Тәтіқара ақын
Жоспар
Ақынның қысқаша өмірі.
Шығармаларының мазмұны.
Шығармаларының ерекшелігі.
Ақынның қысқаша өмірі
Тәтіқара ақын XVIII ғасырда (1705 – 1780) өмір сүрген қазақ елін сыртқы жауға қарсы күреске үндеуші жауынгер ақын. Әскери жорықтарда ұдайы Абылай ханның қасында жүретін жортуыл жыршысы. Тәтіқара Бөгембеай қолымен қалмаққа қарсы шабуылдарға қатысып, өзінің жалынды жырларымен күреске аттанған. Шайқастың нақ ортасында жүріп, жауынгерлердің көңілін көтеріп, жігерін оятып отырған. Ол қазақ қолының қысылшаң жағдайға ұшыраған кезде жауынгерлердің ерлік намысын ояту негізінде жалынды жырлар айтқан. Кей тұста ақын Абылайды жақтаушыдан гөрі әшкерелеуші, сыншы болып табылады. Бұл сияқты батыл әрекеттері әрине ханға ұнамайды. Ханмен арасы алшақтайды. Халық аңызы бойынша Тәтіқара сарай маңынан бір жола қуылып, жасы ұлғая келе жоқшылықпен 75 жасында дүние салады.
Шығармаларының мазмұны
Тәтіқара ақын “Қамыстың басы майда” – деп басталатын жырында қол бастаған батырлар ісін, олардың ерлік дәстүрін үлгі ете сөйлеп, қалың қолды ілгері ұмтылуға үндейді. Алдағы судан да, жаудан да тайынбай, батыл шабуылға бастайды. Қазақтың қайтпас батырларының аттарын атап, олардың өшпес даңқтарын үлгі етеді.
Тәтіқара – кезіндегі шындықты жасырмай жырлаған батыл ақын. Ол Абылай бастаған қолдың жаумен кейбір айқаста табансыздық көрсеткен жерлерінің де болғанын жасырмайды. Сонымен бірге Абылайдың жеңістері бір өзіне байланысты емес, халық ерлігіне байланысты, қазақтың қол бастаған батырлдарының жан қиярлық пен қаһармандық көрсетулерінің жемісі дейді.
Шығармаларының ерекшелігі
Тәтіқара ақынның “Қамыстың басы майды, түбі сайда”, “Кебеже қарын , кең құрсақ”, “Ассалаумағалейкум жайсаңдар мен қасқалар” сияқты өлеңдері бір қарағанда тым қарабайыр, қарапайым көрінгенімен аз ғана сөздің өзінен асылдың айшықтырын аңғартады. Соған қарағанда, ақын атының бес-алты өлеңнің төңірегінде, өшіп қалмай кейінгіге жетуіне қарағанда – Тәтіқара өз дәуірінің үлкен сөз зергерінің бірі. Мәселен: “Найза ұшына жау мінгізген”, “Болат найза Жәнібектің” батырлық кейпін ашқан, “Кебеже қарын, кең құрсақ артық туған Абылайды” келістіре сөйлеген, соғыс үстіндегі шегініс сәттің сабырсыз сырын, үнсіз суретін, жасырын қалпын “Еңкейе бере жылысты” дейтін жолдарға көшірген, “Ақ сұңқар құстай түйіледі, азуын тасқа біледі” деп ұзаққа шабар, жыр үздігін тудырар арынын, алымын байқататын аз ғана асылдардың өзі Тәтіқараның жыр өнерінде қандай қуат қаруы болғаны айғақ.
Достарыңызбен бөлісу: |