«Қорқыт ата кітабындағы» шешендік ой кестелері.
Қорқыт ата кітабының тәлімдік мәні күшті. Түрлі афоризмдер, қанатты сөздер, ұстаздық ұлағатты ойлар біршама баршылық. Мәселен, имандылық, кісілік, қанағатшылдық, әрекетшілік, жайында айтылатын мынадай ақыл-нақылдарға ой жүгіртуге болады. «Тәңіріне сыйынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып бір күн тыныштық көрмей дүние жияды, байиды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді. Менмен, тәкәппар адамды тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға тәңір бақ бермейді. Дана ойшылдың ата-ананы сыйлау, құрметтеу, үй ішілік сыйласымды қарым-қатынас ұл мен қыз тәрбиесі адамның әр түрлі мінез-құлқы сипаттары жайында айтқан тағылымдары да бүгінгі ұрпақтарға да өнеге болғандай.
Мысалы: «Өзіңнен тумаса ұл өгей, қаншама бағып-қаққанымен ол саған ұл болмайды. Мыңғырған мал жиғанменен адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз –жаман, атадан тағылым алмаған ұл – жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге де жарамайды».
Қорқыт ата жас өспірімнің елін жаудан қорғап, азамат болып өсуіне де ерекше мән беріп киелі ойлар қозғаған. Осыған орай ол былай дейді: «Жол қиындығын көрмеген, жабы мінген жігітке Кавказ арғымағын мінгеннен келер пайда жоқ. Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі.Қолыңа ұстаған болат қылышың мұқалмасын. Жауға атқан садағың өткір болсын». Кемеңгер ойшыл жас жеткіншектің жас қонақжай, көпшіл болуын сөзі мен ісінің бір жерден шығуын қалайды. Мысалы, «Қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық». «Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді». «Өтірік сөз өрге баспайды». «Өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық». «Сөзге берік шыншыл адамға бұл дүниеде отыз жылды үшке көбейтіп өмір сүрсе де аз» т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |