1.3 Жылқы рационындағы азық мөлшеріне әсер ететін факторлар
Азықтандыру нормасының негізінде азықтандыру рационын, яғни әрбір малға жегізілетін азықтар мен азықтық қосындыларын құрастырады. Рацион құрылымы мен құрамы малдың ас қорытуына, өнімдік бағытына байланысты зат алмасу ерекшеліктерімен сәйкестендіріліп жасалады. Мал азығына алдымен өзінің жеп үйренген, жергілікті жемшөптерін жұмсайды.
Рацион құрамына кіретін азық топтарының оның жалпы қоректілігіне (а.ө немесе АЭ бойынша) пайыздық қатынасы рацион құрылымын білдіреді. Рацион құрылымындағы басым азық тобы не жекелеген азық мал азықтандыру типін белгілейді.Азықтандыру типі шаруашылықтағы қалыптасқан жемшөп қорына байланысты болады.Табиғи жайылымы кең, оты мол жерлерде жайылыммен азықтандыру типі қолданылса, жері жыртылған, түрлі техникалық дақылдар өсіретін шаруашылықтарда олардың азықтық қалдығымен азықтандыру типтерін қолданады. Соған орай сүрлемді, картопты – жемді, тамыржемісті – жемді, бардалы, жомды азықтандыру типтерін ажыратуымызға болады.
Рацион құрылымын құрғанда әр азық пен негізгі азықтық топтың (ірі, шырынды, құнарлы) мөлшері мен арақатынасы мал түріне, жасына, жынысына, өнімдік бағытына сәйкестендіріліп жасалады.Рацион құрылымын белгілегеннен кейін оның құрамындағы азықтардың құрғақ заты бойынша рацион азықтарының малдың қарнына сыйып толық желіне алынатындығын анықтайды. Рацион құрғақ затының аумағы, бір жағынан, желінуі, екінші жағынан, қорытылуы алдымен ондағы «шикі» жасунық көлеміне байланысты өзгереді. Ерте көктемде малды жас жайылым көгіне жая бастағанда жасунық көлемінің күрт кемуінен, олардың ас қорыту барысы бұзылып, жиі тышқаққа ұшырайды. Сондықтан жас жайылым отына және жасунық көлемі басқа жаңа азықтарға малды біртіндеп, ертелі-кеш бұрынғы азықтарын беріп барып үйретеді.
Азықтандыру рационының алдымен мал тіршілігін қамтамасыз етуге және өнім түзуге қажет энергия мен протеиннің жеткілікті болуына көңіл бөледі. Жемшөп пен энергия негізінен 80-85 пайыз көмірсулармен жеткізілетіндіктен және олардың құрамында майлар аз көлемде болатындықтан, малдың көмірсулық және липидтік мұқтаждығын жалпы энергия мұқтаждығынан бөліп нормалаудың қажеті шамалы болып келеді.Желінген азық қоректік затымен енген химиялық байлаулы энергия организмде олардың тотығуынан пайда болған аденозинүшфосфат (АҮФ) түрінде пайдаланылады. Көмірсулардан, яғни 1 моль глюкозадан тотығу барысында 2821,9 кДж жылулық энергия байланған 38 моль АҮФ пайда болады. Көмірсулардан 1 моль АҮФ пайда болу үшін 74,1 кДж жұмсалады. 1 моль АҮФ майлардан пайда болу үшін 92,1 кДж жұмсалады.
Протеиндік құндылығын бағалағанда мал азығындағы жеңіл қорытылуын,яғни ас қорыту жолында жылдам ыдырап, толығырақ сіңірілу қасиеттерін де ескереді. Оған, бір жағынан азықпен енген азоттық заттардағы белок пен белоктан тыс азотты қосындылар арақатынасы ықпал ететін болса, екінші жағынан азотты заттар мен басқа да қоректік заттар, алдымен жеңіл ыдырайтын көмірсулар (қанттар) арақатынасы ықпал етеді. Протеин қоректілігі норма көрсеткіштеріне сәйкестендірілгеннен кейін рационның көмірсулық және липидтік қоректілігі азықтандыру нормасының қант пен крахмал, «шикі» май көрсеткіштеріне теңестіреді.
Рацион құрамының қоректілік көрсеткіштерін осылайша біртіндеп энергия, құрғақ зат, шикі май, шикі жасунық, қант пен крахмал бойынша сәйкестендірілгеннен соң, оның құрамындағы минералды заттар мен витаминдерін норма көрсеткіштерімен салыстырады. Жылқы рационында магний қадағаланады. Кальций жетіспесе – азықтық бор, әк, ұлу қабыршағы секілді кальцийлі, кальций мен фосфор жетіспесе – азықтық фосфаттар, преципитат секілді кальций – фосфорлы, фосфор жетіспесе – қос натрий немесе аммоний фосфаттар секілді фосфорлы қосындылар қолданылады, микроэлементтер жетіспесе – рацион құрамына олардың тұздарын, каротин жетіспесе – көк азық, шөп ұнын, сапалы пішен, пішендеме, азықтық сәбіз, асқабақ көлемін ұлғайтып, витаминдер жетіспесе – В тобының витаминдері шоғырланған кебек, ашықты, өндірісте шығарылатын витаминдік препараттарды қолданады.
Барлық қоректілік көрсеткіштері бойынша азықтандыру нормасының көрсеткіштеріне толық теңестірілген рационды толық бағалы азықтандыру рационы деп санайды. Азықтандыру қоректілігі олай болмаған жағдайда организмнің мұқтаждығы толық өтелмей, зат алмасу барысы бұзылып, малдың өсіп – өнуі мен өнімділігі төмендейді де, өнім бірлігін өндіруге жұмсалған азық шығынын ұлғайтады. Рацион қоректілігінің норма көрсеткіштеріне жетіспеуі өнім бірлігіне жұмсалатын шығынды 20-50% ұлғайтады. Қоректену деңгейі мен сапасы нашарлаған мал организмінің төзімділігі төмендеп, түрлі ауруға шалдыққыш келеді. Мал шаруашылығының мамандары әрдайым малды азықтандыру деңгейін қадағалап, бақылап отырулары керек. Ондай бақылауды түрлі зоотехникалық, зоогигиеналық, физиологиялық, биохимиялық, ветеринарлық жолдармен жүргізеді.
Мал қоректенуінің протеиндік деңгейін қан мен қан сарысуындағы белок пен оның бөлшектері, гемоглобин мен метгемоглобин, зәрлік, көмірсулық деңгейін –глюкоза мен глюкоген, липидтік деңгейін – кетондық денелер, минералдық және витаминді деңгейін минералды элементтердің, каротин мен жекелеген витаминдердің қанмен қоса сүттегі, жұмыртқадағы, мүшелердегі, ұлпа – ағзалардағы деңгейімен бақылауға болады. Желінген азық қоректік заттарының ас қорытуы мен зат алмасуындағы ықпалын жан-жақты, алдымен рационның энергетикалық қуаттылығын және оның құрылымдық қосындылармен арақатынасын, биотүзуге биологиялық тұрғыдан құнарлы протеиннің жеткізілуімен сипаттау керек.
Достарыңызбен бөлісу: |