Рецессивтілік: Егер бір аллельді геннің функциональдық жағдайы 2-ші бір аллельді генге тәуелді болса, онда ол ген рецессивті. Мұндай генмен бақыланылатын белгі рецессивті деп аталады. Рецессивтілік белгілерге альбинизм, фенилтиокарбамидтің дәмін сезбеу т.б. рецессивті жолмен тұқым қуалайтын аурулар мысал бола алады.
Кейбір жағдайларда доминаттылық пен рецессивтілік салыстырмалы түрде болады. Мысалы, моңғолоидтықтарда –үшінші қабақ (эпикант) доминантты генмен, ал бушмендер мен готтентоттарда рецессивті генмен анықталынады. Жылтыр бастылықтың гені ер адамдарда доминантты белгі, ал әйел адамдарда рецессивті белгі ретінде, гормондардың әсеріне тәуелді. Бұл мысал жынысқа байланысты тұқым қуалайтын белгілерінде қарастырылады.
Толымсыз доминанттылық (аралық тұқым қуалау): рецессивті геннің әсерінен доминантты геннің әсерінің әлсіреуі есебінен гетерозиготтардың өзіндік фенотипіне ие болуы. Намазшам гүлінің ақ және қызыл гүлдерінен қызғылт гүлдің шығуы. Адамда белгінің аралық сипатына мысалы: бір жұп аллельді генмен анықталынатын әншілердің дауыс ырғағының 6 түрлі типінің болуы. Баритон, меццо-сопрано тек гетерозиготтарда, тенор және бас, альт және сопрано-тек гомозиготтарға тән.
Аса жоғары доминанттылық: доминантты геннің гетерозиготалық жағдайда гомозиготтық жағдайына қарағанда айқын дәрежеде көрініс беруін айтады. Мысалы: дрозофил шыбынының рецессивті аллельді гені (а)-гомозиготтарын өлімге әкеледі, ал доминантты гендері бойынша гомозиготтар өмір сүруге қабілетті, гетерозиготтары (Аа) өнімді ұрпақ беріп, өмір сүруге қабілетіліктері доминантты гомозиготтарға қарағанда жоғары болады. Мұны гендік белсенділіктің өнімдерінің өзара әрекеттесуімен түсіндіруге болады.
Кодоминанттылық: Аллельді гендердің активтілігі бірдей. Кодоминанттылықтың мысалы - адамның АВО жүйесі бойынша IV қан тобы А және В антигендерінің бірдей деңгейде жарыққа шығуы. Басқа қан топтары бұл антигендердің болмауы (I топ) немесе антигеннің біреуінің А (II топ) не антиген В (III топ) болуымен анықталынады. Орақтәрізді жасушалық анемия ауруы аутосомды-рецессивті генмен анықталынып, тек гомозиготалық ағзада ғана жарыққа шығады. Мұндай ағзада ақаулықты гемоглобиннің синтезін бақылайтын бір геннің 2 аллелі болады(НвS НвS). Гетерозиготалы ағзадағы қалыпты және дефектісі бар гендер бір-біріне басымдылық көрсетпейді, ағзадағы 2 гемоглобин бірдей синтезделеді. Бірақ ондай адамдарда симптомдық белгілері жоқ немесе оттегінің жеткіліксіздігінде ғана белгілер жеңіл түрде көрініс береді. Мұндай адамдарға таулы аудандарда тұруға, авиация жүйесінде, тау беткейінде қызмет атқаруға болмайды. Сонымен қатар бұндай адамдар қалыпты гемоглобиндері бар адамдарға қарағанда безгек ауруына төзімділігі 13 еседей жоғары. Гетерозиготтардың безгекке мұндай төзімділігін безгек плазмодиінің дефектісі бар гемоглобиндерде толық даму циклының жүзеге асыра алмауы мен түсіндіріледі.
Аллельаралық өзара әсердің ерекше бір түрі көптік аллелизм. Көптік аллелизм деп хромосоманың бір локусының бірнеше рет мутацияға ұшырауынан екі немесе бірнеше аллельдік жағдайда бола алуын айтады. Мұндай жағдайда доминантты және рецессивті гендерден басқа аралық сипаттағы аллельдер пайда болып, доминантты генге рецессивті күй, рецессивтіге доминанттылық көрсетеді. Мысалы: АВО жүйесі бойынша адамның 4 түрлі қан тобы 3 түрлі I О , IА , IВ гендерімен анықталынады.
Бірдей және әртүрлі хромосомалардың әртүрлі локусында орналасқан гендер аллельді емес гендер деп аталады. Аллельді емес гендердің өзара әрекеттесуін аллель аралық әрекеттесу деп қарастыруға болады. Оның негізгі типтері: комплементарлық, эпистаз, полимерия.