Әдебиеттер
1. Бұқар жырау Қалқаманұлы шығармалары
2. Манаш Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап»
3.Аяған Б.,Әбжанов Х., Исин А. «Қазақ хандығы тарихы: құрылуы, өрлеуі, құлдырауы. Мектап баспасы «Қазақ әдебиеті» Мектеп оқушыларына арналған оқулық
ТӘУКЕ ХАН
Бақытбек Айжұлдыз (Қытай)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Арыстанбекова Қ.Д.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Қазақ хандығының тарихы өте күрделі кезеңге толы. Қазақтардың бір осал жерін табуға тырысып, қалай жаулап алудың жолын қарастырған, жаулық ойлаған Орыс, Жоңғар, Қытай сынды ірі көрші мемлекеттер... Міне, осындай қиындықтардан да шыға алған хандарымыздың өмір жолының қай қырынан болмасын үлгі аларлық тұстары мол. Сондай хандарымыздың бірі де бірегейі Тәуке хан еді.
Тарихи деректерде Есім ханның қайтыс болуына байланысты бір шешімнің жоқтығы сияқты, Тәукенің де билік басына қай жылы келгені жайында бірнеше пікірлер бар. Есім ханды 1628 жылы қайтыс болды деп есептесек, орнына Жәңгірдің хан болуы арасында айтарлықтай алшақтыққа тап боламыз. Себебі, Жәңгір хан ретінде 1644-1652 жылдары аталады. Бұл әрине, Есім ханның қай жылы қайтыс болғандығын анықтағаннан кейін айқындала түсетін нәрсе.
Бірақ Тәуке ханның есімі елдің тыныштығымен қатар айтылады. Яғни, ол кезде ел іші біршама тынышталып, көрші елдермен қарым-қатынас тұрақтылығы болған.
Тәукенің билік еткен жылдары халық аузында «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» аталады. Тәуке өзінің ақылдығымен, даналығымен, елді басқарудағы ерен ерлігімен, қолбасшылық қабілетімен осындай заманды орната алды.
Тәуке хан билігі тұсында Қазақ хандығы бір орталықтанған, күш-қуаты артып, бірлігі, ынтымағы жарасқан кез болды. Тәуке Жәңгірдің ұлы, анасы – қалмақтың хоршоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы.
Тәуке елінде жүргізген дана басқарушылығы негізінде «әз-Тәуке» деген атқа ие болады, ал орыс тарихшысы А.И. Левшин Спартаның дана заңгері Спартаға теңейді.
Қазақ хандығы тарихын зерттеп жүрген ғалым апайымыз Э. Телеуова Қазақ хандығында Тәукенің билік еткен тұсын «...Тәуке ханның билік құрған хронологиялық межесін 1652/53-1717/18 жылдар деп көрсеткен дұрыс болар» деп өз ойын ортаға салады. Бүгінде оқулықтарда 1680 жылы билік басына келген жыл болып есептеліп жүр.
Тәуке елін билер институты арқылы басқарған. Өзі қырғыз-қазақ, сондай-ақ қарақалпақтардың да басқарушысы есептелді. Ұлы жүз, Кіші жүзді, Орта жүзді, Қырғыздарды, Қарақалпақтарды билер арқылы басқарды. Атап айтар болсақ Ұлы жүзді Төле биге, Орта жүзді Қазыбек биге, Кіші жүзді Әйтеке биге, Қырғыз халқын Қоқым биге, қарақалпақтарды Сасық биге басқартты.
Билер кеңесі құрылды дедік. Ал бұл кеңес ел үшін, халық үшін маңызды деп саналатын мәселелерді шешу мақсатында жылына бір рет жиналатын болған. Және кеңестің шығарған шешіміне келесі отырысқа дейін хан да қарсылық білдіре де, өзгеріс енгізе де алмаған.Тәуке хан кеңестің өтетін жері мен уақытын белгіледі. Тағы да бір айта кететін жәйт қарусыз келгендер жиналысқа қатыса алмаған, сондай-ақ жасы кіші отырса да ол тәрбиелік жағынан есептелетін «үлкенге орын беру» деген ұғым қарусыз адамға бұл жерде жүрмеді. Түркістан қаласы жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласының маңындағы Мартөбеде және Сырдария облысының Ангрен қаласына жақын жердегі Күлтөбеде өткізіліп отырған.
Ел басқаруға төрелер мен сұлтандарды емес, ел арасында ерлігімен, батырлығымен көзге түскендерді қатыстырды, соларға арқа сүйеді және бұл елді орталықтандыруда, нығайтуда айтарлықтай нәтижелі болды. Бұл Тәуке ханның ел басқаруға енгізген өзгерістерінің бірі болды десек те болады.
Тәуке ханның жасаған заңдар жинағы «Жеті жарғы» деп аталды. Ол – қоғамдық қатынасты реттейтін заңдар топтамасы. Онда қарастырылған мәселелер: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Жеті жарғыны» кейбір зерттеушілер бастауын Шыңғыс ханның «Яссысынан» алады деп түйіндейді. Қалай десек те ол Қазақ хандарының жасаған алғашқы болып есептелетін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Хақназардың хақ жолы» аталатын заңдардың қоғамның даму ерекшеліктеріне сәйкестендіріле, толықтырыла жасалған жиынтық болып есептеледі. Бұл «Жарғы» ХІХ ғасырдың ортасына дейін қолданыста болып келді.
Тәуке ханның «Жеті жарғысы» көрші елдермен дипломатиялық қарым-қатынасар жүргізгенде «хан өзін қалай ұстау керек» деген мәселеге де жауап береді. Мысалы, орыс елінен 1683-1699 жылдары келген Федор Скибин, Матвей Трошин, Василий Кобяков сияқты дипломаттардың жазбаларында ол жайлы мәліметтер кездеседі. Атап айтар болсақ: елшіні қалай қарсы алу, қандай да мәселе көтерілгенде оған қалай жауап қату т.б. сияқты. Соның бірін келтіре кетейік: Орыс елшісі келіп, патшамыздан келіп тұрған елшіге бас киімін шешіп, өзі орнынан тұрып сәлемдеспедіңіз деген айып таққандағы Тәуке ханның жауабы былай болған-ды: «Отырған орнымнан тұра алмаймын. Ал қалпағымды басымнан алатын жайым жоқ. Құдайға құлшылық қылғанда да басымнан қалпағымды алған емеспін». Ал одан ары қарай: «Біздің мәртебелі патшамыздың, ұлы әміршілерімізден елшілік келгенде, түрік сұлтаны, қызылбастардың ханы және осы сияқты мәртебелі патшамыз бен әміршілеріміздің саулығы туралы елші сөзін орындарынан тұрып, қалпақтарын бастарынан алып тыңдайды» дегенде айтқан жауабы: «Түрік сұлтаны мен қызылбас ханы менен бір жері артық болған соң сөйте ме екен. Солар әуелі мендей ме екен?» деген екен.
Қазақ-орыс сауда және дипломатиялық қарым-қатынасын жақсарту мақсатында Тәуке хан тұсында орыс еліне 1686-1693 жылдар аралығында бес мәрте елшілік жіберіледі.
1694 ж. Қазан. Қазақ ханы Тәукенің Ресеймен достық қатынастарды жаңғырту туралы және Тобольскіде ұсталған Келдей мырзаны Қазақстанға жіберу туралы өтініп І Петрге жазған хатынан: «...Асқан мәртебелі тақ иесі және аса жоғары мәртебелі әрі ұлы өкіл және ие әрі құдіреті күшті ұлы ақ патшаға:
... Барынша басымды иіп тағзым етемін, ал Сіздің аса қасиетті ұлы мәртебеңіздің қайырымдылығына тағзым еткеннен кейін мынаны хабарлағым келеді. Тобыл уезіне ізгі мақсатпен елші қылып екі адам жібергенмін, оның біреуі қайтыс болды, ал менің қызметшім Келдей мырзаны онда ұстап алды. Ал Адам атадан осы кезге дейін елшіні ұры адам сияқты ұстаған мұндай істі естіген емеспіз. Ал енді сенің аса қасиетті ұлы мәртебеңізге Күлтебай Аталықовтың ұлы, өзімнің сенімді малайым Тайкөмір батырды жіберіп, сізден біздің өтінішімізге көңіл бөлуіңізді, осындай ұрлықшы жаман адамдардың істегені үшін ауызға да алмай, Келдей мырзаны босатуды сұраймын; ... Ал құдіретті тақсырдың уақыты болса, сіздің де, біздің де рақымымызбен елшілер мен сауда адамдары бұрынғысынша жүріп-тұратын болады, алдағы уақытта да сіз бен біздің жақсы атағымыз жайылып, сіздің де, біздің де рақымымызбен патшалықтарымыз арасында әрбір адамға барынша ізгілік жаусын...».
Қанша дегенмен орыс елі Қазақ хандығын осал жау санамай, олардан сақтану мақсатында жоңғарлармен қарым-қатынасын жақсартып, ХVІІ ғасыр соңы мен ХVІІІ ғасыр басында қазақ-орыс қатынастарында қиындықтар туындай бастайды. Бұл жөнінде біз мына бір құжаттан байқай аламыз. 1716 жылы 12 қыркүйекте Сібір губернаторы М. Гагарин Тобольскіге Қазақ ханы мен халқының атынан елшілері келгенінен хабардар етіп І Петрге жіберген хатынан көреміз. Міне, осы хатында қазақтардан қорқу керектігін де ескертіп өтеді. Назар аударайық: «...оларды Тобольскіге өздерінің ханы және бүкіл Қазақ ордасы әдейі жібергенін айтты, Сібір губернаторы ұлы мәртебелі патшаға жеткізсін, бізбен мәңгі-бақи тату тұрғымыз келеді деді, ал олардың ханы мен бүкіл Қазақ ордасы ұлы мәртебелі патша ағзамның адамдарымен барлық жерде татулықты қалайды екен. Осындай мақсатпен Қазанға да, Уфаға да елші жіберіліпті. Ал егер ұлы мәртебелі патшаның адамдарымен бірге... Үркіт қаласындағы қалмақ әміршісі қоңтайшыға қарсы соғысуға әмір берсе, ...бүкіл Қазақ ордасы... жиырма немесе отыз мыңымен әрқашан әзір тұрады дейді, және осының айғағы ретінде олардың адамдары қалмақтардан тартып алған ұлы мәртебелі патшаның офицерлерін көріпті және олардан қоңтайшының ұлы мәртебелі патшаға қарсы екенін естіпті. Және сол үшін бүкіл Қазақ ордасы сол офицерді әлгі өз адамдарынан сатып алып, өз хандарының айтуымен оларды өздерімен бірге ұлы мәртебелінің адамдарымен мәңгілік татулық, ал қоңтайшыға қарсы бірге соғысуды сұрау үшін әкеліпті...
Және ұлы мәртебелі Сіздің құзырыңызға мынаны хабарлаймын: олардың әлгі қалмақ әміршісіне көрші болуы және олардың оны әрқашан тонап келе жатуы себепті, тақты, оларға бұған, әрине, рұқсат етпеуге болмайды және, тақсыр, қазақ ордасынан төнетін қауіп қалмақтардың Аюке ханынан кем емес, ал қалмақ әміршісі әрқашан қауіп төндіріп келді».
Қазақ хандығы тарихында үш жүзге бірдей билік жүргізген соңғы хан осы Тәуке еді. Тәуке көрші орыс мемлекетімен, Бұхар хандығымен, қарақалпақтар мен қырғыздармен тату көршілік қатынасты сақтауға барын салды. Бұхар мен Қазақ хандығы арасында тек сауда байланысы дамыды, олар қазақтарға жоңғарлармен соғыстарында көмекке келмеді, ал қарақалпақтар салық төлеп, жаушылыққа аттанғанда әскер құрамында болды. Қырғыздар да жоңғарлармен болған әскери қимылдарға қатысып отырды.
Қырғыздардың қазақтарға бағынышты болғандығын Ш. Уәлиханов өзінің «Қырғыздар туралы жазбалар» атты еңбегінде былайша көрсетеді: «Ал енді Есімнің немересі, Жәңгірдің баласы Тәуке қырғыздардың биі ретінде басқарып отырған (қырғыздардың Тиес деген биі соған бағынған). Бүкіл рудың билеушілері есебінде Тәуке мен Тиестің аты Тәуке-Тиес деп бірге аталыпты»
Тәуке хан тұсында қазақтар саны 2-3 миллион адамға жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |