. Шешендік арнаудың түрлерін ажырата білу жолдары.
Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше.
Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған болатын. Ол: «Қазақтар… мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын», – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.
Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді.
Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. «Қазақ әдебиеті тарихы» (1927 ж.) еңбегінде «Билер айтысы» деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Халық мақалдарында: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді», «Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды», – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген.
Достарыңызбен бөлісу: |