26. Қазақ орфографиясынегізгі ережелер Кез-келген тілді меңгеру барысында оның грамматикасына, орфографиясы мен орфоэпиясына ерекше мән беру қажет. Себебі, біз оқыған кез келген сөз дәл сол түрде жазыла бермейді. Нақтырақ айтсақ, әр тілдің өзіндік емлелік заңдылықтары бар. Сондай заңдылықтар негізінде ана тіліміздің орфографиясының негізгі ережелері туралы айтып өтейік. Қазақ тілінің орфографиясы бірнеше қағидаттарға байланысты құралған. Осы қағидаттарға сүйене отырып барлық сөздерді айна қатесіз сауатты жазуға болады. Бірінші қағидат ретінде морфологиялық-фонематикалық принципті атасақ болады. Фонематикалық ереже бойынша ана тіліміздегі кез-келген сөздің түпкі нұсқасы мен оған жалғанатын жұрнақта дәл сол кейпінде қағазға түсіріледі. Мысалы,«құрылышшы» деп естілетін сөз «құрылысшы»,«қашша» деген сөз «қашса»,«башшы» деген сөз «басшы» деп жазылады. Мұндағы -шы,-са деген жұрнақтарды оқуда дыбыстық тұрғыда өзгеріс болғанымен, сол қалпында жазылып тұр. Сонымен қатар,«күндүз, түндө, бүгүн» сынды сөздер «күндіз, түнде, бүгін» деп дұрыс жазылуы керек. Мұның барлығы фонематикалық ережелерге сүйеніп дайындалған. Ал морфологиялық принципке тоқталсақ, мұнда қос сөздер мен біріккен сөздерді дұрыс жазу қолға алынады. Мысалы, қарақұрт, қырыққабат сынды сөздердің әр түбірінің дыбыстары өзгермей сол қалпында жазылады. Қазақ орфографиясының екінші үлкені қағидасы ретінде фонетикалық принципті айта аламыз. Бұл ереже сөз түбіріндегі соңғы дыбыстарға байланысты көптік, жіктік және тәуелдік жалғаулардың ерекшелігіне бағытталған. Мысал ретінде «мысықтар, облыстың, дәптерім, саптыаяғым» сынды сөздерді «мысықлар, облысдың, дәптерым, саптыаяқым» деп қате жазуға болмайды. Үшінші қағидат ретінде тарихи-дәстүрлі принципті атасақ болады. Аталмыш ереже ана тілімізге орыс тілінен енген термин сөздердің дәл сол тұлғасында сақталып жазылуын қарастырады. Мәселен, спорт, геометрия, колхоз, менеджмент сынды ғылыми сөздер сол кейпінде жазылады. Мұндай сөздердің түбірінің соңғы дыбысына байланысты түрлі қосымшалар жалғанады. Мысалы, спорты, менеджменті, агенттер, телефондар, цифрлық және тағы басқалар. Сонымен қатар, араб-парсы тілінен енген кейбір сөздердегі х, һ әріптері де тарихи-дәстүрлі принципке сүйене отырылып жазылады. Оған хат, хабар, жиһан, қаһарман секілді сөздер дәлел. Жалпы, қазақ орфографиясын әрбір қазақ жетік меңгеруі тиіс. Өз ана тіліміздегі кез-келген сөзді сауатты жазу арқылы тіліміздің қолданыстағы мәртебесін арттыра береміз.