Өзiндiк дайындалуға арналған сұрақтар: а) бастапқы бiлiмдерi бойынша: 1.Негізгі генетикалық түсiнiктер: доминанттылық, рецессивтiлiк,
аллелдi гендер, аллелдi емес гендер, гомозигота, гетерозигота,
генотип және фенотип.
Моногибридті шағылыстыру кезіндегі тұқымқуалаушылық заңдылығы.
Дигибридті шағылыстыру кезіндегі тұқымқуалаушылық заңдылығы.
Толымсыз доминанттылық құбылысы.
б) сабақтың тақырыбы бойынша: 1. Генетика - пәнi, мақсаты және зерттеу әдiстерi.
2. Генетиканың түсiнiктерi мен негiзгi терминдерi.
3. Тұқымқуалаушылық, тұқым қуалау - анықтамасы және түсiнiктерi.
4. Мендель заңдылықтары.
а) Моногибридтi шағылыстырудағы белгiлердiң тұқым қуалау
заңдылықтары және олардың цитологиялық негiздерi.
б) Толымсыз доминанттылық құбылысы.
в) Дигибридтi шағылыстырудағы белгiлердiң тұқым қуалау
заңдылықтары және олардың цитологиялық негiздерi.
г) Талдаушы шағылыстыру.
5. Адамның менделденушi белгiлерi. Менделдеушi шарттар.
Ақпараттық-дидактикалық блок: Генетика - тұқым қуалаушылықтың және өзгергiштiктің заңдылықтарын зерттейтiн ғылым. Тұқымқуалаушылық пен өзгергіштік барлық ағзаларға тән тірі материяның негізгі қасиеті.
Тұқымқуалаушылық дегенiмiз ағзалардағы ұқсас белгілердің бірқатар ұрпақ бойы қайталануы және белгілі бір қоршаған ортада жеке даму ерекшелiктерiмен қамтамасыз ету қасиетi. Тұқым- қуалаушылықтың арқасында ата-аналары мен ұрпақтарының биосинтез типтері ұқсас болады, ол ұлпалардағы химиялық құрамның, зат алмасу сипатының, физиологиялых процестердің, морфологиялық белгілер мен басқа ерекшеліктердің ұқсастығын анықтайды. Соның нәтижесінде ағзалар әр түрі өздеріне тән белгілерді ұрпақтан ұрпаққа беріп отырады.
Өзгергіштік - тұқымқуалаушылыққа қарсы құбылыс. Өзгергіштік тұқым қуалау бастамасының өзгеруімен, сонымен қатар ағзаның даму процесі барысында сыртқы ортамен әрекеттесуі барысында олардың көрініс беруінің әртүрлі болуымен сипатталады.
Тұқымқуалаушылық заңдылықтарын зерттеу кезінде бір-бірінен қарама-қарсы альтернативті белгілері бойынша ажыратылатын ағзаларды шағылыстырады.
Бір ғана белгінің дамуын анықтайтын және гомологтық хромосомалардың бірдей локусында орналасқан гендерді аллельді гендер деп атайды.
Егер гомологтық хромосомаларда орналасқан аллельді гендер бірдей белгінің дамуын анықтаса, ондай ағзаны гомозиготалы деп атайды.
Егер аллельді гендер қарама-қарсы белгілердің дамуын анықтаса, ондай ағза гетерозиготалы деп аталады.
Ағзадағы барлық тұқым қуалайтын факторлар мен ядродағы хромосомалардың диплоидтық жиынтығын генотип деп атайды, ал ағзаның барлық белгілері мен қасиеттерінің жиынтығын фенотип дейді.
Тұқым қуалайтын ақпараттарды бір ұрпақтан басқа ұрпақтарға беру процессін тұқым қуалау дейді. М.Е.Лобашов “тұқымқуалаушылық” пен “тұқым қуалау” терминдерінің мағанасы бірдей емес екенін және оларды нақты ажырата білу керек екенін көрсетті.