2015 №1 (26)
арнайы шақыруымен, оның әлі де жер басып
жүрген ескілікті серігі – Зейнел Оспанов пен
жаңағы Айтмырза Түңлікбаев жауапқа
келтіріледі. Алайда, ауыл ішіндегі куәлігінде
Шәкерім қайткенде де бейбіт жағдайда атылып
еді деген Айтмырза, енді, Қарасартовты
көргенде шалқасынан түсіп, бейнелі сөз емес,
шын мәнісінде талып қалады. Және есін
жинағаннан
соң,
Қарасартовтың
бастырмалатқан дүмпуімен Шәкерім көтеріліске
қатынасты, атысып жүріп өлді деген бұрынғы
сөзін бекемдейді. Қанды ажал кезінде
Қарасартовтың орынбасары болған Зейнел
Оспанов та жалалы сөзді жақтап шығады.
Қызыл чекистердің қисынсыз ертегісі,
кейінде оған имандай сенген аңғал
зерттеушілеріміздің хикаясын айта берсе,
қызығы таусылмайды. Бажайлап талдап, тұтас
бір еңбек жазып шығуға болар еді. Әйтсе де,
бүгінгі қауымның жүйкесін тоздырмай
турасына көшейік.
Әуел бастан бәрі басқаша болған және
басқаша айтылатын. Сірә, жасақшы
жендеттердің бірінің аузынан аңдаусызда
шығып кетпегеннің өзінде, Қарасартов арнайы
іздетіп тауып, жолбасшы ретінде қасына
еріксізден қосып алған, бұрнада, саят кезінде
қағушы, көмекші болып, Шәкерімге көп қызмет
жасаған, Шақпақтың бар жықпылын білетін,
енді бар жағдайды көзімен көрген Жұмағали
деген кісі арқылы сыздықтап таралса керек.
Қажының тағдырына қайысқан жұрт көңілінде
орныққан әңгіме. Алдыңғылардан бізге жетті.
Енді Қарасартовтың осыған мүлде кереғар
сипаттағы қияли ертегісін алғаш естігенде
қайран қалған едім. Әйтсе де, арнайы қалам
тартудың орайы келмепті. Және, көзбен
көрмесе де, анығын білетін ақсақалдар бар,
жарияға шыға жатар деп ойласақ керек. Одан
беріде ширек ғасырға тақады, ендігі жерде іркіп
қалсақ, сөздің атасы ғана емес, қажының өзі де
екінші қайтара өледі екен. Арнайы тоқталуға
тура келеді.
Абай жазғандай, «ойдағы ел қырдағы
елмен арпалысып», жазғы жайлауға шығатын
Шақпақ – ескіше айтқанда, тобықты мен керей
қатарласа қонатын, табиғаты өзгеше, қоңыр
самалды, суы мол, көгі қалың, ойпаң аңғар,
белес-қыратты, аумағы ат шаптырым, өзгеше бір
жер. Қыста барлық ел көшіп, иен қалады.
Тобықты Шыңғыс асып, Бауырға түседі.
Шақпақтың қақ ортасындағы, Шәкерім өмірінің
соңғы жиырма жылы өткерілген – әуелгі
Кеңқоныс, одан арғы, кезінде Тұнық бұлақ,
кейінде Шәкерім шошаласы, немесе Саятқора
аталатын ұйытқы мекен оқшау қалады. Алайда,
барлық елден жырақ емес. Құнанбай заманынан
бұрын осы жердің бірден-бір иесі болған керей
ауылдарының іргесі тым тақау, айнала төңірегі
он бес-жиырма шақырым ғана. Шыңғыстың
арғы бетінен арнайы жүргінші келмесе,
ешқандай қатынас жоқ бұл тарапта алты қыс
бойы байланыс үзілмейді. Сондықтан да осы
Сырттағы ел Шәкерімнің күнделікті жағдайын
арғы бет – Бауырдағы жұрттан артығырақ білетін.
Қажы да өзінің бар қажетін осы тараптан алып
тұрған. Шәкерім ұлы Ахаттың кейінде жазғаны
бар, қажының қысқы соғым, артық азығын
Саятқорадан он-он бес шақырым жердегі
Байқошқар ауылына алдынала апарып қоятын
едік деген.
Әлейім-тәлейім заман басталғанда
қазақтың ең үлкен дүрбелең де осы басы асау
қауым, ілкіде ғана Шұбартау ауданы атанып қайта
құрылған Дағандел – керей болысында болған.
Бұл бір жазылмаған тауарих. Бастауы – «ақ
қашқан» заманға тіреледі. Сонау Ақмола,
Атбасардан бері шұбырып, Аягөз, Сергиополь,
одан әрмен Қытайға өтер жол үстіндегі жұрт
әуелде қайғы, қазаға ұшыраған. Ақыры, әйгілі
Шақантай батыр әулеті Бөдес қажы қыс көзі
қырауда Бақанас өзенінің бойындағы қыстауына
түсіп, жайлана қонған, ізінше зорлық-
зомбылыққа басқан орыстың отыз екі салдатын
түнгі ұйқы үстінде, қапияда байлатып алып,
түгелдей мұз астына жібереді. Қаншама қару
қолға түсті деңіз. Бұдан соң, қауіп ойлаған, әрі
ашынған ел тозғындап шұбырған ақтардың
төрт-бестеген, жеке-жарым кісілерін орайын
тауып өлтіріп отырған. Нәтижесінде, бейбіт,
момын жұрт айналасы екі-үш ай ішінде қан төгіп
үйренді және соншама винтовкаға ие болды.
Енді, одан да ауыр, өткінші емес, түбегейлі
дүрбелең басталғанда, манағы қару-жарақтың
бәрі іске қосылды. Ол да Шақантай батыр ұрпағы
Жабағытай, қасында Айдынкөл, Шалқар, Шәпет
14
ШӘКӘРІМТАНУ
2015 №1 (26)
деген, ағайындас серіктері бар, түгел бесатармен
қаруланған бірер жүз адамдық жасақ құрып, мал-
жаны талауға түсе бастаған елді Қытай
тарабына көшіріп, үш мәрте шекараның арғы
бетіне өтіп қайтады, 1931 жылы ақпан-наурызда
соған жалғас үлкен көтеріліс шығып, қарулы
жұрт Қарқаралы бет, Жорғадағы аудан
орталығын басып алады, балшабек басшыларын
қуып, өз өкіметін орнатып, ескі жорамен хан
сайлап, екі айға жуық уақыт бойы советтік
тәртіптен тыс болған; ақыры, бұл көтеріліс тек
қанға батып басылған. Осыдан соң, күзде
көршілес Шыңғыстау өңірінде де көтеріліс
шыққаны белгілі. Алаш ақсақалы Шәкерім бұл
оқиғалардың барлығынан да тысқары қалған.
Керісінше, мұндай наразылық тек қана
жамандыққа бастайтынын айтып, ақылға,
сабырға шақырады. Ел таныған кемеңгер қажы
әуелгі бір қыспақтан соңғы жерде де өз басыма
әлденендей қауіп бар деп ойламаған. Немесе,
қайткенде де сүйегім туған жерде қалсын деген.
Біздің ауылдағы қарттардың айтуынша,
Жабағытай елге екінші мәрте келісінде
Шәкерімге жақын інісі Шәпетті жіберіп, Советтен
кетіп, Қытай асуға ұсыныс жасайды. Аман алып
өтеміз дейді. Бұл – 30-жылдың жазы. Жабағытай
шынында да көп жұртты өзімен бірге көшіріп,
соңынан қуып шыққан қызыләскер жасақтарын
қырғынға ұшыратып, шекарада тағы да сәтімен
соғысып, аман-есен арғы бетке өтеді. Алайда,
бұл шеруге Шәкерім қажы ермей қалған екен.
Алла разы болсын айтыпты. Осындай ұсыныс
кейініректе тобықты тарапынан да болды деседі.
Заман тарыла түскенімен, мұны да қабыл
көрмейді. Қажының ұзақ ғұмырындағы ең
үлкен қателік екен. Ақыры, жаңа өкімет басын
жойып тынды.
Неге, не үшін деген сауал орынсыз. Совет
тәртібін қолымен орнатқан көсем, байырғы
балшабектердің өзі қудалана бастаған заман.
Осының алдында ғана бұрынғы Алаш
қайраткерлері түгелдей қамауға алынған. Біразы
атылып, көпшілігі каторгаға айдалған. Енді ел
ішінде Шәкерім сияқты беделді, дуалы
ақсақалдың аман-түгел жүруі қисынға
келмейтін. Басқасын былай қойғанда, Алаш
Орданы қолдаған, Семейде, үлкен жиындарда
төрде отырған Шәкерім де тірі қалмауға тиіс еді.
Әлбетте, дәл сол бір сәтте жергілікті биліктің
қолында көп нәрсе тұрған. Жоғарыдан Шәкерім
атылсын деген тікелей жарлық болған жоқ,
бірақ қайткенде аман сақтаңдар деген нұсқау да
түспегені анық. Шыңғыстау өңіріне сол жылы,
июнь айында келген қандышелек Қарасартов
Шәкерім мәселесін де өзінше шешеді. Яғни,
көзін құрту керек. Бұл үшін қатал жауап
тұрыпты, ешқандай ұрыс, сөгіс естімесін де
жақсы білген. Керісінше, тасы өрге домалаған.
Бұған Шәкерім қазасынан соңғы қызмет жолы
– әуелде Жарма, одан соң Егіндібұлақ,
Қарқаралы аудандарында, қанды террор ең бір
күшейген жылдарда Кепеудің бастығы, яғни бас
жендет қызметінен таймай, пәрменді жұмыс
атқарғаны айғақ. Бұдан бұрын Бесқарағайда
болған Қарасартовтың толқынып тұрған
Шыңғыстауға жіберілуі де кездейсоқ емесін
көреміз. Таңдаулы чекист ең шатақ аймаққа
аттандырылыпты.
Жоғарыдан түскен советтендіру саясаты,
соған орай ел ішіндегі белсенді балшабектердің
талау-тонау, зорлық-зомбылығы нәтижесінде
бұрқ еткен қарусыз көтеріліс қанға бөкті.
Қарасартовтың айрықша бір үлесі – осы. Енді,
дүрбелең тоқырап, әйткенмен біржола
тыншымай тұрған бір кезде арнайы жасақпен
тура аттанды. Кейінде айтқанындай, әлдебір
бандыны іздеп емес. Нақты кісінің белгісі
мекеніне. Шақпақтағы Шәкерімнің өзіне.
«Көтеріліс көсемін» жойса, бір шаруа сәтімен
біткен болады. Жоғарғы рапорт, одан соң
мақтау, марапат...
Дәл сол күні қажы жалғыз екен. Белгілі
Әупіштен соңғы бақыршы серігі – Жарқымбай
деген жігіт болған. Алдыңғы күні ертемен азық-
түлік қамы, не басқадай бір қажет шаруамен
Байқошқардағы ауылға кеткен екен деседі.
Қисынына қарағанда, Жарқынбайдың Шәкерім
қасынан табылуы әлде 28-29-жылдары, әлде
31-жылға қараған қыс айлары. Айтылмыш
уақыттан көп бұрын, ел іші біржола бұзыла
бастағанда қайтарылған тәрізді. Қайткенде де
қажы Саятқорада жалғыз. 1931 жыл, қыраулы,
қарасуық қазан – 2 октябрь екен.
Қажыны орнынан басуға асыққан
Қарасартовтар күн шығар-шықпаста, таң
азаннан жетеді. Бұл топтағы, кейіннен аты
15
ШӘКӘРІМТАНУ
2015 №1 (26)
мағлұм болған кісілер: аудандық Кепеу
орынбасары Зейнел Оспанов (1959 жылы әлі
тірі), Әбдірейім Шәріпжанов, Айтмырза
Түңлікбаев (1959ж. бар), Жұрттыбек Мешелов,
Мәуітхан Баймышев (1959 ж. тірі), Жақыпжан
Бармақов және Рахметолла Халитов дегендер.
Ұзын саны жиырмаға тарта қарулы чекист.
Әдетімен ерте тұратын Шәкерім әлде аң
қарау, әлде сейіл, атын ерттеп қойыпты,
мойнында ағылшын мылтығы (тәрізі,
винчестер), жазалаушы әскер дәл ірге, төбенің
тұмсығынан шыға келгенде, енді ғана атқа
қонғалы жатыр екен дейді. Үзеңгіге аяғын салып,
көтеріле бергенде ажал оғы келіп жетеді. Әлде
қарт ақын атысады деп қауіптенеді, әлде тұра
қашып, әуреге салады деп алдын алды, әйтеуір
қапелім қимыл. Сірә, кейінде сүйегінен таңбасы
танылған екі оқ қатарынан атылды. Бәлкім, тура
тиген екі оқтан басқа тағы бірнеше оқ шықты.
Қажы атынан аударылып құлайды кейбіреулер
айтқандай, әуелгі жарақаттан соң жауаптасу
болмағаны анық. Зады, тіл тартуға шамасы
жетпесе керек. Қарасартов пен оның
жақтастарының айтуынан мүлде басқа жағдай.
Осы әңгімені маған өз аузынан, ес білген
бала кезімнен, ересек жеткін, одан соң біршама
танылған қаламгер болғаныма дейін әлденеше
рет айтқан үлкен әкем Мағауия (1889-1947)
арман қылып отырар еді. Әттең, қажы мүлде
қамсыз қалды ғой, Кепеу бір сәт бұрын, немесе
аз-маз кейін келсе, теріс пиғылды бірден аңдап,
атысар еді, ғаламат мерген, құтылып кетуі ғажап
емес, одан әріде Жабағытай, Шәпетпен бірге
Қытай асу оңай, тым құрыса, жастығын ала
жығылар еді деп.
Шәкерімнің ұлы Ахат бұл кезде Семей
түрмесінде отырған. Әке өлімі туралы ұзынқұлақ
әңгіменің әуелгі нұсқасын ғана естиді, қаралы
жыр жазады. Ал отыз жылдан соңғы жаңа бір
толғауында ақынды «аңдып жүріп атты» деп
нақтылап айтады. Және қанды оқиға Саятқора
іргесінде болғанын аңғартады. Шәкерімнің қызы
Гүлләрдің, тәрізі, кейінде өзгеріс, өңдеуге түскен
жоқтауында да қорада жалғыз отырғанда оққа
ұшты деген байлам бар. Шыңғыстың Сырты,
Шошаламен іргелес Байқошқар, Бақанас
атырабының байырғы тұрғындары арасында
қалыптасқан пікір де осы түйінге тірелетін.
Қашқын бандылармен бірге жүріп, Керегетаста
ажал табуы – кейінде ғана таралған әңгіме.
Шәкерімге қатысты талай құпияны
көңіліне түйіп кеткен бір адам – ақынның ең
соңғы бақыршы серігі Жарқынбай. Әупіш
сияқты, ол да керей, қожагелді табынан. Бізге
аталас ағайын болып келетін. Мен мектептің
жоғарғы кластарында оқыған кезімде Баршатас
ауылында тұрды. Көзі үлкен, шекесі шығыңқы,
қысқа мұрт, шағын, жирен сақалды, сары шал
еді. Қонақта, әртүрлі жағдайда талай көрдім,
әйткенмен, аузын ашып сөйлегенін білмеймін.
Төмен қарап, томсырайып қана отыратын.
Шәкерім атылғаннан соң ұсталып, абақтыға
жабылып, көп азап шегіпті десетін. Бірақ дәл сол
сәтінде қасында болмаған және нақты айып-
айғағы жоқ, әрі кедей, жалшы есепті, пәлеге
ұшырамай, аман құтылыпты. Жәкең мен елден
кеткен соң, 1960 жылдар шамасында дүниеден
озса керек.
Бала кезінде Абай ауылымен аралас, ал
дәл іргеде отырған Шәкеріммен қыста да, жазда
да байланыс, қатынасын үзбеген біздің Мағауия
ақсақал да (ол кезде, әрине, қырыққа жаңа ілінген
жігіт ағасы) тергеуге түсіпті. Өзіме арнап айтқан
емес. Тіпті беріде білдім. Шыңғыстау жұрты
совет заманының өзінде Шәкерім атын ақтап алу
үшін әлденеше рет талап жасаған ғой. Соның
алғашқысы, 50-жылдардың соңы тәрізді. Әуелде
Шұбартау, кейінде Абай аудандарында басшы
қызметте болған Рымқан деген ақсақалдың
аузынан естіген едім. Көнекөз қариялар атынан
ғарыз-хат ұйымдастырылды, Шәкерім
жазықсыз, нахақтан кетті, енді ақталса, өлеңдері
басылса деген тұрғыда. Біздің ақсақал қол
қоюдан бас тартыпты. Ештеңе шықпайды, бәрі
бос әуре, дейді. Қажының батасы тигені рас, ал
азабын да көтергенімді кім біледі. Адам бәріне
шыдайды екен, бірақ тырнағымның көбесіне біз
тыққанын ешқашан ұмыта алмаймын. Аруақ
риза, қарызым жоқ, мені қинама деп айтты дейді.
Біздің ақсақал мен ес білгенде Абайдан соң
Шәкерім есімін атайтын. Ол кезде баспа жүзінде
тым көп тарамаған Абай өлеңдерін түгелге
жуық жатқа біледі, Шәкерім шығармаларынан
көңілге түйгені көп. Әжемнің сандығының
түбінде Құран және ескілікті тағы төрт-бес
кітаппен бірге Шәкерімнің «Қалқаман-Мамыр»
16
ШӘКӘРІМТАНУ
2015 №1 (26)
жинағы болатын. Атам бәрін жадына
түйгенімен, баз-базында қолына алып,
мақамдап оқып отырады. Мен де бірден жаттап
алдым. «Еңлік-Кебекпен» қоса. Бес-алты жаста
едім, тым мақтаншақ болсам керек, үйге қонақ
келгенде Абайдан бастаймын, ал сұрау түссе,
Шәкерімді де ағылтам.
Әжем де, атам да кішкентай кезімнен-ақ
менімен үлкен кісідей сөйлесер еді.
«Дубровский әңгімесін» алғаш рет әжемнен
естідім. Жартылай өлең, жартылай қарасөз
түрінде. Көбінесе күні кешегі ашаршылық пен
дүрбелең турасынан айтады. Ал атам елдің
ескілігіне қатысты әңгіме қозғайды. Өткендегі
хандар мен батырлар және билер, ақындар.
Кешкілікте, дастархан басындағы тыныста
Абайды, немес Шәкерімді қоңыр күңгір
даусымен, толғана тақпақтап отыратыны бар
еді. Сонда да, кейін де «Қайғысыз, қамсыз
күндеріме» әлденеше рет оралғаны есімде.
Әнімен айтады және әрбір жолы: «Қаласың қай
сайда..» деген тұста іркіліп тоқтар еді. Білген ғой,
жарықтық. Ақыры, қай сайда қалғаны да
белгісіз, дейтін күрсініп.
Қазір бәрі де белгілі. Қарасартов атылған
ақынның мәйітін осыдан азғана бұрын ірге
теуіп, қора-там салып орныққан Бақанас
ауылына алып келді. Тақау іргедегі Байқошқар
жұртын қоса жинап, Шәкерімнің жансыз
мүрдесін көп алдына жайып салып, оның
жаулық істерін әшкерелейді және советтік тәртіп
турасында қатқыл уағыз айтады. Кеш батады.
Түн түседі. Ертеңіне ақынның денесі ұшты-күйлі
жоқ болып шығады.Үйлерінде ұйлығып, зәресі
ұшып отырған жұрт ештеңе білмейді. Әйтсе де
бір кісі түн ұзақ баспалап бағып жүріпті. Әнет-
Баба ұрпағы Керімқұл деген ақсақал. Өзеннің
арғы қабағы, ауылдың қарсы бетінде суы
қайтқан құр құдық бар екен, қажының сүйегін
сонда апарып, асығыс-үсігіс көмгенін аңдап
қалыпты. Бірақ ешкімге тіс жарып айтпаған. Сол
кезде ме, әлде көп кейін бе, құпия жағдайды
Қабыш деген баласына ғана білдіріпті. Бұл
Қабыштың да аузы берік болып шығады.
1947 жыл, мен жеті жасқа толдым, енді
мектепке баруым керек екен. Атам
Жезқазғанмен шекара бет, алыс отардағы
шаруасынан босап, сентябрьдің аяғында аудан
орталығы Баршатасқа көшіп келдік. Аға, яғни мен
мойындамайтын туған әкем Мұқан орта
мектепте әдебиет пәнінің мұғалімі болып
орналасқан екен. Мен мектепке бір-ақ күн
барып, оқуы да, тәртібі де ұнамай, қайыра
шықпадым. «Онсыз да бәрін біледі, ендігі жылы
екінші класқа барады», - деді атам мені қостап.
Сөйтіп, үйде, еркіншілік жағдайда жүріп жатқам.
Қар түсіп, күн суытқан бір күні, сірә, қараша мен
желтоқсанның шегі, кешқұрым, аттарын ақ
қырау басқан екі жолаушы келіп түсті. Біріншісі
– естуім бар, біздің әулетке үлкен атасынан бері
жиен, Қатпаның ұлы Мырзашүкір деген кісі,
екіншісі – ол да бұрыннан сыралғы Керімқұлдың
Қабышы екен. Соңғы төрт-бес жыл бойы
шалғайда болған менің атама сәлем бере келіпті.
Мырзашүкірдің бір көзі кеміс, сондықтан да
әскерге бармай, аман қалған, ал Қабыш –
қараторы, өңі салқын, тәкаппар көрінеді.
Қырғын соғыс, ғаламат қиындықтан соң
елдің жаңа ғана ес жия бастаған кезі, таршылық
заман болса да, көңілі кең, күн сайын ойын-
сауық, шай ішіліп, ет желініп болды ма, есімде
жоқ, көп ұзамай-ақ біздің үш бөлмелі үй аузы-
мұрнынан шыға үлкен-кіші, жігіт-желеңге толып
кетті. Екі қонағымыз да әрі әнші, әрі күйші екен.
Қандай ән, қандай күй, нақты айта алмаймын,
әйтеуір мен бұрын естімеген «Тепеңкөкті»
әңгімелеп барып, күйдің өзіне көшкенде Қабыш
ағаның бір орында отыра алмай, домбыра
әуенімен қосыла тепеңдеп, малдас құрған
қалпында төрден ортаға шығып кеткені есімде
қалыпты. Сырты суық болса да, қалжыңбас,
ойынпаз кісі екен. Арада көп ұзамай біз атам
екеуіміз шана жегіп, өзіміздің ата қоныс –
Көпбейіт – Ескі жұртқа келдік, оған жалғас
Байқошқар ауылы, ақыры арғы жағы – қозыкөш
жердегі Бақанас ауылына ат басын тіредік.
(Манадан бері айтқанымыздай, Шәкерім өмірінің
кейінгі кезеңіне тікелей қатысты, сонымен қатар
«Бақанас, Байқошқардың көп сабазы...» деген
өлеңде аталатын елді мекендер). Мырзашүкір
жиеннің үйінде жаттық, Абай атама біраз
жылдар бойы өз қолымен шай құйып берген
Мақып әженің қолынан дәм таттым. Қабыш
ағаның үйінде қонақта болдық... Мұның бәрін
айтып отырғаным, біздің Мағауия ақсақал
Қабышпен ежелден біліс, сыйлас аға, сенімді,
17
ШӘКӘРІМТАНУ
2015 №1 (26)
сөзіне берік кісі, бірақ Қабекең бұрын да, кейін
де тіс жарып, сыр ашпаған, құпияны өзінің
көкірегінде ғана сақтаған.
Ақыры, отыз жыл бойы тұмшаланған
керемет зұлымдықтың түйінді шешімін сыртқа
шығарады. 1961 жылдың ерте көктемі,
Шыңғыстың қыр жотасы қардан тазарып, жол
ашылғанда Бақанас ауылына Шәкерімнің бел
баласы Ахат ақсақал келеді. Отыз жылдан соң
туған елін алғаш көрген сапары. Құрқұдықтың
құпиясы сонда ғана ашылыпты. Ахаң да өзінің
шешімін ішке түйіп, ешкімге ештеңе айтпайды,
әлдекімдерге күмән туғызбас үшін атаусыз
моланы да көп айналшақтамай, ағайын
жұртымен риясыз қауышып, қасында екі-үш кісі
бар, әуелі Шақпақтағы Кеңбұлаққа, одан соң
Шошалаға барыпты, қайтар жолында төмен
түсіп, іргелес Байқошқар ауылына, біздің
ақсақалмен көрісуге келіпті. Арада отыз жыл
өткен, қажы қайғылы қазаға ұшырады, қалың ел
аштан қырылды, қуғын-сүргін, тағы қаншама
ғаламат, әйткенмен ақыры аманшылықта
кездесті, екеуі сағына табысып, шешіле сөйлессе
керек қой. Біздің ақсақал әуелде таңырқай
мейірленген шығар, бірақ томсарып отырып
қалыпты, тек біраз уақыттан соң ғана есендік,
саулық жайын сұраса керек. Ахат ақсақал үлкен
асты күтпей, жеңіл шай ғана ішіп, қасындағы,
олар да жақсы таныс кісілерімен бірге қайтадан
аттаныпты. Көп ұзамай хабарласам, депті. Және
айтыпты: енді не арман бар, итжеккенге
айдалған балаң аман-есен қайтыпты, мен
көрмеген немерең жігіт болыпты, Алматыда
оқып жатқан көрінеді, жанымыз кімнен артық
еді, бұл күнге жеттік депті. Көріскенше күн жақсы
деп, қауыша құшақтасып айрылысқан екен.
Ауылдан шыға бере қасындағы серіктеріне
қарата айтыпты: жиен қартайыңқырап қалған
екен, ұзағырақ отыру ауыр болатын еді, деп.
(Ахат ақсақал бұдан соңыра да, Бақанас,
Шақпаққа қайыра келген бір жолы арнайы
соғып, екі қарт өткен-кеткенді еске түсіріп,
әжептәуір әңгімелесіпті, - атамның өзі айтты:
және Жидебайдағы Абай музейінде қызмет
атқарған кездерінде Шұбартау жақтан барған
жұрттан үнемі сұрастырып отырады екен, -
Баршатаста
тұратын
Уәлихан
Бейсенбайұлының куәлігі). Әлгі сөзді кейін
естідім. Және мәнісін де нақты ұққан сияқтымын.
Мен атамның жайын жақсы білем. Мінезі қатты,
діні берік кісі. Өмірі, қандай қайғы, қасіретте де
тіпті жалғыз ұлы, яғни менің көкем ұсталғанда,
одан соң, елу жыл отасқан бәйбішесі – қайран
әжем құсадан дүние салғанда көңілі босаңсып
көрмеген. Енді, өткен өмірдің айғағы, өліп барып
тірілген Ахат төбеден түскендей, күтпеген
жағдайда алдынан шыққанда, ашылып сөйлей
бастасам даусым дірілдер, бәлкім, көзіме жас
келер деп қауіптенсе керек. Шынында да,
қызығынан қиындығы мол бар өмірін өткерген
екі кәріге қу тірліктен басқа не қалды.
Қалыпты. Біздің ақсақал менің алаш сөзін
ұстаған азамат болғанымды көрді. Ал Ахаң
өзінің өмірлік ең басты мұратына жетті.
Ахат Шәкерімұлы арада екі ай өткенде
ғазиз әкесінің Құрқұдық түбінде отыз жыл
жатқан сүйегін қазып алуға арнайы келеді.
Біздің ақсақалға жедел хабаршы жіберіпті.
Осылай да осылай, қажының жатқан жері
табылды, ертең қазып бастаймын, алдын көріп
еді, әкесіндей болып еді, менімен бірге сүйекке
түссін деп. Бақанас пен Байқошқар ауылдарының
арасы небәрі тоғыз-он шақырым. Бір күнде екі
барып, үш қайтуға болады. Бірақ бұл кезде біздің
ақсақал Шыңғыстың бір сілемі Ақшатауға,
жайлауға шығып кеткен. Тым алыс емес,
жиырма шақырымдай. Машина үшін жарым
сағат, атты кісі үшін бір сәскелік қана жер. Тек
хабары жетуі керек. Хабар жетпейді. Алабөтен
ашаршылық, куғын мен сүргін – қиыншылық
заманда жақсысы кетіп, жаманы қалған,
қазақшылық барлық қасиеттен айрылып, күні
бүгінге дейін ешбір оңалмаған, кісі сыйлауды
білмейтін кәдесіз ауылымыздың басшыларына
да, басқасына да не керек. Әлдебір халық
жауының қашқын баласы екінші бір, бейсауат кәрі
шалға сәлем айтады, өздері кім, сөздері кім...
Өстіп, Мағауия ақсақал қажының сүйегіне түсе
алмай қалған. Өкініш өз алдына, Ахат ақсақалға
қиын болыпты. Көлденең ешкімнің қолын
тигізбей, бар шаруаны жалғыз өзі атқарған.
Сол жылы мен әдетімше, жазғы емтихан
сессияның мезгілінен бұрын өткеріп, ауылға ерте
қайттым. Мамырдың соңы, маусымның басы
болса керек. Атамның қасында үш-ақ күн болып,
Жезқазған тарабындағы қиыр шет – Қара-Ирек
18
ШӘКӘРІМТАНУ
Достарыңызбен бөлісу: |