Шешендік сөздің сапалық белгілері. Тіл тазалығы. Тіл көрнектілігі.
Ой айқындылығы сөз қолданыстағы дәлдікпен тығыз байланысты. Сөз қолданыстағы дәлдік сөйлеушінің тақырыпты қаншалықты меңгергендігімен, ойлау жүйесінің тереңдігімен, әдеби тілдің байлығы мен нормасын жетік білуімен өлшенеді. Сөз мағынасын жақсы білген адам әр сөзді орнымен жұмсайды. Сөйлеуші сөздің табиғи мүмкіншілігін – тура мағынасын, көп мағыналылығын, синонимдік, антонимдік, омонимдік қасиеттерін кең түрде пайдаланумен бірге, сөздерді тура және ауыспалы мағынада, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді қыбын тауып қолдана білгені жөн.
Әдеби қолданыста әр түрлі мағынаға ие болатын көп мағыналы сөздерді өз орнында ұтымды қолдана алса, ой мен ұғым дәлдігіне жетеді.
Таза сөйлеу – ой айқындылығының белгісі. «Тіл тазалығы дейтініміз, – дейді А.Байтұрсынов, – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, ескірген сөздерге жоламау, жергілікті сөздерден қашу...». М.Балақаев: «Таза сөйлеу дегеніміз – сол тілдің жалпыға ортақ байлықтарын пайдаланып, «бөгде» сөздерді араластырмай сөйлеу», – дейді. Бөгде сөз дегенде төл сөздер мен өзге тілден ауысып, тілімізге сіңісіп кеткен сөздерді айтып отырған жоқ, ол сөздер бұл күнде қазақ тілінің нормасына айналып, жалпы халықтық қасиеттерге ие болған. Тіл тазалығын сақтамау дегенде жеке адамдардың шетелдік сөздерді, әсіресе орыс сөздерін орынсыз қолдануын айтады.
Тіл тазалығы керексіз, басы артық сөздерді қыстырып сөйлеуден де бұзылады. Сөйтіп, солай етіп, жаңағы, нетіп, міне, сосын, құсап, яғни, жүдә секілді қыстырма сөздерді көп қолдану сөйлеушінің сөзін кедейлендіреді, тыңдаушыларды мезі қылады, шешенді күлкіге ұшыратады. Мұндай қыстарма сөздер сөйлеушінің қысылып-қымтырылғанынан, ойын дұрыс жеткізе алмауынан, сөздік қорының аздығынан туындайды. Тіл тазалығын ойлау шешеннің сөйлеу әрекетінің сапасын көтереді.
Белгілі бір топтар арасында қолданылатын жаргон сөздер де тіл мәдениетіне кесел келтіреді. Адам тіпті тұрмыстық қарым-қатынаста сөйлегенде де қарапайым, дөрекі, тұрпайы сөздерді айтудан аулақ болуы керек. Сөйлеуші адамдардың ой-өрісінің кеңдігі, салиқалы, салауаттылығы сөйлеу тілінен аңғарылады. Мәдениеті жоғары, білімді, парасатты адамдар ауызекі сөйлегенде де әдеби тілдің нормаларын сақтап, тұрпайы, дөрекі, былапыт сөздерді араластырмай, өз ойын мәдениетті түрде жеткізіп отыруға дағдыланады. Сөйлеу мәдениеті жоғары адамдар жақсы өмір сүріп қана қоймайды, шешендікке де қол жеткізе алады. Себебі, шешендік – тіл мәдениетінің жоғары формасы.
Достарыңызбен бөлісу: |