Платонның әлем туралы идеясы. Жан туралы ілімі. Мінсіз(идеалды) мемлекетті басқарудың үлгісін көрсетіңіз.
Б.з.д. IV ғасыр Грекия үшін «жоғары классика» дәуірі болып табылады. Бұл дәуірде антикалық философиялық ойдың айшықтық көрінісін беретін екі философиялық жүйе — Платон және Аристотельдің философиялық жүйелері қалыптасты. Сократтың ең ғұлама шәкірті және Академияның негізін қалаушы Платонның ілімі әр деңгейлі және әр алуан қырларымен ерекшеленеді. Оның шығармашылығында философия мифке қайта оралады. Онда миф логосқа бағынбағанымен, оның қанат жаюына серпін береді. Әр түрлі кезеңдерде оның философиясындағы метафизика мен гносеологияға, діни проблематика мен мистицизмге зор көңіл бөлінсе, қазіргі уақытта платонизмнің мәні ретінде оның ауызша диалектикасына, этикалық-саяси проблематикасына баса назар аударылады. Платон ілімінің шынайы маңызы осы көзқарастардың барлығын жинақтағанда ғана көрінеді. Платондық метафизиканың кең ауқымды ерекшелігі, онда жаңа шындықтың ашылуымен байланысты, яғни физис философиясында бұрын-соңды сөз қозғалмаған сезімнен тыс, физикалықтан тыс кеңістіктің ашылуымен байланысты болды. Платонның дәл осы жаңалығы философия дамуындағы маңызды кезең болып саналды және батыстық даналықтың дамуындағы материалдылық және материалдылық емес, сезімге тән және сезімнен тыс деген айырмашылықтардың негізін қалады. Осы категориялар түрғысында табиғат пен ғарыш өз алдына заттар түрінде емес, тек олардың құбылысы түрінде ғана көрінеді. Нағыз және нақты болмысқа заттардың мәнін, олардың парадигмасын білдіретін идеялар ғана ие болады. Платонның идеялар әлемі — бұл сатылы түрде ұйымдастырылған жүйе. Оның ең жоғарғы шыңында Игіліктің абсолюттік идеясы орналасқан. Физикалық әлем немесе сезіммен қабылданатын ғарыш әлемі мынадай кесте негізінде пайда болады: үлгі (идеалды әлем), көшірме (физикалық әлем) және Жаратушы (демиург) — үлгіге сәйкес көшірменің авторы.
Платон таным мәселесін жанда әуел бастан нақтылық түрінде ұшырасатын ақиқатты ажыратып алу ретінде қарастырады. Бұл ажыратудың тәсілі сократтық майевтика болып табылса, ал «ди-алектика» термині онда жаңа мағынаға ие болады. Платон өнерді ақиқаттан ауытқу, риториканы ақиқатты мистификациялау ретінде қарастырды. Платонның адам концепциясы дуалистік болғандықтан (жан мен тән), таным тазару ретінде, ал диалектика бетбұрыс ретінде қарастырылады. Жанның мәңгілігі Платон үшін ең маңызды мәселе болғандықтан метемпсихоз ұғымы әр-түрлі мифтер түрінде сипатталады. Платондық дүниетанымның інжу-маржаны оның бүкіл ой-толғамдарын қорытындылайтын «Мемлекет» диалогы болып табылады. Платонның түйіндеуінше, егер саясаткер философқа айналса (және керісінше), онда Ақиқат пен Игіліктің жоғары құндылықтарына негізделген шынайы мемлекет қалыптастыруға болады. Ал Әділеттілік бүкіл басқа нәрселер соның төңірегінде айналатын негізгі өзек болып табылады. Идеалды мемлекетті практикалық тұрғыда қалыптастырудың бірнеше мүмкіндігі сәтсіз аяқталған соң Платон өзінің «Саясат» және «Заңдарында» «барлық нәрсенің өлшемі — Құдай» деп санайтын адамдардан құралған нақты мемлекеттің формасын табуға ұмтылады.
Платонның пікірінше, шын болмыс – ақылмен ғана білуге болатын денесіз идеялар әлемі. Оның болмысы Парменидтікіндей біртұтас емес, керісінше өздеріне тән идеялары бар рухани көпшілік болмыс. Әр идея өз алдына мәңгі және өзгермейді, ол өзіне-өзі тән. Идеялардың саны көп, бірақ шексіз емес. Идеялар бір-біріне тек қарым-қатынаста ғана емес, сонымен бірге бір-біріне бағынышты, басқаша айтқанда, бірнеше түрлі идеялар бір ортақ идеяға бағыныштықатынастарда болады.
Идеалды мемлекет
Платон идеалды мемлекет туралы еңбегінде әділдікті әркімнің өз ісімен айналысуынан және басқаның ісіне араласпауынан көреді. Адамдардың әлеуметтік топқа бөлінуі мен олардың арасындағы мүлік теңсіздігін қалыпты жағдай ретінде қарастырады және олардың бір топтан екінші топқа өту мүмкіншілігін жоққа шығармайды. Платон идеалды мемлекет құру туралы жобасында аристократиялық мемлекеттік құрылымды жақтайды және өз жобасын қиындықпен болса да жүзеге асатынына сенеді. Идеалды мемлекеттің өзі де, Платонның ойынша, мәңгі өмір сүре алмайды. Платон мемлекеттік құрылысты беске бөлді : 1.Аристрократия - мемлекетті ақсүйектер билейді. 2.Тимократия - мемлекеттік билік бір адам қолында болады. 3.Олигархия - мемлекет азғантай топ қолында болады. 4.Демократия - мемлекет халықтың қолында болады. 5.Тирания - мемлекет күшпен басып алушы қолында болады.Олигархияда байлар билікке ие болғандықтан, өздеріне дұшпандық ниеттегі кедейлермен үнемі қақтығыста болады. Бұл мемлекетте кедейлердің наразылығы нәтижесінде кез-келген уақытта мемлекеттік төңкеріс болуы мүмкін. Тирания — мемлекеттік құрылымның заңсыздық пен зорлық-зомбылық үстемдік еткенең нашар түрі. Платонның ойынша бұлардың ішінде ең тиімдісі – аристократиялық мемлекет түрі. Мұнда ақыл-естілік, парасаттылық билейді, оның принциптері - адамгершілік, абырой, ар- намыс деп саналады. Ежелгі Рим ойшылы Марк Тулий Цицерон ( б.з.д. 106-43ж.) саяси даму тарихында айтарлықтай із қалдырған. Оның " Мемлекет туралы ", " Заңдар туралы ", " Міндеттер туралы " деген еңбектері бар. Цицеронның ойынша мемлекет меншікті қорғау, адамдардың бірігіп өмір сүруге тырысатын табиғи талабынан туады. Мемлекетті үшке бөлген : 1.Патшалық билік. 2.Аристократия. 3.Демократия.
Өзінің жетілген мемлекет идеясын жүзеге асыруға талпынысы сәтсіз аяқталған соң Платон өз шығармаларында " барлық нәрсенің өлшемі — Құдай " деп санайтын адамдардан құралған нақты мемлекет пошымын табуға ұмтылады. Платонның ойынша, адамдар өз қажеттіліктерін жеке дара өтей алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім өндіріп, үй салулары, т.б. жасаулары керек. Біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылыспен, төртіншілері етікшілікпен, т.с.с айналысады. Сөйтіп, олардың бәрі бірігіп қана қажеттілігін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады. Мемлекет еркін адамдардың бәріне бірдей әділ қызмет етуі керек
Платонның философиясы ежелгі грек дәуіріндегі Пифагор басталған діни-мистикалық идеяны дамытумен ғана шектелген жоқ. Платон өзіне дейінгі философтардан қажетті, бағалы деген ой- пікірлерді қабылдай білді. Ежелгі грек философиясының көрнекті өкілі ретінде адам туралы мәселеге кеңінен тоқталып, соған байланысты көптеген мәселелер көтерді. Оның философиясындағы үлкен бір жаңалық — адамды биол. табиғи, сезімдік заттар дүниесінің немесе атомдардың қосылысы деген дөрекі, тұрпайы анықтамадан бас тартуы. Ол, ең алдымен, адамды қоғамдық өмірдің сан түрлі белестеріне көз жүгірте отырып, тануға ұмтылды.
Сондықтан Платонның ойынша, адам — әрі қоғамдық, әрі парасатты, әрі мемлекеттік азамат. Платон өзінің көптеген шығармаларында, әсіресе, саяси-әлеуметтік мәселелерді қарастырған сұхбаттарында адамның ішкі дүниесін ашумен қатар оның қоғамдық іс-әрекетіне де талдау жасады. Платонның көптеген ой- пікірлері кейінгі философтарға үлкен ықпалын тигізіп, осы күнге дейін өміршеңдігін көрсетіп келеді