Халықтық тәрбиенің тағы бір маңызды факторы – ойын. Әдетте ойын сөз, әуен және әрекеттен құрылады. Олар дене тәрбиесін жетілдіріп, әлеуметтік рольдерді танытуға, дәстүрді, әлеуметтік тәртіпті сыйлауға бағытталады. Ойындарға табиғилық, бұқаралық, кешенділік, аяқталғандық тән. Ойнау барысында тұлғалық қасиетке қол жеткізіледі. Ойнау барысында ойыншының жасы, ойынның өткізілетін орны, уақыты, ойыншылардың саны, ойын құралдары, ережелері, жүргізушінің біліктілігі ескерілуі керек. Я.А.Каменский: «Ойын – айналадағы дүниені танудың тәсілі», - деп атап көрсеткен. Осы сөздің өзінен-ақ балалардың танымдық әрекетін қалыптастыруда ойынның қаншалықты маңызы бар екенін түсінуге болады. Ұлы педагог К.Д.Ушинский жас ұрпақты тәрбиелеуде халық педагогикасының талаптары терең бейнеленген халық ауыз әдебиетінің, әсіресе, ертегі, жырлары мен мақал-мәтелдерінің, сонымен қатар дәстүрлі ұлттық ойындардың маңызды екенін атап көрсеткен. Орыс педагогы В.А.Сухомлинский: "Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады, ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін де емес," - десе, ғалым Е.А.Покровский: «...ежелгі гректерде "ойын" түсінігі балалардың қимылы деген ұғымды білдіреді, ал еврей халқында "ойын" сөзі қуаныш, шаттық сезімдерін сипаттайды», - деп, барлық халықтың ойын түсінігінің түп-тамырының сабақтасып жатқандығы туралы тұжырым жасайды. Ұлттық ойындар халықпен бірге жасасып, ғасырлар бойы ұмытылмай, атадан балаға мұра ретінде ауысып отырған.
Этнограф-ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б.з.д. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамымыздағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген. Этнографтардың пайымдауларынша, қазақтың ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері халқымыздың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туған және адамға жастайынан дене тәрбиесін беруге, оны батылдыққа, ептілікке, тапқырлыққа, күштілікке, төзімділікке, адамгершілік қасиеттерге баулуға бағытталған. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабында қазақтың ұлттық ойындарының мән-маңызы туралы былай деп жазылған: «Қазақ ұлты негізінен ұрпақ қамын басты мақсат етіп қойып, балалардың нағыз азамат болып қалыптасуына аса зор мән берген. Нәтижесінде дәстүрлі бала тәрбиесінің басты құралы ретінде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған».
Ойын - баланың дүниені танып білуге қадам жасар алғашқы басқышы. Егер баланың алғашқы өмірі кезіндегі қоршаған ортамен байланысын адамдармен, жолдастарымен карым-қатынасын елеп-ескермей, өмір тәжірибелерінен қол үзгізіп, бірден өзіне бейтаныс дүниеге мәжбүр етсек, олардың психикалық дамуына кері әсер етуі әбден мүмкін. Оның үстіне бұл тәрбие үрдісінде жақыннан алысқа, жай нәрседен күрделіге, жеңілден ауырға, белгіліден белгісізге деген қағидаға да қайшы келмейді. Ұлттық ойындар балалардың іс-әрекеттерінің мазмұнын байытып, нақтылаудың нәтижесінде балалардың белсенділігін жетілдіріп, жұмыс қабілеттерін жақсартады, түрлі қиындықтар мен кедергілерді еркін игеруге мүмкіндік туғызады. Ұлттық ойындар тек дүниені ғана емес, ойды жаттықтырушы да болып табылады.
Ұлттық ойын жеке адамдарды тәрбиелеу құралы ғана емес, бүкіл қоғамдық ортаны тәрбиелеуші, үлгі берерлік әлеуметтік орта моделін жасаушы ретінде де күрделі қызмет атқарған. Ойын арқылы жеке тұлға қалыптасып, шыңдалып халыққа танылған, сол арқылы өмірге жолдама алып, ел ішінде танымал адамдарға айналған. Ұлттық ойындар арқылы халық өз ұрпағын ата жолын куып, өзінен бұрынғы дәстүрлерді жалғастырып, өз жұртында бар өнерді игеріп меңгеруге, шаруашылық жүргізу қолынан келетін, ел қорғауға жарайтын батыл да өжет, шапшаң ұрпақтарды тәрбиелеудің өзіндік жүйесін өмірге әкелген. Ойын үстінде бала шынайы өмірдегідей қуаныш пен реніш сезімінде болады. Ұлттық ойын ойнау арқылы оқушылардың өз салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына деген сүйіспеншілігі артады. Ойындар балаларды пайдалы еңбекке, сөйлеуге, мергендікке, тапқырлыққа, ептілік пен күштілікке, бірлесіп қызмет атқаруға, төзімділікке және т.б. тәрбиелеудің ұтымды құралы ретінде ұрпақтың керегіне жарап, оларды өмірге әзірлеу қажетін өтеуде. Сондықтан оқу-тәрбие үдерісінде «Бәйге», «Хан талапай», «Орамал тастамақ», т.б. ұлттық ойын түрлерін ойнатудың маңызы зор.
Сөз – адамзаттың рухани құндылықтарының бірі. Ана күнделікті өмірде баласымен тіл арқылы қарым-қатынас жасай отырып, оған «ана тілі» деп аталатын тілді меңгертеді. Сондықтан халық педагогикасында ана тілінің орны ерекше. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, частушкалар, санамақтар, ертегілер, аңыздар, әндер арқылы сөз құдіретін терең түсінуге болады. Халық сөзбен адамды өлтіруге де, тірілтуге де болады деп бекер айтпаған. Бала тәрбиесіндегі тіл өнерінің маңыздылығына ерекше көңіл бөлген ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдің «Аналар мектебі» еңбегіндегі: «Сөз әр заттың мәнін бейнелейді, сөзді түсінбес бұрын, заттың мәнін түсіну керек, адамзат тілі сөзден құралған, сөз заттардың жеке белгілерін түсіну барысында сыртқа шығады», - деген ойы бүгінгі таңда да өз мәнін жойған жоқ. Тілдің бала тәрбиесіндегі ролін көрсете келіп, К.Д.Ушинский: «Біз балаларды өзінің ана тіліне үйреткенде халықтың рухымен, оның көп ғасырлық өмірінде жасаған мұраларымен таныстырамыз, яғни оларды халық поэзиясының шексіз дария болып ағып жатқан жанды бұлағынан нәр алғызамыз», - дейді. Көрнекті ағартушы-психолог Ж.Аймауытов: «Тіл – ішкі сырды сыртқа шығаратын құрал. Төңірегіндегі табиғаттың түрлі құбылысына кездессе, қорықса, қуанса, таңданса, бір жері ауырса, адам айқайлап дыбыс шығарып жүрсе керек. Сол дыбыс адамның қандай күйге түскенін маңайындағы басқа адамдарға білдірсе, міне, сөйлеудің ең түбі осыдан басталған болу керек. Бұл – тілдің ең алғашқы дәуірі...», - деп пайымдайды. Адам тілінің осылайша өркендеген дәуірін бала да басынан кешіреді. Ересек адам тіл жүзінде қандай жетіліп, жүре-бара нәрсе мен дыбыс арасындағы байланысты сезінетіні сияқты, бала да ұғымдарды меңгеріп, сөздер көбейген сайын ойын байланыстырып айтуға дағдыланады. Адам ойы сөйлеу тілінде көрініс табатындықтан, дұрыс сөз құрау, өз ойын нақты да, тиянақты жеткізу ақыл ойдың көрінісі болмақ. Сонымен қатар көргенін айтып талдау арқылы бала қоршаған дүниені таниды. Х.Досмұхамедов тіл, сөйлеу адам психологиясының басты белгілерінің бірі екендігін айта келіп: «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт... Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше сөйлесең - бұл сүйініш», - деп жасаған тұжырымы бүгінгі заман талабымен үндесіп жатыр. С.Торайғыров: «Адам - табиғаттың туындысы, ондағы себептіліктің жемісі. Ол дүниенің сырларын біртіндеп ашып, оны шама-шарқына қарай өзгертіп отыратын белсенді тұлға. Адам сыртқы дүниемен байланыса отырып, оны біртіндеп тани береді, сөйтіп, өзінің ақыл-ойын дамытады», - дей келе, дүние, табиғат, тіршілік жөнінде көркем шығармаларды пайдаланудың маңызы зор деп қорытады. Бұл пікірден адам баласының дүниеге келгеннен бастап маңайын тануға, оны пайдалануға, қоршаған дүниемен қарым-қатынасқа түсуге талпынатыны байқалады. Ол қарым-қатынастың бәрі де сөзге, сөйлеу әрекетіне негізделетіні айқын.