Халықаралық ғылыми-көпшілік журнал Международный научно-популярный журнал



Pdf көрінісі
бет25/38
Дата30.01.2017
өлшемі5,36 Mb.
#3042
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   38

Тұрсұн  Хазретәлі Маханұлы
тарих ғылымдарының докторы, профессор, tursunhazret@mail.ru
Жандарбек Зікірия Заманханұлы
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, e-mail: karashuk@mail.ru
Әділбекова Зәбираш Әшімханқызы 
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
Исаев Мұхтар Сейтханұлы
PhD докторант, muhtar-1211@mail.ru
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті
ҚАЗАҚТЫҢ АУЫЗША ТАРИХНАМАСЫНДАҒЫ ИСЛАМДЫҚ ЫҚПАЛ
Түйін. Мақалада қазақ ауызша тарихнамасы – дәстүрлі қоғамдағы тарихи ойдың көрінісі ретінде талданып, 
қазақ шежірелері кезеңделеді. Қазақ тарихи ойына исламдық ықпал Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімінің мысалын-
да талданады.
Резюме.  В  статье  проводится  исследование  казахской  устной  историографии  как  отражения  исторической 
мысли традиционного общества и дается периодизация казахской генеалогии-шежире. Исламское влияние на казах-
скую историческую мысль анализируется на примере суфийского учения Ходжи Ахмета Ясави. 
Summury. The article presents a study of the Kazakh oral historiography as a reflection of historical thought of the 
traditional society and given periodization of the Kazakh genealogy - shezhire. Islamic influence on Kazakh historical thought 
is analyzed on the example of the Sufi doctrine of Hodja Ahmet Yasavi.
Қазақтың дәстүрлі қоғамының тарихнамасын 
қарастыруда дәстүрлі тарихи ойдың жетістіктері-
не  сүйену  қажеттілігі  тарихи  оқиғалар  мен  құ-
былыстарды  обьективті  түрде  ғылыми  қалпына 
келтіру  мақсатынан  туындайды.  Ортағасырдағы 
тарихи  ойды  В.П.Юдин,  А.Сейдімбек  «қазақтың 
ауызша тарихнамасы» деп айшықтап, оның ғылы-
ми тұжырымын жасаған болатын. Біздің мақсаты-
мыз  қазақтың  ауызша  тарихнамасындағы  ислам-
дық ықпалды айқындау.
Ауызша  тарихнамадағы  негізгі  жанр  ретінде 
қазақ шежірелерін атаймыз. Осы шежірелік дерек-
тердің түркілік негіздері түркі халықтарын ислам 
дінін  қабылдауға  байланысты  трансформацияла-
нып, жаңа мазмұнмен толықты.
Қазақ  шежірелерін  кезеңдеу  мәселелері 
дәстүрлі  тарихнамаға  ғылыми  айқындық  береді. 
Біз ғылыми деректерді саралай келе қазақ шежіре-
лерін кезеңдеудің мынадай тұжырымын ұсынамыз. 
Оғыз ханнан басталатын шежіре түркілік та-
рихи  ойда  ең  көне  шежіре  болып  саналады.  Осы 
шежірелерден Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары-
на  қатысты  деректерді  екі  топқа  бөлуге  болады. 
Біріншісі,  ұйғыр  нұсқасы,  мұнда  ислам  дінінің 
әсері  жоқ.  Екіншісі,  Рашид-ад-дин,  Ұлықбек,  Қ.
Жалайыр, Әбілғазы және басқалардың еңбектерін-
де  Шыңғыс  хан  мен  оның  ұрпақтары  исламдық 
жүйемен  таратылатын  Нұх  пайғамбардың  ұлы 
Абулджа хан, оның ұлы Қара хан, Ор-хан, Көр хан 
және  Көз  хан  деп  таратылады.  Қара  ханның  ұлы 
Оғыз  аталып,  оның  ұлылығы,  жеңімпаздығы  мұ-
сылмандықты қабылдауымен байланыстырылады. 
Оғыз ханның өзінен Күн хан, Ай хан, Йулдуз хан, 
Көк  хан,  Тағ  (Тау)  хан,  Теңіз  хан  деп  аталатын  6 
ұл өсіп өнеді. Ал, Шыңғыс ханның сегізінші атасы 
Бузанжар  Қара ханның нәсілі Добун Баянның әй-
елі Алан Куадан туған үш ұлдың бірі және нұрдан 
пайда болды деп келтіріледі [1, 3-49]. Оғыз хан ұл-
дарының есімдеріне қарап, бұл шежіренің әлемнің 
жаратылуы  туралы  космогониялық  нанымдар 
негізінде  қалыптасқандығын  тануға  болады.  Бұл 
шежіре  мазмұны  исламдық  ықпалға  байланысты 
кейінгі шежірелерде мүлде аталмайды.
Өзбек ханнан басталатын шежіре Жошы ұлы-
сының  билеушісі  Өзбек  ханнан  басталады.  1312 
ж.  Тоқты  хан  қайтыс  болғаннан  кейін  ұзақ  жыл-
дар  бойы  Йасауи  жолы  өкілдерінің  қолында  тәр-
биеленген  Өзбек  хан  солардың  көмегімен  Жошы 
ұлысының  тағына  отырып,  қарсыластарын  бас 
көтерместей еткен соң 1320 ж. ислам дінін, оның 
ішінде Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық 
жолды мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. 
Бұл  оқиға  Өтеміс  қажының  «Шыңғыс–нама», 
Ұлықбектің «Төрт ұлыс тарихы», Қадырғали Жа-
лайиридың  «Жылнамалар  жинағында»  баяндала-
ды. Қазақта «Ислам Өзбектен қалған» деген қария 
сөз бар. Өзбек хан мемлекеттік идеология негізін-
де мемлекеттің құрылымдық жүйесін қайта құрып, 
қандық, туыстық бірлікке негізделген рулық, тай-
палық  жүйелерді  ыдыратып,  рухани  бірлік  при-
ципіне  негізделіп,  қайта  топтастырылған  рулық, 
тайпалық  таксономия  құрды.  Бұл  таксономияда 

185
_______________________________________________________________________
Қазақстанның ғылымы мен өмірі – Наука и жизнь Казахстана                                                           
Science and life of Kazakhstan. №2/2 (37). 2016
қандас туыстық жеті ата деңгейінде қалдырылып, 
одан  жоғарғы  аталардың  барлығы  рухани  бірлік 
негізінде  топтастырылды.  Қазақ  халқын  құраған 
рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар 
осы Өзбек ханның діни-идеологиялық саясаты не-
гізінде мемлекеттік жүйені реформалауы нәтиже-
сінде  дүниеге  келді.  Реформаға  дейін  әр  ру,  тай-
паны  өз  ішінен  шыққан  беделді  тұлға  басқарса, 
ендігі  жерде  ру,  тайпаның  басына  Йасауи  жолы 
өкілдері рухани, әрі саяси басшы ретінде тағайын-
далды.  Шежірелердегі  ру,  тайпа  басында  тұрған 
«қожа»,  «сопы»  атаулардың  пайда  болуы  осыған 
байланысты. 
Осы кезеңде рулық, тайпалық жүйелерді бірік-
тірген  шежірелік  таксономия  қалыптасты.  Алтын 
Орда мемлекетінің қоғамдық құрлысын зерттеген 
Г.А.Федоров-Давыдов  қазақ  жүздерінің  Алтын 
Орда  мемлекеті  басқару  жүйесіндегі  өзгерістерге 
байланысты  іске  асқандығын  айта  келіп,  «Қазақ 
жүздері XII-XIII ғасырларда өмір сүрген көшпелі 
халықтың  тайпалық-патриархалдық  жүйесінің 
бөлшегі  емес.  Бұл  бірлестіктер  бұрынғы  рулық, 
тайпалық жүйенің сарқыншақтарын сақтап қалға-
нымен,  жаңадан  құрылып,  көшпелі  ұлыс  ретінде 
біріктірілген  бір  немесе  бірнеше  ханның  иелігін-
дегі бірлестік» [2, 62-63] деген тұжырым жасайды. 
Өзбек  ханның  реформасы  бізге  жеткен    шежіре-
лерде көрініс тапты. Шежірелік тізбектерде аттары 
аталғандар сол кезеңде өмір сүрген тарихи тұлға-
лар болып келуі Өзбек ханнан басталатын шежіре-
лердің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. 
Алаштан  басталатын  шежіреде  Асан  Қайғы 
жырау  мен  Жәнібек  ханның  арасындағы  тартыс 
жөнінде  деректер  сақталған.  Асан  Қайғы  Жәні-
бек ханды өз дегеніне көндіре алмаған соң «Қош 
аман  бол  Жәнібек,  Енді  мені  көрмейсің»  деп  қо-
штасып соңындағы халықты ерте кетті [3, 86-87]. 
Осы  оқиға  Алтын  Орда  мемлекетіндегі  күрделі 
өзгерістерге себеп болып, Асан Қайғы соңына ер-
ген  халық  Жәнібек  ханнан  бөлініп  шықты.  Қазақ 
тарихында  айқындалмай  келе  жатқан  Алаш  мем-
лекеті осы кезеңде дүниеге келді. Асан Қайғы мен 
Алаша  ханға  ерген  халық  Алаш  атты  мемлекетті 
дүниеге келтірді. 1350 жылдар шамасында болған 
бұл оқиға Алаша ханнан басталатын шежірелерде 
көрініс тапты. Жәнібек хан мен Асан Қайғы ара-
сындағы  қарама-қайшылық  мемлекетті  екіге  бөл-
ді. Бірақ бұл оқиға Алтын Орда тарихына қатысты 
бірде-бір жазба деректерде кездеспейді. Соған қа-
рағанда, Алтын Ордадағы ішкі қайшылықтар сырт 
көздердің назарынан тыс қалғанға ұқсайды. Мүм-
кін олар Сарайдағы бұл қайшылықтың ішкі сырын 
түсінбеген болуы. Оның есесіне бұл оқиғалар түр-
кі халықтары арасына тараған аңыздарда, шежіре-
лерде,  жыраулар  поэзиясында  толық  көрініс  та-
пқан.  Алаш  пен  Алаша  ханға,  Айса  ұлы  Әметке 
қатысты  аңыздар,  ол  аңыздарда  аттары  аталатын 
тұлғалардың  қазақ  шежірелеріндегі  тұлғалармен 
бір болып келуі осы кезеңде Алаш пен Алаша хан 
басшылығымен  қазақтың  этникалық  дараланып, 
Қазақ хандығынан бұрын тарих сахнасына шыққа-
нын көрсетеді. 
Әбілқайыр  ханнан  басталатын  шежіре  Өз-
бек  ұлысының  билеушісі  Әбілхайыр  хан  атымен 
байланысты. Әбілхайырдың таққа отыруы қандай 
оқиғалармен байланысы болғаны тарихтан белгілі. 
Осы  тарихи  оқиға  қазақ  шежірелерінде  былайша 
кескінделеді:  Нұх  пайғамбардан  Алашқа  дейін 
он  Ата,  Алаштан  Жайылхан,  Жайылханнан  Қа-
зақ,  Қазақтан  Жұман,  Жұманнан  Әбілхайыр.  Ал, 
Әбілхайырдан Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс болып, 
қазақтың  үш  жүзі  тарайды.  Енді  осы  шежірені 
талдар  болсақ,  осы  тізбекте  аталған  тұлғалар  ар-
тында  нақты  тарихи  тұлғалар  тұрғанын  көруге 
болады.  Бұл  шежіренің  алдыңғы  шежірелерден 
басты  ерекшелігі  –  мұнда  Алтын  Орда  мемле-
кеті  ыдырағаннан  кейінгі  этникалық  үдерістердің 
нақты  көрсетілуі.  Мысалы,  Алаштан  басталатын 
шежіреде  «Алаштан  Жайылхан,  Сейілхан»  деп 
бөлінеді.  Жоғарыда  көрсеткеніміздей  Әбілхай-
ырдан  басталатын  шежіреде  Алаштан  тарайтын 
түркімендердің  таксономына  айналған  Сейілхан 
аталмайды. Демек, бұл шежіре осыған дейін бір-
ге болып, Әбілхайырды хан көтеріп, қайта топта-
сқанда түркімендердің бөлініп кеткендігін көрсе-
теді.  Ал,  Жайылханның  баласы  Қазақ,  Қазақтан 
Жұман. Осы кезде Қазақ құрамында әлі этникалық 
жіктелуге түспеген қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ 
халықтары бар. Бұл жердегі Қазақ демектің мәнісі 
Жәнібек  ханның  діни-иделогиялық  саясатына 
қарсы  шығып,  Йасауи  жолын  берік  ұстанған  ха-
лық ретінде өзінің діни-рухани, мәдени еркіндігін 
сақтап  қалған  халықты  көрсетуінде  болып  отыр. 
Шежіре  тізбегінде  аталатын  Жұман  тарихтағы 
Жұмадық хан.
Бұл шежіренің ерекшелігі - бүгінгі қазақ халқы 
құрамында кездеспейтін ру, тайпалардың сол кезде 
жүздер құрамында болуы.. Ал, қарақалпақтардың 
Тұрсын  Мұхаммед  хан  заманында  Түркістанда 
өз алдарына хан сайлап, бүлік шығарғаны, сөйтіп 
қазақ халқы құрамынан қуылғаны, одан басқа эт-
никалық  бірлікке  айналғаны  тарихтан  белгілі  [4, 
103.]. Мұндай этносаяси үдерістер астарында діни, 
рухани негіздер жатқанын тарихшылар есепке ала 
бермейді. 
Әбілхайыр  хандығы  туралы  ортағасырлық 
тарихшы  Махмуд  ибн  Уали  «Жәнібек  хан  өлген 
758/1356-57  жылдан  835/1428-29  жылға  дейінгі 
аралықта  Дешті  Қыпшақтағы  патшалық  тағына 
ақылды,  әрі  табанды  басшы  табылмады.  Соның 
себебінен мемлекеттегі дін мен мемлекет ісі қожы-
рады. Халық басын біріктіріп тұрған арқау үзілді, 
бірлік кетті. Бұл елдің халқының осыншалық қи-
налғанын көрген Ұлы Жаратушы елдің болашағын 
жарық  қылатын,  дін  мен  мемлекет  ісін  қалпына 
келтіретін  жаңа  жұлдызды  көкжиекке  шығар-

186
_______________________________________________________________________
Қазақстанның ғылымы мен өмірі – Наука и жизнь Казахстана                                                           
Science and life of Kazakhstan. №2/2 (37). 2016
ды.  Ол  Әбілхайыр  хан  еді.  Дүние  қайта  жарыққа 
толды.  Бүлінген  дүние  қайтадан  қалпына  келді. 
Қоғамның  барлық  мүшесінің  мүддесі  қайтадан 
қалыпқа  түсірілді.  Қоғам  қайта  гүлдене  бастады. 
Әйгілі  Ахметтің  жолының  заңдары  мен  Мұхам-
медтің діні қайта гүлдеді» [5, 346] деп жазды: Осы 
дерек ислам дінінің, оның ішінде Йасауи жолының 
Алтын  Орда  мемлекетінде  қандай  роль  атқарған-
дығын,  Әбілхайырдың  сол  жолды  қайтадан  қал-
пына  келтіргендігін  көрсетіп  тұр.  Әбілхайырды 
таққа  отырғызған  сол  кездегі  Қыпшақ  даласын 
мекендеген түркі ру-тайпалар басшыларының бар-
лығы дерлік дін өкілдері екенін көрсетеді. Демек, 
ол кезеңде ру, тайпа басында рухани басшы тұрды. 
Бұл жерде «сопы» мен «қожа» атауларының дінге 
қатысы  барлығына  күмән  жоқ.  Ал  «би»  деп  орта 
ғасырларда діни, рухани басшыны атағанын және 
ол  қазақ  даласындағы  діннің  өмір  сүру  формасы 
болған Йасауи жолымен тікелей байланысты еді. 
