7.4 А.С.Макаренко және халықтық педагогика Кеңестік дәуірдің ұлы педагогы А.С.Макаренко (1888-1939 ж.ж.) еңбек жолын 1905 жылы Крюководағы екі сыныптық теміржол училищесінде халық мұғалімі болып бастады. 1914 жылдан 1917 жылға дейін Макаренко оқытушылар институтында оқып, оны алтын медальмен бітіріп шығады. 1920 жылы Полтава губерниялық халық ағарту бөлімі Макаренкоға Полтаваның жанында жасы кәмелетке толмаған «қиын» балалар үшін колония ұйымдастыруды және оны басқаруды тапсырды. Жұмысты өте қиын жағдайда бастауға тура келді. Жаңа ашылған мекемеге жартылай қираған бұрынғы жасы толмаған қылмыскерлерге арналған колонияның ғимараты берілді. Осы мекемеде 8 жыл жұмыс істей отырып, Макаренко тәрбиесі «қиын» балалардан өз Отанына шын берілген, тәртіпті, еңбек сүйгіш және жұмыс істей білетін нағыз азаматтарды тәрбиелей білді. Тәрбиеленушілер ауылшаруашылығы еңбегінің қарапайым түрлерінен бастап, өз ұжымының қажеттілігі үшін өнімді еңбектің күрделі түрлерін де атқаруды үйренді. Балалар ұжымын құруда жетекші роль педагогтар ұжымына берілді. Педагогикалық ұжымсыз ол балалар ұжымын құру, тәрбиелеу және әрбір жекеленген бала бойында ұжымшылдық қасиет қалыптастыру мүмкін емес деп есептеді.Кейін ұстаз бар күш-жігерін Дзержинский атындағы еңбек коммунасын басқаруға арнады, онда ол тәрбие әдістерін жетілдіре түсуді одан әрі жалғастырды. Педагог осы коммунада еңбек іс-әрекетінің жоғары дәрежесіне қол жеткізді, онда тәрбиеленушілер орта мектепте оқыды және жоғары біліктілікті талап ететін күрделі техникамен өндірісте жұмыс істеп үйренді. А.С.Макаренко еңбек тәрбиесіне қатысты құнды ұсыныстар жасады, атап айтқанда, балалардың еңбек әрекеті үрдісіндегі жұмысын бағдарлау, жоспарлау ісін дамыту, уақытқа, өндіріс құралдарына, материалдарға ұқыпты қарау, жұмыстың жоғары сапасына қол жеткізу. Ол коммуна жағдайында оқытуды өнімді еңбекпен ұштастырудың нәтижелі тәжірибесін жалпы білім беретін мектептерде қолдануды армандады. Ғалым басқарған Дзержинский атындағы коммунада еңбек тәрбиесінің жаңа әдістері қолданылды. Коммунаның тәрбиеленушілері өндірісте күніне 4 сағаттан жұмыс істеп, жұмыстан бос уақытта орта мектепте оқыды.
Оның айтуынша, қабілетсіз немесе “бұзылған” бала “сәтсіз педагогтардың” ойлап тапқандары, барлық “бұзылғандық, тәртіпсіздік және балалардың қылмыскерлігі туа біткен және түзетуге болмайтын сапалар емес». Макаренко бүгінгі “бұзылған бала ертең қабілетті жан болуы мүмкін, Отанының нағыз азаматы, Социалистік Еңбек Ері болып шығады”, - деп есептеді. Макаренконың педагогикалық жүйесінде тәрбиенің қажетті және басты факторы еңбек болып табылады. Ол басқарған мекемелерде тәрбиеленушілердің еңбек іс-әрекетіне ерекше орын берілді. 1935 жылы А.С.Макаренко Украинадағы еңбек колонияларының оқу-тәрбие жұмысының меңгерушісі қызметіне тағайындалды, кейін Мәскеуге келіп, әдеби қызметпен, А.М.Горький атындағы колонияның және Джержинский атындағы коммунаның қызметін педагогикалық тұрғыда қорытып, жинақтаумен айналысты. 1935 жылы “Педагогикалық дастан” еңбегі, 1937 жылы отбасы тәрбиесінің мәселелерін ашып көрсететін “Ата-аналар кітабы” жарияланды (І том). Автор алғашқыда отбасы тәрбиесі туралы 4 томдық кітап жазуды жоспарлаған болатын. 1938 жылы оның ең ірі “Мұнара үстінде тулар” атты көркем-педагогикалық шығармасы жарық көрді. А.С.Макаренконың “Ата-аналар кітабы” және “Балаларды тәрбиелеу туралы лекциялар” атты еңбектері отбасы тәрбиесінің өзекті мәселелерін зерттеуге арналды. Қорыта айтқанда, А.С.Макаренконың педагогикалық жүйесінде көптеген мәселелер жаңаша ашылып көрсетілді.