Әдебиеттер
1.simvol-veri.ru/xp/v-zashitu-xristianskoie-etiki-chast-2.html
2.www.gotquestions.org/Russian/Russian-Christian-ethics.html
3.ru.wikipedia.org/wiki/Христианская_этика
БҰРЫНДЫҚ ХАН
Әсләм Қасиет (ҚХР)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: Арыстанбекова Қ.Д.
ХV-ХVІІ ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихы – жеке мемлекет ретінде құрылуымен, хандарының елді билеу ерекшелігімен, өзіндік тарихи бедерінің күрделілігімен ерекшеленеді. Тарихи сахнаға Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, т.б. сияқты хандар шықты. Солардың бірі өмірінің соңында саяси аренада өзін жақсы қырымен көрсете алмаған, тағдыры аянышпен аяқталып, жат жерде қайтыс болған, қазақ хандығын 40 жылдай билеген – Бұрындық болды. Бұрындық хан өмірінің саналы бөлігі Қазақ хандығының құрылу және нығаю кезеңдерімен тығыз байланысты
Қазақ хандығы құрылғаннан, кейінгі екінші кезеңде Бұрындық пен Қасым сұлтандардың саяси аренаға шығуын байқаймыз. Бұрындық хан есімі алғаш рет тарихи деректерде екінші кезең оқиғаларына байланысты кездеседі. Алғаш қазақ хандығы жеке мемлекет болып, оны Керей басқарады, ол қайтыс болғаннан кейін Кереймен бірге еңбек сіңірген Жәнібек сұлтан хан болып, елді басқарады. Алғашқы екі ханымыз хандықты құруға барын салса, Бұрындық болса Жәнібек хан тұсында ұлыс басқарып, Жәнібек ханның жарлықтарын орындап жүрді. Осы жылдары Бұрындық есімі алғаш рет «хан» атымен жазба деректерге енеді. Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі алғашқы саяси даму жолы Бұрындық хан есімімен тікелей байланысты.
«Керей хан (қайтыс болғанан) кейін хандық таққа оның ұлы Бұрындық хан отырды. Жоғарыда аталған Қасым хан Жәнібек ханның баласы болатын әрі әкесі сияқты барлық іс жағынан Бұрындық ханды тыңдап, соған бағынатын еді».
Бұрындық Шыңғыс ханның ұрпағы. Шежіресін тарқатып айтар болсақ: Шыңғыс хан – Жошы – Орыс – Тоқтақия – Болат – Керей – Бұрындық. Бұрындық Керей ханның үш ұлының үлкені. Оның қашан дүниеге келгені, қай жылдан бастап ел басқарып хан болғаны жайлы деректер жоқ. Бұрындық жайлы деректер аздап қана кездеседі. Бірақ олар азырақ болса да Бұрындықтың саяси өмірге араласуы жайлы, өмірінің 40-50 жылдық кезеңі туралы мәлімет алуымызға көмектеседі.
1. Оның Қазақ хандығы құрылуының екінші кезеңіндегі атқарған ролі. Бұл шамамен 1469-72 жылдарда болған;
2. 1472-73 жылдардан ХV ғасырдың 90-шы жылдарының ортасына дейін, Қазақ хандығының батыста Ноғай мырзаларымен және оңтүстікте Сыр бойы қалалары мен өңірлері үшін күрестегі атқарған ролі;
3. ХҮ ғасырдың 90-шы жылдарының ортасынан ХVІ ғасырдың алғашқы 10 жылында Қасым сұлтанмен арадағы қайшылықтар. Шайбани ханмен одақтасу, қазақ қоғамындағы беделін жоғалтып, елден кетуі. Т.И. Сұлтановтың пікірі бойынша Бұрындық хан 1473-74 жж. билік басына келген. Оның есімі Қазақ хандығының алғашқы дәуірімен тығыз байланысты.
