49. Мұрат мұрасының жариялану, зерттелу тарихы. Әрине, қазақ әдебиетінің алыбы Мұрат Мөңкеұлының мұрасы әр жылдарда жинақталып, зерттеліп отырды. Ақын дүние салғаннан кейін екі жыл өткен соң, 1908 жылы Қазандағы ағайынды Кәрімовтер баспасынан шыққан «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деген кітапты нақты кім әзірлегені жөнінде әзірге мәлімет жоқ. Бірақ сол белгісіз жинаушы Мұрат мұрасын алғаш рет топтап, баспадан шығуына жол ашты.
Мұрат ақынның алғашқы зерттеушісі – Алаштың ардақты перзенті Халел Досмұхамедұлы. Ол 1924 жылы Ташкент қаласынан «Мұрат ақынның сөздері» атты кітапты бастырып шығарды. Сол кітапқа өзі алғы сөз жазып, ақын шығармаларындағы кісі есімдеріне және жер-су аттарына түсініктеме беріп, мұраттанудың негізін қалады.
Халелден соң Мұрат Мөңкеұлы әйгілі Мұхтар Әуезов зерттеуінің нысанасына айналды. Ол 1927 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет тарихы» еңбегінің «Зар заман ақындары» атты тарауында Мұрат шығармаларына кеңінен тоқталды.
Мұрат ақынның шығармалары 1940 жылы Мәскеуде басылған «Песни степей» атты қазақ әдебиетінің антологиясында (жалпы редакциясын басқарған Л.Соболев) жарияланды. Ал 1958 жылы Америка Құрама Штаттарының Дьюк университетiнiң профессоры Томас Густав Виннердiң ағылшын тiлiнде басылған «Ресейлiк Орталық Азия қазақтарының ауызекi шығармашылығы мен әдебиетi» атты кітабында Мұрат Мөңкеұлының өлеңдеріне талдау жасалды.
Мұрат ақынның мұралары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының 1940 жылдардың орта шенінен бастап ұйымдастырған ғылыми экспедицияларының нәтижесінде жиналды.
Әдебиет зерттеушілері, ақын-жазушылар әр жылдарда Мұрат мұралары туралы құнды пікірлер айтты. Әсіресе, ақын шығармаларына тереңірек тоқталып, ауқымды еңбектер арнаған М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, М.Жолдыбаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Тоқмағамбетов, С.Мұқанов, Ы.Дүйсенбаев, Х.Сүйіншәлиев сынды ғалым-жазушылардың ой-тұжырымдары Мұрат мұраларының табиғатын ашып, байыпты талдау жасауымен құнды.
50. Мұрат Мөңкеұлының зар замандық сарындағы шығармаларындағы лирикалық, кейіпкер-ақын тұлғасына тән биіктік, романтикалық әуез,гуманизм сипаты.
Зерттеушілердің пікірінше, бірінші — патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюі әсерінен кейбір шығармаларындағы жалпы орысқа деген қарсылығы болса, екіншісі- ірі туындыларының дені әйгілі Едіге ұрпақтарына байланысты болуы – делінеді. Ы.Дүйсенбаев Едіге туралы теріс түсінік тарихшылардың жаңсақ бағасынан екенін айта келіп, былайша тұжырым жасайды: “Соның өзінде ақынға көзқарасың теріс екен деп, оны үзілді-кесілді тарихтан шығарып тастауға болмайды, оның үстіне Мұрат ақынды жан түңілерлік құбыжық, тұрған бойымен қап-қара, бастан-аяқ кертартпа деп қараудың өзі шындықтан мүлде алшақ жатыр. Сонан соң, орыс халқы мен қазақ халқының ежелден келе жатқан достық қарым-қатынасын сөз еткенде, біз әдетте тарихшылардың осы мәселе жөнінде қалыптасып үлгірген сыңар жақ, кейде қате тұжырымдарына еріп кетеміз… Өзіміз тексеріп, зерттеп отырған дәуірдің ерекшеліктерін яғни ондағы қайшылықтар мен игі нышандарды тереңірек тануға, дұрысырақ ұғынуға үнемі бара бермейміз .. ал, мұның ақыры неге апарып соғатыны айтпаса да белгілі … Ал, енді Едігеге келсек, ақиқатта тіпті басқаша, құр Едіге деген аты болмаса, қазақ жырында мүлде бір өзге жанның бейнесі беріледі емес пе? Қалай болғанда, қазақ фольклорының ең бір бай саласынан Едіге мен оның ұрпақтарына бола безіп, мансұқ ету, зерттемей тастау дұрыс па? Ендеше, осы тақырыпты азды-көпті қамтитын Мұрат ақынның шығармаларындағы қайшылықтар мен кемшіліктерді әділ көрсете отырып, оларға ғылыми талдау жасауымыз қажет, онсыз ақынның шығармасына толық баға беру өте қиын”.