95. С.Тастанбекқызының шығармаларындағы көркемдік, бейнелілік кестелері.
Сара — өмір бойы мұқтаждық, панасыздық қасіретімен арпалыса жүріп, өнерін, ақылын жетілдіре білген ізденімпаз, ізгі ниетті аяулы жас түлек. Оны халқы аялап өсіреді, түлетіп бақты.Қазақ әдебиеті жасаған сан сұлулар мүсіндерінің мұңлы тағдыры бұл шындықтың қайғылы сырын танытар мәңгі ескерткіш. Мысалы: Абайдың “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” деген, өлеңіндегі теңдік таппай қорланып, жартастан суға құлаған сұлу тағдыры, кейінгі ақындар жасаған – Гүлхашима, Ғайша, Сұлушаш, Қаралы сұлу, Қаракөз сияқты қазақтың аяулы сұлуларының қайғылы тағдырларын Сара да өз басынан кешті. Бой жетпей жатып-ақ оған құда түсті.Он үш жасар балғын Сараны тумысынан кеміс, кексе Жиенқұлға қоспақшы болады.Сараның ендігі мақсаты тек тұрмыс кемтарлығын жоюды, халық қатарлы өмір сүруді ойлау емес, ең алдымен, басына бостандық алу ниетінде болған еді. Он бес жастан он жеті жасқа дейін ол Жиенқұл қармағынан құтылу әрекетін іздестірді.Замана қайшылықтары, әсіресе, кедей-кепшік пен әйел жұртының правосыздығы Сараның кейінгі ақындық творчествосының арқауы болып қалыптасады. Қалың малды құдалық салты, оны малданған ескі есер қауым замандар бойы талай арулардың көз жастарын арқалап, обалдарына қалып келе жатқандарын батыл әшкерелейді. Кейбір жоқшылық көрмей өмір кешкен жеке аналар тағдырлары, өзі де, осы правосыздық салмағын мойындарымен көтеріп, ауыр зілдің астында бой жаза алмай байланып-маталып, жүректер сүйген ғашықтарына қосыла алмай, арманда өткенін ашына жырлайды. Өзі ашқан шындық сырын басқаларға да ұғындырмақ болады.Халқының жылы лебізімен Сара барған сайын батыл қимылдап, күңдіктен құтылудың амал-айласын қарастыра түседі. Бас бостандығы талаптарын ашық көтеріп, тыным таппайды. Правосыз өмір кешкен көп әйелдердің бірі болып өтуден, өмірден түңіліп, дәрменсіздік көрсетуден, босқа өлуден бас тартады. Батыл сөз айтады. Әсерлі ән шырқап, даланы күңірентеді.
96. Әсет Найманбайұлының (1887-1923) өмірі, ақындық шығармашылығы.
Әсет Найманбаев – асқақ үнді, әсем ырғақты әндер шығарған сазгерлігіне қоса әдеби қорымызға көркемдігі жоғары мол мұра қосқан ақындығымен де оқшауланатын тұлға. Бұл тұрғыда ол – әлеуметтік ойларын, демократиялық-ағартушылық идеяларын өлеңмен, әнмен таратқан Абайдың бағытындағы ақын және оның алдын көрген талантты шәкірттерінің бірі.Әсет Найманбаев 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Мақанша ауданындағы Бақты ауылында дүниеге келген. Әсеттің ән мен өлеңге әуестігі медреседе оқып жүргенде-ақ байқалады. Жаттау, есту қабілеті аса жоғары болған ол ауылға келген әншінің әнін, жыршының мақамын бір естігеннен қағып алатын болған. Әлімғазы деген болыс оның әншілігін, ақындығын білген соң өзінің жанына тартады. Ол Әсетті ер жетіп, айналаға әншілік даңқы щығып, әбден атақты өнерпаз болғанша көз жазбай қадағалайды. Қоянды жәрмеңкесіне барып, Арқаның ән мектебінен сусындап, оның әсем әндерін Жетісу мен Тарбағатай өңіріне жеткізуші, Біржанның, Ақанның, Құлтуманың әндерін шығыс аймаққа таратушы болады. Әсеттің ақындық мұрасын, яғни поэзиялық шығармаларын үш топқа бөліп қарауға болады. Олар: 1) өлеңдері 2) айтыстары 3) қисса-дастандары. Әсет өлеңдерінің ішінде халыққа айрықша танымал бөлігі – оның ән-өлеңдері. Барша халық оның басқа өлеңдерін, айтыстары мен қисса-дастандарын көп білмесе де, «Інжу-маржан», «Қысмет», «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қоңыр қаз» тәрізді әндері жақсы біледі. Ақынның ән-өлеңдерінің дені жастық шақ, сүйіспеншілік, махаббат тақырыбына арналған. Сазгер Ахмет Жұбанов «Әсет шығармашылығының шыңы» деп баға берген «Інжу-маржан» әні – сөзі мен әуені шебер ұштасқан, өзіндік өрнегі, мәнерімен ерекшеленетін қазақ әндерінің ғажап дүниесі.Ақынның мол мұраларының бірі – қисса-дастандар. Бұл салада әдеби қауымға оның тұңғыш белгілі болған шығармасы - «Евгений Онегин». Абайдан кейін Евгений Онегинді қазақ халқына жеткізу – Әсеттің әдебиет тарихынан үлкен орын алатын еңбегі, қазақ және орыс әдебиетіне қосқан үлесі десек болады. Біраз дастандарын Шығыс әңгіме-аңыздарының оқиғасынан алып жырлаған Әсет Найманбаев бірінші рет өз дастанының оқиға желісін орыс өмірінен алып жырлаған. Сертке беріктік, уәдеге адалдық – Әсет шығармаларында ең көп жырланған тақырып. Әсет дастандарында махаббат, байлық, мансап, зұлымдық, адамгершілік бірдей қатар орын алып, шытырман оқиғалардың дамуы да, шешілуі де қызықтырып отырады.Әсет шығармашылығының қазақ мәдениеті мен әдебиетінің тарихынан алатын орны ерекше. Оның әуен саздары да, өлеңі де өнерімізге қосылған зор үлес. Өлең сөздерінен Әсеттің арманы, өнер жолындағы өмірі, өкініші мен қуанышы – бәрі, бүкіл жан дүниесі сезіледі. Оның әдеби және музыкалық мол мұрасы халықтың рухани игілігіне айналған, эстетикалық және тәрбиелік мәні зор ұлттық қазына.
Достарыңызбен бөлісу: |