1.2. Жылқыны нормалап азықтандыру жүйесінің принциптері мен элементтері
Мал азықтандырудың қоректік құндылығы малдың қоректік мұқтаждығын белгілейтін азықтандыру нормасының көрсеткіштеріне сәйкестендіріліп құрастырылған азықтандыру рациондары, яғни жегізілетін азықтары мен азықтық қосындылары арқылы іске асырылады. Азықтандыру нормасының көрсеткіштерін түріне, тұқымына, өнімдік бағытына, жасына, жынысына, тірілей салмағына және өнімділігіне сәйкес өзгеретін энергиялық, протеиндік, минералдық және витаминдік мұқтаждығы бойынша анықтайды. Организмнің тіршілігі мен өнім өндіруге қажетті энергия мен құрылымдық және биологиялық әсерлі заттарға мұқтаждығын айғақтайтын жалпы нормалық көрсеткіштерге тәулігіне 1 басқа қажет азық өлшемі (сұлылық) қорытылатын протеин (г), кальций (г), фосфор (г), каротин (мг) жатады. Мұндағы азық өлшемі организмнің жалпы қоректілік, яғни энергиялық, қорытылатын протеин – құрылымдық (түзушілік), ас тұзы, кальций мен фосфор – минералдық, каротин – витаминдік мұқтаждығын көрсетеді.
Желінген азық қоректік заттары малдың дене температурасын сақтауға, ас қорытуы мен ішкі ағзалары мен мүшелерінің қызметін қамтамасыз етуге, бір жағынан, энергиялық заттар жеткізсе, екінші жағынан, зат алмасу барысында өсіп–өнуге, өнім өндіруге қажетті құрылымдық қосындылар жеткізеді.Азықтандыру нормасының энергетикалық көрсеткішін анықтағанда малдың оған мұқтаждығымен қатар желінген азықпен жеткізілген бүкіл энергиясының зат алмасу үрдісінде жұмсалатын алмасу энергиясына айналуын ескереді. Бұл айналуға, бір жағынан азықтың жалпы энергиясы мен алмасу энергиясының пайдаланылымдығы және азықтың 1кг құрғақ затындағы қатынасымен анықталатын жалпы энергия алмасулығы, екінші жағынан, желінген азық құрғақ затындағы алмасу энергиясының шоғырлану дәрежесі ықпал етеді. Содан желінген азық алмасу энергиясының пайдаланылу тиімділігі шығады.
Малдың өнім өндіруіне қажетті энергиялық мұқтаждығын оны өндіруге және одан байланатын алмасу энергиясының көлемімен белгілейді. Малдың жалпы қоректік қажеттілігін айғақтайтын энергиялық мұқтаждығымен қатар протеиндік, минералдық және витаминдік мұқтаждығы азық протеинінің биологиялық құндылығы, аминқышқылдарының үйлесімділігі, желінген азық витаминдерінің сіңімділігіне байланысты болса, күрделі қарынды күйісті малдың мұқтаждығы орын алатын микробиологиялық үрдіске тәуелді өзгереді. Малдың минералдық мұқтаждығына желінген азықпен енген минералдық заттар ерігіштігі мен сіңімділігі, олардың бір – бірімен және де басқа да қоректік заттар, протеиндік және витаминдік мұқтаждыққа күйісті және қарапайым қарынды малдың ас қорыту ерекшеліктері ықпал етеді.
Малдың қоректік қажеттігі арнайы нормалық көрсеткіштермен белгіленіп, өтелетіндіктен мұндай азықтандыру жүйесін нормалап азықтандыру жүйесі деп атайды. Азық рационын құруда бірнеше принциптерге мән беруіміз керек.
Азық рационын құрудағы принциптер:
1.Азық нормасын анықтау. 2. Азықтың түрлері: а) ірі азықтар; б) шырынды азықтар; в) құнарлы азықтар; г) минералды азықтар; д) биологиялық әсерлі заттар. 3. Малдың өнімін анықтау. 4.Жылдың мезгілі. 5.Малдың физиологиялық жағдайын анықтау. 6. Малдың жынысын, жасын анықтау.
7.Малдың ас қорыту ерекшеліктері.
Азықтандыру нормасының дұрыс қамтамасыз етілуі аз азық шығынымен мол өнім өндірілуімен, яғни азықтандыру тиімділігінің артуымен айғақталады. Нормадан аз берілген қоректік заттар жеткіліксіздігінен өнімділікті кемітсе, нормадан көп берілген қоректік заттар ас қорыту барысында қорытылуы баяулап, өнімділікті төмендетеді. Мүмкін болған жағдайда азықтандыру тиімділігін арттыру үшін бұл негізгі азықтандыру нормасының көрсеткіштерін қосымша малдың «шикі» май мен «шикі» жасунық, қант пен крахмал, биогенді макро және микроэлементтер мен маңызды витаминдерге мұқтаждығымен толықтырылады. Мұндай толықтырылған организм мұқтаждығының 18-30 көрсеткішін қамтитын деректерді арнайы іріктеп алынған азықтандыру нормасы деп атайды.
Арнайы іріктеп алынған азықтандыру нормасына малдың азық өлшеміне, алмасу энергиясына, құрғақ затқа «шикі» және қорытылатын протеинге, лизинге, метионин мен цистинге, қантқа, крахмалға, «шикі» жасуныққа, «шикі» майға, кальцийге, фосфорға, калийге, нитрийге, хлорға, магнийге, йодқа, каротинге, ретинолға, кальцийферолға, токоферолға, тиминге,рибофлабинге,пантотен қышқылына, холинге, никотин қышқылына, пиродиксинге, цианкобаламинге мұқтаждық көрсеткіштеріне кіреді.
Бұл көрсеткіштер организмнің тіршілігі мен қажетті энергиялық, құрылымдық, минералдық және биологиялық әсерлі заттарға мұқтаждығын жай нормалық көрсеткіштерге қарағанда жан-жақты да толық қамтитындықтан, саланың мал мен құстың жоғары өнімділігін қамтамасыз ететін жаңа технологияларымен дамытқанда қолданылады.
Азықтандыру нормасының көрсеткіштерін толығымен өтеу үшін қосылған жаңа азық пен азақтық қосындыларға малды біртіндеп, аз мөлшерден бастап үйретеді. Малға жегізілетін ондай жекелеген азық пен негізгі азықтық топтардың көлемі мен арақатынасы малдың ас қорыту физиологиясы мен биохимиясына мейлінше үйлесімді, жұғымды келіп, қоректік заттар қорытылуы мен игерілуін жоғары деңгейде қамтамасыз етулері керек. Мысалы: ас қорыту жолы толықтырылып, желінген азықтың қарында араластырылып, ішекпен уақытылы жылжытылуына көмектесетін қарын моторикасы мен ішек перистальтикасын (жиырылуын) қамтамасыз ету үшін малдың азық жейтін, үйренген аумағы болғаны дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |