108
КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА
ҚАТЫСТЫ ДИАЛЕКТ СӨЗДЕР
Жандалиева Н.Д.
2-курс магистранты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
Атырау, Қазақстан
Аңдатпа.
Мақалада Батыс Қазақстан өңіріндегі Каспий теңізі, Жайық өзенінің балық
шаруашылығына қатысты диалект сөздердің қолданылуы, мұндай сөздердің құрамы, таралу
географиясы, жиілігі қарастырылады. Каспий теңізі балықшыларының балық аулау
құралдарының атаулары, олардың жергілікті аймақтың сөздік қорына енуі, өзге сөздерден
ерекшелігі туралы өзіндік тұжырым жасалады.
Түйін сөздер:
диалектология,
диалект сөздер, говор, жергілікті тіл ерекшеліктері.
Тіл білімінің диалектілер мен говорларды зерттейтін саласы диалектология –
диалектос – сөйлеу говор, логос-ілім, дио грек сөзі – құраған деп аталады. Диалектінің
міндеті – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі
говорлар мен диалектілерді зерттейді. Диалект, говор деп халықтың я ұлттық тілдің өзіндік
ерекшеліктері бар жергілікті тармақтарын, бөліктерін айтамыз. Ал жалпы тілді тән ортақ
белгілерден өзгеше ерекшеліктерді қамтиды. Диалект термині тілде жалпы-халықтық сипат
алмаған белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне тән тілдік
ерекшеліктері бар аймақты, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық немесе ұлт
тілінің құрамды бөлігі болып табылады. Говор жергілікті диалектілердің шағын аймақты
қамтитын бөлігі. Мәселе, Қазақстан көлеміндегі жерді қамтыса,
говор- жергілікті жердің
тілдердің шағын аймақты қамтитын бөлігі. Алыстан Алтай мен Тарбағатай шыңдарынан
Оралдың Оңтүстік Шығыс баурайына, Ертіс, Есілдің екі жағалауы мен Тобылдың бас
жағына дейін, Торғай мен Сарысу өзендері бойынан Қазалы мен Қызылордаға және Арыс
өзенінің сағасына дейін қазақтың бес негізгі тайпасы: Керей, Найман, Арғын, Қоңырат және
Қыпшақ қоныстанған. Осы күнгі әкімшілік болу бойынша аталған тайпалардың басым
көпшілігі Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар,
Семей облыстарының жерін, Қостанай, Қызылорда және Талдықорған обылыстарының көп
жерін мекен еткен. Шекаралары ортақ тайпалары ХІІІ-ХV ғасырдан бастап өзара одақтасып,
бірыңғай орталыққа бағынған. Бұл біріккен туыс тайпалардың ортақ жергілікті диалектісінің
қалыптасуына жағдай туғызды.
Қазақ тіл білімінде диалектология саласындағы алғашқы зерттеулер Ж.Аймауытовтың
мақаласынан бастау алып, Ж.Досқараев, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев еңбектерімен
жалғасты. Бұдан кейінгі жылдары да өзге де тілшілердің диалектологияға байланысты
бірқатар мақалалары республикалық және одақтық баспасөз беттерінде жарық көрді. Бұл
саладағы ғылыми зерттеулер 1952 жылдан бастап жандана түсті.
Сол кездерде ғылымға
келген жаңа толқын, жас зерттеушілер, бүгінде қазақ диалектологиясының көрнекті өкілдері
Ш.Ш.Сарыбаев, Ғ.Қалиев, С.Омарбеков, Ә.Нұрмағамбетов, Ж.Болатов, О.Нақысбеков,
Т.Айдаров сынды ұстаз-ғалымдарымыз жалғастырып, кеңестік түркі тілдерінің ішінде қазақ
диалектологиясын алдыңғы қатарға шығарды.
Диалектологиялық лексикография тілдегі жергілікті лексиканың тарихы, оның
ауызша түрі мен лексика-семантикалық процеске әсері жайындағы мәселелермен
айналысады. Диалектологиялық лексикографияның міндеті – әртүрлі аймақтық сипаттағы
фонетикалық, морфологиялық, семантикалық жергілікті ерекшеліктерді көрсету.
Атырау аймағы өзінің атына сай байлығымен елімізге кеңінен танылған өлкелердің
бірі. Солтүстік Каспийдің жағалауынан, Жайық, Жем өзендері бойларынан, олардың
тармақтары мен сағаларынан балық аулау кәсіпшілігі соңғы ғасырларда игеріле бастады.
Қырда мал жайлаған қазақтар осы кәсіпшілікке аса ден қоймаса да, Жайық бойында ХІХ
ғасырдың орта шенінен көптеп салына бастаған орыс бекіністерін жайлаған орыс-казактар
109
өзен-көлдерді, балық аулау орындарын иеленіп, батағалар, су айдындарының нағыз
қожаларына айнала бастаған кезеңнен жағалау қазақтары оларға жалданып балық
кәсіпшілігінің түрлі жұмыстарына тартыла бастады. Балықшылардың ауыз екі тілдерінде
«норд, зюйд, вест, ост» сияқты әлемнің төрт тарабын білдіретін ағылшын сөздерінен бастап,
кеме мен ау құралдарына, балық аулау ісіне байланысты ондаған ағылшын, орыс сөздері сол
күйінде немесе қазақшаланған баламалары: палуба, каюта, вентерь, румпель-өремпіл,
подбак-бәдбақ,
парус-парыз, гундер- өндір, плашкоут-плашкот, прорез – проз, неводняк –
бәдінек, сиж – шиеж, подборка – балберкі т.с.с көптеп кездеседі.
Жайық бойы мен Каспий теңізінен балық аулаудың алмасып тұратын әдістеріне
сәйкесаулау құралдары, су көліктері мен ыдыстары да ұдайы жетілдіріліп, өзгеріп отырды.
Балық кәсіпшілігінің ұзын-сонар даму жолдарына көз жіберу үшін, өндіріс құралдарының
сипаттамаларын ұсынамын.
Құрма ау – ұзындығы 25-30метр, биіктігі 3 метрдей, асты-үсті жіңішке кендір жіпке
отырғызылған, көздері 28-32-36-44-55 мм болатын ау. Құрма аудың тар көздері ерте
көктемде қаракөз, табан, басқа да ұсақ балықтар үшін салынса, сәуірден бастап кең көзділері
ірі қара балықтар үшін құрылады.
Лақтырмалы өзек ауы – ұзындығы 250-300 метр, биіктігі өзен тереңдігіне орай 13-18
метр болатын үлкен ау. Өзек ауына да қалқандар байланып,
астыңғы арқанына темір
шынжырдан салмалар бекітіледі. Өзек ауы ауыр құрал. Көктемгі тасу кезінде бір өзек ауында
35, күзде 20-25 балықшы бір звеноға бірігеді.
Сүйретпе сүзекі (волокуша) – өзек ауының шағын, қоржынсыз түрі. Бір екі адам
көтере алатындай етіп жасалынып, өзеннің кез келген жерінен ескекті жеңіл қайықпен
тартылады. Кәсіпшілік маңызы Жайықта төмен болды. Сүйретпе сүзекіні көбіне заңсыз
балық аулаушылар, браконьерлер пайдаланды.
Распор ауы – теңіз айдынында шоғырланған балық үйірін қоршап алатын үлкен ау.
Көбіне күзде, су салқындап балық шоғырланған кезеңде пайдаланылған. Распор биіктігі теңіз
суының деңгейіне орай 8-10 метр, ұзындығы 200-250 метрге дейін созылады. Кемінде екі,
кейде төрт бес реюшка бірігіп,
распорды бәдінекке тиеп, аудың артқы тұйығын ұстап
тұратын су өтпейтін бәкилә киген қазықшы – балықшыны қалдырып, мотобаркаспен
бәдінекті сүйреп балық шоғырын қоршауға кіріседі.
Шүңкі – екі жағын да жұқартып қырлаған ұзынша тақтайша. Шүңкі ұстаушы әккі
балықшы, кеме тұмсығына отырып алып шүңкіні суға бойлата ұстап отырады. Шүңкіге тиіп
қолға білінетін, тақылдаған, тықылдаған, шұбалаңқы жанай сүйкенген немесе былқылдап
өткен қозғалыстарынан сазан, қаракөз, көксерке, сыла, бекіре балықтары шоғырлары, көлемі
анықталады.
Вентерь (қабада) – қондырма аудың шағын түрі.
Қабаданың қанаты жетпіс бес,
биіктігі бір жарым метр, қазандарының биіктігі бір метрдей ғана болады. Қабадаға көібнесе
көксерке, сазан, сыла, табан сияқты қара балықтар түседі.
Сиж (шиеж) – мұз астынан балық аулау құралы. Өзеннің теріс ағысына кері
орналастырылған, аузы төрт бұрышты сымға бекітілген, биіктігі кісі бойындай, ұзындығы
төрт бес метрге жететін конус тәрізді, тұйықталған құйрығы сырғауыл қазықпен су табанына
бекітілген ау.
Жан қармақ (снасть) – өзеннің екі жағалауына қазықпен бекітілген желіге жарты метр
сайын отырғызылған ірі болат қармақ. Әрбір қармақтың тұрқы он бес сантиметрдей,
сабағына бекітілген жібімен желіге байланады. Желі ағыспен ығып, басқа желілерге
оралмауы үшін әр
жерлеріне кірпіштен, темірден салмалар байланады.
Сүзгі - теңіз бен көлдерде қолданылатын балық аулау құралы.
Ақтаяу - к ө н е. сүзгі, сүзекі (балықты аудан сүзіп алатын құрал). Бұрын балықшылар
аудан балықты сүзіп алатын жабайы құралды а қ т а я у дейтін. Қазір колхоздарда а қ т а я у
қолданылмайды (Атырау облысы, Теңіз ауданы,). Арқалық 3 (Атырау облысы: Теңіз ауданы,
Маңғыстау ауданы; Қызылорда облысы, Арал; Ресей Федерациясы, Волгоград) аудың үстіңгі
арқаны. А р қ а л ы қ тордың енімен бірдей болады (Атырау облысы, Теңіз ауданы).
110
Ау шабу (Атырау облысы, Маңғыстау ауданы) аулармен балықты қоршап алу.
Ау шөгеру (Атырау облысы, Маңғыстау ауданы) ау салу, ау құру.
Аушылық (Атырау облысы, Маңғыстау ауданы) ay. Top да a y ш ы л ы қ заңдас зат
(Атырау облысы, Маңғыстау ауданы).
Осындай, диалект сөздер қазақ тілінің қалыптасуына зор ықпал етеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Досқараев Ж.‚ Мұсабаев Ғ. Қазақ тiлiнiң жергiлiктi ерекшелiктерi. - Алматы: Қаз
ССР ҒА баспасы‚ 1951. -111 б.
2. Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. – Алматы: «Арыс», 2005. - 824 б.
3. Ә.Кемелбай «Колхозды ауыл - Еркінқала» Атырау 2016 ж
4. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. - Алматы: Мектеп‚ 1964. -398 б.
Достарыңызбен бөлісу: