Дәрісті бекіту сұрақтары:
1.Есімді және етістікті сөз тіркестерін оқыту.
2.Сөз тіркесінің табиғаты және оған тән белгілерді оқыту.
3.Сөздердің тіркесу тәсілдері мен байланысу формалары туралы көзқарастарды саралай
отырып, сөз тіркесінің түрлерін оқыту
4- Дәріс: Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін дамыта оқыту.
Дәрістің негізгі сұрақтары:
1.
Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін дамыта оқыту.
2.
Бастауыш, баяндауыштың мағыналық, тұлғалық белгілерін оқыту.
3.
Бастауыш және баяндауыш болатын сөз таптары.
Қысқаша мазмұны:
1.Дамыта оқыту – бұл оқу үрдісінде оқушының барлық мүмкіндігінің толық іске асуына
негіз болатын бағдарлы оқыту. Дамыта оқыту теориясы Г.Пестолоций, А.Дистерверк,
К.Ушинскийден басталады. Бұл теорияны алғаш ғылыми негізде дәйектеген
Л.С.Выготский болса, кейіннен Л.В.Занков, В.В.Давыдов тәжірибелік-эксперименттерінде
жалғасын тапты. Л.В.Занковтың дамыта оқыту технологиясы тұлғаның жан-жақты
дамуына бағытталған. Бұл технологияның 1986 жылы Ресейде озық технология деп
жариялануы, оқыту барысында бүкіл әдіскер-мұғалімдердің назарын аударды.
Дәстүрлі оқыту оқушылардың икем-дағдысы, іскерлігін қалыптастыруды бағыттаса
дамыта оқыту оқушы-субъектінің теориялық ойлау қабілетін, танымын, дарынын,
дамытуды мақсат етеді. Ойлауды өнімді- өнімсіз; шығармашылық- шығармашылық емес
деп жіктеуге болады. Дамыта оқыту балалардың шығармашылық ойлауларын дамытуға
түрткі жасайды. Ал шығармашылық ойлау жеке тұлға дамуының биік сатысы болып
табылады.
Дамыта оқытудың ерекшелігін төмендегідей саралауға болады:
- Білім беру үрдісінің жеке тұлғаға бағытталуы;
-Алдыңғы кезекте білім ғана емес, баланың абстрактілі ойлауы, ғылыми танымы,
тұлғалық қасиеттерін дамытудың тұратыны;
- Оқушыны-субъектінің сабақтың барлық негіздерінде белсенді зерттеуші тұлға, «өнім
жасаушы», өз өніміне өзі баға беруші қызметін атқарады;
- Мұғалімнің ұйымдастырушы, баланы даму аймағына енгізуші, оның ақылшысы
дәрежесінде болуы;
- Дамыта оқытуға құрылған сабақтың ұжымдық ойлау іс-әрекеті диалог, пікірталасқа,
іскерлік қарым- қатынаспен ерекшеленуі;
Теориялық ойлау баланың құбылыс, оның жаратылысы, бір нәрсенің мәнін, қасиеттері
туралы зерттеу-ізденістерінің сөз арқылы көрініс табатын іс- әрекетіне жатады. Таным
ақыл- ой еңбегі арқылы қалыптасады. Сол себептен де дамыта оқыту ең алдымен баланың
санасын, ақыл- ойын дамытуды көздейді. Теориялық ойлау пікірталас, диалогиялық
әңгіме негізінде қалыптасады. Дамыта оқытуда мұғалім оқушылар алдына жауабы дайын,
оқулықта бар, қайталауды талап ететін біліммен келмейді. Керісінше, проблемалық
сұрақпен келеді. Проблеманы шешу- оқушының міндеті. Мақсатқа жету - оқушының
дербес ізденісін талап етеді. Ол әдіс-тәсілдерді оңтайлы жолдары өз еркімен таңдап алады,
табады. Модель, жоба жасау, оны қорғау - дамыта оқытудағы басты әдіс-тәсіл.
Қазан төңкерісі және онан кейінгі дәуір, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Х.Басымов,
І.Бәйтенов, Ә.Ермеков, С.Аманжолов, М.Балақаев, С.Жиенбаев, Т.Қордабаев, Ш.Сарыбаев
сөйлем мүшелері туралы. 1940 жылға дейінгі сөйлем мүшелері туралы талас пікірлер.
Негізгі себептері.
а) Сөйлем мүшелерінің табиғи түрі, оның көрінісі, оның жасалуындағы сөз таптарының
лексикалық, грамматикалық өзгерістерінің сөйлем мүшелерінің жасалуына қатысы.
ә) сөйлем мүшелері – лексика.
б) сөйлем мүшелері – морфология.
в) сөйлем мүшелері – фразеология.
Сөйлем мүшелерінің бір-біріне ауысуы, оның көріністері, сөйлем мүшелеріндегі
синкретизм. Сөйлем мүшелерінің сұраулары, қалыптасуы, оларды қоюдың негізгі
принциптері. Сұрауды бүкіл сөйлем бойынша қоюдың тиімділігі.
Бастауышты табуда жоғарыдағы сұрақтардың әр-түрлі варианттары қолданыла береді.
Мысалы:
1. Тарих күшінің ұзақ жолдарында талай-талай оқиғалар болып өтті.
2. Кітаптың араб тіліндегі данасы Стамбулдағы белгілі Ая-София мешітінің
кітапшасында сақталған.
3. Испандықтар Американың жергілікті халықтарын үндістер деп атады. (Халық
календары)
Осы сөйлемдердің бастауыштары — оқиғалар, данасы, испандықтар. Бәрі де атау
септікте тұр. Бірақ бастапқы түбір — атау күйінде тұрған жоқ, оларға қандай да бір
қосымшалар — көптік жалғау, тәуелдік жалғау қосылған. Сөйте тұра нелер? несі? деген
сұрақтарға жауап беріп, әр сөйлемде айтылған ойдың қазығы болып тұр.
Бұл айтылған бастауыштардың зат есімдерден болғанын көріп отырмыз. Осы
бастауыштарымыз оқулықтарда айтылып жүргеніндей қай сөз табынан болғандығына
дәлел. Дегенмен, бастауыштың қай сөз табынан болатыны және оның тұлғалық жағын
айта отырып, біз бастауыштың мағыналық жағын да ескеруіміз керек болады. Өйткені
бастауыш болатын әрбір сөздің ішкі ма-ғынасы болады. Мәселен, бастауыш болған зат
есім, есімдіктер осы қызметте жұмсалғанда, сол өз мағынасында қолданылса, басқа сөз
таптарынан болған бастауыштар өзінің бастапқы мағынасында тұрып сол қызметті
атқармайды, келтірінді мағынаға ауысып барып бастауыш болады. Мысалдар:
1. Өйткені бізде әлі де демографиялық сана мен ой толық қалыптаспаған.
2. Бұл аз ба, әлде көп пе? (М.Тәтімов).
3. Бес екіге бөліне ме?
4. Еріншектің ертеңі бітпес, жеңілтектің селтеңі бітпес (Мақал).
5. Дұрыстықты айту — парыз ғой. (1001 түн).
6. Тапқан қуанады, таныған алады (Мақал).
7. Осы кезде сарт-сұрт басталып та кетті (Ертегілер).
8. Соң — жылау ғой.
9. Алдамнан ойбайым тыныш.
10. Ақтар да қарап жатпаған шығар. (X.Е.). Осы сөйлемдердегі бастауыштар —«бұл,
бес, ертеңі, селтеңі, айту, тапқан, таныған, сарт-сұрт, соң, ақтар»деген сөздер. Бұлардың
да мағыналық ішкі ерекшеліктері бар. Ондай ерекшеліктер осы сөздердің бастапқы
мағынасында жатыр. Мәселен, «бес» сөзі бастауыш бола тұрып ішкі мағынасы жағынан
сандық. Мәнде тұрса, «сарт-сұрт», «тапқан, таныған, айту» сияқты бастауыштар
қимылдық ішкі мағынасы бар турлалы мүше болар еді.
