Филология ғылымдарының докторы,профессор Д. А.Әлкебаева., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ



бет4/68
Дата24.03.2023
өлшемі0,64 Mb.
#75933
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   68
Тапсырмалар:
1. Лексикалық синонимдерге, фразеологиялық синонимдерге, морфологиялық синонимдерге мысал келтіріңіз.
2. Морфологиялық тәсілмен берілген ақылды, біледі, түсінеді, түсінді сөздерін синтаксистік тәсілмен беріңіз.
3. Бүгін күн ыстық деген сөйлемді әртүрлі реңмен беріңіз.
4. Асан бүгін дәріске келген жоқ деген сөйлемді дәріске келмеген Асан екеніне баса көңіл бөлдіріп, қайта құрыңыз.
5. Үсен бүгін дәріске келген жоқ деген сөйлемді Үсеннің дәріске келмей қалғаны тек бүгін екеніне баса назар аударып, қайта құрыңыз.

2-3 практикалық сабақ тақырыбы: Әдеби тілдің стильдері.


Әдеби тіл және сөйлеу стилі


Сабақ жоспары:
1.Қазіргі қазақ әдеби тілінің функционалдық стильдерінің жүйесі,классификациясы.
1.1Стиль деп танудың негізгі атрибуттары
2. Сөйлеу стилі қазақ әдеби тілінің бір түрі.
2.1 Сөйлеу стилінің ерекшеліктері мен лингвистикасы.
Бақылау сұрақтары:
1. Тіл нормасы дегеніміз не?
2. Лексикалық норма дегеніміз не?
3. Орфоэпиялық норма дегеніміз не?
4. Орфографиялық норма дегеніміз не?
5. Грамматикалық норма дегеніміз не?
6. Форма дегеніміз не?
7. Стиль дегеніміз не?
8. Сөйлеу стилі дегеніміз не?
Глоссарий:
Тіл нормасы дегеніміз адамдардың бір-бірімен қатынас жасау нәтижесінде қалыптасып бекіген, жалпы халыққа тегіс танылған тілдік құбылыстар.
Форма – ол тіл құралдарының көмегімен болатын сөйлеудің сыртқы көрінісі.
Стиль дегеніміз – өмірдің белгілі бір саласында қолданылып, тарихи қалыптасқан тілдік құралдардың жүйесі болып табылады.
Сөйлеу тілі адамдардың бір-бірімен күнделікті қатынасында пайдаланылады.

1. Сөйлеу де, жазу да сөз қолдану заңдылығына сүйенеді. Тіл нормасы дегеніміз адамдардың бір-бірімен қатынас жасау нәтижесінде қалыптасып бекіген, жалпы халыққа тегіс танылған тілдік құбылыстар. Тіл нормасы – тарихи құбылыс. Ол сөйлеу және жазу арқылы қалыптасып, адамдардың санасында сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ұласып, дамып, жетіліп отырады.


2. Қоғамдық өмірде қатынастың көптеген түрінің болуына байланысты онда тіл біркелкі пайдаланылмайды. Өйткені адамдардың қатынасы әр түрлі жағдайда жасалады. Әр түрлі жағдайда әр түрлі сөйленіп, әр түрлі жазылады. Форма – ол тіл құралдарының көмегімен болатын сөйлеудің сыртқы көрінісі. Стиль – ол белгілі бір қатынастың түрінде тілдік единицаларды сұрыптап пайдалану арқылы, ойды жеткізу мәнерінің көрінісі. Форма – тұрақты ұғым. Мәселен, тілдің ауызша түрі адам қай кезден бастап сөйлесе, содан бері жасап келеді және бұдан былай да жасай бермек. Стиль болса, ол тарихи категория. Сондықтан тарихи бір кезеңде кейбір стильдердің болмауы заңды құбылыс деп саналады. Стильдер жасалатын қатынастың ерекшелігіне қарай тілдік единицалардың сұрыпталып қолданылу нәтижесінде дамып жетіледі. Сөйтіп, сөйлену жағдайына байланысты, әр алуан стильдік бояуы бар тілдік құралдар пайда болады. Тілдегі стильдердің дамып жетілуі белгілі бір жанрдың пайда болуымен байланысты. Сондықтан әдеби тілдің стильдерін таптастыруда ең алдымен жанрлық принципті негізге алу қажет. Ал жанрлардың пайда болуы, жазба әдеби тілдің даму қалпын көрсетеді. Жазба тілдің жетіле түсуі ғылым мен техника, әдебиет пен өнер салаларының дамуына байланысты. Ғылым және мәдениет салаларының дамуы жаңа жанрлардың пайда болуына ықпал жасайды. Ол жанрға сай тілімізде жаңа стиль қалыптасады. Сонымен стиль дегеніміз – өмірдің белгілі бір саласында қолданылып, тарихи қалыптасқан тілдік құралдардың жүйесі болып табылады. Сөйлеу тілі(стилі) коммуниканттардың бір-бірімен күнделікті қатынасында пайдаланылады. Сондықтан, онда тілдің коммуникативтік функциясы баса сезіледі. Сөйлеу стилі белгілі бір жағдайда тікелей жасалатын қатынас стилі болғандықтан, ол сөйлеудің ауызша формасымен тығыз байланысты. Ауызша сөйлеуде еркіндік басым келеді. Сондықтан сөйлеу тақырыбына сай тұрмыста көп жұмсалатын үйреншікті сөздер мен сөз тіркестері қолданылады. Бұл сөйлеу тіліне тұрмыстық сипат беріп, оны қарапайымдандырады. Сөйлеу тілінің өзіндік ерекшелігін жасайтын айрықша белгісі – жағдайға байланысты сөйлеу мәнері. Сөйлеу мәнеріне қарай тілдік единицаларды қолдану өзгешелігі болады. Ол ерекшелік ең алдымен, ондағы лексика-фразеологиядан байқалады. Өмірдің барлық саласында сөйлеу тілі кеңінен пайдаланылады, бірақ оның атқаратын қызметі және тілдік жүйенің пайдаланылуы бір текті болып келмейді. Солай болғандықтан сөйлеу тілін зерттегенде оның формасын, түрін және стилін ескерген жөн. Сөйлеу тілінің қарапайым түрінің лексикасының құрамына көбінесе қарапайым, тұрпайы сөздер және диалектизмдер мен кәсіби сөздер енеді.Әсіресе, алдын-ала дайындықсыз, кенеттен сөйлегенде қолданылады. Сөздердің ауыспалы мағынада қолдану амалы сөйлеу тіліне мәнерлегіштік әрі бейнелегіштік қасиет береді. Ауыспалы мағынадағы бейнелі сөздер, сол сөз болатын зат не құбылысқа адамдардың жағымды не жағымсыз көзқарасын білдіру құралы болып саналады. Сөйлеу тілінің эмоционалдық қасиеті басым болғандықтан, бұл құралдар сөйлеуде жиі пайдаланылады. Сонымен бірге, сөйлеу стилінде әдетте, олардың көп қайталанып, тұрақталған түрлері жұмсалады. Сөйлеу тілінде жұмсалатын ауыспалы мағынадағы сөздер де құрамы жағынан әр түрлі: қарапайым, тұрпайы және жалпылама қолданылатын сөздер болып келеді. Тілді бейнелі жасайтын құралдардың бірі – фразеологизмдер. Фразеологизмдерге идиом, мақал-мәтел, нақыл сөздер енеді. Бұл тұрақты сөз тіркестері көпшілік жағдайда сөйлеу тілі ыңғайында жұмсалады. Сөйлеу тілінің фразеологизмдері қолдану ыңғайына қарай қарапайым, тұрпайы, жергілікті ерекшеліктегі және кәсіби болып жіктеледі. Грамматикалық құбылыстардың да экспрессивтік және стилистикалық мүмкіндіктерін жоққа шығаруға болмайды. Тек ол лексика мен фразеологизмдерге қарағанда солғын сезіледі. Бірақ кітаби-жазба стильдермен салыстырғанда, сөйлеу тілі грамматикасының экспрессивтік және стилистикалық мүмкіндіктері басымырақ. Оны, әсіресе, синтаксис саласынан аңғаруға болады. Сөйлеу тілі диалогқа құрылады. Диалог репликалар тізбегінен тұрады да, қысқа, тұжырымды болып келеді. Тез түсінісу сөйлеудің қандай жағдайда өтуіне, дауыс ырғағы интонацияға және басқа да дене қимылдарымен тікелей байланысты. Әсіресе, интонацияның маңызы ерекше. Диалогта айтушының көңіл-күйі, сезімі еркін, жеңіл бейнеленіп, оңай түсініледі. Сөйлеу тілінің ерекше бір түрі – монолог. Монологты сөз өте күрделі ойға құрылып, әр түрлі тәсілмен жеткізіледі. Мұнда кітаби-жазба стильдерге тән ерекшеліктер мен заңдылықтар қатал сақталады. Сондықтан монолог әдеби сөйлеу үлгісіне жатады. Монологта белгілі бір тақырыпты әңгімелеп айтып беру мақсаты көзделеді. Саяси, ғылыми және басқа да тақырыптарда әңгімеленеді. Тақырып аясының осындай кеңдігінен, монологты сөз көптеген түрге бөлінеді. Олар: көпшілік алдында, жиналыста, радио мен теледидардан, лекция, баяндама, консультация т.б. түрінде сөйленген сөздер. Сонымен бірге радио мен теледидардан сөйлеудің басқа да жаңа формалары қалыптасты. Радиоинтервью, телеинтервью және радиорепортаж, телерепортаж т.б. Бұл формаларда сөйлеу тілінің маңызы айрықша. Міне, бұл айтылғандар сөйлеу тілінің жұмсалу аясы күн сайын кеңи түсіп, тұрмысқа әдеби сөйлеу үлгісі де еркін ене бастағандығын дәлелдейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   68




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет