Тақырыпқа байланысты экологиялық есептер шығару.3 класта дүниетанудан ‘’Ауа’’ тақырыбынан келесі есепті ұсынуға болады: Автомобиль бір тәулікте ауаға жуық мөлшерде 20 кг улы газ бөледі. 10 тәулікте ауаға қанша улы газ шығарылады? 8 автомобиль бір тәулікте ауаға қанша улы газ шығарады?‘’Топырақ’’ тақырыбынан келесі есепті ұсынуға болады: ''Ғалымдардың есептеуінше 5 см топырақтың түзілуіне 2000 жыл уақыт қажет екендігі есептелген. 12 см топырақтың түзілуіне қанша уақыт керек?'' 4 класс, дүниетану, ''Дала өсімдіктері мен жануарлары'' тақырыбын экологиялық бағыттауда келесі есепті шығартуға болады, ''Дала тышқаны бір жазда 1 кг бидайға зиянын тигізеді. Жапалақ бір жылда 1000 тышқанды құртады. Жапалақ бір жазда қанша бидайды сақтап қалады?'' 3 класс, ''Жануарлардың табиғаттағы және адам өміріндегі рөлі'' тақырыбын экологиялық бағыттауда келесі есепті келтіруге болады: ''Инелік бір сағатта 40 шыбынды жеп құртса, 24, 48 сағатта қанша шыбынды құртады? '' 3 класта жануарлардың көптүрлілігі '' тақырыбында: '' Маса 1 минутта қанатын 600 рет қақса, шыбын 300 рет қағады. Маса шыбынмен салыстырғанда қанатын қанша есе жиі қағады?''
Экологиялық ойындар енгізу арқылы тақырыпты экологиялық бағыттау.Экологиялық лото, қойылымдар, жарнамалар, т.б.
Ойын: ''Қайсысы немен қоректенеді?'' Әртүрлі бірлестіктің жануарларының тіршілігін оқып үйренгенде оқушылар өсімдікқоректі, бунақденелі қоректі, жыртқыш жануарлармен танысады. Одан басқа оқушыларға қорек тізбегі жөнінде элементарлы ұғым беріледі және бір ағзаның басқаға тәуелділігі түсіндіріледі. Оқушылар кез-келген тізбектің өсімдіктен басталатынын нақты білуі керек. Жер бетіндегі өсімдіктердің рөлі жөнінде қорытынды жасай алуы тиіс. Бұл жағдайда ойналатын ойын: ''Қайсысы немен қоректенеді?''.
Ойынға өсімдіктер мен жануарлардың суреттері бар карточкалар керек: жидектер – 15, жапырақтар – 15, бунақденелілер – 10, құстар – 10, сутқоректілер және жорғалаушылар – 10, ұлулар – 10, құрттар – 10.
Ойынға бүкіл класс қатысады. Тақтаға қорек тізбегінің сызбасы салынады, ол өсімдіктен, өсімдік қоректі жануардан және жыртқыштан тұрады. Класты үш топқа бөлуге болады: өсімдік қоректілер, бунақденелі қоректілер, жыртқыштар. Столға жайылып қойылған карточкалар ішінен әр топ өзіне қажетті қоректі таңдайды, қорек сол жануардың тіршілігін сақтап қалуына жететіндей болуы шарт. Сондықтан әр топқа қажетті карточкалардың саны айтылады. Ойынға қатысушы әр командадан кезекпен келіп, карточкаларды таңдайды. Әрбір дұрыс таңдалып алынған карточка үшін командаға бір ұпай беріледі, ал әрбір қате үшін ұпай алынады. Ұпай санын максималды жиған команда жеңеді.
Класс оқушылары арасынан ''эксперттік комиссия'' сайланады, ол ұпайларды санап, команда қиналғанда көмекке келеді.
Оқушыларға таңдап алған карточкаларынан қорек тізбегін құрастыру ұсынылады. Ол үшін әр топтан бір оқушыдан алынып, 3-4 адамнан тұратын жаңа топ құрылады, оларға басқа үш топтың өкілдері міндетті түрде енуі тиіс. Олар өздерінде бар карточкалардан қорек тізбегін құрастырады.