Сонда бастауыштың тек сыртқы тұлғалық, жағы ғана емес, оның мағыналық жағынын
да орны бар екенін көреміз. Осылайша бастауыштарды заттық, сандық, сапалық,
қимылдық мағынасы деп бөлгеннің дұрыс екенін айтқан жөн.
Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, түбін қазып қарастырып келгенде, бастауыш
болатын—зат есім. Басқа сөз таптары зат есімнің орнында немесе арқасында ғана
бастауыш бола алады (А.Байтұрсынов. Тіл тағлымы. Алматы, 1992. 270-6.)
Бастауыштар құрылысына қарай дара, күрделі және үйірлі болып бөлінеді. Бұлардың
осылайша бөлінудегі басты себеп, олардың құрамының санына байланысы. Бірқатар
бастауыштар бір ғана сөзден тұрып дара өзі сол сөйлемдегі ойдың қазығы болса,
екіншілері сондай синтаксистік қызметті атқарғанда, қалайда құрамында екі не одан да
көп сөздер болғанда ғана бастауыштың қызметін атқаруға жарайды. Бірнеше мысал
келтірейік.
1. Бірде Жиренше серіктерімен алыс жолдан келе жатады (Ел аузынан).
2. Көкті бу көтереді,
Жүйрікті ду көтереді.
Өлімді ер көтереді,
Ауырды нар көтереді! (Ел аузынан).
3. Шілденің аптап ыстығында халық бірнеше күн күтіп қалады (Ел аузынан).
Мұндағы бастауыштардың бәрі де дара құрылысты, бір ғана сөзден болғаны анық.
Олар — Жиренше, бу, ду, ер, нар, халық — сияқты да бастауыштар. Дара
бастауыштардың қай-қайсысы да сөйлемдегі ойдың, амал-әрекеттің жеке орындаушысы,
қазығы, ұйытқысы болады.
Ал күрделі бастауыштардың құрылысы өзгешелеу, бірақ атқаратын қызметі — ойдың
қазығы болу. Тілімізде күрделі бастауыштардың жасалу жолдары алуан түрлі.
Бұл арада күрделі бастауыштың, қай сөз табынан жасалатыны туралы айтудың
қажетінен гөрі оның қалай, қандай тәсілдермен болатынын көрсеткен дұрысы-рақ сияқты.
Өйткені біз бастауыштың қандай сөз таптарынан жасалатынын білеміз.
Күрделі бастауыштар да сондай сөз таптарынан жасалады. Айырмасы — құрылысы
күрделі және тәсілдері де әр түрлі болады. Мысалы:
1. Құс жолы күз айларында айқын көрінеді (Халық календары).
2. Мүшел есебі Азия халықтарының тұрмысына әбден сіңісіп кеткен (Халық
календары).
3. Бес жердегі бес — жиырма бес.
4. Қазақстан Республикасы — тәуелсіз мемлекет.
5. Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев 1890 жылы Императорлық Санкт-Петербург
университетінің заң факультетін алтын медалъмен бітіріп шығады.
6. Мен өзім кішкентайдан қарға бақтым (Қырық өтірік).
7. Тілене беру — ұят. (С.Сарайи).
8. Пайда көздеген өзін құл қылады. (Баласағұни).
3. Қай сөздің болса да сөйлемде баяндауыш қызметінде тұруы сол сөйлемдегі
субьектілік предикаттық қатынастан көрінеді. Сондықтан баяндауыштың қызметі басқа
мүшелермен, әсіресе, бастауышпен қатар қойып айтқанда айқын болады. Баяндауыш
қызметінде барлық сөз таптары жұмсала береді. Дегенмен өзінің семантикасы жағынан
осы қызметке бейім сөз табы - етістік. Етістіктер дара тұрып, түбір күйінде көбірек
баяндауыш болады. Етістіктер баяндауыштық қызметінде түбір күйінде түрлі жұрнақты,
жалғаулы және түрлі көмекші сөздердің қатысы арқылы жасалады. Етістіктердің түбір
күйінде келуі көбіне екінші жақтық баяндауышқа қатысты. Мысалы: Сен орыстың және
дүние жүзі әдебиетінің классиктерін көп оқы (Ә.Шәріпов). Баяндауыштың жұрнақты
түріне негізінде етістіктерден түрлі грамматикалық категорияларының жұмсалуы жатады.
Есімдердің баяндауыш қызметінде жұмсалуында жалғаулардың да қызметі ерекше.
Әсіресе,жіктік жалғауы,көптік,септік,тәуелдік жалғаулары ретіне қарай қолданыла береді.
Ол жалғаулар есімдерге жалғану арқылы сөйлемнің соңында баяндауыш қызметінде мол
жұмсалады. Ұлпан биыл жетіде (Б.Майлин).Екі жұмадан бері тынышпыз (Ғ.Мұстафин).
Барым-бір өзің (М.Әуезов).
БАЯНДАУЫШ - сөйлем құрауға негіз болатын бас мүшенің бірі. Бастауышқа
бағынып, оның қимылын, іс-әрекетін, кім, не екенін, заттық, сындық, сандық қасиеттерін
білдіріп, сөйлемдегі ойды тиянақтайтын сөйлемнің тұрлаулы мүшесін баяндауыш
дейміз. Әрбір сөйлем мүшесіне тән қасиеттері бар.
Сөйлемде айтылған ойдың белгілі бір тиянақы болатын мүшені баяндауыш деп
түсінеміз. Баяндауыш болатын мүше бастауыштың әртүрлі жай-күйін білдіреді. Оның
мұндай қызметі қай сөз табынан, қандай грамматикалық тұлғада, мағынада тұрғанына
байланысты. Тіліміздегі сөйлем мүшелерінің қай-қайсысы да,оның ішінде баяндауштың
әртүрлі тұлғада қолданылуы, оның қызметінің кең көлемді екенін де білдіреді.Баяндауыш
негізінен етістікпен байланысты. Ал осы сөз табының қызметі де, грамматикалық көрнісі
де жақсы дамыған.Сондай-ақ баяндауыш есім сөздерден де, өзге сөз топтарынан да бола
береді.
Осындай әртүрлі сөз табынан болған баяндауыштар мағыналық жағынан да сан-
саналы ыңғайда кездеседі. Мысалдар:
1Сол кезде аттың дүбірі естіледі.
2 Ашу — араз, ақыл- дос.
3. Арадан шыққан жау қиын.
4. Алтын ұяң— отан қымбат.
Күт берекең — атаң қымбат.
5. Ашу деген — ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
6. Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
7. Суалмайтын суат жоқ.
8. Торы — тоқсан тоғыз, төбелі — бір
Торысы — менікі, төбелі — хандікі.
9. Дау мұраты не?
Саудагер мұраты не?
Қыз мұраты не?
Жол мұраты не?
10.Дау мұраты — біту,
Саудагер мұраты — ұту,
Қыз мұраты— кету.
Жол мұраты — жету. (Ел аузынан)
Осы сөйлемдердегі баяндауыштардың беретін мағыналары әртүрлі. Олардың біреулері
қимылдың (естіледі, арқырар, тиіспеу керек, қуыспау керек, біту, ұту, кету, жету)
марынада қолданылса, екіншілері (араз, дос, қымбат, су, тоқсан тоғыз, бір, менікі,
хандікі, не) әртүрлі есімдерден болғаны анық. Баяндауыштар тілімізде құрамы жағынан
дара, күрделі, үйірлі болып бөлінеді. Қазіргі қазақ тілінде осылардың алғашқы екеуі
туралы жақсы түсінік бар. Ал соңғы үйірлі баяндауыш жөнінде мағмұмат жеткіліксіз, тіпті
жоқ десе де болғандай. Алай-да үйірлі баяндауыштар тілімізде бар. Олар жөнінде тиісті
бөлімде айтылады. Мәселен, ондай үйірлі баяндауыштың табиғаты мына төмендегідей.
Шақпақ тас о да мүлік от жаққанға.
Қоймен тең қотыр ешкі мал бақанға. (I. Ес.)
Осы сөйлемдердің алғашқысының грамматикалық баяндауышы - «о да мүлік»
деген сөздердің тобы. Мұның бастауышы - «шақпақ тас». Баяндауыштың құрамы
үйірлі. Ол -үйірлі мүшелерге беріліп жүрген тұжырым-дарға дәл келеді. Мұндай
құрылымдар тілімізде баршылық.
Баяндауыш қызметін барлық сөз табы да атқара алады. Мұның өзі тілімізде басы
артық, адам ойының жарыққа шығуына ықпал жасамайтын ешқандай сөз жоқ екенін
білдіреді. Сөйлемнің өзге мүшелері сияқты баяндауыштар да әртурлі грамматикалық
тұлғада, әртүрлі мағынада келе береді. Осы әртүрлілік айтылған ой тлянағының да әртүрлі
болатынын білдіреді. Мысалдарға жүгінейік:
1. Хан ием, тағы да айтатын бір ақылым бар.
2. Ол қандай ақыл?
3. Уәзірге сырын алдырып алған хан қақпанға түскен аңмен бірдей.
4. Тағдырың уәзіріңнің қолында.
5. Әйтеуір кақпанынан оңай, босатпайды.
6. Бұны сен маған неге айтып тұрсың?
7. Бақты-Қожа уәзірден сақтан.
8. Алтын тақ пен аяушылықтың бірі бар жерде, екіншісі өмір сүре алмайды.
Бірінші сөйлемнің баяндауышы «бар». Мұның мағынасы ұласпалы. Ал екіншісі
сөйлемнің баяндауышы — «қандай ақыл?» мұның мағынасы — сұраулық. Осы арада
баяндауышты «ақыл» деген бір сөзбен түсіндіруге болмайды. Олай етсек сөйлем
сұраулық мағынадан айырылады. Сондықтан мұндай жағдайда мағьнаны қарау керек.
Үшінші сөйлемнің баяндауышы—«бірдей» мұның мағынасы — салыстырмалық.
Төртінші сөйлемнің баяндауышының мағынасында мекендік, орындық түсінік бар.
Міне, осы сияқты ойды тиянақтаудың баяндауышқа тікелей байланысты екенін
ескергенімізде, сол тиянақтылық тікелей бір мағынаны білдіре алады.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1.Сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін дамыта оқыту.
2.Бастауыш, баяндауыштың мағыналық, тұлғалық белгілерін оқыту.
3.Бастауыш және баяндауыш болатын сөз таптары.
5- Дәріс: Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін проблемалық оқыту.
Дәрістің негізгі мазмұны:
1. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін проблемалап оқыту.
2. Проблемалық оқытудың ерекшелігін түсіндіре отырып, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін
оқыту.
3. Проблемалық сұрақ-тапсырмалар арқылы толықтауыш, анықтауыш, пысықтауышты
оқушы ой-өрісін дамытудағы проблемалық ерекшелік арқылы оқыту.
Қысқаша мазмұны:
1. Проблемалап оқыту әр пәннің ерекшелігіне саяды. Проблемалап оқыту
барысында оқушының ғылыми танымы кеңейеді, соған жетудің жолын іздестіреді, ең
бастысы ізденімпаздық белсенділігі, өз бетімен жұмыс істеу қабілеті, шығармашылық
тұрғыдан ойлауы қалыптасады.
Мұғалім белгілі бір проблемалық міндетті шешуге оқушыларды, проблемалы
жағдайда ізденуге бағыттайды. Проблемалы оқыту, проблемалы сұрақ-тапсырмалар,
проблемалы жағдайды туғызу, оқытушы тарапынан көп ізденісті қажет етеді. Сабақ
үрдісінде туындайтын мұғалім мен оқушы арасындағы сұрақ пен жауапты проблемалық
ситуацияның көрінісі ретінде қарауға болмайды.
Демек, кез келген сұрақ проблемалы бола бермейді. Мұнда оқушылардың
танымдық ізденушілігін туғызатындай, проблемалы тапсырма сұрақтарда оқушы үшін
түсініксіз мәселелер болады. Оны шешуде оқушы қиналысқа түседі. Әр түрлі әрекеттер
арқылы мәселені шешудің жаңа жолын іздейді, белсенділік танытып, шығармашылықпен
жұмыс істеуге талпынады. Оқушының танымдық, шығармашылық қасиетін дамыту, алған
білімдерін кез келген жағдайда қолдана алу дағдыларын қалыптастырып, оқуға деген
қызығушылық сезімдерін туғызу т.б. бағытында мұғалім тарапынан әр түрлі жұмыстар
іске асырылады.
Мұғалім материалды түсіндіруде, бұрынғы тақырыптар мен логикалық
байланыстарын ашып, іс-әрекеттің, қайшылықтардың пайда болу себептерін көрсетеді.
Оларды шешудің жолдарына бағыт-бағдар береді. Мәселені шешуге, ойлауға, ізденіске
түсуге бірнеше нұсқада салыстырып отыруға жетелеп, жаңаны табуға ұмтылдырады.
Оқушылар бұрын алған білімнен, меңгерген тәсілдерінің арқасында проблемалық
оқиғалардың шешімін табудың жолдарын жан-жақты іздестіріп, қарастырады.
Ғалым В.Г.Маранцман: «Проблемалы талдаудың негізгі буыны проблемалық ситуация»,-
десе, Т.Ақшолақов: проблемалық ситуацияны туғызуда оқулықта берілген кейбір сұрақ-
тапсырмалардың ролі ерекше екенін айқындап, сұрыптап ұсынады. Сондай-ақ сұрақ
тапсырмаларды орындауда, оқушылардың жұмыс істеу тәжірибелерін дамытудың ұтымды
жолдарын көрсетеді.
Проблемалы жағдай тудырып, шығармашылыққа баулу оқушылардың танымдық
қабілетін арттырудың бірден-бір жолы екенін көреміз. Оқытудың мұндай проблемалы
түрінде оқушыларда өз бетімен ізденуге ұмтылыс туындайды, өзіндік жұмыстар
орындалады. Оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, оны үнемі берілген
тапсырмалар, мәтінді талдауда ойландыруға жетелеу, өз пікірін еркін айта білуге
төселдіру, іздендіру – оқытудағы ең негізгі басты мәселенің бірі.
«Проблема» сөзі ежелгі грек тілінен аударғанда «қиындық», «кедергі» деген
ұғымды білдіреді. Демек, проблема зерттеуге бағытталған, проблемалық жағдаятқа сәйкес
туындайтын мәселе.
Проблемалы сұрақ-тапсырмаларды орындауда оқушылар ең алдымен проблеманы
таба білулері керек. Проблеманы көріп, таба білу оңай емес, ол ұзақ уақытта әр түрлі іс-
әрекет арқылы жүзеге асады. Сондықтан да проблема көре білуді дамытуға арналған
тапсырмалар мен жаттығулар жүргізілуі керек. Проблеманы анықтауда оқушылардың
зерттеу нысанына деген көзқарастарын өзгерте білуі қажет.
Проблеманы көріп, тануда, оны анықтауда, оқушының ойын білдіруде жауап
іздеуге, шешімге келуге, ойлануға жетелейтін басты нәрсе сұрақ болып табылады.
Сұрақты оқылып отыратын мәтінге сәйкес дұрыс қоя білуге үйрену өте маңызды. әр
поблемалы сұраққа жауап іздеуде оқушының зерттеушілік қабілеттері, танып білу, түсіну
қабілеттері артады. Сұрақтардың нақтылығын, дұрыс және бұрыс болып келуін оқытушы
толық ескеруі керек. Шындыққа негізделмесе де сұрақ қойылса ол сұрақтың дұрыс
еместігін оқушы бағдарлай алғаны жөн. Оқушылардың өздері де проблемалы сұрақтар қоя
білуге төселу керек. Сұрақ қоя білу оқыту үшін өте маңызды болып табылады.
Оқушыларға берілетін сұрақ-тапсырмалар проблемалы ситуацияның негізігі бөлігі.
Мұнда оқытушы берілген мәтіндерге сай проблемалы ситуация жасайтын жерлерін бөліп
көрсетіп, олардың назарын аудартады. Сұрақтардың анық түсінікті болуы, мәтіннің
логикалық құрылмына, мазмұнда қандай идея жатқанына мән беріп, өзіндік ізденісін,
білімдерін жүйелеуге жол ашады. Оқытушы оқушының білім деңгейін, болжамын,
проблема бойынша саралап т.б. түсінігін ескере отырып, қарастырылып отырған мәселеге
сай әдебиеттер ұсынады.
Анықтауыш, көзқарастар, зерттелуі. Анықтауыш сипаты, олар қатысты сөздер.
Анықтауыштардың орын тәртібі. Анықтауыштық тұлға: нольдік және ілік жалғаулы сөз.
Анықтауыштың сұраулары. Анықтауыштың мағынасы мен тұлғасына қарай түрлері:
сапалық, меншікті, үйірлі анықтауыш.
Анықтауыштың жасалу жолдары, семантикасы.
Негізгі сөздердің анықтауыш қызметінде жұмсалу ерекшеліктері. Негізгі сөздер мен
көмекші сөздер арқылы жұмсалу ерекшеліктері.
Анықтауыштың құрылымы: дара, күрделі түрлері, жасалуы, айырмашылықтары.
Үйірлі анықтауыштар. Анықтауыш түрлері, жасалуы, тыныс белгілері, ол туралы
көзқарастар.
2. Толықтауыш, олар туралы көзқарастар, зерттелуі. Толықтауыштық тұлға:
-
септік жалғаулары
-
септік жалғаулары мен көмекші етістік
-
септік жалғаулары мен шылау.
Толықтауыштың сұраулары, түрлері: жанама, тура толықтауыштар, айырмашылығы.
Тура толықтауыштың жалғаулы, жалғаусыз жұмсалуы туралы көзқарастар.
Толықтауыштың жасалу жолдары, семантикасы. Негізгі сөздердің толықтауыш
қызметінде жұмсалуы, ерекшеліктері.
Толықтауыш құрамы, жасалуы, олардың аясының кеңеюі мен тарылуы, басқа сөйлем
мүшелеріне ауысу процессі.
3. Пысықтауыш, оның қалыптасуы, ол туралы көзқарастар. Пысықтауыштық тұлға:
нольдік, септік, негізгі сөз – көмекші сөздер, жұрнақты түрлер. Пысықтауыштың
сұраулары. Пысықтауыштың жасалу жолдары:
1. Қабыса байланысқан пысықтауыш:
Үстеу, сын есім, сан есім, көсемше, шартты рай, еліктеуіш сөздер, есімдік, есімше, қимыл
есімі.
Меңгеріле байланысқан пысықтауыштар:
Зат есім, үстеу, есімше, тұрақты тіркес.
Пысықтауыштың түрлері, семантикасы. Мезгіл, мекен, мақсат, себеп, амал, мөлшер
пысықтауыштары, олардың семантикасы, сұраулары, жасалуы, құрамы. Пысықтауыштың
әрбір түрінің жасалуындағы негізгі сөз табы – үстеу және ретінде қарай олардың
әрқайсысының жасалуындағы ерекшеліктер, олардың байланысу формаларына қарай
бөлінуі.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
1.Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін проблемалап оқыту.
2.Проблемалық оқытудың ерекшелігін түсіндіре отырып, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін
оқыту.
3.Проблемалық сұрақ-тапсырмалар арқылы толықтауыш, анықтауыш, пысықтауышты
оқушы ой-өрісін дамытудағы проблемалық ерекшелік арқылы оқыту.
6- Дәріс. Модульдік оқыту технологиясы арқылы сөйлемнің бірыңғай мүшелерін оқыту.
Дәрістің негізгі мазмұны:
1.Модульдік оқыту технологиясы арқылы сөйлемнің бірыңғай мүшелерін оқытуды
үйрету.
2.Сабақты модульге бөлу жолдарын үйрете отырып, бірыңғай мүшелердің өзіндік
белгілерін оқыту. Оларды байланыстыратын жалғаулықтар.
3.Бірыңғай тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелер.
4.Үйірлі мүше, айқындауыш мүшелерді оқытуды қарастырып, пән бойынша оқу
модульдерін құрастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |