6.4 Халықтық тәрбиедегі дәстүрлер Дәстүр - қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамыған, топтасқан қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет-заңын марапаттайтын рәсім. Ол – халық құндылығының көрсеткіші. Салт-дәстүрлер - ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамып келе жатқан тарихи және көне процесс. Ол ұрпақ тәрбиесінен, мәдени тұрмысы мен шаруашылық тіршілігінен көрініс бере отырып, адамның дүниеге келуімен бірге өрбіп, о дүниеге аттанып кеткенше құндақтайтын, тербететін алтын бесігі іспеттес. Дәстүр - тарихи тұрақтанған, қоғамдық қарым-қатынастық нормада бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасып жататын, көпшілік қоғам мүшелеріне ортақ әдет-ғұрыптардың жинақталған түрі. Ал жол-жоралғылар, ырымдар - әдет-ғұрыптың бөлшектері, сонан келіп салт пен дәстүр тоғысып, туындайды. Ал қазақ халқының салт-дәстүрі малмен, көшіп-қонумен байланысты туып-дамыған. Наурыз тойлары, көшіп келген ағайынға ерулік немесе көшерде көршілерге көшерлік беру, бие байлау, қымыз жинау, малдың төлдеуімен байланысты уызға, күздікте қарын майға, қыста соғымға шақыру, отқа май құю, келіннің отқа салар әкелуі, т.б. ырым, жол-жоралар, тіпті қыздың қалың малын немесе ердің құнын да мал санымен есептеу сияқты салт-дәстүрлердің халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен байланысты туғанын дәлелдейді. Сөйтіп, салт-дәстүрлер, бір жағынан, халықтың тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспетті болса, екіншіден, сол арқылы ғасырлар бойы өз ұрпағын еңбекке, адамгершілікке, өнерге, өмірге икемдеуде тәрбие құралы ретінде пайдаланған.
Дін – руханилықты қалыптастырудың өзекті факторы. Діннің маңызды тақырыбы – ана, бала. Әртүрлі діндердегі этикалық-педагогикалық тұжырымдамалардың ортақтығы – адамға деген махаббат, сүйіспеншілік. Осыған байланысты Хазрет пайғамбар ғалайһыссаламның 44-хадисінің 23-33 аяттарындағы төмендегі сөздердің тәрбиелік мәні өте жоғары: «Раббтың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, «Түһ!» деме, (кейіме), ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішіпейіл мархамет құшағын жай да, «раббім, ол екеуі мені кішкентайымнан тәрбиелегендей, сен де оларды мархабатқа бөлей көр». Міне, бұл аят кәлимәда алдымен Алла тағалаға ғибадат етуді әмір еткеннен кейін екінші әке-шешеге қызмет етуді әмір етеді. Сондай-ақ олардың екеуінің біреуі қасыңда қартайып отырса, оларға қатты сөйлеу тұрсын, ең жеңіл кейіс білдіруге болмайтынын, оған тек бәйек бола, жұмсақ сөз сөйлеу керектігін ескертеді.
Халық тәрбиесінің факторы ретінде жеке адамның үлгі-идеалының ролі ерекше. Үлгі-идеал – тұлғаны қалыптастыру үдерісінің жалпы заңдылықтарын көрсететін әмбебап, кең құбылыс. Адамгершілік идеал адамға үлкен әлеуметтік қуат беріп, тазартушылық, үндеушілік, жұмылдырушылық, жігерлендірушілік роль атқарады. Бұл жерде үлгі ретінде тек танымал тарихи тұлғалар ғана емес, қарапайым еңбек адамдары да алынатынын атап айтқан жөн. Үлгі өзінен өзі әсер етпейді, ол адамның ар-ұяты мен адамгершілік қасиеттеріне негізделеді. Үлгі-идеал, адам туралы идеалды түсініктер халықтық мейрамдар кезінде ерекше көрінеді. Мейрам кезінде халықтың ұлттық рухы, діни наным-сенімі көрініс табады. Мысалы, түркі халықтарының Наурыз мерекесі, славяндардың Рождествосы, татарлардың Сабантойы және тағы басқа мерекелердің барлығы табиғат аясында өткізіледі, адамдар бір-біріне жақсылық тілеп, ән мен жырдан шашу шашады.
Өкінішке орай, жағымсыз үлгінің әлі жетілмеген бала психикасының қалыптасуына кері әсер ететіні ғылыми дәлелденген. Халық та мұны жақсы түсінген, сондықтан «Балаңызға қандай үлгі болмақсыз?», «Мұндай нәрселерді балалардың көзінше айтуға ұялсаңызшы» деген сөздерді жиі естиміз. Қорыта айтқанда, халықтық тәрбиенің жоғарыда аталған факторлары жеке-дара өмір сүрмейді, олар әрқашан бір-бірімен тығыз байланысты.