7.2 Я.А.Коменский және халықтық тәрбие Ұлы педагог Я.А.Коменский – «Чех дидактикасы», «Чех грамматикасы», «Чех поэзиясы», «Ересек чехтің даналығы» (мақалдар мен мәтелдер жинағы), «Ұлы дидактика» сияқты атақты еңбектердің авторы, шын мәніндегі педагогика ғылымының негізінін салушы, «педагогиканың атасы». Ол 1592 жылы 28 наурызда Чехияда “Чех ағайындары” атты демократиялық қауымға жататын жанұяда дүниеге келді. Бұл қауым чех халқының тәуелсіздігі үшін күреске бағытталған патриоттық бірлестік болып табылды. Өзінің педагогикалық іс-әрекетін ол бұрынғы және бүгінгі педагогикалық тәжірибелер мен педагогикалық теорияларды зерттеумен ұштастыра білді. 1632 жылы оның ең негізгі еңбегі “Ұлы дидактика” жарық көріп, ғалымның есімі бүкіл әлемге кеңінен танымал болды. “Ұлы дидактика” педагогика тарихында педагогика ғылымын теориялық тұрғыдан негіздеген, оқыту теориясы – дидактиканың негізін қалаған ғылыми еңбек болды. Гуманизм және демократизм Я.А.Коменский педагогикасының басты идеясы болып табылады. Оның еңбектерінің негізінде адамға деген ерекше сенім, сүйіспеншілік пен махаббат жатыр. Адам, оның көзқарасы бойынша, «жетілдірілген, керемет құрылым». Адамның білім алуға құқы оның табиғи құқы ретінде қарастырылады. Я.Каменский мектепті “адамгершіліктің шеберханасы” деп атаған. Ол білім алуға барлық балалардың қолы жетуі қажет және балалар өздерінің қабілетіне, дарынына қарай әртүрлі болады деп есептеп, ойын былай тұжырымдайды: “Мектепке тек байлар мен ауқатты адамдардың балаларын беру жеткіліксіз, әртүрлі отбасынан шыққан балалар: атақтылар мен атақсыздардың, байлар мен кедейлердің балалары, ер балалар мен қыздар барлық қалаларда және жергілікті жерлерде, селолар мен деревняларда оқытылуы керек”. Сөйтіп, ол жалпыға бірдей оқыту қағидасын тұжырымдады. Ғалым қыздарды оқытудың қажеттігі жоқ дейтін дәстүрлі көзқарасқа қарсы шықты. Оқыту үрдісінде жалпыға бірдей демократиялық қағидаларды ұсынды.
Коменскийдің айтуынша, тәрбие табиғатқа сәйкес болу керек. Қайта өрлеу дәуірінде қалыптасқан адам туралы көзқарастарға сүйене отырып, ол адамды табиғаттың бір бөлігі деп есептеді және бәрі де табиғаттың әмбебап заңдарына бағындырылған деді. Сондықтан да ол өзінің педагогикалық қағидаларын негіздеуде табиғат құбылыстарына жиі-жиі сілтеме жасап отырды және адам іс-әрекетінен мысалдар келтірді. Я.А.Коменский адам табиғатын ескере отырып, балалардың жас ерекшеліктерін 4 жас кезеңіне бөліп қарастырды. Сондай-ақ әрбір білім беру сатысы үшін Коменский оқытудың мазмұнын жан-жақты талдайды. Аналық мектеп – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сатысы, онда негізгі тәрбиеші ана болып табылады. Аналық мектепте сабақ Коменскийдің идеясы бойынша, белгілі қатаң бағдарлама бойынша ерекше қарапайым осы жас кезіндегі балаларға түсінікті әдістемелік тәсілдерді қолдана отырып өткізу қажет болды. Аналық мектептің бағдарламасына ғылымның барлық салаларынан алғашқы мәліметтер енгізілді. Онда балалар су, жер, ауа, жаңбыр, қар, мұз, тас, темір, ағаш, шөп және т.б. дегеніміз не екенін түсініп, табиғаттанудан қарапайым мәліметтерді меңгеру тиіс болды. Коменскийдің айтуынша, аналық мектеп балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге ерекше мән береді (адамды сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет, тәртіпті болу, кішіпейілділік және т.б.). Ана тілі мектебі аналық мектептен басталған оқытуды жалғастыра отырып, онда алған білімді тереңдетіп, адам өміріне қажетті қағидаларды кеңейте түседі, атап айтқанда, ана тілінде жазылғанның бәрін еркін оқу, анық, тез және дұрыс жаза білу, санай, өлшей білу, ән салу және т.б. Бірақ Коменский онымен шектелмеді. Оның түсіндіруінше, шәкірттер мораль қағидаларын білуі, түсінуі және өмірде іске асыруға ұмтылуы қажет. Демек, бұл ғалымның сол кездің өзінде бастауыш білімді ана тілінде берудің ерекше бағдарламасын дайындағанын көрсетеді. Мектеп, Коменскийдің пікірінше, адамдардың тірі шеберханасы болу тиісті, немесе “ізгіліктің шеберханасы”, “жарықтың шеберханасы” деп бағаланды. Мектеп адамды ақылды, қайырымды адам етіп тәрбиелеу үшін бәріне үйретуі керек. Бұл дегеніміз шәкірттер мектепте жан-жақты білім алуы керек. Мектепте берілетін білім жеңіл-желпі, ат үсті болмауы керек, тек кітаптан оқып қою, заттар мен құбылыстар туралы басқаның пікірін түсіну жеткіліксіз, өзінің жеке басында заттардың мәніне үңіле білу қабілеттілігін дамытуы және шын мәнінде оларды дұрыс түсіне білуді қалыптастыруы қажет. Осыдан келіп, ұлы педагог жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасына жан-жақты білім негіздерін енгізді (гуманитарлық және реалдық). Дінге сенетін адам ретінде мектепте дінге ерекше мән берді. Ол педагогика тарихында тұңғыш рет әртүрлі әдістерді қолдана отырып, жаңа сынып-сабақ жүйесін ұсынды, оның ішінде көрнекі оқыту әдісіне ерекше орын берді. Сөйтіп, ол төмендегі мәселелерге ерекше назар аударды:
1) оқу жылы белгілі жыл мезгілінің тек қана бір күні басталуы қажет; 2) ғылыми білімнің барлық жиынтығы сыныптарға дәл бөлінуі керек; 3) уақыт та сондай дәл бөлінген болу керек, әрбір жыл, ай, күннің өзіндік ерекше міндеттері болу керек. Я.Коменский алғаш рет оқу жылы және оқу тоқсандары деген ұғымдарды бекітті, оқу демалыстарын (каникул) енгізді, оқу күнін ұйымдастыруды анықтады (4 сағат ана тілі мектебінде, 6 сағат латын мектебінде) теориялық тұрғыдан сынып-сабақ жүйесінің негізін салды және оны тәжірибеде қолданды, іске асырды. Мұғалім мамандығының өте құрметті, абыройлы мамандық екеніне тоқтала келіп, ғалым оны өте жоғары бағалады: “Оларға (мұғалімдерге) тамаша қызмет тапсырылған, күн астында одан жоғары ешнәрсе болмақ емес”, — деді. Бұл мұғалімге, оны ұлы мәртебелі ісіне жаңаша, прогрессивті көзқарас болып табылады.
Я.А.Коменскийдің алдыңғы қатарлы педагогикалық идеяларының қай қайсысы да халықтық тәрбиеге негізделгені анық. Сондықтан ғалым негізін қалаған ғылыми педагогиканың бастау-бұлағы халықтық екенін ешқашан естен шығармау керек.