Өзбек  ұлысындағы  саяси  жағдайдың  күрт 
өзгеруі;  Әбілхайыр  ханның  ұзақ  жылдар  бойы-
на  тірегі  де,  серігі  де  болған  Едігенің  немересі 
Уаққас биді өлтіруі, Арқада Қара қыпшақ Қоблан-
ды арғыннның биі - Дайыр қожа-Ақжол биді өл-
тіруі [6, 24-25], одан кейін көптеген ру, тайпалар-
дың Әбілхайырдан бөліне көшуі, халық алдында 
хан тарапынан кешірілмес күнә жасалынғандығын 
дәлелдейді. Ата жолдан аттап, антты бұзбаса, Йа-
сауи  жолынан  бас  тартпаса  халық  оншалықты 
қатал  шараларға  бармаған  болар  еді.  Осы  оқиға 
Өзбек  ұлысын  үшке  бөліп,  тарих  сахнасына  үш 
мемлекетті - Қазақ хандығы мен Шайбанилер мем-
лекетін, Ноғай ордасын шығарды. Өзгенің рухани 
ықпалын қабылдамаған, түркінің өршіл рухының 
өзегі болған Йасауи жолындағы халық қазақ ата-
нып, Ата жұртқа ие болып қалды. 
Қазақ  тарихи  ойының  қалыптасуы  мен  да-
муындағы  исламдық  ықпалды  осы  шежірелерді 
салыстыру арқылы көз жеткіземіз.
Бұл деректерден Алтын Орда билеушісі Өзбек 
хан жүргізген реформалардың сорабымен бірге, ис-
ламдық шежірелік тарихи оймен қазақ шежірелік 
дәстүрінің сабақтасып жатқандығын көреміз. Одан 
кейінгі кезеңдерде болған саяси, рухани процестер 
Жошы  ұлысы  құрамындағы  түркі  халықтарының 
рулық тайпалық жүйесіне өзгерістер енгізді. 
Өзінің  түпкі  тегін  исламдық  тұлғалармен 
жалғастыратын  шежірелік  түзілімдерді  кез  кел-
ген қазақтың мерей-мәртебе тұтуы табиғи жағдай 
еді.  Қазақ  арасына  кең  тараған  шежірелердің  ді-
ни-мифтік  кейіпкерлерден  бастау  алып,  нәтиже-
сінде шежірелік түзілімнің 50-60, тіптен, 100-150 
атаға ұласуында осындай сыр себептер бар [7, 64]. 
Қазақ шежірелеріне назар аударып ру, тайпа, жүз 
басында  тұрған  кісі  аттарына  қосылған  «қожа», 
«сопы», «арыс», «шора» сөздер мағынасына үңілер 
болсақ, онда бұл атаулардың барлығының рухани 
қызметпен  айналысатын  кісі  аттарына  қосылаты-
нын  білгенімізбен,  «шора»,  «арыс»  сөздерінің  де 
көне  дәуірлерде  түркілердің  рухани  басшылары-
на берілген атау екенін түсіне бермейміз. «Шора» 
сөзінің  бір  мағынасы  «құл»,  «құдайдың  құлы» 
болу, оны сезіне білу үлкен дәрежеге жеткендіктің 
белгісі. Қазақ жүздерінің басында тұрған Байшора, 
Жаншора, Бекшоралар сопылық жолда үлкен дәре-
жеге жеткен ғұламалар екендігін байқаймыз. Одан 
төменгі ру, тайпалардың басында «сопы», «қожа», 
«би» тұрғанын көреміз. Мысалы, Ұлы жүз рулары 
«Төбе»  бидің  балалары  Келмағамбет  би,  Ахмет 
би,  Майқы  би,  Қоғам  билерден  таратылады  [8, 
40-41].  Демек,  Алтын  Орда  мемлекетінің  осы  ке-
зеңімен уақыттық тұрғыда сәйкес келетін мұндай 
шежірелік тарихи дәстүрлі ой дамуының негізінде 
йасауийа тариқатының ізі жатқаны көрінеді.
