Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


ЛАҚАП, БҮРКЕНШІК ЕСІМДЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ



Pdf көрінісі
бет34/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   65
ЛАҚАП, БҮРКЕНШІК ЕСІМДЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ 
 
Ескелдиева М.Ж., Жұмасатова А.М. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 4-курс студенттері 
Ғылыми жетекшісі
: Көшімова Б.Ә. 
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 
қауымдастырылған профессоры,
Ақтау қаласы, Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада лақап, бүркеншік есімдердің қызметі және қолданылу аясы 
қарастырылады. Лақап есімдер қызмет ету аясына қарай: ел аузында кездесетін лақап 
есімдер, әдеби лақап есімдер деп бөлінеді. ел аузында кездесетін лақап есімдер өз ішінде: 
тұрмыстық-отбасылық және тарихи тұлға есімдері деп жіктеледі. Әдеби лақап есімдерді: 
халық ауыз әдебиетіндегі және жазба көркем әдебиеттегі лақап есімдер деп бөлеміз. 
Зерттеушілердің пікірін назарға ала отырып, бүркеншік есімдерді қолданылу саласына қарай: 
«әдеби (жазушы, журналист, сатирик, аудармашы, сыншы, ғалымдар т.б.), сахналық 
(музыканттар, әнші, актер т.б), көркемөнер саласында қолданылатын бүркеншік есімдер 
(суретші, мүсінші, өнертанушы, сазгер т.б.), саяси-революциялық, мемлекет және қоғам 
қайраткерлерінің есімдері деп бөлеміз». «Ал қолданылу жиілігіне қарай – тұрақты, жиі 
қолданыстағы, сирек қолданыстағы псевдоним деп топтастыруға болады». 


113 
Есімдердің берілуінің түрлі әлеуметтік топтар арасындағы арасалмағы әр түрлі: 
бүркеншік есім жазушы-журналистер, саяси партия мүшелері, әнші-әртістердің арасына 
таралатын болса, лақап есім аула, сынып, топ, ауыл ішінде қолданысқа түседі. Әсіресе, 
мектеп жасындағы балалар мен қазақы дәстүрді берік ұстанатын ауылдарда әр адамның 
дерлік лақап есімі бар. 
Түйін сөздер:
лақап есімдер, бүркеншік есімдер, псемдоним, полионим, коннотативті-
экпрессивтік қызмет. 
Зерттеушілердің пкірлеріне сүйене отырып, бүркеншік және лақап есімдердің 
ұқсастықтары мен айырмашылықтарын былайша топтауға болады: «бүркеншік және лақап 
есімдердің ұқсастықтары немесе ортақ белгілеріне: 1) екеуі де ресми есімдермен қатар өмір 
сүреді, бірақ әрқайсысы жеке антропонимиялық класқа жатады; 2) екеуі де бейресми 
сипаттағы кейінгі аталым, екеуі де факультативті, қосымша, міндетті емес сипатқа ие; 3) 
екеуі де коннотацияға бай, екеуіне де экспрессивтілік тән; 4) екеуінің аталу уәждері ұқсас, 
олар адамның мінез-құлқы, физикалық ерекшелігі, мамандығы, ұлты, мекені және т.б. 5) 
адамның бірнеше лақап және бүркеншік есімі болуы мүмкін деген сипаттарды жатқызуға 
болады. Олардың ерекшеліктері:1) бүркеншік есімді таңдайтын да, қоятын да аталушының 
өзі, ал лақап есімді қоршаған орта береді; 2) лақап сөйлесімде, бүркеншік тілдік қолданыста 
көрінеді; 3) бүркеншік – жасырын, эзотериялық сипаттағы есім, ол санаулы адамдар арасына 
ғана таныс болса, лақап есімнің таралу шегі көлемдірек болады; 4) бүркеншік есім заңмен 
қорғалады, заңмен қорғалатындығы – ресми кісі есімдерімен ортақ белгісі. Ал лақап есім 
ондай мәртебеге ие емес; 5) бүркеншік есімдердің құрылымы әр түрлі, сөзжасамдық моделі 
сан алуан, ал лақап есімнің сөзжасамдық өрісі тар; 6) бүркеншік есім баспасөз, радио, 
теледидар, сахна т.б. «ресми жағдайда» қолданылуы мүмкін, лақап есімдер тек тұрмыста
бейресми жағдайда ғана қолданылады; 7) бүркеншік есімнің пайда болуы елдегі тарихи 
жағдайларға: таптық қозғалыс, әлеуметтік-саяси күрес және әдеби цензурамен тығыз
байланысты болса, лақап есімдердің саясатқа қатысы жоқ; 8) бүркеншік есім ойдан 
шығарылған, жасанды есімге жатса, лақап есім пайда болуы жағынан табиғи болып келеді; 9) 
бүркеншік есімдерде жалпыадамзаттық, лақап есімдерде ұлттық сипат басымдау болып 
келеді» [1, 8].
Бүркеншік атқа қарағанда лақап есімдер ең көне болып табылады. Лақап есімнің 
көнелігін халық ауыз әдебиетінің үлгілерінен көруге болады. Аңыз – ертегілердегі 
Тоңқылдақ, Шіңкілдек, Көлтаусар, Желаяқ, Таусоғар, Шығайбай, Тазша, Қаңбақ шал, Қара 
дәу есімдері адамдардың әр түрлі қасиеттеріне байланысты берілген лақап аттары болып 
табылады. Ғалым Y-YIII ғасырларға тән түркі халықтарының жазба ескерткіштеріндегі Күл 
Тегін, Ал туған, Тутук, Яш Ак Баш, Джагит Шад, Богю, Ышбара тәрізді есімдердің лақап 
екендігін, ертеден-ақ адамдардың дене бітімі мен тұлғасына сай лақап есімдермен аталып 
отырғанын айтады [2,77]. В.Махпиров ХI ғасырдағы М.Қашқаридің «Дивани лұғат-ит-түрк» 
еңбегінде әр түрлі жағымды қасиеттерді көрсететін сипаттама есімдермен қатар лақап 
аттардың да кездесетінін, мәселен, Уawlak Sariq (МК, III, 44) «жаман, ақымақ» бектің лақап 
аты екендігін айтады [3, 22], яғни лақап есім – адамның төл есіміне қосымша қандай да бір 
ерекше белгісіне (сыртқы түр-тұлғасы, ішкі жан-дүниесі т.б.), жағымды-жағымсыз 
қасиеттеріне байланысты қоршаған ортаның берген есімі.
Т. Жанұзақов лақап аттардың халық ауыз әдебиетінде, көркем шығармаларда және ел 
аузында кездесетін түрлерінен мысал келтіре отырып, топтастырады [2, 82]. Ғалымның 
пікірін қолдай отырып, лақап есімдерді қызмет ету аясына қарай былай бөлеміз: 
«1. Ел аузында кездесетін лақап есімдер. Олар өз ішінде: тұрмыстық-отбасылық және 
тарихи тұлға есімдері деп жіктеледі. Тұрмыстық-отбасылық лақап есімдер белгілі бір ортаға 
/үй іші, сынып, топ, аула, ұжым/ жататын адамдардың білім, ой, көзқарас, ассоциацияларына 
байланысты туып, көпшілікке тарайды. Бұл есімдерді өз ішінде құрбы-құрдас, көрші, 
ауылдастар арасындағы (уличные) және мектеп жасындағы балалар арасындағы (школьные) 
деген түрлерге ажыратуға болады. Бұл топқа жататын есімдер, негізінен, адам бойындағы 


114 
кемшілікті көрсетуге бағытталады: «Тасқара» /Айшолпан/, «Быдық» /Жарбол/, «Сақау» 
/Сайлаугүл/, «Мықыр» /Зағипа/, «Қылмойын» /Марат/, «Құлақ» /Мұрат/ т.б. Лақап аттардың 
мол кездесетін тағы бір көзі ретінде тарихи тұлға есімдерін атауға болады. Мәселен, Әз 
Тәуке, Әз Жәнібек, Дуалы ауыз Қашаған, Мәшһүр Жүсіп, Ақсақ Темір, Қаз дауысты 
Қазыбек, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Шал ақын, Дарабоз, Ақиық сұңқар, Арқаның арыстаны, 
Би ата, Бала би, Жобалай т.б. 
2. Әдеби лақап есімдерді: халық ауыз әдебиетіндегі және жазба көркем әдебиеттегі 
лақап есімдер деп бөлеміз. Мәселен, ауыз әдебиетіндегі Тазша бала, Желаяқ, Таусоғар, 
Көлтаусар т.б. Көркем шығарманың құндылығын арттырып, әдебиет әлеміндегі тиісті орнын 
алуына сол шығарманың бойындағы «ономастикалық әлемнің» тигізер әсері сөзсіз. Мәселен, 
«Абай жолы» романында кездесетін Қабан /Кеңгірбай/, Әйгерім /Шүкіман/, Телғара /Абай/, 
Түйепалуан, Дәу /Оспан/, Сарышаян /Күлбадан/, «Сойқан» /Сойкин/, «Қабанқарын» 
/Жамангарин/, «Көкшолақ» /Никифоров/, «Тентек Ояз» /Федор/, Саптаяқ, Қиқым, Қисық
т.б.; Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясында «Мөңке» /Рәбіл/, «Ақкемпір», 
«Қарақатын», Судыр Ахмет т.б. лақап есімдердің кейіпкерлердің бітім-болмысын ашуға 
септігін тигізіп тұрғанын көруге болады» [2, 14].
Зерттеушілердің пікірін назарға ала отырып, бүркеншік есімдерді қолданылу саласына 
қарай:
«әдеби (жазушы, журналист, сатирик, аудармашы, сыншы, ғалымдар т.б.),
сахналық (музыканттар, әнші, актер т.б),
көркемөнер саласында қолданылатын бүркеншік есімдер (суретші, мүсінші, 
өнертанушы, сазгер т.б.),
саяси-революциялық, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімдері деп бөлеміз» [1, 
20].
«Ал қолданылу жиілігіне қарай – тұрақты, жиі қолданыстағы, сирек қолданыстағы 
псевдоним деп топтастыруға болады» [1, 15]. 
1. Тұрақты қолданыстағы бүркеншік есімдер – жазушының не ақынның, қоғам 
қайраткерінің т.б. әдебиетте, баспасөз бетінде, түрлі ортада осы атпен тұрақты көрініп 
отыратын, оқырманға осы атпен таныс, оның шын фамилиясын алмастырып тұрған есімі: 
Төлеу Кобдиков – Төлеу Көпжасаров, Шарипов Сабыр – Мухаммедсабыр Дәулетшин, Әкім 
Тарази – Әкім Әшімов, С.Шынаров – С.Төлешов, Еркеш Ибрагим – Ебекенов Еркеш, 
әншілер: Тамара Асар – Тамара, В.И.Ленин – В.И.Ульянов, Ю.В.Сталин, Аркадий Гайдар – 
А.П.Голиков, Максим Горький – А.П.Пешков, Анна Ахматова – А.А.Горенко, т.б. 
2. Жиі қолданыстағы бүркеншік есімдерге – жазушы не ақынның, қоғам 
қайраткерінің әдебиетте, баспасөз бетінде шығармаларын бір бүркеншік есіммен жиі 
жариялауы жатады. 
Мәселен, қазақтың қоғам қайраткері, аудармашысы, публицист Әлихан Бөкейханов 
өзінің мақалаларын Қыр баласы деген бүркеншік есіммен, жазушы Сәкен Сейфуллин 1921-
1923 жж. мақалалары мен очерктерін Манап Шамиль немесе Манап деген есіммен, жазушы 
Айсарин Әбдірахман өзінің мақаларын «Жаңа әдебиет» және «Қызыл Қазақстан» 
газеттерінде (1927-1928 жж.) Шұға немесе Шоға деген бүркеншік есіммен, 1926-1929 жж. 
«Әйел теңдігі» журналының бас редакторы болған Сара Есова мақалаларын Ес қызы Сара не 
жай Сара деп жариялап отырған. Ал орыс тілінде әдеби сыншы Н.К.Чернышевский өз 
шығармаларын Андреев деген фамилиямен, А.П.Чехов Антоша Чехонте немесе А.Чехонте 
деген фамилияларымен жариялаған. 
3. Сирек қолданыстағы псевдоним – автордың бірді-екілі ғана қолданысында болып, 
кейін мүлдем пайдаланбаған есімдері. Мәселен, ақын Абай Құнанбаев «Жазды күні шілде 
болғанда», «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңдерін досы Көкбайдың есімімен, белгілі 
жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Еплес» атты әңгімесін «Жас қазақ» (1927 ж.) газетінде 
Келешек бүркеншік есімімен, атақты ғалым Сәрсен Аманжолов «Бозторғай» атты өлеңін 
Шәкірт деген бүркеншік есіммен жариялаған.