Бұрындық билік құрған алғашқы жылдары Қазақ хандығы едәуір күшейіп Орта Азиядағы мықты елдердің қатарына қосыла бастады. Ортағасырлық автор Рузби хан: «Қазіргі уақытта қазақтың ең басты ханы Бұрындық. Егер ол ұлысына әмір берсе тез арада мыңға жуық қаруланған атты әскер жинай алады... Оларда қару-жарақ пен азық-түлік, жылқы көп», - деп жазды. Ал Камал ад-дин Бинай: «Бұрындықтың әскерінің көп екендігі сонша санап тауыса алмайсың, оларды қыру мен қорғанудан пайда жоқ» деп, және әрі қарай «Бұрындық құмырсқадай құжынаған көп әскерімен Созаққа аттанды» деп жазды.
Қазақ хандығы мен көрші мемлекеттер арасында Сыр бойы қалалары үшін соғыстар үздіксіз жүріп отырды. Ол қалалар бірде қазақ хандары қолынан шығып қалса, екінші бірде қайтарып алып отырды. Сондай тартыстардың бірінде Мұхаммед Шайбани Түркістанға қайта оралып, Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйене отырып, Аркөк бекінісі мен Сығанақ қаласын басып алады. Алайда бұл уақытша жеңіс еді. Артынша Бұрындық сұлтан мен Махмұд сұлтан бастаған қазақтың біріккен әскерлері Қаратаудағы Соғынлық асуы түбінде, Созақ пен Сығанақ аралығында, Мұхаммед Шайбанидың әскерлерін талқандады. Бұрындық сұлтан Сығанақ қаласын қайтарып алды. Бұл шайқаста күйрей жеңілген Мұхаммед Шайбани Маңғыстауға қашып кетті. Сыр бойындағы қалалар қайтадан Қазақ хандығының қолына өтті.
Бұл күрес Бұрындық хан болғаннан кейін де жалғасын тапты.
ХV ғасырдың 80-ші жылдарында Жәнібек ханның тоғыз ұлының беделі өседі. Олардың ұлысы кеңейіп, қалалар солардың иелігіне қарайды.
ХV ғ. 80-90 жылдары Мауренахрда қайшылық үдей түседі. Себебі қазақтардың күшеюіне Моғолстан қарсыласып бағады. Бірақ моғол ханы Сұлтан Махмұт оны өз қолымен емес, Шайбани ханды айдап салуға тырысып, Мауренахрдың өзіне қаратқан аймағына Шайбани ханды билеуші етіп қояды. Қазақтар моғол ханының бұл ісіне наразы болып, екі ел арасында екі рет ұрыс болып өтеді. Екі ұрыста да қазақтар жеңіске жетеді. Бұл жеңістердің барлығына да Бұрындық ханның қосар үлесі зор.
ХV ғасырдың 90 -жылдарынан бастап Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұрпақтары арасында түсініспеушіліктер орын алады. Арадағы бұл қайшылықтың шығу төркінін тарих ғылымдарының кандидаты, доктор Б. Кәрібаев былай түсіндіреді: «Біздің ойымызша, қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдарының ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да, ауыр ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде Мауреннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті ол негізгі қарсыласы – Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді.
...Сонымен бірге Бұрындық хан Шайбани хан екеуі арасындағы одақтастықты тереңдету үшін екі қызын шайбанилық екі сұлтанға ұзатады.» Ал, бұған қарсы Жәнібек ұлдары Моғолстан ханымен одақтасып, Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша қазақ хандарының арасында бір-біріне қарама-қарсы екі күш пайда болады.
Бұл жағдайдың барлығы Бұрындық ханға жақсылық болып келмеді. Себебі хан болып ел басқара отырып, ел ішіндегі келіспеушіліктің орын алуына жол берген және осы екі топтың бірінің ішінде өзінің де қатысуы – хан беделінің түсе бастауының белгісі еді.
Бұрындық ханның одан кейінгі өміріне өзгерістер әкелген де осы Шайбани хан еді. Ол қол астына Моғол хандары Сұлтан Махмұт пен Сұлтан Ахмет ханды қаратады және қазақ жерін де өзіне қаратып бағындыруды алдына мақсат етіп қояды. Сөйтіп қазақ хандарына қарсы 1505-1510 жыл арасында төрт рет жорық ұйымдастырады.
Алайда, Бұрындық ханның бұл кезде жіберген қателігі алғашқы үш жорыққа да жауап қатпауы, тағы 1509 жылдың қысында орын алған үшінші жорық кезінде, жау әскерінің келе жатқанын ести отырып, ешқандай әрекетке көшпей қаша жөнеледі. Оның мұндай әрекет көрсетуін Б. Кәрібаев өзінің жоғарыда аталған мақаласында былай деп түсіндіреді: «Бұрындық ханның шарасыздық ісін, оның әдейі жасаған жоспарлы ойы деп түсінеміз. Жәнібек хан ұлдары неғұрлым әлсіресе, соғұрлым оның күші өсуі тиіс еді. Бірақ та бәрі керісінше шықты».
Бұрындық ханның билік еткен жылдарының соңында Шайбанидың тағы да жорығы болып өтеді. Ол енді Қасым сұлтан ұлысына бағытталады. Осы жылдардағы күресте Қасым ханның беделі арта түседі. Ол жайында М.Х. Дулати еңбегінде: «... Бұл кезде Бұрындық хан болып саналғанымен, хандықты басқару және толық билік Қасым ханның қолында болды». Халықтың басым бөлігі Қасым ханды қолдап, соның жағына шығады, ол өз бетінше жорықтар ұйымдастырып, елді жеке басқарады.
ХVІ ғасырдың алғашқы он жылының өзінде-ақ, Мұрындық бас хан болып тұрған кезде де, замандастарының айтуына қарағанда жігерлі әскербасы болған Қасым сұлтан Керей хан мен Жәнібек ханның толып жатқан ұлдарының ішінен оза шықты.
Және де Қасым ханның хан атанбай-ақ хандық деңгейге көтерілгенін, саяси аренадағы ықпалын М.Х. Дулати былайша көрсетіп береді: «Қасым хан тағына отырмай жатып-ақ оның үстемдігінің күштілігі соншалықты жоғары болғандықтан, Бұрындық ханды ешкім ауызға да алмайтын. Алайда Қасым хан Бұрындық ханның жанында болуды қаламайтын. Өйткені оның жанында болатын болса, оны құрмет тұтуға тура келеді. Егер де құрмет көрсетпеген жағдайда сынға ілінетін еді. ...Бұрындық хан Сарайшыққа қоныс тепті. Қасым хан одан мүмкіндігінше қашық жүрейін деп Моғолстан шекарасына кетіп қалды»
Одан ара Бұрындық ханның жағдайын Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде былай баяндайды: «... Сөйтіп Бұрындық ханға хандықтың атынан басқа ештеме қалған жоқ. Ең ақырында Қасым хан Бұрындық ханды қуып жіберді. Сонымен Бұрындық Самарқанға кетіп, жат өлкеде өлді».
ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақ хандығының іргесін көтеруде, оның Сыр бойы қалалары үшін жүргізген күрестері (бұл қалаларды экономикалық және әскери тірегіне айналдыру Дешті-Қыпшақ даласын билеудің басты тірегі болып келген еді), хандықтың күшеюіне қосқан үлесі, хандықты 40 жылдай билеуі тарихта өзіндік орнын алады. Алайда биліктің соңғы жылдарындағы жеке басының пайдасы үшін көптеген қателіктерге ұрынып, елін емес, өз басының қамымен көптеген қателіктерге жол береді.
Тарих - өткенді білу, саралау, болашаққа болжам жасап, қателіктерді қайталамау десек, Бұрындық ханның да өмір жолында кездескен ел басқарудағы ағаттықтары кейінгі ұрпаққа сабақ болуға жарарлық.
Достарыңызбен бөлісу: |