Ж. Е. Жаппасов XVI-XVIII ғҒ. ҚАзақ-орыс


Студенттің дайындалуы үшін берілетін сұрақтар



Pdf көрінісі
бет5/11
Дата22.12.2016
өлшемі1,15 Mb.
#212
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Студенттің дайындалуы үшін берілетін сұрақтар 
 
1. М.Қ. Қозыбаевтың  XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ-орыс қарым-қатынас    
мәселелеріне берген бағасы. 
2. Қазақ-орыс қатынастарына қатысты төңкеріске дейінгі тарихнамаcы. 
3.  Қазақстанның  Ресейге  қосылуына  М.  Красовский,  А.  Макшеев,                        
Ф. Лобысевич, Л. Мейер, А. Левшиннің  көзқарастары.   
4.  XVI-XVIII  ғасырлардағы  қазақ-орыс  қарым-қатынастары  мен 
Қазақстанның Ресейге қосылу мәселелері кеңестік тарихнамада.  
5.  XX  ғасырдың  60-70  жылдары  жарияланған  еңбектерде  Қазақстанның 
Ресейге қосылуы тұжырымдамасы. 
 

 
75 
 
  2.3  Қазақ-орыс  қатынастарындағы  сыртқы  қауіп  факторының 
зерттеулер мен ауызша тарих айту дәстүрінде талдануы 
XVI-XVIII  ғасырдағы  қазақ-орыс  қатынастарын  тарихнамалық  талдауда 
олардың қарқындылығына ықпал еткен сыртқы саяси факторлар, соның ішінде 
Қазақстанның  Ресейге  қосылуы  маңызды  орын  алады.  Осы  контекстегі  қазақ-
қытай қатынастары – жазба деректермен толық қамтамасыз етуді талап ететін 
маңызды  тақырып.  Деректік  базаның  сенімділігі  мен  оған  қатысты  дұрыс 
көзқарас  кез-келген  объективті  зерттеу  жұмысына  негіз  болады.  Дегенмен, 
қазақ-қытай  қатынастарының  тарихына  арналған  құжаттық  материалдарды 
өңдеу саласы күні бүгінге дейін жоғары деңгейге жетпей отыр.  
Сирек  кездесетін  қытай  деректерін  зерттеуге  бағытталған  Иакинф 
Бичуриннің  жұмыстары  осы  уақытқа  дейін  өзінің  ғылыми  маңыздылығын 
жойған жоқ. Соның бірі  – «Ежелгі және қазіргі кездегі Жоңғария мен Шығыс 
Түркістанды  сипаттау»  елдің  тарихи-географиялық  очеркі  болып  табылады. 
Автордың бұдан басқа «XV ғасырдағы ойраттар мен қалмақтарға тарихи шолу» 
атты  еңбегінде  жоңғар  қоңтайшысының  ойрат  патшалығын  құру  үшін 
жүргізген  күресі  жан-жақты  баяндалады.  Осы  жұмыстарда  автордың  Орталық 
Азияда  үстемдік  орнатқысы  келген  Жоңғарияны  «қуатты  орталық  мемлекет» 
ретінде көрсеткен мақсаты байқалады. 
Жоңғарияға қатысты біраз еңбектердің арасында академик В. Бартольдтің 
«Жетісу тарихының очерктері» атты жұмысы құнды зерттеу болып есептеледі. 
Онда  б.э.д.  II  ғасырдан  бастап  1756  жылға  дейінгі,  яғни  Қытай 
басқыншылығына дейінгі Жоңғария тарихының қысқаша очеркі беріледі. Осы 
жұмыста  Иакинфпен  жиналған  қытай  деректері  кеңінен  пайдаланылды. 
Автордың  сөзіне  қарағанда,  бұл  очерк  алдағы  зерттеулер  үшін  маңызды 
материал қызметін атқарады.  
А.  Позднеевтің  ойраттардың  тарихына  қатысты  жұмысы  бастапқы 
деректерді  зерттеу  негізінде  жазылған.  Алайда,  мұндай  деректерді  қолдану 
бірқатар  күмән  туғызады.  А.  Позднеев  жұмысының  ғылыми  маңыздылығына 
баға  берген  Б.  Владимирцов  «автордың  жұмысын  ерекше  мұқияттылықпен 
зерттеп, деректегі әрбір жайтқа аса сақтықпен қараған жөн» деп есептейді.  
Ойраттар тарихының очеркі Н. Пальмовтың жұмысында да кездеседі. Онда 
Астрахан  мұрағатының  құжаттық  материалдары  негізінде  зерттелген  еділ 
қалмақтарының  тарихы  берілген.  Дегенмен,  барлық  көрсетілген  жұмыстарда 
осы  тақырыпты  зерттеу  мәселесі  толық  шешілген  жоқ.  Оның  ішінде  қазақ 
халқына  Жоңғария  тарапынан  төнген  қауіп,  оның  «Ақтабан  шұбырынды» 
кезіндегі  салдары  және  Қазақстанның  Ресейге  қосылуындағы  жоңғар 
шапқыншылығының рөлі туралы мәселелер жан-жақты талқыланбады.  
Шоқан  Уәлихановтың  «Жоңғария  очерктері»  атты  жұмысы  күні  бүгінге 
дейін  өз  маңызын  жоғалтпаған  қазақ  ғалымының  прогрессивті  идеясының 
көрінісі болып табылады. Оның «Шоқан Уәлихановтың қара қағаздарынан. № 
2  жазба»  деген  жұмысында  қазақ  халқының  Жоңғарияға  емес,  Ресейге 
қосылуын  тарихи  тұрғыдан  ақтайтын  кейбір  мәселелер  қарастырылған.  Қазақ 
халқының  «татар  кезеңі»  арқылы  өту  мүмкіндіктеріне  тоқталған  Уәлиханов: 

 
76 
«Жаңа қалыптаса бастаған қырғыз халқын ойлау қабілеті мен сезімді тежейтін 
өлі  схоластикадан  басқа  не  күтіп  тұр.  Біз  қандай  жағдай  болмасын  татар 
кезеңінен  өтуіміз  керек  және  осы  салада  үкімет  бізге  көмектесуі  қажет»  деп 
жазады.  Уәлихановтың  Жоңғария  туралы  жұмысы  негізінен  автордың 
Жоңғарияға  саяхат  кезінде  жинаған  жеке  бақылауларынан  құралған  елдің 
тарихи-географиялық  очеркі  болып  табылады.  Қазақтардың  ойраттарға  қарсы  
күресін  зерттеуді  өз  алдына  мақсат  етіп  қоймаған  Уәлиханов  осы  тақырыпқа 
қатысты  маңызды  кейбір  мәселелерді  қарастырады.  Оның  ойынша,  фольклор 
тарихи мәселені зерттеуге қажетті құнды деректерді  бере алады.  
Кеңестік  әдебиетте  XVI-XVIII  ғасырдағы  қазақ  жүздерінің  Жоңғариямен 
күресіне арналған арнайы зерттеу жұмыстары жоқ. Жоңғария тарихын зерттеу 
саласына  С.  Богоявленныйдың  «XVII  ғасырдың  бірінші  жартысындағы 
қалмақтар тарихына қатысты материалдар» атты мақаласы жаңаша бағыт алып 
келеді.  Онда  «бес  тайшы  одағы»  сияқты  Жоңғарияның  әлеуметтік-саяси 
құрылымына түсінік берілген. 
XVIII  ғасырда  қазақ  жүздерінің  ойраттармен  күресіне  арналған  тақырып 
Қазақстан тарихына қатысты жалпы жұмыстың бірнеше бөлігін ғана қамтиды: 
М.  Вяткиннің  «Қазақ  КСР  тарихының  очерктері»  еңбегі  мен  1943  жылы 
шыққан  «Қазақ  КСР  тарихының»  бірінші  басылымы.  Осы  жұмыстар 
шеңберінде күрестің тек негізгі кезеңдері қарастырылған. М.П. Вяткин «XVIII 
ғасырдың  20  жылдарындағы  Қазақстан  үшін  жоңғар  шапқыншылығының 
ауыртпашылығын  тарту  немесе  Ресейге  бодан  болу  сияқты  екі  таңдау  тұрды» 
деп қорытынды жасайды. Дегенмен, Қазақстанның Жоңғариямен өзара қарым-
қатынасының  тарихы  көрсеткендей,  қазақ  жүздерінің  тарихында  олардың 
Жоңғария бодандығына өтуі үшін ешқандай экономикалық немесе әлеуметтік-
саяси  алғышарттар  болған  жоқ.  Жоңғария  тарапынан  тек  территоряларды 
(жайылымдар) жаулап алу мен құлдыққа салу сияқты үрей пайда болды. Әрине, 
осындай  қауіп-қатерлер  Қазақстанның  Ресейге  қосылуына  үлкен  ықпалын 
тигізді.  
XVI-XVIII  ғасырда қазақ-орыс  қатынасындағы  жоңғар  факторының  рөлін 
зерттеуде  И.Я.  Златкиннің  еңбектері  ерекше  маңызға  ие.  Мысалы,  автордың 
«Жоңғар  хандығының  тарихы»  атты  жұмысында  Жоңғар  хандығының  пайда 
болуынан бастап, оның  Цин империясымен жаулап алынуына дейінгі жиынтық 
тарихы  қарастырылған.  Көптеген  мұрағаттар  мен  жарияланған  деректердің 
терең  ғылыми    талдауына    негізделген    автордың  қорытындылары 
Жоңғарияның  сыртқы  саясатының  қалыптасуына  ықпал  еткен  әлеуметтік-
экономикалық  қатынастар  мәселесін  қарастыруға  мүмкіндік  береді.  Осыған 
қосымша  ретінде  И.Я.  Златкин  қазақ-жоңғар  қатынастарының  серпінділігін 
көрсете  отырып,оның  маңыздылығын  ашады.  Оның  зерттеу  жұмыстары  кеңес 
тарихнамасына үлкен үлес қосты десек, артық айтқандық болмайды.  
Осы  тақырыпты  зерттеуге  байланысты  бірқатар  жұмыстар  жазылды. 
Олардың  арасынан  А.  Миллердің  «XVI  ғасырдың  екінші  жартысындағы 
Қазақстанның  халықаралық  жағдайы»  мен  Г.Ф.  Дахшлейгердің  «XVII 
ғасырдың  екінші  жартысы  мен  XVIII  ғасырдың  бірінші  жартысындағы  орыс-
үнді байланыстарының тарихынан» атты мақалаларын бөліп көрсетуге болады.  

 
77 
Н.Г.  Аполлованың  «Қазақстанның  Ресейге  қосылуы»  атты  кітабындағы 
жеке  тарау  XVIII  ғасырдың  20  жылдарындағы  қазақ  халқының  Жоңғариямен 
күресіне    арналған.  Нәтижесінде  «Ақтабан  шұбырынды»  оқиғасына  алып 
келген жоңғар шапқыншылығы XVIII ғасырдың 30 жылдарында Қазақстанның 
Ресейге  қосылуына  негізгі  алғышарт  болды.  Жоңғарияның  қоғамдық-саяси 
құрылымының  негізгі  сипатын  көрсете  білген  автор  1640  жылғы  «Далалық 
жарғы»  немесе  «Шарттар  жарғысын»,  соның  ішінде  әскери  мақалаларды 
кеңінен  пайдаланды.  Соңында  «Жоңғария  –  құл  иеленушілік  ұстанымы  анық 
байқалған  және  қазақ  халқына  қатысты  агрессивті  саясат  ұстанған  мемлекет» 
деген тұжырымға келді.  
Осы  еңбектерден  басқа  қазақ-орыс  қатынастарының  тарихнамасында 
Ресейдің жалпы сыртқы саясатын қарастырған зерттеулер ерекше орын алады. 
Е.В.  Тарленің  «Наполеон  кезіндегі  еуропалық  дипломатиялық  қатынастар 
(1799-1814)», «Батыс еуропалық мемлекеттердің отарлау саясатының очерктері 
(XV ғасырдың соңы - XIX ғасырдың басы)», В.П. Лысцовтың «Петр I-нің 1722-
1723  жылдардағы  парсы  жорығы»,  Л.А.  Никифоровтың  «Солтүстік  соғыстың 
соңғы  жылдарындағы  Ресейдің  сыртқы  саясаты»,  «XVIII  ғасырдың  бірінші 
жартысындағы Ресейдің сыртқы саясаты», Б.В. Кафенгауздың «Петр I кезіндегі 
Ресейдің  сыртқы  саясаты»,  С.В.  Бахрушин  мен  С.Д.  Сказкиннің  «1726-1755 
жылдардағы 
Ресейдің  сыртқы 
саясаты», 
«XVIII 
ғасырдағы  Ресей 
империясының  дипломатиясы»,  «XV-XVI  ғасырдағы  орыс  мемлекетінің 
дипломатиясы»,  И.И.  Смирновтың  «Василий  III-нің  шығыс  саясаты»,                    
С.О.  Шмидтің  «Қазанды  жаулап  алу  қарсаңындағы  Ресейдің  шығыс  саясаты» 
атты жұмыстарын атап кету керек. Осы зерттеулердің жетістігі мен кемшілігін 
талқыламай  тұрып,  біз  қазақстандық  материалдардың  зерттеу  жұмысына 
кірмегенін  айтып  кетуге  міндеттіміз.  Себебі  патша  билігіне  тәуелді  жеке 
аймақтардың  тарихи  тағдыры  ешқандай  маңызы  жоқ  компонент  ретінде 
қарастырылады.  Мысалы,  Ресейдің  Қазақстандағы  саясаты.  Ресей  үкіметі 
Қытаймен  дипломатиялық  және  сауда  байланыстарын  орнатуда  белсенді 
шаралар  қабылдады.  Ресей  үшін  Қытай  XVII  ғасырдың  бірінші  жартысынан 
бастап  ірі  шығыстық  көрші  ретінде  қарастырылды.  Ресейдің  Қытай  елімен 
қарым-қатынасы  оның  Шығыстағы  саясатында  көрнекті  орынға  ие  болды. 
Қытаймен  бейбіт,  тату  көршілік  және  сауда-экономикалық  байланыстарды 
нығайту негізгі міндетке айналды. Орыстардың Оңтүстік және Орталық Сібірде 
жаппай қоныстанудың толық жүйесін қалыптастырғанына қарамастан, олардың 
Қытай  және  оған  апаратын  сауда  жолдары  туралы  деректері  көмескі  сипатта 
болды.  Сондықтан  алғашқы  елшіліктер  (1608  жылы  И.  Белоголовый 
басшылығындағы  томск  казактарынан  құрылған  топты  жөнелтуден  басталды, 
1615-1617 жылдары В. Тюменец пен И. Петровтың елшіліктері және 1618-1619 
жылдары  И.  Петлиннің  экспедициясы)  негізінен  географиялық  барлау  түрінде 
жүзеге  асырылды.  XVII  ғасырдың  ортасында  орыс  мемлекетінің  күшеюі  мен 
Шығыс  Сібір  аймағында  кеңеюі  оның  қытайлық  шекарамен  жақындасуын 
білдірмейді.  Маньчжурия  территориясын  мекендейтін  маньчжур  тайпаларын 
басып  алған  Қытай  осы  уақытта  өзінің  территориясында  түгелдей  орналасып 
үлгерген болатын. Мұнда 1644 жылы астанасы Пекин болған Цин династиясы 

 
78 
бой  көтерді.  В.Д.  Поярков  (1643-1646  жж.)  пен  Е.П.  Хабаров  (1649-1652  жж.) 
бастаған орыс отрядтарының Амур маңына келгеннен кейін, орыс әкімшілігінің 
билігін  мойындаған  жергілікті  тайпалар  Қытаймен  саяси  жағынан  да, 
территориялық  жағынан  да  қиыспайтын  еді.  Ф.И.  Байков  (1654-1658  жж.),               
И.  Перфильев (1658 ж), Сейітқұл Аблин (1668 ж), Ф.А. Головин (1689 ж) және 
Елизарий  Избранттың  (1692  ж)  елшіліктері  Қытай  туралы  жаңа  мәліметтер 
алуға ықпал етті. 
Ресейдің  халықаралық  жағдайының  нығая  бастауы  оның  XVIII  ғасырда 
оңтүстік-шығысқа қатысты сыртқы саясатының тарихында маңызды орынға ие 
болды. Ресейдің Орта Азия істеріне тікелей араласуына 1700 ж Петр I-ге Хиуа 
ханының  өкілі  Шахнияздың  келуі  түрткі  болды.  Хиуа  хандығын  Ресей 
бодандығына қабылдауды сұраған өкілдің өтінішіне орыс патшасы 1700 жылы 
30  маусымда  грамота  арқылы  жауап  қатты.  Дегенмен,  бұл  уақытта  Ресейдің 
Солтүстік  соғысқа  араласуына  байланысты  орыс  үкіметі  Орта  Азияда  өз 
ықпалын  күшейтуге  мүмкіндік  беретін  қолайлы  сәтті  пайдалана  алмады.  Сол 
кездері  Орта  Азиялық  билеушілерді  ресей  бодандығынан  түсетін  пайда 
жайында  ойлауға  мәжбүрлейтін  жағдайлар  қалыптаса  бастады.  Ішкі  және 
сыртқы шиеленісті жағдайды есепке ала отырып, Петр I А. Бекович-Черкасский 
мен  И.  Бухгольц  экспедицияларының  сәтсіздікке  ұшырауына  қарамастан 
басқыншылық  шараларын  жүзеге  асыруды  көздеді.  Бұл  туралы  В.Я.  Басин 
өзінің  «XVIII  ғасырдың  бірінші  жартысындағы  Ресейдің  сыртқы  саяси 
жүйесіндегі Қазақстан» атты жұмысында бірқатар деректер келтірген. Ресейдің 
әскери және  ғылыми  қатынастардағы мүддесіне  әсер ететін жоғарыда  аталған 
экспедициялар жайында кең ауқымды әдебиеттер бар. Сонымен, В. Лебедевтің 
есептеуінше,  И.  Бухольц  Ертістің  жоғары  жағында  болмаса  да,  «оның 
экспедициясы Ресей шекарасының оңтүстікке қарай кеңеюіне ықпал жасады». 
Петр  I  1715  жылы  Бұхара  хандығына  Флорио  Беневинидің  елшілік  мекемесін 
жібере  отырып,  Бұхарамен  көршілес  елдер  жайында  толық  мағлұмат  алуға 
бұйрық  берді.  Әсіресе,  Үндістанға  көп  көңіл  бөліп,  онымен  сауда 
байланыстарын нығайтуға мүдделі болды. 
Қазақ-өзбек  қатынастары  жайында  жеке  деректер  А.  Миллердің 
еңбектерінде  кездеседі.  Оның  айтуынша,  Хақназар  хан  Бұхара,  Герат  және 
Хорасанның  қуатты  билеушісіне  айналған  өзбек  ханы  Ескендір-ханның  ұлы 
Абдулламен  бейбіт  қарым-қатынаста  болуға  ұмтылды.  Абдулла  хан 
қазақтардың  маңызды  әскери-саяси  күшін  байқап,  оны  өз  билігін  нығайту 
мақсатында  қолдануды  көздеді.  Осы  мақсатпен  өзбек  ханы  Абдулла 
Хақназармен  «сертті  келісімшарт»  жасасты.  Көрсетілген  шарттар  қазақ 
хандығының  халықаралық  маңыздылығын  арттыра  түсті.  Қасым  ханның 
тұсында қазақ хандығы қуатты мемлекетке айналды. Орыс-қазақ байланысына 
Сібір  хандығы  араласа  бастады.  Ол  XVI  ғасырдың  70  жылдары  Ресеймен 
шиеленісті  жағдайда  болды.  Ресейден  қазақ  даласына  Башкирия  және  сібір 
қалалары  Тара  мен  Тобыл  арқылы  өтетін  ұзақ  жолда  Көшімнің  әскери 
отрядының    тұрақты    шабуылы  қауіп  төндіретін.  Кейбір  деректер  Көшім 
ханның  бұхара  ханы  Абдулламен  әскери  одақ  құруға  ұмтылысын  дәлелдейді. 
Дегенмен, 
Абдулла 
хан 
сол 
уақытта 
Орта 
Азиялық 
істермен 

 
79 
айналысқандықтан, аталған жоспар жүзеге  аспай қалды. Негізінде өзбек ханы 
бұл  ұсынысты  жылы  қабылдаған  еді.  Ол  Көшім  ханға  жіберген  грамотада 
былай дейді: «А что еси просил у нас рати, и мы в те поры были в войне, для 
того и не послали есьмя..., и в нынешнем времени, чтобы тебе с нами о своем 
здоровье  и  о  пребывании  послы  ссылався,  извещатися.  А  наша  мысль  твое 
здоровье слышети жадна». Жоғарыдағы деректер «Өзбек, Тәжік және Түркмен 
КСР тарихының материалдарында» келтірілген. 
Көшіммен бетпе-бет келген патша үкіметі оған қарсы күресу үшін одақтас 
іздей  бастады.  Ресейден  вассалдық  тәуелділікте  болған  қазақ  даласы  осындай 
одақтас  бола  алатын.  Кейінгі  оқиғалар  көрсеткендей,  қазақ  даласы  Ресейдің 
агрессиялы  басқыншылық  саясатының  құрбанына  айналды.  Бұдан  басқа,  осы 
уақытқа  дейін  Қазақстанға  Бұхар  хандығы  қауіп  төндірген  болатын.  Бұхар 
хандығы  өз  иеліктерін  Хиуа  хандығының  есебінен  кеңейтіп  отырғаны  белгілі. 
Бұхар-ноғай келісімінің нәтижесінде қазақ иеліктері Бұхар хандығы тарапынан 
қауіп-қатерде  болды.  Тәуекел  ханның  Мәскеудегі  елшілерінің  көрсетуінше, 
Бұхара ханының түпкі мақсаты Жайық бойында Сарайшық қала-бекінісін құру 
және Астраханьды Бұхараға тәуелді қалаға айналдыру. 
Көшім ханға қарсы күресте қазақ хандықтарымен одақтасу үшін бірқатар 
шаралар  қабылдаған  Ресей  мемлекеті  олардың  билеушілерін  Орта  Азиялық 
хандықтармен келіссөздер жүргізуде делдал ретінде қолдануды көздеді. Артыш 
бүлігін  бастан  өткізген  қазақ  даласы  Тәуекел  ханның  тұсында  қайтадан 
нығайып,  қуатты  саяси  күшке  айнала  бастады.  Осындай  өзгерістер  Ресей 
үкіметін өз пайдасы үшін қазақ хандықтарын  Көшім ханға ғана емес, сондай-
ақ Бұхара ханына да қарсы қолдануға асықтырды. Сол кезде қазақ даласымен 
тығыз  қарым-қатынас  орнатуға  ұмтылыс  жасалды.  Оның  негізінде  Ресей 
аймағын  кез-келген  қауіптен  қамтамасыз  етуге  бағытталған  тікелей  саясат 
жатты.  Ресей  мемлекеті  «достық  пен  кеңес»  іздеген  өзінің  иелігіндегі  «мәңгі» 
бодан  халықтарды  жауға  қарсы  құрал  ретінде  пайдаланды.  Мысалы,  бұл 
жайтты  Еділ  бойын  жағалай  мекендеген  ойрат  халқына  қатысты  патша  билігі 
ұсынған  талаптардан  байқауға  болады.  Ресей  үкіметі  қазақ  даласымен  жақсы 
қатынас орнатуға  мүдделі  еді.  Себебі  қазақ  даласы  Көшім хан  мен  Абдуллаға 
қарсы  күресте  ықтимал  одақтас  бола  алады.  Сол  кезеңде  қазақ  хандығы 
Көшіммен  дұрыс  сауда  қатынасын  ұстанатын.  Мұсылман  мемлекеттерінің 
осындай  байланысы  жайындағы  ақпарат  мәскеу  үкіметіне  бұхаралық  грамота 
арқылы  жеткізіліп  отырды.  Онда  сібірлік  татарлардың  Бұхарамен  сауда 
қатынастары  ғана  емес,  сонымен  бірге  Ресей  мемлекетіне  қарсы  күресу  үшін 
қарулы күштер жіберу жөніндегі тікелей ұсыныстар жарияланған.  
Осы  уақытта  Құл-Мұхаммед  басқарған  қазақ  елшілігі  парсы  елшілері 
арқылы  Парсымен  жауласқан  Бұхараға  қарсы  Мәскеуде  одақ  құру  туралы 
келіссөздер  жүргізуге  ұмтылды.  С.В.  Жуковскийдің  деректеріне  сүйенетін 
болсақ,  «мәскеулік  билеушілер  өкілдерді  жылы  қабылдап,  олармен  сауда 
қатынастарын нығайтуға ұмтылды». Осындай мәліметтер Н.И. Веселовскийдің 
«азиялық елшіліктер орыс билігі үшін масыл болды және бұл жағдай Ресейдің 
сөзсіз ызасын туғызды» деген пікірінің қателігін дәлелдейді. Тәуекел хан әкесі 
Шығайдың өлімінен кейін хан болып сайланды. Ол бұхаралық билеушілерден 

 
80 
тәуелсіз  болып  қана  қоймай,  сонымен  қатар  Түркістан,  Ақсу,  Әндіжан, 
Ташкент  және  Самарқан  қалаларын  өз  билігінде  ұстады;  Бұхараны  екі  рет 
қоршап  алған  Тәуекел  хан  екінші  жорықта  жараланып,  Ташкентте  ауыр 
соққыдан қаза болды. Тәуекелдің мұрагері әрі жиені Есім хан (1598-1623 жж.) 
кезінде  феодалдық  тартыстар  күшейіп,  қазақ  хандықтары  әлсірей  бастады. 
Кейбір ірі сұлтандар іс жүзінде Есім ханнан тәуелсіз болды. Есім хан қазақтар 
үшін бірқатар маңызды жаулап алу әрекетін жүзеге асырған Бұхарамен күресті 
тоқтатуға  ұмтылды.Ол  бұхара  ханы  Пір-Мұхамедпен  бейбіт  келіссөздер 
жүргізе  бастады.  И.Я.  Златкиннің  мәліметтеріне  қарағанда,  қазақтар 
Самарқаннан бас тартып, Ташкент пен Түркістанды өз иеліктерінде қалдырды. 
Қазақ  даласына  Жоңғария  тарапынан  төнген  қауіп-қатерлер  жайында                     
Г.Ф. Миллер мен А. Титов қарастырды.  
Сауда жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ресей үкіметі 
жоңғар  шапқыншылығына  жол  бермеуге  тырысты.  Мысалы,  1616  жылы  25 
маусымда  И.  Куракинге  жазған  орыс  патшасының  грамотасында  Есіл  өзені 
бойында  бекініс  салуға  бұйрық  берді.  Оған  қосымша  тобыл  әскерлері  үшін 
көшпелі  жоңғарларды  сібір  қалаларына  және  Ертістің  жоғары  аймағына 
жібермеу  туралы  үкім  шығарды.  Бұл  жайында  Н.Г.  Аполлова  өзінің 
«Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегінде мәліметтер келтіреді.  
Сол  кезеңде  жоңғар  тайшыларын ресей  бодандығына  айналдыру мәселесі 
талқыланған  еді.  Оған  жауап  ретінде  1607  жылы  Томск  қаласына  елшілік 
жіберілді.  И.В.  Щегловтың  көрсетуінше,  Ресей  үкіметі  жоңғарлардың  өтініші 
бойынша  оларды  моңғолдар  мен  қырғыз-қайсақтардың  шабуылынан  қорғауға 
тиіс болды.  Патша  үкіметі  оларды  «барлық  жаулардан»,  соның  ішінде  «Қазақ 
ордаларынан» қорғауға уәде берді. 
Осы  жерден  патша  үкіметінің  бір  жағынан  ойраттар  мен  қазақтардың 
түйіскен  аймағында  тұрақтылық  орнату,  екінші  жағынан  Қазақстанда  өз 
ұстанымын нығайтуды  жеңілдету үшін оларды бір-біріне  қарсы  қою  саясатын 
айқын  байқай  аламыз.  Осылайша,  XVII  ғасырда  Ресей  мен  қазақ  хандықтары 
арасындағы сауда, саяси және дипломатиялық байланыстар жүзеге аса бастады. 
Алайда,  бұл  қатынастар  қазақтардың  әлсіз  Жоңғариямен  көршілес  болған 
кезіне дейін жалғасты. Жоңғар билеушілерінің арасындағы өзара қақтығыстар 
қазақ  хандары  тарапынан  қолдау  іздеді.  Бұған  қатысты  бірнеше  деректер 
келтіруге болады. Мысалы, жоңғар тайшылары Тюрбецкий Малай Доонов пен 
Чаган Аблаев 1674 жылы қазақ ханы Тәукеге көмек сұрап барды. Жоңғарияда 
Қалдан-Бошақты  ханның  (1644-1697  жж.)  пайда  болуы  елдегі  жағдайды  күрт 
өзгертті.  Қазақ  билеушілерінің  көмегіне  сүйенген  ол  өз  қарсыластарын 
талқандап,  жоңғар  қоңтайшысы  атанды.  Қалдан-Бошақты  ханның  қызметін 
сипаттаған  Н.Я.  Бичуриннің  (Иакинф)  еңбегінде  «Жаңа  қоңтайшы  «әкесі 
жазған  дала  заңдарын  толықтыра  отырып,  жерді  феодалдық  бөлудің  жаңа 
жүйесін қалыптастырды. Сонымен қатар, үш ойрат ханының билігі мен күшіне 
шектеу  қойды»  деген  жолдар  бар.  И.Я.  Златкиннің  көрсетуінше,  Қалдан-
Бошақты  әкесінің  сыртқы  саяси  курсын  жалғастырып,  өзінің  басты 
қарсыласына айналған қытай императоры Сюань Еге қарсы күреске дайындала 
бастады.  Ресеймен  жасақ  жинау  мәселесі  бойынша  келісім  жасаған  жоңғар 

 
81 
қоңтайшысы    Қалдан-Бошақты    осылайша  Моңғолия  мен  Тибетте  өз 
ұстанымын нығайтуға ұмтылды. 
Жоңғарияда  жаңа  қоңтайшының  үстемдік  ете  бастауы  оның  қазақ 
билеушілерімен 
қақтығысына 
алып 
келді. 
Нәтижесінде 
қазақ-орыс 
дипломатиялық  қатынастары  қиындай  түсті.  Ертіс,  Есіл,  Тобыл  бойындағы 
орыс  мекендері  мен  Сары-Су,  Қараторғай,  Талас,  Шу  өзендері  бойында 
орналасқан  қазақ  қоныстары  арасындағы  маңызды  территорияларды  жоңғар 
хандығы  басып  алды.  Осылайша  қазақ  хандықтары  мен  орыс  билеушілері 
арасында  солтүстік-шығыс  және  солтүстік-батыс  бағытындағы  байланыстар 
үзіле  бастады.  А.П.  Чулошниковтың  пікірінше,  бұрынғы  ноғай  жері  арқылы 
өткен  батыс  жолдары  қазақ  билеушілері  үшін  Есіл  мен  Ертістің  төменгі 
ағысында  және  Тобыл  мен  Есеттің  саласында  орналасқан  сібір  қоныстарына 
шабуыл жасауға ыңғайлы болды. 
XVII  ғасырдың  соңында  қазақ  билеушілері  жоңғар  қоңтайшысының 
Сібірге  жасаған  басқыншылық  әрекеті  нәтижесінде  пайда  болған  «жолдар 
мекені»  жайында  Ресей  үкіметіне  бірнеше  рет  хабарлады.  Қазақ  даласынан 
жеткен  мынадай  дерек  бар:  1690  жылы  күзде  Тобыл  әкімшілігіне  тұтқынға 
түскен  атақты  қазақ  билеушісі  Сары  тобылдың  әскер  басына  былай  деп 
мәлімдеді:  «Осыдан  он  жыл  бұрын  қалмақ    Бушуртухан  қазақтарға  соғыс 
ашып,  олардың  қалаларын  басып  алды».  Осы  шапқыншылық  туралы  И.Я. 
Златкин  «Жоңғар  хандығының  тарихы»  еңбегінде  және  Н.Г.  Аполлова 
«Қазақстанның  Ресейге  қосылуы»  еңбегінде  жан-жақты  қарастырған  болатын. 
1676-1677  жылдары  Қалдан  қоңтайшы  Очирту-Цецен  ханды  жеңіп,  ал  1680 
жылы  жаркенттіктермен  соғыс  жүргізді.  Осыдан  байқалып  тұрғандай,  жоңғар 
иеленушісі  қазақтарға  қарсы  соғысты  1680  жылдың  соңы  мен  1681  жылдың 
басында  Жаркентті  жаулап  алудан  бастады.  Осындай  оқиғалар  орыс-қазақ 
байланысын уақытша тоқтатты. 
1686 жылы Қалдан ойраттардан қуатты қол жинап, қазақтарға қарсы тағы 
да  жорық  бастады.  Арадан  бір  жыл  өткенде  Моңғолияға  қарай  бет  алды. 
«Халханы соғысқа тартқан жоңғар қоңтайшысы өзінің бұрынғы көшпелі жеріне 
қайта  оралмады»  деп  мәлімдейді  А.  Позднеев.  1698  жылы  жоңғарлар 
маньчжурлармен  болған  үлкен  шайқаста  жеңіліске  ұшырады.  В.П.  Саввиннің 
мәлімдеуінше,  бұл  жеңіліске  шыдамаған  Қалдан  1697  жылы  у  ішіп  қайтыс 
болды.  
Осы  кезеңде  Ресей  әкімшілігі  қазақ  хандықтарына  қарсы  жоңғарларды 
пайдалану  шараларын  қабылдады.  Өзінің  саяси  қарсыластарымен  күресте 
жеңіске  жеткен    Цеван-Рабтан  қоңтайшы  1697  жылы  жоңғар  тағын  тартып 
алды.  Өз қызметін 1698 жылы қазақ ханы Тәукемен соғысудан бастаған Цеван-
Рабтанның бұл әрекеті жоңғар және қазақ билеушілерінің арасындағы қарулы 
қақтығысқа  түрткі  болды.  Сол  уақыттан  бастап  Жоңғария  тарапынан 
Қазақстанның өз алдына өмір сүруіне төнген қауіп-қатер күннен-күнге күшейе 
түсті.  Бұл жағдайға ойраттардың  өз қоныстарын кеңейтуге деген ұмтылысы да 
әсер  етті.  Жоңғариядағы  және  Қазақстандағы  әр  түрлі  феодалдық  топтардың 
барлық  керуен  жолдары  мен  сауда  орталықтарын  өз  бақылауында  ұстауы 
ерекше мәнге ие болды, - деп көрсетеді И.Я. 3латкин. 

 
82 
Күрделі  жағдайдағы  қазақ  даласы  халықаралық  аренада  оқшауланып 
қалды.  Оған  солтүстіктегі  қуатты  көршісі  Ресеймен  болған  қарама-
қайшылықтар  себеп  болды.  Қазақстанға  шығыс  пен  солтүстік-шығыстан 
Жоңғария  қатер  төндірді.  1698  жылы  желтоқсан  айында  Тобылда  болған 
жоңғар  елшісі  Калабай  жоңғарлардың  қазақтарға  қарсы  Шу  мен  Талас 
өзендеріне  бағытталған  жазғы  әскери  жорығы  туралы  хабарлады.  Жорық 
қазақтарға  орасан  зор  шығын  әкеліп,  нәтижесінде  бірнеше  мың  адам  қайтыс 
болды.  Сондай-ақ,  он  мыңдаған  қазақ  тұтқынға  түсті.  Дәл  сол  уақытта  Тәуке 
ханның маңындағы адамдар Ресеймен шекаралас аймақтарға шабуыл жасаудың 
нәтижесіз  екенін  сендіруге  тырысты.  Шабуыл  шығынның  орнын  толтырудың 
орнына көп жағдайда тікелей зиянын тигізетін. Сондықтан Қазақстан мен Ресей 
арасында  шешілмеген    мәселелерді    бейбіт  жолмен  реттеуге  ұмтылыс 
байқалды.  Тәуке  хан  Ресеймен  қарым-қатынасты  жақсартуда  жаңа  қадамдар 
жасай  бастады.  Мысалы,  1702  жылы  Ямыш  өзеніне  арнайы  қазақ  елшілігін 
жөнелту туралы шешім қабылданды. Алайда, елшілікті  жоңғар билеушілерінің 
басып алуына байланысты төнген қауіптен бұл жоспар жүзеге аспай қалды.  
Қазақ  жүздерін  Жоңғар  хандығының  жаулап  алу  қаупі  XVIII  ғасырдың 
алғашқы  он  жылдығында  күшейе  түсті.  Нәтижесінде  қазақ  жүздерінің 
шаруашылық,  саяси  және  әскери  жағынан  әлсіздігі  байқалды.  Жоңғарлардың 
Орта  жүз  территориясының  бір  бөлігін  уақытша  басып  алуы  оның  қазақ 
даласындағы  басқа  билеушілермен  байланысын  нашарлатты.  Осы  кезеңде 
қазақ-орыс  дипломатиялық  қатынастары  тоқтағанымен,  Сібір  тарапында  бір-
бірімен  сауда  қатынастарын  дамыту  және  өзара  бейбітшілікке  ұмтылған  екі 
жақты  елшіліктермен  алмасу  үрдісі  жалғасып  жатты.  Ресейдің  ұстамды 
саясатына  қарамастан,  қазақ  билеушілерін  екі  жақты  жүргізілген  келіссөздер 
қанағаттандырған жоқ. Өйткені, Жоңғарияға қарсы күресте қазақтарға тікелей 
және  шынайы  қолдау  көрсету  мәселесі  өз  шешімін  таппаған  болатын.  Ресей 
үкіметінің екі ұшты ұстанымында қазақтарды өзінің жеке мүддесіне пайдалану 
үшін  жағдайды  бақылауда  ұстаудың  сыналған  ескі  саясаты  жасырылды. 
Сондықтан  да  Тобыл  мен  Казанға  қазақ  хандықтарының  саяси  әлсіздігі 
жайында мәліметтер түсе бастады. Бір кездері Ресей үшін маңызды болған Орта 
Азиялық  өзара  саяси  қатынастардағы  мәселені  шешуде  қазақ  даласын  күш 
ретінде пайдалану мүмкіндігінен айрылған патша үкіметі қазақ хандықтарымен 
байланыс орнатуға қызығушылық танытпады.  
Қазақ  хандықтарының  қауіпсіздігіне  қатер  төндірген  жағдайлар  жоңғар 
шапқыншылығымен  тығыз  байланысты  болды.  «Билік  ету  кезінен  бастап 
қоңтайшы  Цеван-Рабтан  Қазақ  ордаларына  қарсы  отыз  мың  қолдан  тұратын 
әскер жинады және осынша қазақтармен соғыс жүргізді» деп мәлімет келтірген 
капитан  Унковскийдің  мақаласын  журналдан  оқи  аламыз.  Жоғарыда  аталған 
қауіп-қатерді  тек  орыс-қазақ  байланыстарын  нығайту  жолымен  ғана  жоюға 
болатын еді.  
Бірқатар  қазақ  билеушілері,  соның  ішінде  Әбілхайыр  хан  мен  оның 
айналасындағы  адамдар  Жоңғария  тарапынан  болған  шабуылға  тек  Ресей 
арқылы  тойтарыс  беруге  болатынын  түсінді.  Әскери  жағынан  толық 
дайындалған    жоңғарлардың    шабуылына  қазақ  жүздері  төтеп  бере  алмады. 

 
83 
Осы  жағдайға  байланысты  1734  жылы  мамырда  Орынбор  комиссиясының 
бастығы  И.  Кирилов  өзінің  Анна  Иоанновнаға  жолдаған  ұсынысында  «Ұлы 
жүз,  Орта  жүз  және  Кіші  жүз  халықтары  өзара  бейбіт  өмір  сүрді.  Олардың 
иеліктеріне  Түркістан,  Сайрам,  Ташкент  сияқты  атақты  провинциялар  мен 
қалалар және Сырдария бойындағы кейбір территориялар кірді. Қазақ жүздері 
осы провинцияларды тартып алған қалмақ билеушісі Қоңтайшымен шиеленісті 
жағдайға  түсті.  Қырғыз-қайсақ  ордаларының  зенгор  қалмақтарымен  болған 
дөрекі соғыста жеңіске жетуіне мүмкіндік болған еді. Алайда, олар қалмақтарға 
қарсы күресте өзара ынтымақтастыққа қол жеткізе алмады» деп жазады.  
Жоңғарлардың  қазақ жүздеріне тұтқиылдан шабуыл жасауы қазақтар үшін 
өте  ауыр  тиді.  Оның  шырқау  шегі  1723  жылмен  тұспа-тұс  келеді.  Бұл  кезең 
тарихқа    «Ақтабан  шұбырынды»  деген  атпен  енді.  Цеван-Рабтанның  ұлы 
Шуно-Дорба  бастаған  жоңғар  әскерлері  қазақтарға  ойсыратқан  соққы  берді. 
Гавердовскийдің  пікіріне  сүйенген  М.  Ермагамбетов  мынадай  қорытындыға 
келеді:  «Кіші  жүз  батыры  Тайлақ,  Орта  жүз  батыры  Бөгенбай  (біріккен  қазақ 
күштерінің  басында  өзінің  батырлығымен  көзге  түскен  Әбілхайыр  хан  тұрды) 
бастаған  қазақтар  жауынгерлерінің  қарсыласуына  қарамастан  жоңғарлар 
қазақтарға тұтқиылдан шабуыл жасады. Алайда, 1726 жылы Бұланты өзенінің 
бойында (Сарысу саласы) және 1729 жылы Балхаш өзенінің оңтүстігінде болған 
шайқастарда қазақтар жеңіске жетті.  
Жоңғар  феодалдарының  басқыншылығы  қазақ  қоғамының  экономикалық 
және саяси өмірін қатты күйзеліске ұшыратты. Бұл ахуал қазақтармен көршілес 
жатқан қарақалпақ және өзбек секілді халықтарға да өз әсерін тигізді. Жоңғар 
шапқыншылығы  қазақ  халқы  үшін  ұлттық  маңызы  бар  бақытсыздыққа 
айналды.  «Қаһарлы  жоңғарлардың  езгісіне  түскен  қырғыздар  бір  топ  үріккен 
сайгактарға  ұқсап...  оңтүстікке  қарай  жан  сауғалап  қашты.  Олардың  артында 
дүние-мүлік,  бала-шаға,  қарт  кісілер,  үй  бұйымдары  мен  жүдеген  малдар 
қалды. Босқындағы Орта жүз қазақтары Самарқанның маңына тұрақтады. Ал, 
Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхараға барып мекендеді...Орта Азиялық құмды 
жерлерден  құнарлы  жайылым  таппаған,  сонымен  қатар  жаңа  көршілерімен 
араздыққа  түскен  қырғыздар  қуатты  Ресейдің  шекарасына  көмек  пен 
қамқорлық  іздеп  барды»  деп  жазады  Ш.Ш.  Уәлиханов.  Осыған  қатысты 
жазылған В.Н. Витевскийдің деректері де назарға лайық: «Оңтүстік-батысында 
қалмақтармен, солтүстігінде башқұрт және сібір казактарымен, ал шығысында 
жоңғарлармен  көршілес  жатқан  Кіші  жүз  бен  Орта  жүз  қырғыздары  XVIII 
ғасырдың  басында  орыс  шекарасына  жылжып,  Петр  I-ден  оларды  орыс 
бодандығына қабылдауын  өтінді.  Алайда,  Швециямен соғысып  жатқан  Петр І 
қырғыздардың бұл ұсынысын қабылдамай тастады».  
Жағдайдың  одан  әрі  шиеленісуіне  орыс  үкіметінің  қазақтарға  қарсы 
күресте  еділ  қалмақтары  жағында  болып,  оларға  (өз  боданы  ретінде)  көмек 
қолын  созуы  әсер  етті.  Себебі  Ресей  үкіметі  қазақтардың  Оралдың  оң 
жағалауына өтуіне қарсы болды. Ресей жоңғарларды Ертістің ұзаққа созылған 
жағалауынан  алыстатып,  1721  жылы  19  маусымдағы  Петр  І-нің  жарлығына 
сәйкес  олармен  қарым-қатынаста  қақтығыстан  бас  тартуға  және  сауда 
байланыстарын  орнатуға  мәжбүр  болды.  Жоңғарияның  әлсіреген  қазақ 

 
84 
хандықтарының  есебінен  күшеюі    Петр  І-нің  осы  мәселеге  назар  аударуын 
талап етті. Ертістегі оқиғалар туралы мәлімет жинау мақсатында 1722 жылдың 
соңында  елші  Иван  Унковский  жоңғар  билеушісіне  жіберілді.  Гладышев 
елшілігінің  Әбілхайыр  ханға  сапары  қазақ  даласының  Персияға  қатысты 
күрделі  жағдайымен  тұспа-тұс  келді.  1740  жылы  18  тамызда  Хиуа  ханы 
Ильбарстың  Хорасанға  қарсы  шабуылы  мен  оның  Персиядан  өз  тәуелсіздігін 
алудан  бас  тартуы  сияқты  жағдайларды  пайдаланған  шах  Надир  Амударияны 
басып  алып,  Мервті  өзінің  «Орта  Азия  мен  Қытайға  қарсы  жоспарлаған 
жорықтары  үшін»  қолайлы  тірек  базасына  айналдырды.  Қыркүйек  айының 
соңында  Самарқанды  басып  алған  соң,  қазан  айында  шах  Надир  Ильбарсқа 
қарсы  шабуыл  ұйымдастыра  бастады.  Жоғарыда  аталған  деректерді                      
С.Р. Кишмишев пен М.М. Абрамов өз еңбектерінде атап өткен. 
Н.Г.  Аполлованың  көрсетуінше,  Хиуаны  жаулап  алған  Надир  «Сырдария 
жағалауындағы  Кіші  жүз  бен  Орта  жүздің  қыстауы  орналасқан  оңтүстік 
аудандарға» қауіп төндіре бастады.  
В.Я.  Басиннің  мәліметіне  сүйенсек,  Хиуа  хандығындағы  алауыздықты 
және  Хиуа  ханы    Ильбарстың    иран    шахы  Надирмен  болған  әскери 
қақтығысын    шебер  пайдалана  білген  Әбілхайыр  хан  Хиуа  ханы  болуды  өз 
алдына  мақсат  етіп  қойды.  Үш  мыңдық  қазақ  әскеріне  басшы  болған 
Әбілхайыр  Гладышев  және  оның  серіктерімен  біріге  отырып,  Сырдарияның 
солтүстік  жағалауына  бет  алды.Оларды  жиырма  шақты  адамы  бар  хиуа 
старшинасы Авесть-Мирап күтіп алып, хиуа ханына парсы әскерлері тарапынан 
төнген  қауіп  жайында  мәлімдеді.  Олар  6  қарашада  тұрғындары  «парсы 
шахының  қаһарынан»  қатты  қорқатын,  шабуыл  кезінде  қирап  қалған  Гурляп 
қалашығында  болды.  6  қарашадан  7-не  қараған  түні  Әбілхайыр  өз  әскерімен 
Хиуаға  қарай  бағыт  алды.  Ол  шабуыл  нәтижесінде  жеңіске  жетіп,  хиуа  ханы 
атанды.  
Әбілхайыр  Ресей  әкімшілігінен  «шах  Надирмен  қатынаста  бітістіруші 
болуын»    өтінді.  Кейіннен  Хиуада  Мансуров  елшілігі  пайда  болып,  шах 
Надирге  жөнелтілді.  М.П.  Вяткиннің  ойынша,  Ресей  әкімшілігінің  бұл  іске 
араласуы  қазақтарға  Надир  ханның  тарапынан  болған  тікелей  қауіптің  алдын 
алуда үлкен рөл атқарды. 
1741  жылы  шілдеде  жоңғар  әскерлерінің  Кіші  жүз  бен  Орта  жүз 
территорияларына  басып  кіруіне  байланысты  Миллердің  елшілігі  арқылы 
Орынбор  комиссиясының  басшысы  И.  Неплюев  жоңғар  қоңтайшысы  Қалдан-
Церенге хат жолдады. Хатта Ресей құрамына кіретін қазақтардың ішкі істеріне 
жоңғарлардың  араласпауын  талап  етті.  И.  Неплюев  қазақтардың  Ресей 
құрамына  кіргені  туралы  қазақ  билеушілерімен  болған  кездесуге  қатысқан 
жоңғар  елшілері  Кошку  мен  Буруннің  хабардар  екенін  Қалдан-Церенге 
ескертті.  Жоңғар  қоңтайшысына  К.  Миллер  басшылығындағы  елшілікті 
жіберген  И.  Неплюев  одан  тұтқындарды  жедел  түрде  босатуын  сұрады.  1742 
жылы  7  қыркүйекте  Ор  бекінісінде  өткен  келіссөздер  кезінде  И.  Неплюевтің 
Әбілхайыр ханға «Қалдан-Цереннің қабылдауында болған Миллер тұтқындағы 
Абылай  сұлтан  мен  оның  жанындағы  қырғыз-қайсақтарды  босатты»  деген 
мәлімдемесін  Н.Г.  Аполлова  мен  Г.Ф.  Дахшлейгердің  еңбектерінен 

 
85 
кездестіруге  болады.  Елдегі  ішкі  талас-тартыс  пен  Моңғолия  және  Тибетті 
басып алу жолындағы ұмтылыстардан әлсіреген Жоңғарияға қарсы 1756 жылы 
маньчжур  императоры  Хун  Лидің  бірнеше  мың  әскері  жорыққа  аттанды. 
Нәтижесінде  1758  жылы  Жоңғария  толығымен  жеңіліске  ұшырады.  Кейбір 
зерттеушілердің  деректеріне  сүйенетін  болсақ,  маньчжурлар  елдің  негізгі 
тұрғындары  –  ойраттарды  қырып  жойған.  Мысалы,  С.Д.  Асфендиаровтың 
жазған мәліметіне сәйкес, 1758 жылы қолбасшылар Чжао Хой мен Фу Де қарсы 
алдында  жолыққан  ойраттардың  көзін  жойып  отырған.  М.Я.  Златкиннің 
көрсетуіне қарағанда, маньчжур әскерлері осы жорықта балалар мен әйелдерді, 
сонымен  қатар  қарт  кісілерді  де  ешбір  аяушылықсыз  аса  жауыздықпен 
өлтірген. Шамамен бір миллиондай адам мерт болды.  
Циндердің  айдауындағы  ойраттардың  орыс,  қазақ  және  қырғыздар 
арасынан баспана іздеуіне мәжбүрледі; ойраттардың бір бөлігі Еділге қарай бет 
алды. Ш.Ш. Уәлихановтың ескертуінше, «Жоңғария мен Кіші Бұхараны» сәтті 
түрде жеңіп алған маньчжурларда «соғысқұмарлық рух пен жаулап алуға деген 
ұмтылыс» пайда болды.  
Қазақ  жүздерінен  алынған  территорияларды  сыртқы  озбырлық  іс-
әрекеттерден  қорғау  мақсатында  Ресей  бірқатар  бекіністер  мен  қамалдар  сала 
бастады. Осылайша, Ертіс бағыты Бұқтырмаға дейін жетіп, одан әрі Бийск пен 
Кузнецкке  қарай  жалғасты.  Кяхта  келісімшартына  (1727 ж)  қарамастан, орыс-
қытай  шекарасында  қақтығыстар  орын  алып,  шекараны  заңсыз  кесіп  өту  мен 
адам өліміне дейін алып келетін тонаушылық әрекеттер толассыз жүріп жатты. 
Малды айдап әкетуге байланысты  арадағы сауда  байланыстары тоқтап қалды. 
Мысалы, 1733 жылы маньчжур билігі тұтқындарды босатуды және 23 873 бас 
мал  сұрады;  ресей  әкімшілігі  шапқыншылық  кезінде  айдап  әкетілген  малдың 
25 784-ін ғана қайтаруға қол жеткізді. В.П. Саввиннің деректері бойынша, 1753 
жылдың өзінде сауда қатынастары үш рет тоқтатылған. 
Жоңғарияны 
маньчжурлардың 
талқандауы 
Орталық 
Азиядағы 
халықаралық  және  әскери-саяси  жағдайды  түп-тамырымен  өзгертті.  Орта 
Азиялық  хандықтардың  өмір  сүруі  үшін  қауіп  пайда  болды.  «Бұрын  Орта 
Азияға  қауіп  төндірген  және  Кіші  Бұхараны  жаулап  алған  Жоңғарияның 
күйреуі  бүкіл  Азия  аймағында  үрейлі  қорқыныш  туғызды»  деп  жазады                
Ш.Ш. Уәлиханов.  
Ресей  зерттеушісі  А.В.  Цюрюмов  өз  еңбегінде  Ресейдің  қазақ-қалмақ 
қатынастарындағы 
бітістірушілік 
рөлін 
қарастырады: 
«Бейбіт 
қатынастардың  қарулы  қақтығыстарға  айналуы  қалмақтар  мен  қазақтар 
арасындағы  байланысты  жандандыра  түсті.  Дәл  сол  жылдары  көшпенділер 
құрған  мемлекеттердің  құрылымында  өзіндік  ерекшеліктер  пайда  бола 
бастады.  Осы  кезеңде  Орталық  және  Орта  Азия  Ресей  империясының 
мүдделері  тоғысқан  аймаққа  айналды.  Еуразиядағы  барлық  геосаяси 
кеңістікті  біріктіруге  ұмтылған  Ресейдің  көшпелі  халықтарды  бітістірудегі 
рөлі  арта  түсті.  Ресейдің  бітімгершілік  миссиясы  қалмақ-қазақ  арасындағы 
келісімге  ықпал  етіп,  қарқынды  және  жемісті  байланыстарға  бастама 
болды».  Осылайша  А.В.  Цюрюмов  «Орынбор  бағытының  құрылуы  екі 
көшпелі  халық  арасындағы  дипломатиялық  және  сауда  байланыстарын 

 
86 
бақылауда  ұстауға  мүмкіндік  бергенімен,  қалмақтар  мен  қазақтар 
арасындағы 
елшілік 
пен 
сауда 
қатынастары 
ресей 
үкіметінің 
алаңдаушылығын туғызды» деп жалғастырады.  
Негізінен  көптеген  тарихи  зерттеу  жұмыстарында  жоңғарлар  қазақтар 
үшін  жауыз  күш  ретінде  сипатталады.  Осы  пікірге  қарсы  шыққан                     
С.А.  Еділханованың  «XVII-XVIII  ғасырдағы  қазақ-жоңғар  арасындағы  өзара 
қарым-қатынастар»  атты  еңбегін  атауға  болады.  Онда  қазақ-жоңғар 
қатынастары  жан-жақты  зерттеліп,  оның  тарихы  кезеңдері  мен  салдары 
түгелдей қарастырылады. Дегенмен, мәселені тарихнамалық негізде талдаудың 
қорытындысы  дәлелдегендей,  қазақ-жоңғар  қатынасы  -  әрі  көп  қырлы,  әрі 
терең  зерттеуді  қажет  ететін  күрделі  тақырып.  Қолданыстағы  стереотиптерге 
қарамастан «екі халық арасындағы қатынастар тек әскери қақтығыстардан ғана 
құралған  жоқ,  сонымен  қатар  кейде  одақтас  әрекеттер  пайда  болып,  бейбіт 
байланыстар  қалыптасқан  кездер  де  болды.  Бұл  жағдай  көшпелі  қоғамның 
тарихи тағдырында терең із қалдырды».      
Т.З. Қайыркен қазақ-ойрат қатынастарын зерттеуге арнаған оқу құралында 
Жоңғар  мемлекетінің  қалыптасуы  мен  дамуын,  оның  Қазақ  ордасымен, 
Қытаймен,  Ресей  елімен  байланыстарын  жан-жақты,  әртүрлі  тілдердегі 
көптеген  деректерді  пайдалана  отырып  қарастырған.  Автор  ойраттардың 
қазақтармен  соғысуы,  ондағы  Қытай  мен  орыс  мемлекеттерінің  ролін  жан-
жақты көрсетіп, оның Орта Азияның геосаясатына ықпалын ашып көрсетті.        
«XVIII ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығының құлдырауы мен 
оны  қытай  әскерлерінің  жаулап  алуынан  кейін  Қара  Ертіс  өзенінің  аймағына 
қазақтар көшіп келе бастады. Олар Ертіс аймағынан урянхайлерді ығыстырып, 
Күршім мен Каба өзендерінің аңғарларын ғана емес, сонымен бірге Нарым мен 
Бұқтырманың  жоғары  аймақтарын  да  иелене  бастады»  деп  есептейді                   
В.А.  Моисеев.  Оның  ойынша,  XVIII  ғасырдың  алғашқы  ширегінде  қазақ 
руларынан  басқа  алтайлықтар  мен  ойраттарды  оңтүстік-шығысқа  қарай 
ығыстырған  орыстар  Ома  өзені  мен  Зайсан  көлі  арасындағы  Ертіс  өзенінің 
бассейнін жаулап алды. 
А.В. Цюрюмов «XVIII ғасырдың бірінші және үшінші ширегі аралығында 
хандар  мен  нояндар  Орталық  Азияға  қарай  көшуге  бірнеше  рет  ұмтылыс 
жасады»  деп  есептейді.  Ресеймен  арадағы  қарым-қатынастың  шиеленіске 
түскен кезеңінен бастап көшудің нақты жоспары қалыптаса бастады. Дегенмен, 
ол  тұрақтылыққа  байланысты  жүзеге  аспай  қалды.  Бұл  идеяға  Жоңғар 
хандығының  Батыс  Моңғолия  даласына  басып  кіруі  кедергі  келтірді.  Қоныс 
аудару  арқылы  Азияда  жеке  мемлекет  құруға  үміттенген  қалмақ  басшылары 
өздерінің  жаңа  сюзерені  -  жоңғар  қоңтайшысына  бағынатынын  мойындай 
бастады.  1758  жылы  Цин  Қытайы  Азиядағы  соңғы  ойрат  хандығын  жаулап 
алғаннан кейінгі аймақтағы жағдай  мүлдем басқа арнаға өзгерді. Нәтижесінде 
қалмақ  нояндарында  бос  жатқан  территорияларға    иелік  етіп,  жаңа  ойрат 
мемлекетін құру мақсаты пайда болды».     
Ю.С.  Булыгиннің  жұмысында  Жоғары  Обь  территориясының  таулы 
округінің  оңтүстік  бөлігінде  кейіннен  орыс  шаруаларының  қоныстана 
бастағаны  жайында  жазылған.  В.  Алексеенко,  Н.Г.  Аполлованың 

 
87 
монографиялары  мен  И.  Агапова,  А.Ю.  Быковтың  мақалалары  Алтай 
территориясын мекендеу және оны игеру мәселелерін жан-жақты қарастырды. 
Ойраттарды талқандаған Цин Қытайы Жоғары Ертіс арқылы орыстармен басып 
алынған  Жоңғария  территориясына  жеңімпаз  ретінде  үстемдік  орнатқысы 
келді.  
XIX  ғасырдың  бас  кезінде  Кенді  Алтай  территориясының  басым  бөлігі 
Ресейдің  құзыретінде  болды,  ал  империяның  оңтүстік  шекарасы  Нарым 
тауының  жотасына  дейін  жеткен  болатын.  Сол  уақытта  Семей  мен  Өскемен 
аралығындағы  Ертістің  оң  жағалауында  мәжбүрлі  түрде  Қызылжар, 
Крутоберезовка және Согра қоныстарының негізі қалана бастады. 
Сонымен,  тарихнамалық  талдаудың  көрсетуінше,  Ресей  империясының 
жоспары  қазақ  билеушілерінің  мүддесімен  сәйкес  келді.  Себебі  қазақ 
басшылары  орыс  әскерлерінің  көмегі  арқылы  өз  территорияларын  жоңғарлар, 
хиуалықтар  және  бұхаралықтардың  шабуылынан  қорғауға,  сондай-ақ 
Қытаймен шекаралас аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен үміт артты. 
Осы кезеңдегі өзара қарым-қатынасты жақсартуға деген екі жақты ұмтылысты 
байқауға  болады.  Алайда  бұл  мүдделер  толығымен  жүзеге  асқан  жоқ.  Қазақ 
элитасы неғұрлым өз бетінше әрекет жасауға тырысса, ал патша әкімшілігі оны 
соғұрлым шектеуге ұмтылды.   
Қазақ  халқының  Ресей  империясының  боданына  айналудың  алғышарты 
ретінде  тек  жоңғар,  қытай  факторы  ғана  емес,  көпшілікке  белгісіз  башқұрт 
факторы да бұл процесте өзіндік ролді атқарды.  
Ғалым  К.Л.  Есмағамбетов  өзінің  «Әбілқайыр  хан:  аңыз  бен  ақиқат»  атты 
мақаласында:  «Әбілқайырды  Ресейден  қамқорлық  іздеуге  мәжбүр  еткен 
жағдайдың  бірі  башқұрт  факторы  болды.  Патша  үкіметі  башқұрттарды 
қазақтарға  қарсы  ашықтан-ашық  соғысқа  шығарып,  оларға  орыс  әскерлері 
тарапынан  көмек  көрсетті»,  -  деп,  оны  Әбілқайыр  ханның  «Жылдар  бойы 
қонтайшымен  соғысып  келемін,  оған  әлім  жетер  емес…  Оның  үстіне  Еділ 
қалмақтары,  башқұрттар,  Бұхара  және  Хиуамен  соғыса  бастадық.  Төрт 
жағымыздан бірдей жау қоршауында қалдық», - деп жауап беруі де дәлел бола 
алады. 
XVIІІ 
ғасырдың 
бірінші 
жартысындағы 
қазақ-орыс 
қатынасы 
тәуелсіздіктен  кейін  түрік  зерттеушілерінің  еңбектерінде  қарастырылған 
болатын.  Түркия  Республикасындағы  Анкара  университетінің  докторы, 
профессор  С.  Хизметли өзінің  «XVIІІ ғасырдың бірінші жартысындағы  қазақ-
жоңғар  қатынасы  түрік  жазбагерлерінің  еңбектерінде»  атты  2005  жылы 
жарияланған  мақаласында  О.  Иорулмаз,  М.  Сарай  және  т.б.  түрік 
зерттеушілерінің  еңбектерін  талдай  келе,    XVIІІ  ғ  қазақ-жоңғар 
қатынастарында  көрші  мемлекеттердің  рөлін  де  атап  өтеді:  «Жоңғарлар 
халықаралық  жағдайдағы  болып  жатқан  жайларды  өздерінің  пайдасына  шеше 
білді.  Сөйтіп,  бірде  Ресеймен  жақсы  болған  сыңай  танытып,  өзіне  зеңбірек 
құйдыртып, керекті қару-жарақтар алса, енді бірде Қытайға жағынып, олардан 
да  өзіне  керек  пайдасын  тапты»,  -  деп  Ресей  мен  шығыстағы  Қытайдың 
бәсекелестігін  шебер  қолдана  білген  жоңғарлардың  саясатын  көрсетеді. 
Сонымен  қатар  автор  1723  жылы  Ресейдің  дегені  болып,  жоңғарлар  қазақ 

 
88 
жеріне  лап  беріп,  жеңіске  жетуінің  бірнеше  себептерін  атап  өтеді: 
«...біріншіден, шабуылдың тұтқиылдан жасалынуы болса, екіншіден, әскерінің 
көптігімен  бірге  кезінде  орыстардан  атылатын  қарулар  алуға  жетісуі, 
үшіншіден,  қазақ  жасақтарына  қарағанда  жоңғар  әскерлерінің  жауынгерлік 
әзірлігінің күшті болуы, әскерінде қатаң тәртіптің болуы», - деп жоңғарлардың 
жеңіске жетуінің бір факторы -  орыстар болғандығын көрсетеді.  
  Зерттеуші  С.  Жолдасов  «Қазақ-жоңғар  қатынасының  шиеленісуі 
жылдарындағы  оңтүстік  өңіріндегі  үш  жүздің  басын  қосқан  кездесулер»  атты 
мақаласында  жоңғарлардың  басқыншылық  соғыстарында  қазақ  елінде  болған 
Мәртөбе,  Күлтөбе,  Ордабасыдағы  кездесулерді  талқылап,  оның  тарихи 
маңызын дәйектейді. Автор тарихи құжаттардың негізінде орыс елінің көшпелі 
қазақ, жоңғар, башқұрт халықтарын бір-біріне айдап отырып, өзінің дегенін оп-
оңай іске  асыратынын былайша  көрсетеді  «...  Ресейдің  мақсаты  көрші  жатқан 
үш халықты бір-біріне айдап салып, үшеуін де әлсірету болды, - деп зерттеуші 
мұрағатта  сақталған  құжаттағы  «Егер  оның  біреуі  Ресейге  қақтығыса  қалса, 
екеуін  оған  қарсы  айдап  салу  керек.  Сөйтіп  бұл  мәселеде  Ресейдің 
араласуынсыз-ақ  жуасытудың  мүмкіндігі  бар»,  -  деген  мәліметтермен 
негіздейді. 
Тарихшы  К.  Мамырұлы  қазақ-жоңғар  қатынастарын  зерттеп,  Қытай  мен 
Ресей  сияқты  алпауыт  мемлекеттердің  саясатын  жоңғар  басқыншыларының 
жеңіске  жетуінің  себептерінің  ең  бастысы  екендігін  негіздейді.  Сондай-ақ, 
автор  қазақ-жоңғар  қатынастарын  зерттеуде  Бұхар  жырау,  Ақтамберді, 
Қожабергендердің  ауызша  мұрасын  басқа  ұлт  тарихшылары  В.А.  Моисеев,                 
И.  Ерофеева,  И.В.  Златкин,  В.Я.  Басин  сияқты  қазақ  тілін  білмейтіндер 
пайдалана алмай, сол кезеңнің тарихын толық аша алмады деп көрсетеді.   
Қазақ халқы өзінің өткенін, тарихын ұдайы жадында ұстап, оны сан алуан 
формада,  әртүрлі  жанрларда  қалыптастырып,  келер  ұрпағына  аман-есен 
жеткізіп  отырған.  Қазақтың  батырлық  жырларының  бәрінде  де  тарихи 
шындықтың  негізі  жатыр.  Кезінде  Ш.Ш.  Уәлиханов,  Ә.Х.  Марғұлан,                   
Е.Б.  Бекмаханов  және  т.б.  ғалымдар  ауызша  тарихтың  маңызы  мен 
құндылығын ерекше атап өткен болатын.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет