119. Ы. Алтынсарин – ұлы ағартушы, ұстаз – жазушы, ақын, этнограф, аудармашы. Аса талантты педагог, ағартушы, дарынды жазушы, тамаша ақын, жалынды публицист, көрнекті қоғам қайраткері Ы.Алтынсарин қазақ қоғамының мәдениет пен экономика жағынан мешеу кезінде өмір сүріп, халқымыздың демократиялық мәдениеті мен өнерінің бірсыпыра саласында жаңадан өсіп өркендеуіне айқын жол ашып, баянды негіз жасады. Жан – жақты талант иесі Ыбырайдың есімі қашанда уақыт сыныфнан мүдірмей өтіп, өз халқымен бірге жасап келеді. Оның өмірі өз отанын шексіз сүйп, оған бүкіл жан –тәнімен қызмет етудің тамаша үлгілерінің бірі болып табылады.
Ыбырай Алтынсарин жаңа типті мектептер үшін оқулық жасау мәселесімен 60 – жылдардың басында – ақ шұғылданды. Өйткені қазақ жастарына шын мәнінде білім мен тәрбие беру үшін жаңа оқулықсыз жұмыс жүргізу ешбір мүмкін емес еді. Мұның үстіне қазақ арасында діни оқудың кең орын алғандығы, діни кітаптардың көптігі Ыбырайды жаңа оқулық жасау мәселесіне үнемі тартып жетелеп отырады. Сөйтіп 1879 жылы басылып жарыққа шыққан «Қазақ хрестоматиясының» принципиалдық негізін Ыбырай сол 60-жылдарда- ақ қарастыра, ойластыра түскен еді. 1862 жылғы бір хатында ол қазақтар үшін нағыз жақын нәрселерді үйрететін кітаптардың керектігін көрсете келіп, К.Д.Ушинскийдің «Детский мир» кітабын өзінің айырықша ұнататындығын және одан бірен – саран шығармалар аудара бастағанын мәлімдейді. Бұл сөз жоқ, Ыбырайдың 60-жылдардың басынан бастап –ақ жаңа оқулық жасау мәселесімен айрықша шұғылданғанын және оны тек К.Д.Ушинский сияқты озық ағартушылардың оқулықтары негізінде жасауды мақсат етіп қойғанын білдіреді.
Сөйтіп 1860-1876 жылдардың арасы Ыбырайдың көркем шығармаларының тууын дайындаған эволюциялық кезең болды. Бұл жылдарда жүргізілген ағартушылық бағыттағы жұмыстар ол шығармалардың идеялық бағыты мен негізгі мазмұнын белгілей, айқындай түсті. Ағартушының халық өмірімен тікелей араласып, оның алуан түрлі жағдайларымен мейілінше таныс болуы да, халықтың рухани мұқтаждығын сезінуі де оның әдеби еңбектерінің тууын тездетіп, халықтық мәнін жетілдіре түскен жағдайлар болды. 1862 жылдан бастап халықтың ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау, зерттеу мәселесі мен шұғылдану ағартушының көркемдік пен шеберлікке байланысты түсініктерін тереңдетіп, творчестволық қабілетін тәрбиелеп өсіріп отырды.