3 – тәжірибе. Тотықсызданатын және тотықсызданбайтын дисахаридтер Жұмыс барысы: Үш пробиркаға 1мл 1% - тік сахароза, мальтоза, лактоза ерітінділерін құйып, әрқайсысына 1мл Фелинг сұйықтығынан тамызып, үшеуін де қайнағанға дейін қыздырады. Сахароза бар пробиркада мыс тотықсызданбайды, ал қалған екеуінде де қызыл түсті мыс (І) оксиді тұнбаға түседі.
Сахароза, мальтоза, лактозаның структуралық формуласын жазып, дисахаридтердің Сu(ОН)2 әрекеттесу ерекшелігін түсіндіріңіздер.
Мальтоза мен лактозаның тотығу реакцияларының теңдеулерін жазыңыздар.
4 – тәжірибе. Крахмалдың йодпен әрекеттесуі Жұмыс барысы: Крахмал клейстерінен 2 – 3мл пробиркаға құйып, оның үстіне бірнеше тамшы йод ерітіндісін тамызса, крахмал көгереді. Қоспаны аздап қыздырса көк түс жойылады да, салқындатқанда қайтадан көк түс пайда болады. Оның себебі йод крахмалмен тұрақты қосылыс түзбейді, тек крахмал йодты адсорбциялайды және йодпен тұрақсыз комплексті қосылыс түзеді.
5 – тәжірибе. Крахмалдың қышқыл әсерінен гидролизденуі Пробиркаға 2мл күкірт қышқылын құйып спирт шамында қыздырады. 4 – 5 минуттан кейін қоспадан 1 – 2мл бөліп алып, суытады да оған йод ерітіндісін тамызады. Бұл әдісті әрбір минут сайын қайталаса, сынауға алынған қоспаның түсі көк түстен күлгін түске дейін біртіндеп өзгереді, ең соңында йод әсері байқалмайды. Йодтың түсінің өзгермейтін себебі, крахмал біртіндеп гидролизденіп, реакция соңында глюкозаға айналады.
Өзін өзі бақылауға және зертханалық жұмысты қорғауға арналған сұрақтар: 1. Моносахаридтердің химиялық қасиеттерін айтыңыздар.
2. Сахарозаның гидролиздену реакциясының теңдеуін жазыңыздар.
3. Глюкоза спиртті ашығанда 0,23 кг этанол түзілген болса, қанша көмір қышқыл газы түзілді? Жауабы:112л.
4. 1 тонна 90-пайыздық шығыммен тринитроцеллюлоза алу үшін 98-пайызды (тығыздығы 1,5г/мл) азот қышқылынан қанша көлем алу керек? Жауабы:0,48м3.
5. Сахароза гидролизі әсерінен түзілген өнім күміс оксидінің аммиактағы ерітіндісімен әрекеттескенде 21,1г күміс бөлінген. Сонда қанша сахароза гидролизге ұшыраған? Жауабы: 34,2г.