Сөз мағыналарының кеңею жолдарының мынадай түрлерін көрсетеді:
1. Бұрынғы мағыналарын сақтай отырып, мағыналарының кеңеюі. Мысалы: Айдар – 1. Адамның төбесіне қойылатын бір шоқ шаш; 2. Құстың төбесіне өсетін үстеме шаш; үстеме мағына – газет-журналдарда «бір тақырып төңірегінде ұдайы берілетін материалдардың жалпы атауы».
2. Жіктелу, сұрыпталу арқылы сөз мағынасының кеңеюі. Мысалы: Қозғалыс – 1. Іс-әрекет, қимыл, жүріс-тұрыс. 2. Философияда болмыстың өмір сүру тәсілі; өзгерісі, дамуы. 3. Ауыспалы мағынада жаппай наразылық, көтеріліс, ереуіл.
3. Туынды түбірдің мағынасының кеңеюі. Мысалы: қатынас сөзі осы уақытқа дейін тек «жол қатынасы» ретіне қолданылып келсе, қазіргі тілімізде тілдік қатынас, қоғамдық қатынас, әлеуметтік қатынас, саяси қатынас сияқты бірліктер термин сөздер мен қоғамдық-саяси лексиканың қатарын толықтыруда.
4. Сөз мағынасының бір жағынан тарылып, екінші жағынан кеңеюі.Мысалы: Құн – кісі өлтіргені үшін айыпкердің не оның руының мал басымен берілетін төлемі, ал туынды мағынасы – саяси-экономикалық термин ретінде «тауарды өндіруге жұмсалған қоғамдық еңбек пен материалдар шығынының жиынтығынан тұратын қаржы», яғни тауар құны мағынасында қолданылады.
5. Сөздердің тіркесуі арқылы мағынасының кеңеюі. Тіркес арқылы сөз мағынасының кеңеюін екі топқа бөлуге болады:
1. Байырғы сөздердің тіркесі. Мысалы: демалыс үйлері, балалар бақшасы, жарыс сөз, тұрғын үй, ұдайы өндіріс, дене тәрбиесі сияқты тіркестер байырғы сөздердің ықпалымен жасалған.
2. Аралас тіркес. Мысалы: бас инженер, аға ғылыми қызметкер, техникамен жарақтандыру сияқты тіркестер кірме сөздердің араласуы арқылы жасалған.
Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің тіліндегі кейбір сөздердің мағынасы ұмытылып, қазіргі тілімізде басқаша сипат алған. Мысалы: үчәк (ұшақ) сөзі орта ғасыр ескерткіштерінде «мұнара» мағынасында қолданылған: Үчәккә мұнда өзи «өзі мұнараға мінді». Ежелгі түркі тілінде дәл осы сөз болмағанмен «ұшы, шың, қанат» мағынасындағы үш түбірі бар: өлүм бир теңиз ол ұшы йоқ түпі «өлім – түбі мен шеті жоқ теңіз» Үчәк сөзі осы түбірден өрістеген туынды тұлға. Қазақ диалектілерінде кездесетін ұшпа (шың) сөзі осымен түбірлес әрі мәндес. Қазіргі таңда бұл сөздің мағынасы тарылып, екінші жағынан кеңіп «самолет» (ұшақ) мағынасын, ал тікұшақ сөзі «вертолет» мағынасын береді.
74. Құрмалас сөйлемнің коммуникативтік талапқа сай ұйымдасу ерекшелігі, құрмалас сөйлем компоненттерінің кірігуі, инверсияға түсуі, құрмалас сөйлем құрылысындағы ортақтасуды мысалдар арқылы дәлелдеңіз.