1.3 Жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттары Қазақстанда құқықтық мемлекеттiлiктiң негiзi қаланып, қалыптасу процесi жүрiп жатқанда әдептiлiк-құқықтық мәдениетiмiзге, құқықтық тәрбиеге де талап арта түсерi хақ. Құқықтық тәрбиенің мәні мен оның қоғамдағы рөлі динамикалық құбылыс ретінде өзгеріп, толығып, дамып отырады. Құқықтық тәрбие қамтамасыз етілмеген жерде шынайы бостандық пен жеке тұлғаның қауіпсіздігі, азаматтық белсенділіктің болуы мүмкін емес.
Құқықтық тәрбиесі жоғары азамат құқықтың әлеуметтік құндылығын мойындай отырып, өзіндік мінез-құлқын меңгереді және өзін дұрыс бағыттай алады. Бұл қазіргі қоғамда ерекше маңызды болып табылады. Құқықтық мәдениетті әлеумет өмірінің берік негізі – заңдылықты сақтау мен құқықты қорғау амалдарын нақтылы түрде нығайту арқылы ғана дамытуға болады, өйткені демократия дәуірінде мемлекет тек құқықтың билігі мен заңды орнататын қуатты құқықтық базаға ғана сүйене алады. Бұл орайда заңдылықтың іс жүзінде сақталуы мен құқытың қорғалуы, өз кезегінде, құқықтық мәдениет деңгейіне тікелей байланысты екендігін де айта кету керек. Бұл бағытта, бүгінгі таңының ең өзекті мәселесі – құқытық мәдениетті дамытумен қатар елдегі құқық қорғау ұйымдарының қызметін жақсарту қажеттігі болып отыр.
Ата-бабаларымыздың үлгi-өнегесi, өркениеттi талғамы мол болғанын бiзге мұраға қалдырған рухани байлықтарынан бiлемiз. Өкiнiшке орай, көп жылдар билiк еткен тоталитарлық басқару жүйесiнiң қысымы мен қыспағы, езгiсi тiлiмiзден, дiнiмiзден, дәстүр-салтымыздан, әдептiлiгiмiзден айыра жаздады.
Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру мәселесін теориялық зерттеу нәтижесі оларды бағалау тәсілдері мен мүмкіндіктерін таңдау, бұл процестің тиімділігін қамтамасыз ететін педагогикалық шарттарды тексеру мақсатында тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың негізіне алынды.
Жеткіншектердің құқықтық тәрбиесінің механизмі, формасы мен құралдарын қарастырар болсақ, құқықтық тәрбие жүйесі – белгілі бір тәртіп пен ұйымдастыруды қамтамасыз ететін құқықтық тәрбие үдерісі элементтерінің жиынтығы. Ол, бір жағынан, тәрбиеленушілердің әр түрлі категориясын, екіншіден, құқықтық тәрбиелеушілік функцияны атқаратын мемлекеттік органдардың іс-әрекетін қамтиды. Сондықтан құқықтық тәрбие жүйесіне субьект (құқықтық тәрбиелік іс-әрекетті жүзеге асыратын органдар, ұйымдар, т.б.), обьектілер (жеке адамдар мен халық топтары) ретінде арнайы құқықтық құрал мен әдістерді пайдаланып жүзеге асырылатын іс-шаралардың жиынтығы жатады.
Құқықтық тәрбие механизмдері – құқықтық тәрбиелік үдерістің ішкі қондырғысы, тәрбиеленушінің (индивид, өоғамдық топтың) құқықтық санасында қоғамдық санадағы идеялардың алмасу механикасы. Құқықтық тәрбие механизмінде төмендегі тізбекті бөліп көрсетуге болады:
- қоғамдық құқықтық сана;
- құқық нормаларының жүйесі;
- құқықтық тәрбиенің формалары мен құралдары;
- тәрбиеленушілердің құқықтық санасы, оны қоғамдық сананы құрайтын идеялармен байыту.
Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруді әр түрлі құралдар арқылы жүзеге асыруға болады, материалдық (нормативті-құқықтық актілер және құқық нормасын қолдану, газеттер, журналдар, телеарна, кино, т.б.) және ауызша құралдар (дәріс, әңгіме, семинар, т.б.).
Сонымен бірге құқықтық тәрбие құқықтық мәдениетті қалыптастырудың негізгі жолы. Бұл үрдісте, ең бастысы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби құқықтық мәдениетін арттыру керек. Ол нақтылы әлеуметтік ортада, жалпы әлеуметтік-құқықтық мәдениетпен бірге қалыптасады. Қоғамдық құқықтық мәдениеттің принциптері, категориялары мен идеялары құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін құқықтық нормаларды танып-білуге, өз кәсіби қызметін заң талаптарының дұрыс әрі біржақты орындалуын қадағалауға бағыттайтын идеологиялық құрал ретінде қолданылады.
Шынайы заңгерлік тұрғысында, «Қазақстан Республикасының құқықтық саясат Концепциясына» сәйкес негізгі басым бағыттар – қылмыстарды болдырмау және олардың алдын алу, қылмыспен күрес, жедел іздестіру қызметін жетілдіру, қалыптасқан шұғыл жағдайға байланысты әрекет ету, ақпараттық қамсыздандыру мен сараптамалық жұмыстың деңгейін арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту болып табылатыны белгіленген. Жеткіншектердің құқықтық тәрбиелігінің артуы әлеуметтік қатынастарда айқындалып бітпеген экономикалық және саяси жағдайларда жүзеге асады. Мұндай жағдай қоғамдық санаға айырықша әсер етеді. Бұл өз кезегінде құқықтық сана-сезімі мен құқықтық мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Жастарды құқықтық сауаттылыққа тәрбиелеу – олардың қылмысқа ұрынбауына, өмірдің тиімді жолдарын өз бетімен шешуге үйренуіне, қолайсыз көріністерге бой алдырмауға жетелейді.
Құқықтық білім берудің міндеті – барлық іске жауапкершілікпен қарайтын, өз құқығын жете меңгерген, заңдарды ұғынып қана емес, сонымен бірге сыйлай білетін, құқықтық мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол, білікті маман даярлап шығару.
Еліміздің құқықтық мемлекет құру жолында бастаған игі істерінің бірі құқық негіздері пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді даярлап шығару. Бұл кеңестік құқықтық жүйенің күйреуінен кейін қолға алған шаралардың бірі.
Білімді адам санатына қосылу үшін қазіргі жеткіншектерге негізгі пәндерді игеру және талдау қабілетінің сауаттылығы аздық етеді. Ол өмірдің әр тетігіне үңіліп, тығырықтан шығар жолға даяр болуы қажет.
Иә, жеткіншектерді осындай жолға даярлауда мемлекеттің алатын орны, рөлі өте зор. Әлеуметтік - экономикалық дамуды мәдениет тұрғысынан қамтамасыз ету мәселелері қоғамда көптеген міндеттерді шешуді алға қойып отыр. Сол мәселелердің ішіндегі өзектісі болып - құқықтық тәрбие табылады.
Құқықтық мемлекет – ұзақ тарихи дамудың жемісі. Ол үрдіс күрделі, қиын, әрі сан – салалы және мол қаржыны, жалпы мемлекеттік деңгейдегі ұйымдық – құрылымдық шараларды, бүкіл педагогтар, зиялылар қауымының қажыр – қайратын, рухани ізденістерін қажет етеді. Демек ел, ұрпақ тағдыры үшін маңызы мен жауапкершілігі айрықша білім беру ісіне барлық деңгейдегі мммемлекеттік органдардың бетбұрысы, қамқорлығы керек. Бұл жөнінде Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2030» жолдауында негізгі бағыттарды көрсетіп берді. Сол бағыттардың бірі – жоғарғы құқықтық сана мен құқықтық мәдениет. Осы екі элементтің іргетасы азаматтарда алдыменен отбасында қаланса, содан кейін мектеп қабырғасында жалғасады.
Зерттеу жұмысымыздың бағытына қарай елбасының бұл шығарған қаулысының маңызы өте зор болды. Өйткені, аталған қаулыны басшылыққа ала отырып, ондағы қойылған талаптарды орындау барысында тіпті құқық қорғау органдары қызметкерлерінің де біліктілігі арта түседі. Сол кездің өзінде-ақ әділет басқармаларында арнайы бекітілген кестелер бойынша қолданыстағы заңдарды және нормативтік құқықтық актілерді оқып, игеру үшін семинар сабақтар жүргізіліп, бүгінгі таңда баршаға құқықтық сауат беру жұмыстарына кеңінен көңіл бөліп отыр.
Осы орайда 5-9 сынып оқушыларына құқықтық тәрбие берудің педагогикалық шарттарын қарастыруда жалпы педагогика ғылымындағы қалыптасқан тәжірибеге назар аудардық.
Біздің негізгі зерттеу обьектіміз жалпы білім беретін мектептің оқу-тәрбие процесі болғандықтан, оның өзіне тән ерекшеліктеріне, соның ішінде сынып және сыныптан тыс жұмыстар мен тәрбиелік іс-шараларға, оның құқықтық тәрбие берудегі функцияларына баса назар аударылды.
Біз зерттеу жұмысымызда жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруде тұтас педагогикалық үдерісті алып отырмыз.
Жалпы білім беретін орта мектептегі жеткіншектердің құқықтық тәрбиелілігі негізінен оқу-тәрбие үдерісінің негізінде қалыптастырылады. Әрине, олардың әрбір саласының өз орындары, ерекшеліктері, функциялары да алуан түрлі.
5-9 сынып оқушыларымен жүргізілген эксперименттік-тәжірибе жұмысы Н.Д.Хмельдің педагогикалық тұтастық тұжырымдамасының негізгі компоненттері мұғалім мен оқушы (адам факторы блогы); мақсат, міндет, мазмұн (әлеуметтік сұраныс блогы); құралдары, түрлері, әдістері мен тәсілдері, тапсырмалар (тұтас педагогикалық процестің қозғалыс механизм блогы) бірлігі негізінде жүзеге асты.
Осыдан келе біз оқушыларды құқықтық тәрбиелеу үдерісінде негізгі күш әр түрлі іс-әрекет түрлерінің мазмұнында жатқандығын байқаймыз. Іс-әрекеттің алуан түрінің мазмұны феномен ретінде іс-әрекетке тән бірлікке байланысты болады.
Біз зерттеуімізде бұл теорияны арнайы зерттеу обьектісі етіп алмаймыз, бірақ жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруде ол жалпы теорияның бөлігін құрайды және концептуалды маңызға ие. Іс-әрекеттің негізгі сипаттамасы мен оның құрылымдық компоненттері өзарабайланысты, олар біртұтастықта жаңа сапалы жағдайды көрсетеді. Бұл өзарабайланыс нәтижесі тұлғаның интеллектуалды, мотивациялық және мінез-құлық сферасын, оларды диалектикалық бірілікте өсіру және байыту болып табылады.
Біздің пікірімізше, жеткіншектің құқықтық тәрбиелік деңгейінің мазмұны іс-әрекеттің болжамдық, танымдық, креативтік, бірлескен және бағалаушылық жиынтығына негізделуі тиіс. Осы ретте, оқушыларға құқықтық тәрбие берудің екі жолын бөліп көрсетуге болады:
- бірінші жолы, құқықтық шынайылық негізінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру ( үлкен орта) жанұя мен құрбылардың әсерінен ( кіші орта), жаңашыл ақпараттық комуникативті технологияның сирек қысымы әсерінен ;
- екінші жолы, оқу орындарындағы құқықтық тәрбие беру мен оқыту тұлғаның өнімді құқықтық әлеуметтену мақсатына бағытталуы тиіс .
Қазіргі мектеп «құқық кеңістігі» ретінде оқушылардың құқықтық тәрбиесінің негізі - мораль, құқық жайлы тұрақты көзқарастарын, құқықтық мінез-құлқын, құқықтық білімі мен құқықтық тәрбиелілігін қалыптастырудың бастауы.