Марксизм — 19 ғасырдың 40-жылдары Карл Маркс пен Фридрих Энгельс негізін қалаған философиялық, экономикалық және әлеуметтік-саяси көзқарастар жүйесі. Марксизмнің теориялық қайнар көзі — классикалық неміс философиясы (Г. Гегель, Л. Фейербах), классикалық ағылшын саяси экономиясы (А. Смит және Д. Рикардо) және француз утопиялық социализм ілімі (Ш. Фурье, Р.Оуэн және Сен-Симон). Марксизмнің мақсаты, қоғамның негізгі қозғаушы күші ретінде жұмысшы табының маңызын теориялық негіздеу болды.
Постмодернизм (ағылш. postmodernism) — әуелде сәулет өнері саласында қолданылған атау болып, хатжүзіндік тіке мағынасы — "модерннен кейінгі", яғни "осы заманнан кейінгі", "соңғы", "жаңа заман" дегенді білдіреді. Бұл сөздің қазақша баламасы тұрақтанбаған, кейбіреулер оны "соңғы осы заманшылдық" деп те атап жүр.
ТАРТЫС, конфликт (лат. conflіctus – қақтығыс) – екі немесе бірнеше жақтардың қарым-қатынасы барысында мақсаттары мен көзқарастарының өзара қарама-қайшылығы. Тартыс әлеуметтік және бейәлеуметтік болып екіге бөлінеді. Әлеуметтік Тартыс субъектілері адамдар, ал бейәлеуметтік Тартысқа табиғат құбылыстары жатады. Қазіргі заманда Тартыс мәселесін зерттейтін ғылым саласы – “Конфликтология” деп аталады.
Фрейдизм — австриялық ғалым Зигмунд Фрейдтің (1856- 1939) есімімен аталатын психологиядағы бағыт. Зерттеу ілімі психоанализ деп аталады. Фрейдизм XX ғасырда психологияда кең таралған ағым. З.Фрейдтің зерттеуі бойынша, адам мінез-құлқының қозғаушы күші мен шешуші факторы, жыныстық елігу болып табылады. Мұндай елігу мен сезім әрекетін ол санадан тыс табиғи қажеттілік деп санады. Бұл адам тіршілігіндегі биологиялық процесс болса, психиканыңдамуы мен оны басқару әлеуметтік фактормен де айқындалатыны ескерілмеді. Адам бойындағы белсенділік әрекет табиғи әрі биологиялық құбылыс деп саналады. Шетелдік психолоттар Фрейдтің көзқарасын орынсыз деп санағанымен, кемшілігін ашып көрсете алмады. Олар фрейдизмді ғылым жетістіктеріне бейімдемек болып, "жаңа фрейдизм" деген ағым шығарды. Бұл ағым бойынша: адам тіршілік еткен ортасына тәуелді болып, сол ортаға бейімделгіш келеді.
Эмпиризм - көне грекше: έμπειρία етрегіа - тәжірибе - сезім тәжірибесін білімнің бірден-бір көзі деп есептейтін, барлық білім тәжірибеге сүйенеді дейтін таным теориясындағы бағыт. Кейбір эмпириктер (Гоббс, Юм) рационализмнің ықпалымен тәжірибе білімге қажетті және жалпыға бірдей маңыз бере алмайды деген тұжырымға келді. Эмпиризмнің шектелу сипаты сезімдік танымдағы тәжірибенің рөлін метафизикалық тұрғыда әсірелей көрсетуінде.