115 
«Қазақ тілінде ХХ ғ. басында қалам тартқан ақын-жазушылардан бастап күні бүгінге 
дейін бүркеншік есімдердің әдеби түрі кең қолданыс тапқан. Зерттеушілер қазақ 
авторларының ішінде бүркеншік есімді ең жиі қолданған Б.Майлин екендігін айтады. 
Жазушының 71 бүркеншік есімін анықтаған ғалым – Т.Бейісқұлов. Бүркеншік есімді жиі 
пайдаланғандар қатарында М.Әуезов /14/, Ә.Бөкейханов /40 шақты/ болса, ең аз қолданған 
авторлар: Н.Ноғаев/1/, Ш.Достанбаев/1/, М.Сералин/2/, С.Мұқанов /3/ болып табылады. Жиі 
қолданылатын бүркеншік есімдер автордың бірнеше шығармасын бір есіммен жариялап, 
қайта айналып соғып отыратын есімі болса, сирек кездесетін бүркеншік есімдер автордың 
бірді-екілі ғана қолданысында болып, кейін мүлдем пайдаланбаған есімдері» [1, 15]. 
Бейресми есімдер иелену дәрежесіне қарай жеке және топтық немесе ұжымдық болып 
та бөлінеді. 
Жеке қолданыстағы бейресми есімдер – әдебиетте ең кең тараған түрі. Мәселен, 
белгілі публицист, құқықтанушы, қоғам қайраткері Жақып Ақбаев «Айқап» журналы мен 
«Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде мақалаларын Жандеркин, Якуб Мырза, Қ.Найманский 
деген бүркеншік атпен, қазақ әдебиетінің классик жазушысы Сәбит Мұқанов өз әңгімелері 
мен мақалаларын «Еңбекші қазақ» газетінде Сәбит, Сым, С., С.М., Сәбит Мұқан, 
Төңкерісұлы деп жариялаған. Ал қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 40-ға жуық 
бүркеншік аты болған: Ғ.Б., А.Н., А.Б., Қ., Ұ., Н.Ш., Али, Әлихан, Әлихан Бөкейхан, 
Арысұлы, Қалмақбай, Қырғыз-қайсақ, Комиссар Бөкейханов, Қыр-ұғлы, Қыр баласы, Ал. 
Кочевник, Статистик, Туземец, Сын степей, Киргиз-степняк, Киргиз, Читатель, Ғали-хан, 
К.Степняк, Ә.Букейхан, Бокейхан, Букейхан, т.б. 
Ғалым С.Е.Байменше «Бейімбет Майлиннің белгісіз туындыларының шығармашылық 
тарихы» деген еңбегінде Бейімбет Майлиннің көптеген бүркеншік есімдерін көрсетеді: «М., 
Б., МБ, М.Б., Б-т, БыЖы, БЖ, М-тай, М-й, Қарсақ, бекет, Шанқан, Шанқа, Алиай, Мереке, 
Мырқымбай, Бимұхамбет, Майлының Бейімбеті, Егінші, Жалшы, Газетші, Оқушы, Тілші, 
Жорналшы, Жолаушы, Мұғалім, Жуас, Жасқаншақ, Қарабала, Алакөз, Нық, Көз, Тай, Мен, 
Мен ғой, Кетбен, Малай, Жалшы, Өзім, Қалам, Ел аралаған, естіген, Ішінде болған, т.б» 
Жеке қолданыстағы есімдер екі түрінде де өте жиі қолданылса, топтық түрі лақап 
есімдерде кездескенімен, бүркеншік есімдерде аз кездеседі.
Полионим (грек.poly-көп) деп аталатын ұжымдық бүркеншік есімдер бірнеше авторға 
ортақтықты білдіреді. Жазушылар Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің «Екеу»; журналистер 
Саттар Ерубаев пен Рақымжан Жаманқұловтар «Екі оқушы» атты бүркеншік аттарды 
пайдаланған. Ал қоғам қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов пен М.Дулатов бірігіп 
жазған мақалаларын Қыр баласы, Ахмет, Міржақып немесе Әлихан, Ахмет, Мирякып деген 
бүркеншік есімдермен берген.
«Ұжымдық лақап есімдер ру, ата-текке қатысты жиі кездеседі. Арғын руына қатысты 
қазақ шежіресінде Ергүл бәйбішеден өсіп-өнді делінетін «Бес Мейрам» (Қуандық, Сүйіндік, 
Бегендік, Шегендік, Қаракесек) Момын анадан өрбіген «Жеті Момын» (Қанжығалы, 
Тобықты, Әйти, Бәйімбет, Жанай, Қарауыл, Атығай) деп айту дәстүрі бар. Атақты үш 
биіміздің үлкені Әлібекұлы Төле би (1663-1756) – аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, 
ойшыл дана, Ұлы жүздің төбе биі. «Тоғыз ұлды Құдайберді» әулетінен болса, Қаз дауысты 
Қазыбек Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір атасынан Бұлбұл, 
одан Шаншар туады. Шаншардың екінші әйелі Айбикеден Келдібек, Тыныбек, Жәнібек, 
Есіркеп (оларды ел «төрт бегі» деп те атаған) тарайды. Келдібектің әйелі Тоқмейіл ақсақ 
болып, одан туған Қазыбек, Сәдімбек, Асан, Балапан, Үсен, Бөдене деген алты ұлды ел 
«Ақсақтың алтауы» деп атап кетеді. Ал Байбекұлы Әйтеке (шын аты Айтық) (1644-1700) – 
«Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп атақты Сегіз серінің 
батасында айтылғандай, аталы тұқымнан. Оның арғы атасы Сейітқұлдың сегіз ұлы «Сегіз 
Сейітқұл» атанады. Бірі – Ақша, бірі – Жалаңтөс баһадүр. Жоңғарға қарсы күресте қазақтың 
біріккен қолының Бас қолбасшысы, жекпе-жекте жеңіліп көрмеген халық қаһарманы 
Қожағұлұлы Қабанбайдың (1703-1781) Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтық, 
Мойнақ, Әлі деген жеті ұлы болған. Оларды «Жеті Қабанбай» деп атайды. Айтылғандардан 


116 
ұжымдық есімдердің адамдардың белгілі бір тобына ортақ қасиеттердің болуына қатысты 
берілетіні байқалады. Көпшілік жағдайда, бір атадан, бір рудан тараған туыстық қатынасқа, 
содан кейін ортақ іспен айналысуға байланысты және мекен-жай ортақтығы мен түр-түс 
ортақтығына байланысты қойылатынын көреміз» [1, 15]. 
«Қазақ лақап есімдерін зерттеп-зерделеу барысында олардың пайда болып, 
қолданылуының төмендегідей негіздері анықталды:
- аттас адамдарды ажыратудың жолы, яғни қоғам мүшелерін саралау;
- адамның ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін көрсету;
- қазақ қоғамында табу қойылған есімдерді атамау, оны басқамен ауыстыру;
- есімнің құдыреті мен аруаққа, құдайға және әр түрлі күштерге сенгендіктен кісінің 
төл есімін басқа есіммен ауыстыру.
ХХ ғасырдың басында әдебиет пен баспасөзге белсене араласқан қоғам қайраткерлері, 
жазушылар мен ақындар заманның талабына және қоғамдағы орын алған жағдайларға 
байланысты бір емес бірнеше бүркеншік ат пайдаланған. Кеңінен орын алған осынау 
құбылыстың себептері:
- қоғамда белең алған қуғын-сүргіннен жасырыну;
- газеттің бір жолғы санында бірнеше мақала жариялау;
- ұлттық болмысымызға тән қарапайымдылық;
- жаңалыққа еліктеушілік;
- шығармашылық жолдың басында туатын сенімсіздік;
- өміріндегі не шығармашылығындағы белгілі бір кезеңмен (оқиғамен) байланысты» 
[1, 10]. 
Бүркеншік есім, әсіресе қоғамда белең алған қуғын-сүргіннен жасырыну үшін пайда 
болған. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақтың ақын-жазушылары, зиялы 
қауым өкіметтің жүргізіп отырған кейбір саясатына наразы болып, өз ойларын, пікірлерін 
сол кездегі «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Алаш» т.б. газеттерде жариялап отырған. 
Осыдан кейін оларды жаппай қудалау, ізіне түсу сияқты іс қимылдар жүргізілген. Сондықтан 
ақын-жазушылар өздерінің мақалаларын бүркеншік аттармен беруге мәжбүр болған. 
«Қазақ», «Алаш» т.б. газеттерінде белгісіз бүркеншік аттармен жарияланған мақалаларға 
мысалдар келтірейік: Қазақтың бір баласы – «Бас қосу турасынан» мақаласы (1914), 
Қаракесек – «Қазақтың қалың мол бітімі» мақаласы (1915), Қаражаяу – «Қазақтың халі оңала 
ма?» мақаласы (1918), Қиял қазағы – «Бас адамдармыз» мақаласы (1917), Қызыл тауық – 
«Кішкене» мақаласы (1918), Көзі көрген – «Біз қайда барамыз?» мақаласы (1920). Кейбір 
ақын-жазушыларымыз бірнеше бүркеншік аттар қолданған. Мәселен, Мұхамеджан Сералин 
өз мақалаларын: М.С., Мыс., Мұқат, Басқарушы; Ілияс Жансүгіров: Қаптағай, Тілші, 
Шолжық, Марқа, Матай, Мерген, Сақа, Қызыл найза, Ағын, балгер, Ж., Бөкейше; жазушы, 
ақын, Міржақып Дулатов: Алашұғлы Азамат, Мадияр, Меряқып, Арғын, Қарагин, М.Д., 
Таймінер, Бұйражол, Азамат. Ғалымдар қоғамда белең алған қуғын-сүргіннен жасырыну; 
газеттің бір жолғы санында бірнеше мақала жариялау; жаңалыққа еліктеушілік; 
шығармашылық жолдың басында туатын сенімсіздік; өміріндегі не шығармашылығындағы 
белгілі бір кезеңмен (оқиғамен) байланысты болу сияқты себептерден бүркеншік аттардың 
пайда болуын есімдердің эзотерикалық қызметі деп қарастырады. Сонымен қатар бүркеншік 
аттардың коннотативті-экпрессивтік қызметінде анықтаған. Сөздiң мағыналық құрамында 
сигнификативтiк және денотативтiк мағыналарынан басқа коннотативтiк мағыналары да 
болуы мүмкiн. Бұл жерде коннотация ұғымына эмоция, экспрессия және бейнелiлiктi 
кiргiземiз. Сөздiң бейнелiлiгi дегенiмiз – оның уәжденуi немесе басқа сөзбен айтқанда, басқа 
ұғымның сипаттарымен ұқсас келетiн сипаттарды бiлдiретiн iшкi форманың болуы. Ал 
экспрессиялық коннотация – туындайтын образды сөзге күшейту, нақтылау сияқты мән 
бередi. Эмоционалдық коннотация деп қолданушының ұғымға деген өз пiкiрiн, қатысын 
айтамыз. Онда жағымды немесе жағымсыз ұғым жасалып отырады. 
Қазақ тілі лексикасында жалпы есімдерден жасалған бүркеншік аттар өте көп 
кездеседі. Мысалы: Мерген, Ағын, Салпаңқұлақ, Шолжық – І.Жансүгіров, Жиренше – 


117 
Ғ.Мүсірепов, Тоқпақ, Тарпан, Замандас – С.Қожанов, Тамшы – Е.Алдоңғаров, Желкен, 
Желкек, Келешек – Ж.Аймауытов, Қалам, Қорғасын, Кетбен, Шоң, Көз – Б.Майлин, 
Таңшолақ – Ж.Айтқожин, Дүйсенбі – С.Сейфуллин, Бытбылдақ, Мәлтен, Бұрабас – 
Қ.Тайшықов, Туземец – Ә.Бөкейханов, Таң-Дой – Кенеев Таңдап, бұлардан басқа белгісіз 
бүркеншік есімдер: Тілек, Талап («Сарыарқа» газеті, 1917), Демократ, Ынтымақ («Қазақ» 
газеті, 1917), Құлақ, Без («Ауыл» газеті, 1924), Ақбас, Жәдігер, Шын, Шағырша («Ақжол» 
газеті, 1924-1925жж.).
Сонымен, Кісі есімдері, әсіресе, оның бейресми түрлері қазақтың тарихынан, наным-
сенімінен, рухани танымынан, эстетикалық құндылықтарынан сан-салалы ақпарат, деректер 
бере алады. Ал ол деректер ұлттық сана мен біліктіліктің, мәдени, зиялылық деңгейінің 
көрсеткіші бола алады. 
ӘДEБИEТТEP 
1.
Рахымберлина С. Қазақ тіліндегі бейресми кісі есімдерінің этнолингвистикалық 
және танымдық сипаты. Филол.ғ.к., ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған дисс. 
авторефераты. – Астана, 2009, 32 б. 
2.
Жанұзақов Т. Қазақ есімдерінің тарихы. – Алматы, 1971. 
3.
Джапарова Т.Т. Псевдонимы как фрагмент языковой действительности. – Алматы, 
2007, с114. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет