Жазықова М.Қ. Этнопедагогика


Еңбек және өнер – халықтық тәрбиенің факторы



бет26/97
Дата27.11.2023
өлшемі497,09 Kb.
#128670
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   97
6.3 Еңбек және өнер – халықтық тәрбиенің факторы
Руханилық пен эстетикалық құндылықтың негізгі өлшемі – еңбек. Халық педагогикасынан орын алған еңбек және еңбекке тәрбиелеу қазіргі педагогика теориясы принциптерімен ұштасып жатыр. Еркін еңбек барысында өзінің және бүкіл қоғам мүшелерінің қажеттілігін қанағаттандыру үшін адам материалдық және рухани құндылық жасайды. Шығармашылық еңбек барысында адам өз күшінің шамасын және қабілетін анықтайды. Қоғамның басты талаптарының бірі - әр азаматтың өмірде өз орнында толық күш-жігерін жұмсап, қоғамдағы байлықты еселей түсуге еңбек үлесін қосуы, еңбекке адал, саналы қатынасу болып табылады. Еңбек тәрбиесі қашан да әр түрлі нысанда дамып, жетіліп, өзгерді, жаңарып отырды. Еңбек тәрбиесіне байланысты ой-пікірлер мақал-мәтелдерде, ертегілер мен аңыз әңгімелерде көрініс тапқан. Сонымен қатар қазақтың тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсариннің педагогикалық тақырыптағы өлеңдері мен әңгімелерінде, аудармаларында өнімді еңбек нағыз тәрбие құралы деген тұжырым жасалған. Ұлы ақын Абай нағыз пайдалы еңбек деп әр түрлі қолөнерді, егіншілікті және білім алуды, оқуды есептеді. Ол: «Ақыл мен білім алу күрделі еңбек арқылы келеді», - деген философиялық тұжырым жасады.
Еңбектің бейнеті мен зейнетін басынан өткізген халқымыз баланы еңбекке тәрбиелеуді отбасынан бастаған. Ер бала мен қыз баланы еңбекке баулудың өзіндік ерекшеліктері болды. Еңбекті дәріптеп, жастарға еңбек адамын үлгі-өнеге ретінде ұсыну "Аяз би" ертегісіндегі Аяз би, "Кер құла атты Кендебайдағы" Кендебай, т.б. бейнелері арқылы беріліп отырған. Қазақ халқы жастарды еңбекке баулығанда күнделікті кәсібіне, тұрмыс-тіршілігіне байланысты төрт түлік малды бағып-қағуды, аң аулап кәсіп етуді ойластырған. Халқымыз еңбек пен өнерді егіз санаған. Жүн иіріп, өрнек тоқу, киіз басып, үй жабу, ою ойып, сырмақ, тұскиіз өрнектеу, тері илеп, бас киім тігуді қыздар, әйелдер үшін ерекше өнер санаған. Ал тері, ағаш, темірмен байланысты кәсіптерді ер адамдар атқарған. Аяқ киім (етік, мәсі, кебіс, шоқай, шәркей тігетін етікшілік), қайыстан жүген тартып, қамшы, шідер секілді әбзел істейтін өрімшілік үлкен өнер болып есептелген. Ағаштан ашамай, арба, шана жасайтын балташыларды, темірден құрал-сайман, еңбек құралдарын немесе әшекей, зергерлік бұйымдар жасаушы ұсталарды халық жоғары бағалаған. Қазақтың дәстүрлі еңбек тәрбиесіндегі тәжірибесін бүгінгі таңдағы жеткіншектер тәрбиесінің негізіне алу – халық педагогикасының мүддесі, әрі талабы.
Өнер халықтық тәрбиенің факторы ретінде халықтың әдемілікке құштарлығының белгісі болып табылады. Халықтық өнердің бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Олар: ұлттық қолөнер, ұлттық музыка және т.б. Қасиетті қазақ халқының қолөнерінің тарихы тым тереңде. Ол кең байтақ жерімізді мекендеген сақ, үйсін, қыпшақ, ғұн, қарлұқ тәрізді көне түркі тайпаларының мәдениетінен бастау алады. Ғылыми деректер бойынша Қазақстан жерінде қолөнер кәсібі мұнан екі жарым мың жыл бұрын пайда болып, ұрпақтан-ұрпаққа мәдени мұра болып келеді. Оған Оңтүстік-Сібір, Орта Азия мен Ресей халықтарының мәдениеті де өз әсерін тигізген. Осындай үнемі жаңғыру үстінде болған қазақ халқының дәстүрлі қолөнерінің даму биігіне көтерілген кезеңі – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы. Археологиялық қазбалар мен жазба ескерткіштерге арқа сүйесек, Қазақстан аймағын мекендеген тайпалар жүздеген жылдар бойы металл, тас, сүйек, саз балшық, ағаш, жүн, тағы басқа да шикізаттарды шаруашылық кәсіптері мен күнделікті тұрмыс қажетіне жаратып, қолөнердің өз ұлтына тән ерекше көркем түрлерін қалыптастырған. Қазақ халқының қолөнері ерте кезден-ақ әлемдік мәдениеттің көрнекті қайраткерлерін қызықтырған. Мысалы, М.А.Леваневский: «Қазақтың қандай кәсіпке болмасын, табиғаттан қабілеттілігіне сүйсінесің, қарапайым құралдармен тамаша ер қапталдарын жасап, алтын, күмістен әсем бұйымдар шығаратындығына таңданбасқа болмайды. Қазақтың тіккен аяқ киімдері өте берік, киюге ыңғайлы», - деп жазды. Сондай-ақ қазақтың ұлттық қолөнерінің таңғажайып туындысы киіз үй екені баршаға аян.
Ал халық өміріндегі музыка өнерінің маңызы шетелдiктердің: «Бүкiл қазақ сахарасы ән салып тұрғандай!» деген таңданысынан көрінбей ме? Сондай-ақ А.Затаевичтiң «Қазақ халқының 1000 әнi» жинағымен танысқан Европа зиялысы Луи Арагонның: «Осыншама музыкалық қазына Европадағы он халықты қосқанда да табылмайды!» – деген сөздері қазақ музыкасының құдіретін көрсетері анық. Күйлерiмiз симфониялық шығарманың бөлiмдері, әндерiмiз операда ариялар ретiнде қолданылуының өзі-ақ халықтық дәстүрлі музыкалық мұраларымыздың формалық та, мазмұндық жағынан да жетiлгенiн көрсетедi.
Қазақтың музыка өнерін нотаға түсіру XIX ғасырдың аяқ кезінде ғана қолға алына басталды. Оған дейінгі қыруар мол музыкалық мұрамыздың бірқатары, өкінішке орай, біздің заманымызға жетпеді. Қазақтың аса ұлы күйшісі, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы (1806 – 1879), көрнекті композиторлардың бірі Дәулеткерей Шығайұлы (1820 – 1887), сазгер-күйші Тәттімбет Қазанғапұлы (1817 – 1860), дәулескер күйші Ықылас Дүкенұлы (1843—1916), атақты күйші Қазанғап Тілепбергенұлы (1854—1927) бүкіл ғұмырын халықтың сазгерлік өнеріне арнады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет