тілдік құралдардың стильдік белгілерін анықтап, оған сипаттама береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   68




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет