Фонетикалық жаттығулардың міндеті – оқушылардың айтылған буындар мен дыбыстарды айыра алуын және оларды дұрыс, анық айтып берулерін қамтамасыз ету.
Фонетикалық жаттығулар кезінде кейбір оқушылардың тілін тістеп, сақауланып сөйлеуі, кейбір дыбысты қалдырып кетуі, немесе «с» мен «ш» , «р» мен «л», «ж» мен «з», «н» мен «ң» дыбыстарды алмастырып айту кемшіліктері оқуға да, жазуға да зиян келтіреді.
Фонетикадан алған білімдері мен жаттығуларды дұрыс жазу емле үшін ғана пайдалы болып қоймайды, сонымен қатар оқушыларды әдеби тіліміздің нормасын сақтап оқуға үйрету үшін қолдануға болады.
Оқу материалдарында, шәкірттердің жауаптарында, әңгімелерінде байқалған орфоэпиялық қателер, теріс айтылған сөздер түзетіліп, сөз ішіндегі дыбыстардың құбылуы ескеріліп отырылады. Бұған қоса тілімізге басқа тілден енген термин сөздердің дұрыс айтылуы да практикалық жаттығулар арқылы үйретіледі.
Фонетикалыќ талдау
Фонетиканы өту барысында сабақта талдау жасалады.Талдауда сөздің дұрыс жазылуына ғана көңіл бөлініп қоймай, сонымен қатар сөздің дұрыс айтылуына да талдау жасап отыру керек. Себебі фонетиканы өту арқылы оқушыларға сауаттылықпен қатар дұрыс сөйлеуді де, яғни орфоэпиялық норманы меңгертеміз.
Фонетикалық талдау мазмұнына қарай дыбыс жүйесі бойынша талдау, үндестік заңы бойынша талдау болып екіге бөлінеді. Фонетикалық талдау көлеміне қарай жай талдау, күрделі талдау болып бөлінеді. Фонетикалық талдау орындалу орнына қарай тақтада талдау, орнында отырып талдау болады. Қазіргі таңда фонетикалық талдауды сатылай комплексті түрде жүргізу құпталып жүр.
“Қазақ тілі мен әдебиеті” журналының 2000 жылғы №10 санында жарияланған педогогика ғылымының кандидаты Н.Оразханованың “Фонетикалық талдауды сатылай комплексті түрде жүргізу” [3, 27] деп аталатын мақаласын осындай үлгілердіњ қатарына жатқызуға болады. Мақалада сызбалар арқылы сөзге фонетикалық талдау жүргізудің толық түрі, ықшамдалған түрі, сондай-ақ дыбыстарға математикалық тәсілмен дыбыстық мінездеме берудің үлгілері берілген. Бұл сипаттас тапсырмаларды оқушылар қызыға орындайды. Аталған талдау түрлерін грамматиканың барлық бөлімдері бойынша тестік нұсқамен де беруге болады. Тестік нұсқаның артықшылығы-дәл әрі тез орындалады.
-
Достарыңызбен бөлісу: |