3 сұрақ. Зерттеліп отырған көрсеткіштерге талдау жасау, олардың өзара байланыстылығы мен заңдылықтарын анықтау және тұжырымды қорытынды жасау үшін нақты шамамен берілген көрсеткіштер жеткіліксіз болады. Сондықтан статистистикалық зерттеуде, нақты шамалармен қатар қатысты шамалар да қолданылады.
Қатысты шамалар деп қоғамдық өмірдегі әлеуметтік- экономикалық құбылыстардың сандық қатынасының мөлшерін көрсететін көрсеткішті айтады. Қатысты шама қорытындылаушы көрсеткіштің негізгі түрінің бірі болып саналады. Себебі оның нәтижесінде нақты шама көрсеткіштеріне талдау, қорытынды жасауға толық мүмкіндік туады.
Сонымен, статистикалық қатысты шамалар әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен процестерді бір-бірімен салыстыру кезінде олардың өзгеруін, дамуын, құрылымын анықтауға, тадауға мүмкіндік береді және сол берілген сандық көрсеткіштердің қатынасына, мәні мен мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Оған жататындар төмендегілер: жоспардың орындалуы, жоспарлық тапсырма, өсіңкілік, құрылымдық, үйлестік, үдемелілік (пәрменділік), салыстырмалылық, дәрежелік.
4 сұрақ. Жоспардың орындалуына қатысты шамалары берілген жоспардың қандай дәрежеде орындалғанын, яғни қаншаға өскендігін немесе кемігендігін көрсереді және өлшем бірлігі коэффициентпен беріледі.Ол көрсеткіштің нақты орындалған мәнінің жоспарланған мәніне қатынасы арқылы есептеледі және схема немесе формула арқылы өрнектеледі:
қазіргі уақыттағы нақты мәндерді / жоспарлық мәндерге * 100%
Жоспарлық тапсырманың қатысты шамалары дегеніміз, жоспар бойынша қоғамдық құбылыстар мен процестердің өткен уақытпен салыстырғанда қаншалық өсетіндігін немесе кемитіндігін бағдарлама арқылы көрсету болып табылады. Оны есептеу үшін көрсеткіштің жоспарланған мәнін өткен уақыттағы нақты мәніне бөлеміз және мынадай схема немесе формула арқылы есептейміз:
жоспарланған мәндерді / өткен уақыттағы нақты мәндерге * 100%
Өсіңкілік қатысты шамалар құбылыстың уақытқа байланысты өзгеру мөлшерін білдіреді. Өсіңкілік шамалар салыстыратын уақыттағы көрсеткіш мәнінің өскен уақыттағы бір мәніне қатынасы арқылы есептеледі, яғни уақытқа қарай құбылыстар мен процестердің өзгеру қарқыны немесе формуланы қолданамыз:
қазіргі уақыттағы нақты мәндер / өткен уақыттағы нақты мәндер* 100%
Құрылымның қатысты шамалары жалпы жиынтықтың жеке бөліктерінің үлесін көрсетеді, яғни ол арқылы құрылымның өзгеруін анықтауға болады. Мысалы, республикамыздағы барлық халықтың ішіндегі қала немесе ауыл тұрғындарының үлесі, топтағы үздік студенттердің үлесі, жоғары сортты өнімнің үлесі және т,б, Осыған орай , бұл қатысты шаманы үлестік қатысты шама деп те атайды. Оны есептеу үшін жиынтық жеке бөліктерінің мәнін оның жалпы жиынтығына бөлу керек.
Үйлестік қатысты шамалары деп жалпы жиынтықтың жеке бөліктерінің өзара қатынастарын айтады. Үйлестік қатысты шамаларды есептегенде жалпы жиынтықтың құрамдас бөліктерінің біреуін салыстыру негізі (базалық) ретінде алып, қалған бөліктерінің осыған қатынасын табады.
Үдемелілік (пәрменділік) қатысты шамалар аттас емес көрсеткіштердің қатынасын сипаттайды. Олар жинақтың әр түрлі көрсеткіштерінің қатынасын немесе бір-бірімен байланысты екі жиынтық көрсеткіштер қатынасының белгілі бір ортаға таралуын көрсетеді.
Салыстырмалы қатысты шамалары деп бір уақытта әр түрлі обьектілерге немесе әр түрлі аймақтарға жататын бір тектес, аттас шамалардың қатынасын көрсетуді айтады. Салыстырмалы қатысты шамалардың өлшем бірліктері коэффициентпен немесе процентпен беріледі және салыстырып отырған көрсеткіштердің бірбірінен қанша есеге көбейгендіін не азайғандығын көрнекті түрде көрсетеді. Сондықтанда, оны кейбір жағдайларда көрнекті қатысты шамалар деп те атайды.
Дәрежелік қатысты шамалар дегеніміз-әлеуметтік-экономикалық құбылыстардың даму немесе кему процестерін жан басына шаққандағы шығатын көрсеткіштермен көрсете білу. Мысалы, жан басына шаққанда келетін халық шаруашылығы өнімдерінің көлемі, ұлттық табыс пен ұлттық байлықтың көлемі және т.б.
Сонымен, жоғарыда көрсетілген нақты және қатысты шамалардың қайсы түрін қолдану керек екендігін анықтау үшін, сол берілген көрсеткіштердің сандық мәндеріне көңіл бөлуіміз керек және оның саралану маңызын анықтауымыз қажет.