Сананың жекеден жалпыға қарай даму сатыларын: 1) Аталық сана,
2) Рулық сана,
3) Ұлттық сана,
4) Әлемдік сана деп шартты түрде бөлуге болады.
Абай өмір сүрген заманда осының бәрі де болды. Шоқан, Ыбырай, Абай алдыңғы қатарлы елдердің кемеңгерлеріндей әлемдік сананың деңгейіне көтерілгенмен, қалың бұқара халық рулық сананың шеңберінен шыға алмады.
Бұрынғылардың адалдығына, ақкөңілдігіне, аңқаулығына күлме, олардан үйрен деген ойды айта келіп: «Бала мінез ойыншы бұрынғылар. Аңқау екен, мазақтап соны сынар. Артқа қарап, ақпейіл шалға күліп, Абұйырсыз, атақсыз көрге құлар», – дейді.
Ұлттық сананың ең негізгі белгісі – әр ұлттың өзін-өзі танып білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу.
Өз ұлтының жетімсіздер, мешеулеу жағымен күресе отырып, ілгері дамыған ұлттардың жақсы, жағымды жақтарынан үйрену, дүниежүзілік гуманистік санаға жету. Қазақ ұлтының келешегін ойлаған Абай өзінің өмірлік мақсатын халықтың болашағымен байланыстырып, ұштастырып: «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ. Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ», – дейді.
Халқының қамын ойлаған Абай: «Жайылымға жан ашып, ішің күйсін, қарекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған...», – дейді. Сананы байлық сана, кедейлік сана деп бөлмейді, өйткені, бай мен кедейдің саналысы да, санасызы да, адамгершілігі бары да, жоғы да бар екенін жақсы біледі. Байды да, кедейді де еңбек етуге шақырады.
Таптық көзқарасты дәріптемей «Қайран елі қазағының» қамын ойлайды. Абайдың дүниеге көзқарасындағы ұстаған негізгі принципі – «Адам бол!». Ойшыл ақынның аңғаруынша көптеген адамдарда «адам» деген ат бар, бірақ, «Адам» деген зат жоқ. Сондықтан, Абай «Адам бол – бай бол, Адам бол мал тап, Қуансаң қуан сол кезде», «Бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, текке мал шашпақтық) қашық бол, Бес нәрсеге (талап, еңбек, ойшылдық, қанағат, рахым) асық бол, Адам болам десеңіз» деп, өз елін, келешек ұрпағын жалпы гуманистік рухқа, бірлікке шақырып, «Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос», – дейді.