8. Бөліп шығару процестерінің маңызы. Зат алмасу процестерінде түзілетін ыдыраудың соңғы өнімдері, былайша айтқанда шлак болып есептеледі. Олардың жинақталып немесе ұзақ сақталып қалуы организмге үлкен зиянын тигізуі мүмкін. Негізінен минералды заттардың бірқалыпты шығып тұруы организмдегі қышқылды-сілтілі тепе-теңдікті сақтап тұрады да, оның биологиялық жүйелерінің беріктігін қамтамасыз етеді.
Организмнен соңғы өнімдерді шығару оның осмотикалық қысым мен сыртқы ортаның иондық құрамын сақтап алу қабілетіне тікелей байланысты.
Бөліп шығару органдарының организмнің ішкі құрылысын бір қалыпта ұстап тұруда атқаратын маңызы зор. Олар сырттан түсетін уларды сондай-ақ ішектен қан арқылы бауырға өтіп, онда шамалы бейтараптанатын, сонан соң бүйрек арқылы сыртқа шығарылатын зиянды заттарды жойып отырады.
Альвеолдар мен тері арқылы су буы сыртқа шығарылғанда дене температурасы өзгермейді. Демек, бөліп шығару органдары зат алмасуды ғана емес жылу алмасуды да реттейді. Шығару органдарына тері, май және сүт бездері де жатады.
9. Балалардың несеп шығару жүйесінің қызметі. Несептің химиялық құрамы. Бүйректің қызметі. Балалардың бүйрегі 3 жасқа дейін жақсы өседі. 5 жасқа қарай олардың сыртқы қабығының қалыптасуы аяқталады. 10 жасқа қарай олардың ересектер бүйрегінен айырмашылығы болмайды. Бүйректегі ми затының өсуі мен дамуы біркелкі болмайды да 12 жасқа қарай олар түпкілікті қалыптасып бітеді. Бүйректің функциональды бірлігі нефрон болып табылады. Әрбір нефронда табақша тәрізді екі жақтаулы капсула болады, онда капиллярлар шоғыры орналасқан. Капсула екі жақтауының арасындағы жырашық қуыс несеп каналының басы болып табылады. Бүйректің ми қабатына жеткен кезде ол тарылып түзуленеді, сонан соң қайтадан қисайып, қабыққа бағытталады, онда ол қайтадан ойыңқы формаға ие болады. Балалар бүйрегінің қызметі де бір мезгілде дамып жетілмейді. Мәселен, балалардың несебінің сүзілуі ересектер нормасына екі жасқа қарай жақынлайды.
Несептің түзілуі. Балалардағы несеп түзілу процесі үлкендердікі сияқты екі фазада өтеді: 1) сүзілу-(алғашқы зәр); 2) қайта сіңірілу – түпкілікті немесе екінші зәр.
Сүзілу қайта сіңірілу теориясы бойынша алғашқы несеп қанның плазмаларынан құралады да Шумлянский капсулына бөлінеді. Оның жалпы мөлшері тәулігіне 150-170 литрге жетеді.
Химиялық құрамы бойынша ол еріген заттары бар су болып табылады. Алғашқы несепте органикалық емес және органикалық заттар қан плазмасындағы заттармен бірдей екендігі эксперимент арқылы дәлелденген.