Ойшыл ақынның ұлттық сана жөніндегі пікірін үш тұрғыдан пайымдауға болады: біріншіден, қазақ халқының ұлттық санасының қалыптаса бастауы жөніндегі ойлары;
екіншіден, Абайдың өз заманындағы ұлттық сананың ерекшеліктері, қайшылықтары, белгілері туралы ойлары;
үшіншіден, қазақтың ұлттық санасының қалыптасуын, дамуын Абай қазақ халқының шығуымен тікелей байланыстырады.
Абай «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген еңбегінде аталған мәселелерге ерекше тоқтала келіп, адам баласының бір саласы Үндістан тарапынан келген, олар «ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер», екіншіден, моңғол жағынан келген; олар заманның кебін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарларын терең білмейді... соның бірі – біздің қазақ, – деп, қазақтың сары нәсілге, оның ішінде монголоид тегіне жататынын білдіріп, қазақты өзінің тегімен таныстырады.
Қазақтың ертеректе Амудария және Сырдария бойын жайлағанын, сонсоң Алатау бөктерін, Ташкент төңірегін, кейіннен «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, қалмақтардан қауырт жеңілген соң Сарыарқаға, Шыңғыс тауына ауыса көшкенін айта келіп, «Қазақтың қатты өсе бастағаны Құба қалмақтың жұрты бұзылған соң, осы Сарыарқаға орныққан соң ғана болса керек», – дейді.
«Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі қырық жылға созылған қиян-кескі шайқас – қазақ халқының ұлттық санасын қалыптастыруда аса үлкен орын алған бірінші дүниежүзілік соғыс болғанын Абай аңғарғандай. «Ақтабан шұбырынды» жөніндегі ойларында Абай халықтың сан жағынан өсуін ғана емес, сапа жағынанда, әсіресе, сана жағынан есуін де ескеріп отыр. Алғашында ойсырай жеңілгеніне, қансырай күйрегеніне қарамастан Абылай ханның, Бұхар жыраудың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің халықтың санасын оятып, төңірегіне үш жүздің халқын жинап, бүкіл қазақ «халық болып қаруланып» Отансүйгіштік, патриоттық ұлттық сананы рухани ту көтеріп, қазақ жерін азат етіп, тілін, дінін, тінін, әдет-ғұрпын, салт-сананы сақтап қалғанын Абай жақсы білген. Енді, Абай кезеңіндегі ұлттық сананың қайшылықтары мен ерекшеліктеріне тоқталайық. ХVІІІ ғ. ортасында ұлттық сананың қалыптасу кезеңімен бірге үш жүздің басы қосылып, мемлекет болып құрылуымен қатар, осыған қарсы құбылыс Ресей империясының қазақ халқын отарлау, боданға айналдыру процесі басталды.