«Әсет пен Рысжан» Әсет пен Ырысжан айтысы — ақындар айтысының шоқтығы биік, аса көркем үлгілерінің бірі.
Айтыс 19-ғасырдың соңғы ширегінде өткен. Мұнда халық өмірінің ауыр жағдайы мен ел билеушілердің зорлық-зомбылығы жұмбақ — жауап түрінде әсерлі сипатталған. Жұмбақты бастан-аяқ Ырысжан айтады да, Әсет қолма-қол шешіп отырады. Алғашқы жұмбақ Ресей өкіметінің қазақ жеріндегі ел билеу тәртібін әшкерелеуге арналған. Патша билігі күн түсірмейтін алып бәйтерек сипатында алынып, ал оның ел ішіндегі әкімдері сол ағаштың бұтақтарын мекен еткен ірілі-ұсақты жыртқыш құстар түрінде беріледі. Қыз жұмбағындағы “иілген сегіз бұтақ” — сегіз сенат, ал “ағаштың жайылған жапырағы” — қағаз ақша, “жұмыртқа басып шайқайтын екі ителгі” — ояз бен оның көмекшісі, “Аз атаның баласы жалғыз қыран” — болыс, “сегіз лашын” — сегіз би, “үш жылда бір нәр тартатын отыз-қырық құзғын” — елубасылар, “ыңғайланған он қаршыға” — старшын, “жалғыз ителгі” — сот, “жапалақ” — жасауыл, “жүзден асқан күйкентай” онбасы, ал “қағып жеген тышқаны” — елден жеген тиын-тебен тұрғысында шешіліп түйінделеді. Бұдан кейінгі жұмбақтар адамның он екі мүшесін суреттеуге, жыл мезгілін, жаратылыс сипатын ашуға арналған.
«Әсет пен Кәрібай»
Әсет пен Кәрібай айтысы — шамамен 1905 жылы Тарбағатай тауының түстік жағында өткен айтыс.
Айтыс дәстүрлі екі ру ақындарының бұл айтыста жалпы адамгершілік, әділдік, жомарттық сияқты мәселелер айтылып үлкен тәрбиелік мәні бар деңгейге көтерілген. Сондықтан ол өткірлігімен, тілінің шұрайлылығымен, ой тереңдігімен ерекшеленетін көркем дүние ретінде қазақ әдебиетінің тарихына енді. Кәрібай ақын туралы толымды дерек жоқ. Бірақ Қаракерей тайпасынан екендігі, осы күнгі Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат маңында өмір сүргендігі белгілі. Айтыстың Қ. Шәменовтың, Е. Ахметовтен жазып алған нұсқасы “Айтыс” жинағында (1964, 1-т., 173 — 175-б.) жарияланған. Бір нұсқасын А. Қилыбаевтан ақын, журналист Қ. Алтынбаев жазып алған. Әсет шығармаларының жинағына (1988) Т. Жағыпаров (1929 жылы туған) нұсқасы енгізілген.