Шешендік сөздің сапалық белгілері. Шешендік сөздің мазмұндылығы.
Ой айқындылығы сөз қолданыстағы дәлдікпен тығыз байланысты. Сөз қолданыстағы дәлдік сөйлеушінің тақырыпты қаншалықты меңгергендігімен, ойлау жүйесінің тереңдігімен, әдеби тілдің байлығы мен нормасын жетік білуімен өлшенеді. Сөз мағынасын жақсы білген адам әр сөзді орнымен жұмсайды. Сөйлеуші сөздің табиғи мүмкіншілігін – тура мағынасын, көп мағыналылығын, синонимдік, антонимдік, омонимдік қасиеттерін кең түрде пайдаланумен бірге, сөздерді тура және ауыспалы мағынада, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді қыбын тауып қолдана білгені жөн.
Әдеби қолданыста әр түрлі мағынаға ие болатын көп мағыналы сөздерді өз орнында ұтымды қолдана алса, ой мен ұғым дәлдігіне жетеді. Немесе мағынасы бір-біріне жуық, мәндес сөздер болғанымен, синонимдер көп жағдайда бірінің орнына бірі жүре бермейді. (Мысалы: дүние – бүкіл әлем, жер жүзі, өмір, тіршілік, мал, мүлік, көңіл-күй одағайы т.б.). Синонимдер сөйлеуді көркемдеп, түрлендіреді, бір сөзді қайталай беруден арылтады.
Синоним сөздерді үш түрлі белгілері арқылы тануға болады:
1. мағыналық реңк (бала – перзент, ұстаз – мұғалім);
2. стильдік реңк (еліру – желпілдеу, ақсақал – қария);
3. сөз қолданысындағы реңктер (өмір – ғұмыр, биік тау – бойшаң адам).
Синонимдер мынадай жағдайларда қолданылады:
1. мәтінде бір сөзді қайталамау үшін;
2. бір ұғымды түрліше жан-жақты сипаттау мақсатында;
3. мағыналас екі сөз қатар келсе, алдыңғысы соңғысын анықтап, мағынасын күшейтеді. Мұндай сөз қолданысын плеоназм дейді. (заңғар биік тау, құр бекер жүру).
Ал бір-біріне кереғар, қарама-қарсы мағынадағы антонимдер ойды әсерлі, бейнелі түрде жеткізудің оңтайлы құралы болып есептеледі.
Күлемін де жылаймын,
Жылаймын да күлемін.
Неге ғана бұлаймын,
Өзім ғана білемін, – дегенде Қ.Аманжолов адамның жан дүниесінде болатын құбылуларды дөп басып бейнелейді.
Омонимдерді орнымен қолдану сөйлеуде логикалық қате жіберуден сақтандырады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер дәлдікпен қолданғанда ойдың айқындығымен қоса, сөйлеу тілінің көркемдік деңгейін көтереді. Міне, осылайша сөздерге мағыналық өң беріп, бейнелі тіркестер жасауда тіліміздің мүмкіндігі шексіз. Шешен сөйлеуге талаптанған әрбір жан осыны ұмытпауы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |