2.2 Құқықтық тәрбие берудің әдіс-тәсілдері
«Қазақстан Республикасында оқушы жастарды құқықтық оқыту тұжырымдамасында» (1995 ж. 21 маусым, № 2347) қоғамымызды одан әрі демократияландыру, құқықтық мемлекет құру ісінде құқықтық оқыту мен тәрбиені жетілдіру, халықтың барлық топтарын, ең алдымен оқушы жастарды қамтитын, оларды оқытудың барлық кезеңінде үздіксіз құқықтық даярлау тұрғысында жалпыға бірдей заң білімін беруді ұйымдастыру жөнінде кезек күттірмейтін және пәрменді шараларды өткізудің талап етілгендігі ерекше көрсетіледі. Бұл тұжырымдаманың мақсаты – құқықтық мәдениет негіздерін қалау болып табылады.
Осы тұрғыдан алғанда, оқушы жастарды құқықтық оқытудың басты міндеті құқықтық тәрбиенің бүкіл кешенін биік құқықтық сана мен заңды қастерлеу дәстүрін қалыптастыруға жұмылдыруда болып отыр.
Педагогиканың жалпы теориясы бойынша, оқушыларға құқықтық білім беруде заңды саналы түрде сыйлауды және өзінің өмірінде белсенді түрде пайдалана білуді қалыптастыруға байланысты бұл мәселені жүйелі ұйымдастыру мақсатында тиімді формасы ретінде жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің әдістемесін жасадық. Құқықтық тәрбие берудің әдістемесін жасауда, алдымен әдістеменің құрамына не кіретінін, құрылымы қандай компоненттерден тұратынын анықтауға, қалай жүргізудің қажеттілігіне көңіл аударылды.
Құқықтық тәбие беру мақсатына және зерттеу объектiсiнiң өзгерiстерiне жеткіншектiң тiршiлiк әрекетiндегi әлеуметтiк-педагогикалық жағдаяттың өзгешелiктерiне сәйкес бiз тәжiрибелiк-зерттеу жұмысында олардың негiзгi топтарға бiрiктiруге болатын әдiстерiн қолдандық:
1. Эмпирикалық: жоспарланған ұзақ бақылаулар, оқушылар туралы мәлiметтердi жинақтау, іс-әрекет нәтижелерiн талдау, оқушылар мен мұғалiмдер арасында сауалнама жүргiзу, олармен әңгiмелесу, шығарма жазу, ерікті түрде өзiн-өзi сипаттау, өзiн-өзi бағалау және аяқталмаған сөйлемдер әдiстемесiн, тәуелсiз сипаттамаларды жалпылау әдiсiн, оқушылардың өзiн-өзi бағалау жүйесiн тiкелей және жанама өлшеу әдiстемесiн қолдану, озық педагогикалық тәжiрибелерді зерделеу.
2. Теориялық: оқушылар мен педагогтардың құқықтық іс-әрекеттерді мәдениетiн жүйелi құрылымдық талдау, оның тәрбиелiк мүмкiндiктерiн анықтау, мектепте құқықтық тәрбиенің модулiн құру, сапалардың өсуі мен төмендеуін анықтау үшін қолданылатын ранжирлеу.
3. Тәжiрибелiк: Педагогикалық тәжірибе, табиғи тәжірибе ретінде, оқушылардың құқықтық тәрбиесін және қалыпты тәрбиелік жағдаяттарын зерттеуден және тәрбиелік мақсаттарды шешуден құралады. Құқықтық тәрбие беру тәсiлдерi мен әдiстерiнiң өзгешелiгiн, тәжірибелік мектептерде құқықтық тәрбие беру жүйесiн құру жағдайларын кезеңмен, тәжiрибесін тексеру, оқушының адамгершiлiк құқықтық ұстанымына әлеуметтiк педагогикалық жағдаятты түзетудiң әсерiн анықтау.
Алынған нәтижелер негiзiнде мектептегi құқықтық тәрбие берудi жетiлдiру бойынша жасалынған нұсқауларды жаппай педагогикалық практикада тәжірибелік тексеру жүргiзiлдi.
Мектептегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру жұмысы әртүрлі әдістердің көмегі арқылы құқықтық сананы қалыптастыру сапасын арттыру негізінде ынталандыру, ұқтыру, машықтандыру әдістерінің бірлігі позитивті нәтиже береді. Мәселен, түрлі құқықтық пікір-таластар мен олимпиадаларды ұйымдастыру жұмыстарында сенім, жағымды баға, мақтау, мадақтау түрлері: алғыс айту, әртүрлі шарапаттар және т.б. оқушылардың құқықтық іс-әрекеттерінің мотивтерінің қалыптасуына зор мүмкіншілік туғызатындығы анықталды.
Біз зерттеуімізде жоғарыдағы әдістемені басшылыққа ала отырып, жұмыстар жүргіздік. Жалпы білім беру мектептерінде оқушылар үшін құқықтық ақпарат алудың қалыптасып қалған түрлерін өзгерту, балаларға құқықтық тәрбие беру тәсілдерін жетілдіру, білім берудің дистанциялық, тәжірибе алмасу және тағы басқа жаңа формалары мен түрлерін кеңінен пайдалану қажет.
Осыған байланысты зерттеу барысында 5-9 сынып оқушыларына арналған «Өзі үшін өзі жауапты» іс-шаралар жоспары құрастырылды. Оның негізгі бағыты - құқықтық тәрбие арқылы жеткіншектердің тұлғалық құндылық бағдарын қалыптастыру (Кесте - 2).
Кесте – 2. Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру саласындағы «Өзі үшін өзі жауапты» жұмысының жоспары.
№
|
Жұмыстың формасы
|
Іс-шараның аталуы
|
Өткізілу мерзімі.
|
1.
|
Әңгімелесу циклі
|
«Заң және құқық»; «Абайла, қылмыстық қауіп-қатер»; «Қылмыскер болу оңай»; «Өмірің өз қолыңда», «Есірткінің көмегімен өміріңді қалай құртуға болады?»; «СПИД-тен абай бол,» және т.б.
|
Қыркүйек. Жыл бойында
|
2.
|
Құқықтық ойындар
|
«Туылғаннан кәмелеттік жасқа дейін»
|
Қазан Жауапты
|
3.
|
Поэтикалық-құқықтық сағат
|
«Мен - ғаламшардың екі полюсімін» (Жақсылық -Жамандық)
|
Қараша
|
4.
|
Пікірталас. Диспут. Құқық қорғаушы органдар қызметкерлерімен кездесу кеші.
|
«Рух, жан дүниеміз – біздің жасампаздығымыз»
«Заңды қорғау»
«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» ҚР заңы. Талдау.
|
Желтоқсан
|
5.
|
Құқықтық-әдеби сағат
|
«Адам және әлем»
|
Қаңтар
|
6.
|
Құқықтық ойын
|
«Тыныш, сот мәжілісі болып жатыр»
|
Ақпан
|
7.
|
Құқықтық ойын
|
«Өзіне өзі заңгер» (отбасылық құқық бойынша)
|
Наурыз
|
9.
|
Кітап бойынша құқықтық ойын
|
|
Жыл бойы
|
Құқықтық тәрбие беру жүйесi дамуының педагогикалық мақсатқа лайықтылығы сандық және сапалық көрсеткiштер арқылы бағаланады. Бiз өз жұмысымызда сандық көрсеткiштердi: мысалы құқықтық тәрбиелеу орталықтарында, комиссияларда, Кеңестерде жұмыс iстейтiн ата-аналардың, мұғалiмдердiң, оқушылардың саны өткiзiлген тәрбиелеу ұйымдастырушы шаралардың саны; жетiлдiрiлген нормативтi-нұсқалық құжаттар мен ұсыныстардың саны және шешуiне балалар мен ересектер қатысқан әлеуметтiк-педагогикалық жағдаяттар санын қолдандық.
Мектепте жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру жұмыстарының жоғарыда аталған әдіс-тәсілдері тиімді түрде ұйымдастырылғанын бір жылдық жоспар негізінде бағалау мақсатында «Құқықтық тәрбие» атты тестілеу кешені негізінде құқықтық тәрбие беру нәтижесін анықтауға болады (Қосымшаны қараңыз).
Сондай әдістердің біріне Республиканың кейбір мектептерінде жаңа педагогикалық технологиялар негізінде құқықтық білім беру саласын арттыру, оқушының ізденушілік, танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мақсатында жүргізілетін құқықтық лекториялар, кинолекториялар, жасөспірімдердің заңтану мектептері, құқықтық факультативтер, «Құқықтық тәрбие» дебаттары, құқықтық білім олимпиадаларын ұйымдастыру жұмыстарын жатқызуға болады. Оларға төмендегідей қысқаша сипаттама беруге болады.
1. Құқықтық лекториялар: мектептегі жеткіншектер мен жасөспірімдерді еліміздің заңдарына және халқына құрмет сезімін білдіруге тәрбиелеу, құқықтық біліммен қаруландыру, оны насихаттау мақсатында бір жылдық жоспармен лекция тақырыптары, атап айтқанда, «Құқықтық сана және демократиялық қоғам», «Жеткіншектік шақ және құқық» және т.б. сияқты көкейтесті мәселелер төңірегінде жүргізу.
Кинолекторияларды жеткіншектер үшін ұйымдастыруда кинофильмдерді көркемдік, хроникалық-құжаттық, нормативтік-құқықтық сюжетте таңдап, мінез-құлық, құқықтық тәрбиеге байланысты оқиға желісін оқушылармен талқылау, олардың түсінігін, пікірін анықтау бағытында жүргізу жеткіншектердің құқықтық білімі мен сана-сезімін, адамгершілік тәрбиесін қалыптастырып, байытуға септігін тигізеді.
Жеткіншектердің заңтану мектептерін орта мектептерде ұйымдастыруда жеткіншектерді құқық пен еңбек, азаматтық және қылмыстық заңдар жайлы біліммен қаруландыру мақсатында мұғалімдер басшылығымен, құқықтық, заң органдары мүшелерімен жүргізілетін практикалық сабақтар арқылы түрлі тақырыптық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге болады.
Мектептегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру жұмыстары сапалық тұрғыдан жүйелі түрде ұйымдастырылса, өз кезегінде жеткіншектердің құқықтық жауапкершілікті сезімдері артып, демократиялық мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосатын білімді де білікті ұрпақтардың қалыптасуы мүмкіндігі де артады.
Жалпы жеткіншек жастағы оқушыларға құқықтық тәрбие формаларын дәл осындай нақты жұмыстар жүйесінде жүргізу жеткіншектің өз тәжірбиелік іс-әрекетінде құқықтық мүмкіншілігін толық әрі тиімді қолдануы іс жүзінде жүзеге асып, сонымен қатар, өзіндік құқықтық қабілетін егеменді және демократиялық мемлекетіміздің жоғары құндылықтары ретінде кез-келген істе дәлелдеу негізінде еліміздің әл-ауқаты үшін қызмет жасайтын тұлға ретінде қалыптасады.
Жалпы жеткіншектердің құқықтық санасының ерекшеліктеріне көңіл бөлгенде, біз олардың әр алуан топтарының әлеуметтік, құқықтық, жас ерекшелік жағдайларын да ескеруіміз қажет. Осыған байланысты қоғамдағы жастарды әр түрлі топтарға жіктеуге болады:
- жас ерекшелігіне қарай: балалар (14-ке дейінгілер); жеткіншектер мен жасөспірімдер (14-18 жасқа дейінгілер); кәмелет жасынан кейінгілер (18 жастан асқандар);
- тұратын жерлеріне қарай: ауыл және қала жастары;
- білім деңгейлеріне қарай: орта білімді, арнайы білімді, жоғары білімді;
- әр түрлі қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялардың мүшелігіндегі және ондай іспен айналыспайтын жастар деп бөлуге болады. Жастардың құқықтық санасының қалыптасуын зерттеуде осы жіктеулердің маңызы ерекше.
Шын мәнінде, мектеп қабырғасындағы 15-16 жастағы жеткіншектер мен жоғары оқу орнын бітірген 29-30 жас шамасындағы жастардың құқықтық санасының үлкен айырмашылығы болатындығы белгілі. Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру арқылы құқықтық санасын қалыптастыру бағытында жүргізілетін ықпал етулерді қолдану барысында көрсетілген жастар категорияларының ерекшелігін, әрбір нақты жағдайды ескеру қажет. Бұл жеткіншектердің құқықтық санасын жоғары деңгейге өте тиімді көтеруге мүмкіндіктер тудыратын дұрыс қадам болып табылады. Сонымен қатар әрбір категориялардың ерекшелігін ескеру дер кезінде орынды әдісті таңдауға бағыт көрсетеді.
Құқықтық тәрбие беру жүйесiнiң нәтижелiлiгiн көрсететiн сапалық өлшемдер өз тарапымыздан жеткіншектерді құқықтық тәрбиелеу жұмысының стратегиялық және тактикалық мақсаттары арқылы анықталды. Бағыттық мақсаттың тиiмдiлiгiн бағалау арқылы адамгершiлiк құқықтық тәрбиелеу жүйесiнiң қалыптасуына жету мүмкiндiгiн анықтадық. Құқықтық тәрбиелеу жұмысының мақсаты бүкiл жүйенiң нәтижелiлiгiнiң өлшемдерiне айналды.
Олар стратегиялық міндеттер ретінде көрініс тапты:
мектеп өмiрiн iзгiлендiру барысында ата-аналар, жеткіншектер, мұғалiмдер арасындағы өзара қатынастардың жетілдірілген ережелерiн сақтау;
мектеп өмірінде қатынастардың бiрiккен құқықтық қызметiн қамтамасыз ету;
оқушылардың тiршiлiк әрекетiн адамгершiлiк тұрғыдан практикалық ұйымдастыру. Бұған қол жеткiзудiң басты көрсеткiштерi оқушыны тәрбиелеу үдерісінің объектiсi жағдайынан субъект жағдайына өтуi, барлық субъектiлерiнiң белсендiлiгiн арттыру болып танылады.
Жеткіншектерге құқықтық тәрбие беру мәселесі тек теориялық ғана емес, практикалық тұрғыдан ғылыми таным саласында зерттеудің қажетілігін көрсетеді. Жалпы білім беретін мектепте жеткіншектерге құқықтық тәрбие беруді зерттеу оның көкейкестілігін айқындай түсетін екі себептерін атауға мүмкіндік береді: біріншіден, оқушылардың құқықтық мәдениетінің мазмұны мен сипаты мектепте құқықтық білім мен тәрбие берудің сапасының индикаторы қызметін атқарады. Оқушылардың құқықтық мәдениетінің олқылықтары оны түзетуге бағыттайды; екіншіден, қоғамның интеллектуалды элитасын толықтыратын қоғамның негізгі үлесінің басым көпшілігі жеткіншектер. Сондықтан осы бағыттағы зерттеулердің көкейкестілігі айқындала түспек және әдістемелік жұмыстардың нәтижесі мен ұсыныстары маңызды болып саналады.
Педагогиканың жалпы теориясы бойынша, оқушыларға құқықтық білім беруде заңды саналы түрде сыйлауды және өзінің өмірінде белсенді түрде пайдалана білуді қалыптастыруға байланысты бұл мәселені жүйелі ұйымдастыру мақсатында тиімді формасы ретінде жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің әдістемесін жасадық. Әдістемелік көмек ретінде мұғалімдерге арнап “Қазіргі мектептегі жеткіншектерге құқықтық тәрбие берудің негіздері” атты арнайы курс бағдарламасы жасалды. Арнайы курс көлемі – 20 сағатқа есептелген, оның 6 сағаты дәріс, 14 сағаты практикалық тұрғыдан сынып және сыныптан тыс уақытта жүргізілетін тәрбие жұмыстарына арналған. Онда құқықтық оқытудың қызметтеріне, атап айтқанда, рухани, білімдік, тәрбиелік, психологиялық даму, реттеуге баса назар аударылады.
Достарыңызбен бөлісу: |