Ал, Орта жүз ру, тайпалары шежіре бойынша, 
Жаншораның  Қарақожа,  Аққожа,  Ақтамбердіқо-
жа, Дарақожа, Есімқұлқожа, Қасымқожа атты алты 
ұлынан  тарайды.  Қарақожадан  –  Арғын,  Аққо-
жадан  –  Қыпшақ,  Ақтамбердіқожадан  –  Найман, 
Дарақожадан  –  Қоңырат,  Есімқұлқожадан  –  Ке-
рей,  Қасымқожадан  –  Уақ  [9,  14].  Шежірелерде 
аттары  аталып,  жүз,  ру,  тайпа  басында  тұрған 
кісі  аттары  ойдан,  қиялдан  шығарылған  атаулар 
емес,  олар  ХІV  ғ.  бірінші  ширегінде  өмір  сүрген 
нақты  тарихи  тұлғалар.  Мысалы,  мажарстандық 
зерттеуші Мария Иванич «Дафтари Чингиз-наме» 
шығармасында  аты  аталған  кісілердің  Шыңғыс 
хан  тұсындағы  тарихи  тұлғалар  екендігін  дәлел-
дейді. Майқы би – Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошы-
ның  қарамағына  берген  төрт  әскер  басының  бірі. 
Рашид  ад-Дин  «Жылнамасында»  ол  Байқу  деген 
атпен белгілі. Хушин – Үйсін тайпасынан шыққан 
Жошы әскерінің оң қанатын басқарған қолбасшы. 
ХІІІ ғасыр бірінші жартысында өмір сүрген тари-
хи тұлға. Татар шежіресінде Майқы би – Жайыл-
ханның  ұлы,  Башқұрт  шежіресінде  Түменбектің 
ұлы  [10,  316-318].  Демек,  бұл  қазақ  шежірелері 
мен аңыздарындағы тарихи мағлұматтардың жаз-
ба деректердегі мағлұматтармен қуатталуы қазақ 
дәстүрлі  тарихи  жадының  формаларын  бағалы 
дереккөз ретінде ғылыми айналымға қосуға бола-
тынын көрсетеді.
Шежірелік тарихи ойдың дамып, рулық, тай-
палық  жүйелердің  нығаюына  халықтың  діни-ру-
хани  көзқарасымен  сабақтасып  жататын  әдет-
ғұрып, салт-дәстүр де ықпал етті. Әсіресе, дәстүрлі 
шежірелік ұстанымдарға негізделген некелік қаты-
настарға ерекше көңіл бөлінді. Рулас, қандас еркек 
пен  әйел  арасындағы  некелік  қатынасқа  тыйым 
салынды. Бұл халықтың қан тазалығын сақтау мен 
мемлекеттің негізгі тірегі болған рулық, тайпалық 
жүйелердің ыдырамауын қамтамасыз етуші басты 
тетікке айналды.
Сонымен қатар, түркілердің басқа әдет-ғұрып, 
салт  дәстүрінде  өзге  ислам  дініндегі  халықтарға 
қарағанда  көптеген  ерекшелігі  болды.  Мысалы, 

187
_______________________________________________________________________
Қазақстанның ғылымы мен өмірі – Наука и жизнь Казахстана                                                           
Science and life of Kazakhstan. №2/2 (37). 2016
тұрмыстық  салттардың  барлығы  шариғат  үкім-
дерінде қарастырылмаса да, тариқат жолымен рет-
теліп отырды. Жалпы, түркі халықтары өздерінің 
халықтық ерекшелігін, рухани мәдени дербестігін 
осы тариқат жолы шеңберінде сақтай алды. Бүкіл 
қоғамдық қатынас осы тариқат жолымен реттелді. 
Қазақ  даласында  «шариғат  жолы»,  «тариқат  жо-
лы»деген  екі  ұғым  қатар  қолданылды.  Бұл  тура-
лы С.Мұқанов «Қазақ ислам дінін қабылдағаннан 
кейін, әдет-ғұрып заңына шариғат үкімі араласты. 
Мұндай  екі  заңдылық  арабтардан  бастап,  мұсыл-
ман елдерінің бәрінде бар. Арабтар әдет заңын «та-
риқат» деп, дін заңын «шариғат» деп атайды. Өзге 
мұсылмандар  да  солай  атайды.  Қазақта  шариғат-
тан тариқат басым болған. Бұл заңды қолдаушы – 
билер» деп талдап көрсетеді [11, 82]. Қазір біздегі 
әдет-ғұрыптарымыз орта ғасырларда йасауийа та-
риқаты қалыптастырған, қоғамдық қатынастардың 
негізгі  реттеуші  құралы  болған  –  тариқат  жолы 
екендігін  көреміз.  Бұл  қазақтың  шежірелік  тарих 
жазу дәстүрінің де осы процестің ішінде екендігін 
ескерсек, тарихи таным йасауийа тариқатының не-
гізінде қалыптасқандығын танытады.
Йасауийа  тариқатының  қазақ  халқының 
шежірелік  тарихи  ойындағы  орнына  байланысты 
жасаған  пайымдауларды  арнайы  жазылған  бірде 
бір  тарихи  жазбадан  кездестіре  алмаймыз.  Тек, 
«Шыңғыс-нама», «Темір-нама», «Түрік шежіресі», 
«Шежірелер  жинағы»  сияқты  қолжазбалар  мен 
қазақ халқының дәстүрлі тарихи жадындағы түр-
кілік негізді жаңғыртуда исламдық рухани проце-
стер  ықпал  етуші  фактор  болғанын  айқындайды. 
Бұл йасауийа тариқатының қазақ ру-тайпаларымен 
біте  қайнасып  кетуімен,  сол  тайпалардың  мәде-
ни-рухани құндылықтар жүйесінің ажырамас бөлі-
гіне айналуымен ерекшеленеді. 
Профессор  М.Алпысбес  шежіредегі  генеоло-
гия мен тарихи жадтың ара қатынасын салмақтап, 
оны  ауызша  тарихи  білімнің  каңқасы  деп  баға-
лайды. Осы қаңқа ауызша тарих дәстүрінің өзегін 
құрап, тарихи ақпарат мәніне ие болғанда барынша 
толыққанды болып шығады [12, 82-83] деген тұжы-
рым жасайды. Сондықтан да шежіре мазмұнының 
көпқатпарлылығы  феномен  ретінде  назар  ауда-
руды  қажет  етеді.  Бұл  тұжырымды  А.Оразбаева, 
З.Садуақасова былайша өрбітеді «Так называемая 
«каркасом»,  «склетом»  традиционного  казахского 
общества,  обеспечивавшим  органическое  соче-
тание  всех  его  частей  в  единое  целое,  выступала 
пронизывавщая все уровни его социальной струк-
туры – закрытая, устойчивая, непроницаемая извне 
система генеологического родства (сущность кото-
рой можно также передать замечательным в быто-
вом сознании понятием – «Қарға тамырлы қазақ» 
(прародственный  Казах)»  [13,  375].  Авторлардың 
бұл  тұжырымы  тарихи  жадтың  көрінісі  ретінде 
шежіренің атқарған басты функцияларының бірін 
айғақтайды. Ол – шежіренің қазақ дәстүрлі қоға-
мында жеті атасын білу (тегін тану) арқылы жеке 
тұлғаның  өзіндік  «менін»  идентификациялаудан 
дербес халық ретінде этникалық идентификация-
ны қалыптастыруға ықпал еткен рулардың таксо-
номиясын жүйелеуші және рулық-тайпалық қаты-
настарды  реттеуші  тетік  қызметін  атқарғандығы. 
Бұл  реттеуші  тетік  ел  арасында  шежірешілердің 
ауызша  айтып,  таралуы  арқылы  орныққанымен 
оның  ресми  билік  заңдастырып  берген  жазба 
нұсқалары  да  болды.  Олай  дейтініміз,  ХVІ-ХVІІ 
ғасырлардан  жеткен  шежіре  қолжазбаларға  хан-
дардың мөрі басылған.
Дәстүрлі  қазақ  қоғамының  бір  бүтін  болып 
бірігіп  өмір  сүруіне,  әлеуметтік  құрылымдарын 
белгілеп,  сыртқы  күштерден  қорғануына  мүмкін-
дік  берген  шежірелік  (туысқандық)  жүйе  болған-
дығын араб тарихшылары да байқаған. Ибн Хал-
дун  бұл,  далалық  аймақта  өмір  сүретін  қауымда 
олардың  өзара  байланысы  берік  болады  деп  көр-
сетеді. Себебі, рудың әрбір мүшесі өзінің руласына 
көмектесуге  дайын  тұруынан  және  оны  маңызды 
деп есептейтіндігінде жатыр [13, 375.]. 
Қазақ  шежіресінің  де,  шежірелік  тарихи  ой-
ының  да  түпкі  идеясы  қазақ  ұлтының  біртұта-
стығын дәріптеуді негізгі мақсат етіп қояды [7, 67]. 
Демек,  ХV  ғасыр  ортасында  Қазақ  хандығының 
тарих  сахнасына  шығуында  әртүрлі  ру-тайпалар-
дың мемлекеттік бірлікке топтасуының феноменін 
айқындауда  шежірелік  деректерді  айналып  өте 
алмайтындығымыз  есте  болуы  керек.  «В  свою 
очередь,  смена  на  исторической  сцене  социаль-
ной  этнической  общностью  означала  достижение 
казахским  народом  единства  языка,  общей  куль-
туры и этнического самосознания» [13, 379] деген 
тұжырым  Қазақ  хандығы  құрылғанға  дейін  қазақ 
халқының ұлт болып ұйысуына ұйтқы болған осы 
тарихи процес екендігін қуаттайды. 
Қорыта  айтқанда,  дәстүрлі  қазақ  қоғамының 
тарихнамасын зерттеу әдіснамалық тұрғыда жаңа 
тәсілдерді  қажет  етеді.  Мәселеге  жаңа  көзқарас-
пен талдау жасай отырып, дәстүрлі тарихнамадағы 
исламдық  ықпалды  анықтай  алдық  және  қазақ 
шежірелерін мазмұны мен ұстанған қағидаларына 
қарай кезеңдедік. Соның нәтижесінде қазақ тарихи 
ойына Қожа Ахмет Ясауидің діни-философиялық 
дүниетанымы  дәстүрлі  қоғамның  діни-рухани 
және мәдени-саяси негіздерін қалыптастыруда ше-
шуші рөл атқарды деген тұжырым жасаймыз.

188
_______________________________________________________________________
Қазақстанның ғылымы мен өмірі – Наука и жизнь Казахстана                                                           
Science and life of Kazakhstan. №2/2 (37). 2016
Әдебиеттер:
1.Жалайыр Қ. Шежірелер жинағы. Алматы: Қазақстан, 1997. – 128 б.
2.Федоров-Давыдов Г. Общественный строй Золотой Орды. – Москва: Изд. МГУ, 1973. с. 62-63.
3.Артықбаев Ж.О.  Историческое наследие М.Ж.Копеева. – Павлодар: 2004. с. 204 .
4.Абусейтова М.К. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв.: история, политика, дипломатия. – Алматы: 
«Дайк-Пресс», 1998. с. 103.
6.Материалы по истории казахских ханств  XV-XVIII веков. –Алма-Ата: «Наука», 1969. с. 650.
7.Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ, һәм хандар шежіресі. –Алматы: Қазақстан. 1991. 24-25 б.
8.Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихнамасы: - Астана: Фолиант, 2008. 728 б. 
9.Сәдібеков З. Қазақ шежіресі. – Тошкент: Узбекистон, 1994, 144 б.
10.Көпеев М. Қазақ шежіресі. – Алматы: Жалын, 1993, 76 б
11.Мария Иванич. «Дафтари Чингиз-наме» как источник по истории кочевых обществ // Источниковедения Улу-
са Джучи (Золотой Орды). От Кальки до Астрахани. 1223-1566. – Казань: Мастер Лайн, 2002, с. 314-327.
12.Мұқанов С. Хан қазық, би тоқпақ // Қазақтың Ата заңдары. – Алматы: Жеті Жарғы, 2001, Т.1. 81-83 б.
13.Алпысбес М.А. Шежире казахов: источник и традиции. – Астана: ИП «BG-Print», 2013. – 240 с.
14.Оразбаева А, Садвокасова З. «Мукаддима» Ибн Халдуна и специфика социальной структуры кочевого обще-
ства (на примере традиционного казахского общества) // Bylye gody. 2015, Vol. 36. Is.2, с.374-381

189
_______________________________________________________________________
Қазақстанның ғылымы мен өмірі – Наука и жизнь Казахстана                                                           
Science and life of Kazakhstan. №2/2 (37). 2016

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет