Гендерлік зерттеудің антологиясы мен методологиясы



бет11/14
Дата08.12.2022
өлшемі0,89 Mb.
#56025
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
Гендер 20.12 Лекция(1)каз

12.Дәріс

Отбасындағы тәрбиенің ұйтқысы әжелер еді. Қазақ қоғамында бала тәрбиесімен тікелей әжелер айналысатын. Ауылды ақсақал билесе, отбасындағы тәрбиеге әжелер жауапты болды. Ақ жаулықты әжелер баланы жастайынан бауырына басып, оның бойына там-тұмдап ұлттық құндылықтарды сіңіре білді. Міне, осыдан келіп, қаршадайынан әженің ғажайып әңгімелері мен ертегілерін тыңдап, солар арқылы халықтың сан ғасырлық мұраларын бойына сіңіріп, уызға жарып өскен азаматтар қалыптасты. Мысалы, кешегі өткен Абай, Ыбырай, Шоқан, Мұстафа немесе өзге де ұлт ұйтқысы болған ұлы тұлғаларымыздың қай-қайсысын алсақта, бәрінің әже тәрбиесін көріп өскенін байқауға болады. Ал қазір жалпы «әже» деген сөздің өзі біздің сөз қолданысымыздан шығып бара жатқан сияқты. Анығырақ айтқанда, ұлттық тәрбие мектебі болған «әжелер институты» жойылып барады.


Ақ жаулықты тек Наурыз сияқты мереке күндері ғана тартатын әжелердің жаңа легі қалыптасты. Рас, бүкіл ауылға бас болып отырған дуалы ауыз ақсақалдардың бүгінде сирек те болса бар екені сияқты, отбасының ұйтқысы болып отырған әжелер әлі де кездеседі. Дегенмен, жалпы алғанда, немерелерімен бірге отырып сериалдар қарайтын, соған еліктейтін әжелер бүгінде бесік жырын айта бермейді, ал тәрбиелік мәні зор небір аңыз-әңгімелер мен ертегілер айту дәстүрі ұмытылғалы қашан. Сондықтан, бүгінгі күні ұлттық тәрбиеміздің жұтаңдануын әжелер бейнесінің көмескі тартуымен де байланыстырып қарауға болатын сияқты.
Ана - өзіңді өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүт берген аяулы адамың. Әр ұл мен қыз ата-анаға мәңгі қарыздар. Ұрпақтары бұл адамдарды айрықша сыйлауға, құрметтеуге тиіс. Оларға қарсы келуге, ренжітуге, айтқанын орындамауға болмайды. Мұхамбет пайғамбардың хадисінде «ата-анасын ренжіткендерді Алла тағала жақсы көрмейді» деген. Әсіресе, ананың жолы мүлде бөлек. Ананың ақ сүті адам баласы үшін аса қасиетті ұғым. Ананың өз балаларына «ақ сүтімді ақтады» деуі үлкен баға. Керісінше өзіне зәбір берген балаларына ана «ақ сүтін көкке сауып» қарғайды. Адам баласы үшін қарғыстың ең жаманы осы. Ислам дінінің тәрбиесінде ананың жолы айрықша және артық. Егер сені әкең мен анаң қатар шақырса алдымен анаңа баруың керек. Анаға қанша құрмет жасаса да көп емес. Ана – өмір тұтқасы, өмірге адам әкелуші, тәрбиеші, тілеуқор, ақ ниетті, мейірбан. Ол от басының берекесі, ырысы, ақылшысы. Ана алдында – батыр да, ақын да, ғалым да кіші. Әйгілі Ақсақ Темір көреген де әйел-анаға бас иген. «Ата көрген – оқ жонар, Ана көрген – тон пішер», «Аяғын көріп – асын іш, Анасын көріп – қызын ал», «Ананың көңілі балада, Баланың көңілі далада» дейді қазақ мақалдары.
Өмірде әке мен ана қатар аталады. Олардың қызметі туған балалары үшін шексіз. Атаның күші, ананың сүті ұрпақ үшін зор, өлшеусіз парыз. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да парызыңды өтей алмайсың» деген сөз осының куәсі. Бұл парызды әр ұрпақ өзінің ата-анасына деген құрметінен, шын пейілімен, ризалық ісімен ғана өтей алады. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну», «Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды» делінген Пайғамбар хадисінде. Әке-шешені ренжіту дінде - күнә, қоғамда - қылмыс, өмірде - ұят. Ата-ананың өкпе, наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды.
Жақсы ата-ана, ер мен әйел ұрпақтың, елдің мақтанышы. «Ақылды ердің ішінде, Алтын ерлі ат жатар, Ақылды әйел ішінде, Алтын бесікті ұл жатар» - деген мақалда тәрбиелік маңызы өте зор көрегендік жатыр. Ер мен әйел егіз ұғым, егіз тұлға. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. «Әйелдер жерден шыққан жоқ, Ол да еркектің баласы. Ерлер көктен түскен жоқ, Әйел оның анасы”– деген халық сөзі осының айғағы. Ата-ана бір отбасының екі арнасы, бала-шағаның тірегі, сүйеніші. Ұрпақтары үшін ата - әке, ана - шеше деп аталады. Ата-ана парызы өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп өсіру. Бұл екеуін халық қосарлап айтқанда «ерлі-зайыптылар», «ерлі-байлылар» деп айтады. Халық тілінде жанұя басы - ер адамды «отағасы», әйел-ананы «отанасы», «жұбайы», «зайыбы», «әйелі» деп сыпайылап атайды. Әйелдер өзі келін болып түскен жердің адамдарының аттарын атамайды. Бұл тәрбиелік пен сыпайылықтың белгісі әрі халық дәстүрі де солай үйретеді. «Әке – асқар тау, Шеше — ағар бұлақ», «Әкеге қарап ұл өседі, Шешеге қарап қыз өседі», «Ата-ананың қадірін балалы болсаң білерсің» дейді халық даналығы.
Апа - әпке - бірге туған және туыстардың жасы үлкен қыздары оның інілері мен сіңілілері, келіндері үшін «апа» болады. Бұлардан апаның жолы үлкен және оған «апай» деп құрмет көрсетіледі. Апа оларға еркін, батыл, адуындылау, базыналы болады. Кішілер оны көтере білуі, ілтифат көрсетуі, оның алдында құрдай жорғалап, сыйлауы керек. Оның өтініші, бұйрығы сөзсіз орындалғаны жөн. Апа жақсы аға, інілерін, туыстарын мақтаныш етіп,өсіп отырады. Ол ағайын бірлігін, ел намысын қорғауда да үлкен жұмыстар істейді. Өз туыстарының кемшілігін батыл айта алады. Ызалы кезінде туыстарына көз жасын төгіп те жібереді. Бұл туыстары үшін ауыр тиеді. Інісіне өкпелеген бір аңқау апасы «сендер апа демесеңдер демей-ақ қойыңдар, құдай “апа” десе болады» депті. Қалай айтқанда да апаның жолы бөлек және қымбат. Апаның күйеуі жезде, баласы жиен болады.
Қарындас (әйел) - ағайындылар ішінде жасы кіші қыз ағалары үшін қарындас болады. Бұлар аға, іні үшін қымбат та қимас жандар. Сонымен бірге бауырлары үшін ешқашан аянбайтын біртуар, текті, зерделі, қаншыл туыс. Әсіресе әйел заты туыс-туғаны үшін жанын да, қанын да беретін батыл да тапқыр болады. Сол үшін де бұлар ағайын, туыс үшін әрі құрметті әрі сыйлы адамдар. Қарындастың күйеуі «күйеу бала», балалары жиен деп аталады. «Қарындасы адал ер бақытты, Келіні адал ел бақытты», «Қаба-қаба сөйлеуге қарындастың бары игі», «Адам болайын деген жігіт қарындасшыл келеді» деген мақалдар қарындастың қадірін білдіреді.
Сіңілі - бірге туған (жақын туыстары) қыздардың кішісін сіңілі дейді. Аға, апа (әпке) алдында сіңілі мен інілердің хұқы бірдей болғанмен «қыздың жолы жіңішке» деп жол көбіне қызға тиеді. Сіңілі мен қарындас өзінен үлкендер алдында батылдау да еркелеу, еркіндеу болады. Және олардың бұл еркелігін аға, апалары көтеруі керек. «Апасы киген сәукелені сіңлісі де киеді» деген мақал бар.
Жеңге - ағаның әйелі. Жасы үлкендер үшін «келін», кішілері үшін «жеңге» деп аталатын бұл адамның ауыл, үй, тәлім-тәрбие үшін орны айрықша. Ол әсіресе, өзінен кіші қайнылары мен қайынсіңілілері үшін әзіл, қалжыңы араласа жүретін сүйкімді де сыйлы адам. Жеңге қайнылары мен қайынсіңілілерін өз атымен атамай, оларға өзінше «сырғалым», «шашбаулым», «ерке бала», «мырза жігіт», «бойжеткенім», «күлімкөзім» деп ат қояды. Кейде мінез-қылықтарына қарай күлкілі ат қоюы да мүмкін. Мұның бәрі сыйластықтың белгісі ретінде қаралады. Қайны мен сіңілі жеңгелерінен сыр жасырмай, онымен ақылдасып отырған. Жеңге бұлардан төмен отырады. Жеңге бұрын қыз бен жігітті таныстыру мен табыстыруда үлкен тәрбиелік қызмет атқарған. Оларға махаббат құпияларын үйреткен. Сол қызметі үшін олар қыз, жігіттен сыйлық та алатын болған. Қыз үшін ана тәрбиесінен кейінгі орын осы жеңгенікі, жеңге жүрген жер ажарлы да базарлы. Қазақта «жеңгетай» деген де бар, бірақ оны жеңгемен айырбастауға болмайды. «Жеңгетай» Арқа даласында жеңіл жүрістілер арасындағы дәнекер болғандықтан жағымсыз бейнеде айтылады. «Жеңгетай» деген кәденің түрі де бар. «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді», «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан», «Ағама жеңгем сай», «Қыздың сырын жеңгесі білер» деген мақал-мәтелдер қазақ қоғамындағы жеңгенің рөлінен хабар береді. .
Қайын сіңілі - жеңгелер үшін күйеуінен (және оның туыстарының да) жасы кіші қыз қайын сіңілі болып саналады. Қайын іні мен қайын сіңілі жеңгесін ерекше сыйлап, қадырлеуі, оған еркелеуі керек. Бұлар әзіл-қалжыңы жарасқан, сыйлас, сырлас, тату, қамқор, ақылшы, болғаны жөн. Жеңге қамықса - қамқоршы, жабықса - жанашыры да осылар. Олар жеңгенің жақсы ісін ата-енелері мен күйеуі, басқа адамдар алдында мақтап отыруды ұмытпағаны жөн.
Келін - інінің әйелі «келін» деп аталады. Бала мен немеренің әйелі «келін бала» болады. Бүкіл ауылдағы жолы кіші адам да осы келін. Дәстүр бойынша ол кездескенде өзінің күйеуінен үлкендердің бәріне де орнынан тұрып, иіліп сәлем жасауға тиіс және ең төменгі орынға отырады. Ата, қайынағалары отырған жерге кірмейді. Мұндай жасты ел «ибалы», «әдепті» келін деп жақсы көрген. Жаңа түскен келінді бөтенсіретпей құрметтеп, сыйлап жаңа ортаға тарта білу, тәрбиелеуі керек. Кемістігіне кешіріммен қараған жөн. Қатты сөз айтып, жекуге мүлде болмайды. Ата-ене оған жылы сөзбен сөйлегені жөн. Қазақ «жақсы үйге түскен келін - келін, жаман үйге түскен келін – келсап», деп мақалдаған. Бұрын жаңа түскен келін бір жылға дейін өз үйіне баруға рұқсат етілмеген. Мұның тәрбиелік, халықтық мәні бар. «Келіннің - аяғынан, қойшының таяғынан» деген ырым да келін үшін үлкен сын. Күйеуінің әкесі келінге қайын ата, шешесі қайын ене болады. Келін түскен жеріндегі ең кіші адам болғанмен жасы үлкендер қайнағалар оның алдында әдеп сақтайды. Сәл артық ісі, сөзі болса келіндер біліп қалмасын деп қысылып жүреді. Демек, келін алдында әр кім әдеп, тәртіп сақтауы керек. Қазақ халқы келіндерін құрметтей білген. Оларды жас, төмен етек деп қарамай жақсы істерін, үлгілі мінездерін бағалап та отырған: «Қызым саған айтам, келінім, сен Тында», «Келелі сөзді келін де айтады», «Келіннің өзі келгендей, Баланың өзі туғандай», «Келіннің бетін кім ашса — сол ыстық». Бұрынырақ оң жақта отырған қызын қадірлеп, үлде мен бүлдеге орап, ойынсауыққа қатыстырып,еркін өсірген қазақ қыз баласына шай құю, кесте тігу сияқты жеңілжелпі істерді тапсырған. Ал үйдің күтімі, басқа да күрделі шаруаларды жеңгелер, келіндер, қызметші әйелдер атқарған. Отбасына жаңа түскен келінге үй шаруашылығы жайын, қонақ күту т.с.с. дәстүрлерді бүгешігесіне дейін үйретіп, келін тәрбиелеуге көшкен анасы барған жерінде сол тірліктер алдынан шығарын ескертіп, қызы да аталған жайлардан хабардар болып, бірге үйренуін құлаққағыс қылып отырған.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде келін бүкіл рудың протекциясында болды. «Әмеңгерлік» салты бойынша, ері қайтыс болған жас әйел ерге тиюді тілесе, қайтыс болған күйеуінің інісіне, яки ағасына не болмаса жақын туыстарының біріне немесе руласына тиюі тиіс. Бұл жөнінде «ерден кетсе де, елден кетпес» деген ереже бар. Ері өлген әйелге күйеуінен қалған мүліктің алтыдан бірі беріледі.
Ене - күйеуінің анасы келінге ене болады. Ене де келін үшін өз анасындай тілектес, ақ ниетті, сыйлы адам. Ол өз келінінің өмірлік тәрбиешісі, ақылшысы, қамқоршысы. Келінді өз қызындай көретін аналар “жақсы үйге түскен келін - келін, жаман үйге түскен келін -келсап” деп келін тәрбиелеу енеге байланысты екенін айтқан. Ене-ана, келін-қыздай сыйласса отбасының бақыты, ырысы әрі мерейі. «Енең болмаса да инең болсың», «Ақ жаулықты жан көрсем, Енекем демеймін бе, Ақ сақалды шал көрсем, Атекем демеймін бе» деп келіндері сыйлайтын болған.
Абысын - ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақты жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе, назын, әзіл-қалжыңын кектемеуі керек. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады. Халықтық тағылымында «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда олар абысындарын шақырып, дастархан жайып, әңгіме-дүкен құрады. Бұл дәстүр сыйластық, татулық, бірлік-ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі.
Қазақ болмысында әйелдің маңыздылығы сәбидің шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап («туғанда дүние есігін ашады өлең» деп дана Абай айтқандай), дүниеден өтердегі жерлеу дәстүріне дейінгі салт-санадан айқын аңғарылады. Әрбір салттың тұтқасында әйел заты жүреді және соның барысынан-ақ қазақы әйелдің болмысы аңғарылады.Қазақтың дәстүрлі жерлеу салтын сөз еткенде, естірту, көңіл айту және жоқтау ғұрыптары ерекше орын алады. Әсіресе, жоқтауды әйелдер айтатын және оның халық аузында небір тамаша үлгілері болды.
Әйел тіршілікті өмірге әкелуші ана, отбасының күре тамыры, шаңырақтың тірегі, ұрпақтың тәрбиешісі, қамқоршысы, жарық дүниенің жақсылықтарын жасаушысы адам баласына тек ізгілік, жақсылық тілеуші тұлға болғандықтан қазақ қоғамында қатты құрметтелді. «Қабырғаммен кеңесейін» тұрақты рәмізі әдетте әйеліммен ақылдасайын деген мағынада жұмсалады. Мұнда «қабырғам» деп әйелін айтып отырғаны белгілі.
Қазақ халқының батырлық эпостары қазақ әйелін еркекпен теңестіріп бейнелейді және ол құрметке ие болған. Қазақстандық зерттеуші Г.Г. Соловьева бойынша, «қазіргі кездегі гендерлік концепт әйелге құрметтік қатынасты көрсетеді, ол қазақтарға әр кезде тән болған. Ұмай құдайы (ана) жанұялық бақыттың сақтаушысы, баланың жанын сақтап отырған, оның атымен жерін тастап кеткен батырға дұға оқыған» [131, 255 б.].
Дәстүрлі қазақ жұртынан ел басқарған қатындар (қазіргі тілімізде жағымсыз реңк ала бастаған «қатын» сөзі баба тілімізде тек ел құрметіне бөленген аналарға ғана берілетін атақ-дәреже атауы болатын), ру билеген көсем аналар, ерлігімен аты ұранға айналған батырлар, әйелдік қасиеттерін халық пір тұтқан киелі енелер, сұңғыла шешендер, айтулы ақындар, көрнекті күйшілер көптеп шыққан. Олардың кейбіреуінің бейнесі халық жадында көмескі тартып, атақ-даңқтары тарих көш-керуенінің шаңына көмілсе, кейбірі шежіреде сақталды, аңыз-жырдың арқауына, ғасырлар бойы дала төсінде, жел мен күннің өтінде қасқиып тұрған тарихи жәдігерлерге айналды. Сыр бойындағы Бикен мұнара мен сырлытам, тараздағы Айша бибі мен Баба әже, Сарысу жағасындағы Белең ана мен Болған ана, Шымкенттегі Домалақ ана мен Қарлығаш ене және т.б. сырлы да сәулетті күмбездер осыны дәлелдейді.
Әйелдерге байланысты топонимдерге қатысты аңыздар арқылы бүкіл қазақ дәстүрлі қоғамындағы гендерлік қатынастар туралы ой түюге, қоғамдағы әйел орнының қаншалықты жоғары деңгейде болғандығын, әйел ақылының, парасатының, мінез тектілігінің қаншалықты бағаланғанын байқауға болады.
Ономастикада рулар мен олардың кіші құрылымдарын геноним деп атау қалыптасқаны белгілі. Бүтіндей рулардың әйел атымен аталғаны туралы деректерді қазақ халқының негізін құраған барлық ру-тайпалардың шежірелерінен көруге болады. Шәкәрімнің шежіресінде: «Жоғарыдағы Сарының қатыны Мұрын екен, Сарының нәсілі шешелерінің атымен Мұрын аталды... Матайдың үш баласы Аталық, Кенже, Қаптағай Аталықтың қатыны Қызай дегеннің атымен тұқымы Қызай аталды... Бұл төртеуі нағашысы Уақ ішіне кетіп Ергенекті Уақ атанды» [132, 38 б.]. А. Сейдімбектің пікірінше: «Қазақ халқының әйел-ананы қадірлеп, тіптен культке айналдырғаны соншалық, тұтас руларды әйел есімімен атаған. Мәселен, Домалақ ене, Дәулетбике, Алтын, Мәукеш, Айбике, Нұрбике, Ұлдай – міне, мұның бәрі де ру атына айналған әйел есімдері...Тіптен, қазақ руларының елдігін танытар ұрандарының әйел-ана есімімен аталатыны да ғажап қой. Мәселен, Арғыннан тарайтын Сүйіндік руының ұраны – Жолбике, Қаракесек руының ұраны – Қарқабат, Найманның бір бұтағы Қызылайлардың ұраны – Қызай» [133, 187 б.].
Рәміздік ұғымға «тектілік» жатады. Тектілік ерге де, әйелге де, байға да, кедейге де тән қасиет. Ол кез келген адамда болмайды. Тектілік деңгейін «тұқым мен қан тектілігі, азаматтың өз басының тектілігі, халқының тектілігі» деп бөлген философ ғалым А. Адаеваның пікірінше, «осы тұқым мен қан тектілігі туралы қазақ түсінігі ерте заманнан бастау алғанын және бұл қасиетке атасы мен анасының бірдей жауапты екенін, көбінесе әкесінен гөрі анасының тегіне қатты мән берілетіндігін, қазақ түсінігінде елді текті адам билеуі тиіс екенін дәлелдейтін мысалдар жеткілікті» [134, 96 б.]. Әсіресе, ақын-жыраулар шығармашылығындағы «қазақ әйелі» концептісінің рәміздік көрінісі жоғарыдағы ұлттық дүниетаным құндылықтарына сәйкес келеді:
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата-мұрадан!
Мұны неге білмейсің! [130, 116 б.].
Шынында да, халық аңыздары мен жырларында, тарихи хикаяларда, шежірелерде, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптардан ата-бабаларымыздың ең алдымен ана тегіне ерекше назар аударғаны жайлы деректерді жиі кездеседі. Бұл туралы Л.Н. Гумилевтің: «...Анасының шыққан тегіне айрықша маңыз берілген. Мәселен, Ханзада Төременді тақтан тайдырудың себебі «шешесінің шыққан тегінің төмендігі болады. Әрине, бұл желеу, оның саяси жауларының айла-амалы ғана, бірақ сол дәлелінің қызықтығына қараңызшы», – деп жазуы тегін емес [135, 72 б.].
Тілімізде киелі мәнді, яғни айрықша құрметтелетін ата-баба аруақтарын кие тұту белгісі ретіндегі ұрандар сақталу себебі, ел басына күн туған, қиын-қыстау кезеңде, ел үшін, жер үшін кескілескен шайқастарда ата-бабасының, сол рудан шыққан батырлардың, билердің, жыраулардың атын ұран етіп шақырып, солардан медет сұраған. Солардың ішінде ру, халық рухын көтерер, елдікке бастап, желеп жебейтін әйел есімдері аз кездеспейді.
Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен ерлігімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына тіл арқылы сіңіре білген әйел-аналар да аз емес ( Құртқа, Қарашаш, Домалақ ана,т.б.). Сондықтан ана тілінің тағдырында, бүгіні мен ертеңінде бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше. Демек, тіліміздің алтын арқауын асыл қолдарынан шығармай ұстап, құнарын жоғалтпай сақтап, ұлттық тіліміздің қадірі мен құдіретін ұғындыруды аналардың қасиетті парызы ретінде қазіргі қазақ қоғамында қалыптастыру, оның әлеуметтік-материалдық негізін жасау – өзекті мәселелердің бірі.
Өз тілін «ана тілі» деп атаған қазақтардың танымында, мәдениетінде «әйел-анаға» ерекше мән берілгені белгілі. Ел аузында есімі қалған небір кемеңгер ойшылдардың, ұлтымыздың біртуар азаматтарының, танымал тұлғаларының бойындағы асыл ғажайып қасиеттердің әжесінен не анасынан, яғни нағашы жұртынан даритыны кездейсоқтық емес. Көркем әдебиеттегі аналар бейнесін тілдік дүние суреті аясында «қазақ әйелі» рәмізі тұрғысынан қарастырар болсақ, бұл орайда таңғажайып қазыналарға, жақұт-жауһарларға кездесеміз.
Мысалы: «Абай жолында» Зере Құнанбайдың қаталдығына разы болмай, қапаланған тұста былай дейді:
«Айында, аптасында бір көреді. Арыз, мұңын саған айтпай кімге айтады? Қатты болсаң, қасыңа бол! Досыңа, қатын-балаңа қатты боп қайда барасың өзің? «Жер тәңірі сенсің» деп қошеметшің айтсын! Бұл жерде, бұл мекенде сен мойныңдағы қарызы мол әкесің, білдің бе? Айттым ғой, жер тәңірісімін» десең де, аяғың аспаннан салбырап түскен жоқ. Сен де пенденің ұлысың, анадан туғансың. Менмін сені тапқан. Мынау аналар аналық зарын айтады.
Кәмшат турасында күйзелтіп отырсыңдар сендер бізді. Тап енді, емін тап ақырғанша! Құтқар анау қаршадай жетімегімді! - деп, қатты бұйрық етіп тоқтады.
Үй іші үнсіз еді. Құнанбай тез жауап айта алмай, булығып қалды. Талайдан естімеген үнін есітті, анасының үні - ардың үні боп, қатты қадалып тұр» [136, 165 б.]. Жоғарыда айтылғандай, ұлтымызды біртұтас етіп ұйыстыратын ұйытқы күштің бірі де бірегейі ұлт тәрбиесіндегі ана рөлі екені айдан анық. Бесіктен берілетін тәрбиеге айрықша көңіл бөлген ата-бабаларымыздың асыл мұраларындағы ақылы асқан Құртқа қыздың, Қыз Жібек, Қарашаш, Айман, Домалақ ананың т.б. бейнелері, халқымыздың тәрбие, үлгі-өнегенің мәні туралы өлмес, өшпес мақал-мәтелдері соның айғағы.
Жиырмасыншы ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыста Шығыстан шыққан қос жұлдыз – Кеңестер Одағы Батырлары - Әлия мен Мәншүктің, желтоқсан ызғарында тәуелсіздік құрбандарына айналған Ләззат пен Сәбиралардың шығуы осы халықтық дәстүрдің, қазақы әйел болмысының тамырын үзбей, жалғастық табуы деп білеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет