Діни сана – жаратылыстан тыс күштерге, құдайга деген сенімнен туындайтын көзқарастардың, идеялардың, нанымдардың, теориялардың жиынтығы. Діни сананың құрылымына діни психология(діни идеялардың белгілі бір жүйесімен байланысты стихиялық түрде қалыптасатын түсініктердің, сезімдердің, көңіл-күйлердің, әдет-дәстүрлердің жиынтығы) және діни идеология(діни идеялар жүйесі, оны қалыптастыру және тарату ісімен діни ұйымдар, дінбасылар, діни қызметшілер айналысады) кіреді.
Діни идеологияның маңызды бөлігі болып теологияесептеледі, ол құдай, оның қасиеттері, сапалары, белгілері туралы ілімнің жүйелі баяндалуы және негізделуі. Діни сенімге деген екі түрлі көзқарас бар.
Атеистік көзқарас дін өмір шындығын бұрмалап, фантастикалық тұрғыдан түсіндіреді десе, дінді қолдаушылар оны нағыз ақиқат, танымның ең жоғарғы сатысы, адам өміріндегі барлық сұрақтарға жауап бере алатын, қоғамдық сананың басқа формаларының бәрінен асып түсетін формасы деп тұжырымдайды. Қазіргі қоғамда екінші көзқарас басымырақ.
Діннің пайда болу себептері мен мәнітуралы мәселе философия тарихында көптеген философтардың зерттеу объектісі болды. Дін туралы ғылым – дінтануда діннің тамырларыдеген ұғым қалыптасқан, бұл ұғым діннің пайда болу себептерін, әлеуметтік, гносеологиялық және адамгершіліктік мәнін ашады.
Діннің гносеологиялықтамырлары болып адамның танымдық және психологиялық қызметі негіздерінде қалыптасу мүмкіндігі жағдайлары, алғышарттары, мүмкіндіктері есептеледі.
Діннің әлеуметтік және гносеологиялық тамырларымен қатар психологиялық тамырларын да атап кеткен дұрыс. Бұрын белгісіз, жаңа әлеуметтік өзгерістер, қатынастар, жағдайлар жеке адамның бойында да, қоғамда да жағымсыз эмоциялар тудыратыны күмәнсіз. Әрине, адамдардың бәрі бірдей дінге бас ұрмайды. Бірақ, психологиялық-эмоциялық жағынан алғанда тұрақсыз, абстрактылық ойлауға, қиялға, әсірелеуге, елестетуге көбірек бейім адам дінді тезірек қабылдайды.