Жұмабек кенжалин қалам қанаты



Pdf көрінісі
бет12/22
Дата12.02.2017
өлшемі2,9 Mb.
#3983
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22

ҚҰРЫШТАН ҚҰЙҒАН
«Ерлік өнегелері тарихты нұрландыра түседі 
жəне ол өнегелер - адамдарды алға 
жетелейтін жарығы мол шамшырақтардың бірі
В.Гюго
«
Құдіреті зор  қазақ бауырым»
Онда май айының мамыражай күндерінің бірі еді. Хен-
рик қарт əдеттегідей кемпірінің оны-мұны шаруасына көмек 
етпек болып, үй айналасын жиыстырып жүрген. Бір замат-
та Хильданың даусы шықты: «Не деген таусылмайтын ша-
руа дерсің бұл, ə? Күндегіміз осы ғой, осы...». Қарт бəрін де 
түсініп тұр. Соңғы рет осыдан бір ай бұрын жаңа үйге қоныс 
аудару туралы əңгіме қозғалғанда да өз дегенінен қайтпай 
отырып алған. Осы баспанасының əр қадасы жүрегіне тым 
ыстық, тым жақын. Осы үйдің албарында мұның балдəурен-
балалық шағы өтті. Бозбала күніне, онан есейіп ер жеткен 
жылдарының ең уыз сəттеріне де, міне, осы шаңырақ куə. 
Дүниені теңселткен кешегі от кешу жылдарының халықты 
қан жылатқан көздеріне де, міне, осы шаңырақ куə.
Бұл  үй  сол  уақытта  талайларға  баспана  болды.  Бір 
қараған  жанға  осы  үйдің  қаусап  тұрғаны  да  шамалы.  Тек 
ептеп арагідік жөндеп қою керек. Ал кемпірі өз ойын шалы-
на тура айтпағанымен, істің, сөздің сыңайында тұспалдап 
аңғартып-ақ  қалуға  тырысады:  иə,  өзгелер  құсап  бұл  да 
қолын жылы суға малып отырмас па? Хильда шешей ара-
тұра  осылайша  ойлағанымен,  бұл  райынан  тез  қайтатын 
да  кездері  бар.  Шалы  кешегі  от  кешу  жылдарында  жан 
алыс, жан берісте қатысқан майдангер. Оның ерлігін бүкіл 
Климанчевница  аңыз  ғып  айтса,  ал  оның  өз  аузынан  ай-
тылар əңгімені тыңдаудан ешкім жалыққан емес. Əсіресе, 
деревнядағы мектеп оқушылары Хенрик қартқа үйірсек-ақ. 

205
Апта сайын келіп қос қарияның қолын ұзартып, отындарын 
жарып,  суын  тасып  едəуір  қолғабыстарын  тигізеді.  Үйдің 
іші-сыртын мұнтаздай таза етіп, қиюы келмей тұрған істі 
көптеп,  көлемдеп  істей  салады.  Міне,  сондай  сəттері  Хен-
рик  пен  Хильда  бір  марқайып,  бір  шалқып  балаларымен 
бірге шүпірлесе асқа бас қойып, мəртебелері өсіп қалатын.
Мектеп  оқушыларының  Хенрик  қартқа  үйірсектігінің 
тағы  бір  сыры  бар.  Қарт  осы  өңірдің  жай-жапсарын,  əр 
нəрсенің  қадір-қасиетін  жетік  білетін  жан.  Былайша 
айтқанда,  деревняның  шежіресі  десе  де  болады.  Балалар 
көбіне өздеріне беймəлім дүниенің сырына Хенрик қарттан 
қанықса,  ал  деревня  мектебіне  қатысты  əңгіме  бола  қалса 
қарттың  есімін  мақтанышпен  ауызға  алады.  Бір  ғажабы 
бұл əңгімені олар Хенриктің өз аузынан емес, басқалардан 
естіген.
Жұрт  деревнядағы  мектепке  қазақ  азаматы  Бекқожа 
Кəкімжанов  есімінің  берілуіне  осы  Хенрик  қарт  себеп-
кер  деседі.  Мұның,  əрине,  мынадай  сыры  бар-ды.  Анабір 
жылдары  деревняға  жаңа  мектеп  салу  қолға  алынды  да, 
орталық  көшедегі  бірнеше  үй  бұзыла  бастады.  Мұндайда 
ескі  үй  қабырғаларынан  түрлі  қару-жарақтарды  тауып 
алу  жергілікті  құрылысшылардың  үйреншікті  əдетіне 
айналған. Олар табылған заттарды дереу тиісті орындарға 
хабарлап отырады, сонда тапсырады.
Бір  жолы  экскаваторшы  жігіт  Войцех  əдеттегіден  де 
ерекше  затқа  тап  болды.  Түс  əлеті  еді.  Жолдастарының 
асықтырғанына қарамастан, ағаш үйдің соңғы қабырғасын 
қаусатып,  машинаға  тиеп  жібермекші  болған.  Бір  сəт 
эксковаторының шөміші қабырғаның іргесін қауып, түйдек-
түйдек  топырақты  көтере  бергені  сол  еді,  сопаң  етіп  қара 
портфельдің  шыға  келгені.  Жалма-жан  кабинадан  секіріп 
түскен Войцех портфельді ашып қарады — бірнеше мəрте 
қатталып оралған документтер.
Сол заматта-ақ осы оқиға деревня тұрғындарына мəлім 
болды. «Кеңес офицерлерінің документтері табылыпты» де-
ген хабар Хенриктің құлағына тиісімен бұл да байыз тауып 

206
отыра алмады. «Мүмкін... Иə, иə, сол баяғы боздақтардың 
документтері емес пе екен? Солай болуы да əбден мүмкін 
ғой...  Меніңше,  солардың  бірінің  фамилиясы  азиялық  бо-
луы  тиіс...  Кəкім...  Кəкімқұлов...  жоқ-жоқ  Кəкімжанов... 
Қайран  Юлиан...  Юлиан...  документтерді  фашистер  тап-
пас жерге тығам деп еді-ау... Егер бұл документтер сол есіл 
ерлердікі болса, рухыңа нұр жаусын мың мəрте бауырым! 
Бір парызыңды өтегенің...»
Осынау  ой  жетегінде  кеңсеге  қалай  жеткенін  білмей 
қалған  Хенрик  келе  табылған  документтердің  кімнің 
қолында  екенін  сұрастырды.  Ал  мұндағылар  оны 
Граеводағылар  сұратып  алдырды  дегенді  айтты.  Климан-
чевинцадан  бірден  Граевоға  тартқан  Хенрик  тура  ПОРП 
аудандық комитеттің бірінші секретары Ян Янушкевичтің 
кабинетіне  кірген.  Кірген  беті  сол  екен,  Янушкевич  те 
жанындағы бірнеше адаммен Климапчевницадан табылған 
документтерді қарап отыр екен.
Бірінші секретарьдың столына жақындай бергенде көзіне 
оттай басылды — сол! Қырық төртінші жылы өз қолымен 
Юлианға берген документтер!
Сол  сəт  жанарына  жас  үйіріліп,  жан  дүниесі  астан-ке-
стен болған Хенрик қарт тілі байланған адамдай бір орын-
да тапжылмай қатқан да қалған. Əлден уақытта барып, өз-
өзіне келген қарт отырғандарға істің мəн-жайын түсіндіріп 
берген.
Ал  Климапчевницада  жаңа  мектеп  салынып  біткенде 
осы мектепке қазақ жігіті Бекқожа Кəкімжанов есімін беру 
жөнінде  мəселе  көтерген  де  осы  Хенрик  қарт.  Кейін  ол 
деревняның азаттығы үшін мерт болған батырлар жөніндегі 
əңгімені қайта-қайта қозғап, тіпті, Белостокқа дейін барған. 
Ақыры,  қоярда-қоймай  жүріп  деревнядағы  мектепке  кіші 
лейтенант  Бекқожа  Кəкімжановтың  есімін  бергізіпті.  Бұл 
шаруаны ол есіл боздақтардың рухы алдындағы борышым 
деп түсінген. Содан бері мектеп оқушылары мен қарт май-
дангер  арасындағы  байланыс  бір  сəтке  де  үзілген  емес. 
Дəстүрлі кездесу кештерінің қақ төрінде Хенрик қарт оты-

207
рар еді, əңгімеден əңгіме сабақтап. Сол сұхбат кештерінде 
балалар  өздерінің  мектебі  есімімен  аталатын  Бекқожа 
Кəкімжанов  туралы,  оның  өскен  ортасы,  ел-жұрты  жай-
лы  жаңа  бір  деректерге  қаныға  түсер  еді.  Қазақ  деген  ба-
тыр  халық,  қаһарман  халық.  Ол  меймандос  ел,  берекелі, 
берері мол ел. Оның Шоқан, Ыбырай, Абай сынды біртуар 
ұлдары, Аманкелді, Əліби, Бауыржан тұрпатты хас батыр-
лары  бар.  Бекқожа  міне,  осындай  ерлерді  өсірген  елден 
шыққан...  Хенрик  қарт  өзі  біліп,  көкірегіне  түйгенін  осы-
лайша суыртпақтай берер еді.
Хенрик үйдің шаруасы бір ретке келді-ау деген шақта га-
зет қарамақ боп күншуаққа бет алған. Албардың есігін жаба 
бергені сол еді, көше басынан балалардың шуылдасқан дау-
сы естілді. Қарт: «Оу, бұлары несі, бүгін келмейтін күндері 
емес  пе  еді,  өткен  жолы  сенбіде  деп  уəделесіп  едік  қой. 
Ал бүгін осы сəрсенбі емес пе еді, ə?» деп өз-өзінен күбір 
еткен.  Сөйткенше  болған  жоқ,  əлгі  дабырласқан  топ  Хен-
рик  қарттың  ауласына  баса-көктеп  кіре  берген.  Бəрінің  де 
əй-шайға  қарайтын  түрі  жоқ,  əлденеге  елеңдеулі.  Жүздері 
балбұл жанады.
–  Атай,  қуанышты  хабар,  Кеңес  Одағынан  қонақтар 
келеді екен бізге!
– Қазақстаннан дейді.
–  Есімі  біздің  мектебімізге  берілген  батырдың  жұбайы 
келмек дейді.
– Кəкімжановтың ба?
– Иə, иə.
– Ерлігін    талай рет өзімізге    айтып берген батырдың 
жұбайы дейді.
Хенрик қарт осының бəрі өңім бе, түсім бе дегендей, не 
істерін  білмей,  бір  сəт  тұрған  орнында  қатқан  да  қалған. 
Аз-кемнен  соң  ғана  жүрегі  алабұртып,  айналасындағы 
балалардың  бірінің  кекілінен  сипап,  бірінің  арқасынан 
қағып  айтуға  сөз  таппай  қиналған.  Бар  болғаны,  үйден 
жүгіре  шыққан  кемпіріне: «Хильда,  киімдерімді  əзірле!» 
деді.

208
«Шіркін, сол есіл ердің ең болмаса туған-туыстарының 
бірін  көрсем-ау»  деген  арманы  бартын  мұның.  Енді,  міне, 
соның  сəті  түскелі  тұр.  Бекқожаның  батырлығын,  өзі 
көрген жайды айтып бермек. Соңғы жылдары соғыс салған 
жара  меңдеп,  қыңқыл-сыңқылы  көбейе  берген.  Сондайда, 
батырлардың ерлігін туған топырағына, оның өскен орта-
сына қайтіп жеткізе алам деген ой меңдейтін.
Балалар  бұған  жеткізген  хабарға  іле  бүкіл  деревня 
құлақтанып  үлгеріпті.  Үлкені  бар,  кішісі  бар,  əйтеуір, 
осы  төңіректегі  жұмыр  басты  пенденің  бəрі  ауданнан  ха-
бар  алынғалы  бері  байыз  табар  емес.  Ал  Хенрик  қарттың 
толқуы да, тебіренуі де тым бөлек, тым ерекше еді. Өйткені 
сол  бір  оқиғаны  көзімен  көріп,  көкірегі  қарс  айырыла  қан 
жылаған санаулы адамдардың бірі ғой бұл.
Климанчевницалықтар  тықырши  тосқан  сəт  те  келді. 
Келісілген  уақытта  деревняға  бір  топ  адам  сау  ете  қалды. 
Қарсы  алушылармен  аз-кем  қауышудан  соң  ПОРП  Граево 
аудандық  комитетінің  секретары  Ян  Янушкевич  бастаған 
қонақтар тура совет офицері Бекқожа Кəкімжанов атындағы 
мектепке ат басын тіреді.
Балалардың  айтқаны  рас  болып  шықты.  Кездесу  қо-
нақтарының ішінде осы деревня үшін айқаста мерт болған 
Бекқожа Кəкімжановтың жұбайы Жамал да бар екен.
Хенрик  қарт  сол  бір  сұрапылда  өзінің  көрген-білгенін 
айтқысы  кеп  қанша  оқталғанымен,  Жамалды  оңашалап 
əңгімеге  тартудың  қисынын  келтіре  алмады.  Ал  мынадай 
алқалы  топта  өз  ойын,  көкейіндегісін  жеткізе  алмасын 
біледі ол. Ана    бір жолғыдай толқып тұрып құлап қалам 
ба деген де қаупі жоқ, емес еді. Жұрт айтып жатыр, айтып 
жатыр... Мектептің қазіргі жайынан сөз қозғалды. Балалар 
Кеңес  Одағындағы  Қазақстанның  сонау  бір  түкпіріндегі 
Ақмола  облысы  Алексеев  ауданы  оқушыларымен  хат 
алысып тұрады екен. О да дұрыс, əрине. Ал бірақ, Жамал 
естуінше,  ең  басты  əңгіме  айтылмай  барады.  Ал  оны  осы 
отырғандардың ішінен тек қана Хенрик біледі. Кездесу кеші 
аяқтала  бере  Хенрик  орнына  тұрып  сөз  сұрады.  Манадан 

209
бері  Климанчевницаның  қадірменді  қарты  Хенриктің  сөз 
алуын тьқырши күтіп отырған дүйім жұрт күбір-сыбырды 
күрт  тиып  тыныштала  қалған.  Олар  аз-кемнен  соң-ақ 
сол  бір  сұрапыл  дүниенің  от-кешу  сəттерін  саналарында 
жаңғыртса, ал осынау Даңқ сабағына жиналған жас өрендер 
қазақ батырының қаһармандық ерлігіне қаныға түскен.
 Төртеудің тегеуріні
...1944  жылдың  тамыз  айы.  Командованиеден  шұғыл 
тапсырма алған төртеу іңір қараңғысында Климанчевница 
деревнясына  келіп  кірді.  Үй-үйді  бұқпантайлаған  барлау-
шылар фашистердің казармасына жақындады.
– Жолдас кіші лейтенант, мыналардың қарасы көп көрі-
неді.  Екі  жүзге  жуық-ау  деймін.  Өздері  алаңсыз  думанға 
көшкен секілді ғой, – деп Михаил күбір етті.
– Иə, оңай жаңғақ емес екен, –  деп Виктор топ командиріне 
сұраулы пішінмен қарады.
– Жігіттер, қалай болғанда да бір амалын табуымыз 
керек.  Əйтпесе,  ертең  бозала  таңнан  үй-үйді  тінтуге 
кіріседі.  Соңғы  мəлімет  бойынша,  бұлар  деревнядан 
150  адамды  Берлинге  аттандырмақ.  Ал  одан  арғысын 
өздерің  білесіңдер  ғой.  Міндетіміз  ертеңгі  сағат 7 мен 
9-дың арасында бұлардың осы жоспарының күлін көкке 
ұшыру.
Істің  мəнісін  бірінің  бірі  қас-қабағынан  түсінетін 
жігіттер əңгімені бұдан əрі созып жатпады. Əрқайсысы-
ақ  алдағы  айқастың  оңайға  түспейтінін  іштей  сезетін 
сияқты.  Сондықтан  да  бұлардың  əр  қимылы  барынша 
жай, барынша нық. Мұндайда уақыт өтіп болған ба? Бір 
сəтке көз іліндірмек болғандарынан да түк шықпады. Көз 
жұмулы  болғанмен,  көңіл  ояу.  Қиял  шіркін  əрқайсысын 
əр  қиянға  ала  қашқандай.  Бірі  сонау  Ақмоланың  Ақкөл 
деп  аталатын  жеріндегі  елін,  жан-жарын,  ойласа,  бірі  
Рязаньда  қалған  қос  құлыншағын  сағынып,  қамығады. 
Бірі  «Күтем  сені,  Витя»  деген  үмітке  толы  үнді  іштей 

210
қайталаса, ал бірі ананың əжімді алақанын аңсағандай...
...Команда  берілісімен  фашистер  сапқа  тұру  алаңына 
қарай  жүгірісе  жөнелді.  Іле  бергі  есіктен  месқарын  офи-
цер шықты. Ол қазір бағыныштыларына бүгін атқарылар 
жұмысты  түсіндірмек;  хабарландыру  айтпақ.  Арада  екі 
минуттай өткенде жанында жандайшап деревня староста-
сы  бар  төртпақ  офицер  алаңға  беттеді.  Манадан  осының 
бəрін  бақылап  жатқан  барлаушылардың  да  күткені  дəл 
осы  сəт  еді.  Əуелі  дымын  білдірмей,  қарауыл-фрицтің 
көзін жойды. Сөйтті де, төртеуі алаңның төрт бұрышына 
шұғыл жетті. Сосын ортаға фашистердің тағы да ұйлыға 
түсуін тосты. Аз-кемнен соң осы оңтайлы сəтті пайдала-
нып  қалуға  тырысқан  барлаушылар  қос-қос  автоматпен 
оқты себелей жөнелді. Қапелімде не істерін білмей сасып 
қалған фашистер өлгені өліп, өзгелері бас сауғалап қаша 
жөнелді.
Азан-қазан айқай шудан деревня аяғынан тік тұрды. Оңын 
оң,  солын  сол  баудай  түсірген  төртеудің  жойқын  қимылы 
тым ерен еді. Кеңес барлаушыларының мына ерлігіне іштей 
сүйсінген  деревня  тұрғындарының  тілеулестіктен  басқа 
қолдан келер  айласы да жоқ еді. Мылтықтың үні естілісімен 
көше-көшеге  өре  шыққан  итаршы  полицейлер  қаруларын 
кезеніп, казармаға қарай ешкімді де беттетпей қойған.
Фашистер  көптігін  істеді.  Қым-қиғаш  атыстан  сыты-
лып шыққан біреуі дереу іргелес мекендегілеріне хабарлап 
үлгерген  болуы  керек,  машиналы,  мотоциклді  жау  лезде 
барлаушылар бекінген жерді қоршап алды.
Əуелі барлаушылар командирі Бекқожа Кəкімжанов жа-
раланды. Есі кіресілі-шығасылы сəтте:
–  Құтылып  шығыңдар,  орманға... –  деп  өзгелеріне  ко-
манда берді.
Командирді  жау  қолына  тастап  кету  өліммен  пара-пар. 
Бекқожаны  сүйеп,  демеген  қалпы  қалған  үшеуі  соңғы  па-
трондары қалғанша атысып бақты.
Арада  жарты  сағат  өткенде  атыс  сап  тиылып,  басын 
қатерге  тіккен  қаһармандар  ерлікпен  қаза  тапты.  Міне, 

211
осының  бəрі  Климанчевицаның  тұрғыны  Хенриктің  де 
көз  алдында  болған  оқиға  еді.  Артынша-ақ  құтырынған 
фашистер  деревня  тұрғындарын  мылтықтың  дүмбісімен 
ұрып-соғып,  əлгі  алаңға  алып  келді.  Ақырып,  тұлданған 
неміс офицерлері не істерін білмей қалш-қалш етеді. Əлден 
уақытта төрт жүк машинасы келтірілді. Бұл кешегі жоспар 
бойынша деревня адамдарын Германияға жөнелтуге тиісті 
машиналар еді. Офицер екі езуі көбіктене, екілене əлденені 
айқайлай айтып, қолын өліктер жатқан жерге қарай шолтаң-
шолтаң еткізеді.
–  Тиеңдер,  тиеңдер  деп      тұр  ғой  офицер  мырза.  Кəне, 
тез-тез...
Деревня  старостасы  қолындағы  мылтығын  бұларға  бе-
зей түсіп, өлікті мегзей берді. Хенрик қас қағым сəтте бүкіл 
казарма маңын шолып өтті: жүз қаралы фашист өлігі жай-
рап жатыр екен.
Өліктер  тиелген  төрт  машина  Граевоға  қарай  бет 
алысымен  фашист  офицері  кеңес  жауынгерлерінің 
денесін  деревняның  маңындағы  сайға  апарып  тастауға 
бұйырды...
Ымырт  жабылып  қас  қарайысымен  Хенрик  жанына 
көршісі Юлианды ертіп алып күндізгі сайға қайта оралды. 
Төңіректе тірі жан жоқ екеніне көз жеткізген бұлар жалма-
жан  қимылға  көшті.  Төрт  қабір  қазылды  да  жас  поляктар 
совет жауынгерлерін арулап қойды.
–  Міне,  мынау  есіл  ерлердің  документтері.  Сенде  бол-
ғаны  дұрыс-ау,  Юлиан.  Сен  қағаз-қаламға  жақын  едің 
ғой, – деп  Хенрик  жауынгерлердің документтерін досына 
ұсынды.
Күні  бойы  жанкешті  əрекет  кешкен  Хенрикке  со-
вет  жауынгерлерінің  аты-жөнін  білу  керектігі  сол  сəтте 
ғана  санасына  сақ  ете  қалған.  Ол  шарқ-шұрқ  оқ  тескен 
документтерді апыл-ғұпыл парақтап шықты да, Юлианнан 
бұларды немістер қолға түсіре алмас жерге тығуын өтінді. 
Сол жолы ол жауды жайратып, жастықтарын ала жығылған 
ержүрек  төртеудің  кіші  лейтенант  Бекқожа  Кəкімжанов, 

212
аға сержант Михаил Абрамович, ииженер Виктор Кобылев 
жəне лейтенант Ф.Валивкин екенін білген.
Соғыстың аты соғыс. Арада көп ұзамай Юлиан да мерт 
болды-дағы, бұл документтердің қайда тығылғанынан Хен-
рик бейхабар болып қалған. Бірақ мұның көкейінде түптің 
түбінде сол документтер табылуға тиіс деген ой қонақтап 
қалған-ды.
Жау  бұл  өңірден  тазартылып,  ел  есін  жиған  шақта  де-
ревня  тұрғындары  өздерін  қатерден  алып  қалып,  баста-
рын  өлімге  тіккен  жауынгерлерді  бауырластар  қабіріне 
жерледі.  Олар  туралы  əңгіме  аңыз  болып  айтылып, 
климанчевницалықтардың  жүрегіне  мəңгіге  жатталып 
қалды.
Ұрпақтарға ұлағат
...Жүрдек пойыз заулап келеді. Вагон терезесінен тысқа 
ойлана қараған бидай өңді əйелдің жүзінен терең тебіреніс 
пен  толқу  табын  байқау  қиын  емес.  Бірде  сəл  күлімсіреп, 
əлденеге разылықтың нышанын танытқандай дидары енді 
бірде  қуқыл  тартып  əп-сəтте  өзгеріп  сала  береді.  Аптаға 
жуық Польша жерінде өткен күндердің əр сəті алма-кезек 
санасында сансыз рет қайталанып, өз иірімдеріне жетелей 
түскендей.  Ал  қолындағы  фотосуреттер  мұның  жан-жары 
Бекқожаға  деген  поляк  халқының  айрықша  ілтипатын, 
тілмен айтып жеткізгісіз махаббатын өрнектеп жатқандай. 
Міне, мына бір суретте ержүрек совет жауынгерлері басына 
орнатылған ескерткіш бейнеленіпті. Құлпытасқа былай деп 
жазылыпты:
«Абрамович Михаил, аға сержант
Көбеев Виктор, инженер
Какимжанов Бекқожа, кіші лейтенант
Валивкин Ф., лейтенант
Опарин А., аға лейтенант
Гаршарин Василий,
Парадоса Иван,
Шулик Николай,

213
Семенов Виктор
Токарев Иван жəне 62 белгісіз солдат».
Ал  мына  бір  суретте  жақында  ғана  өзі  мектеп 
оқушыларымен кездесу өткізген мектеп бейнеленген. Бұл – 
Бекқожа атындағы білім ұясы. Суретке үңіле қараған жан 
мектеп  жанындағы ескерткіш белгіні анық байқар  еді. Ол 
–  мектептің  совет  офицері  Бекқожа  Кəкімжанов  атында 
екендігін білдіретін ескерткіш.
Ойды ой жетелейді. Өзінің жəне бүкіл ауылдастарының 
Бекқожа  атында  Польшада  мектеп  барын  білуінің  өзі  бір 
ұзақ  əңгіме.  Ал  бəріне  Бекқожаның  туған  інісі,  мұның 
қайнысы  Əнуарбектің  Польшаға  сапары  түрткі  болған  еді. 
Сол сапарын сүйсіне есіне алар Əнекең əңгіменің былайша 
сабақтайтын əр кез.
–  Əлі  есімде, – деп  бастайтын  сонда  ол. – 1970 жылы  бо-
луы  керек,  Қазақстаннан  бір  топ  адам,  шаруашылықтың 
сан-саласында  істейтін  қызметкерлер  арнаулы  делегация 
құрамында  Болгарияға,  Польшаға  бардық.  Сол  сапарда  Вар-
шавада  болған  соғыс  ардагерлерімен  кездесу  кешіндегі  бір 
əңгіме  елең  еткізген  мені.  Бекқожадан 1944 жылы  қара  қағаз 
келгенімен,  оның  қайда  жерленгенін  білу  бір        арман  бола-
тын. Соғыстан    кейін, ел есін жиған шақта сұрау салдырып 
жан-жаққа  хабар  бергенбіз.  Одан  пəлендей  көңіл  көншігерлік 
деректер болмаған. Енді мынаны қараңыз. Сол кеште баянда-
ма жасаған кісі Граево қаласында ерлік көрсетіп, бауырластар 
зиратына жерленгендердің қатарында Бекқожа Кəкімжановтың 
да атын атады. Осы хабарды өз құлағыммен естігеніне сенбей 
əлгі кісіден қайталап тағы сұрадым. Енді не істеу керек. Кез-
десу кеші делегация сапарының соңғы күнінде өтіп отыр. Ал 
Граевоға барып-қайту едəуір жер. Қалай болғанда да, Польшаға 
келіп тұрып ағаның басына бармай кету күнəмен тең. Пікірімді 
осылайша түйген мен сол сəтте делегация басшысымен келісіп, 
жағдайдың  бəрін  түсіндірдім.  Көп  кідірмей  Граевоға  тартып 
та  кеттім.  Мұнда  мені  Граево  аудандық  партия  комитетінің 
нұсқаушылары Юмян Мосейко, Мачкелав Шесны қарсы алды. 
Сапардың мəн-жайын ұғысқан соң бірден азаттық үшін арпа-

214
лыста жан пида еткен жерге келіп, есіл ерлердің рухына тағзым 
еттік.  Сөйтіп,  міне,  жиырма  бес  жылдан  соң  поляк  жерінде 
мəңгі ұйқыда жатқан бауырымның дерегін осылайша білдім.
Сонау  бір  қиырдағы  Польша  жерінен  жүрек  тебірентерлік 
хабар жеткізген  Əнуарбектің осы əңгімесі Ақкөлдегі ағайын-
бауырдың  өлгенін  тірілтіп,  өшкенін  жаңғыртқандай  болған-
ды. «Кəкімжан  атындағы  мектеп  бар  екен  Польшада»  деген 
сүйінішті  хабар  бұл  төңіректің  əр  жерінен  дүңк-дүңк  естіліп 
жатты.  Ауылдың  ақсақалдары  бас  қоса  қалса,  Бекқожадай 
арда азаматтың өнеге тұтар қасиеттерін еске алысты. Ал «О-
о,  Кəкімжан  партячейканың  хатшысы  болып  тұрғанда...»  деп 
басталатын əңгімелер ұзағынан қайырылатын. Қарттар осын-
дай  бір  əңгімелерден  айрықша  лəззат  алып,  өздерінің  бұла 
дəуренімен  қайта  қауышқандай  болар  еді.  Ойлап  қараса,  ол 
мұз жастанып, қар жамылған кезең екен ғой. Сондықтан да бо-
лар  оның  жүрекжарды  қуанышы  да,  қасірет  таңбасын  салған 
қайғысы да алма-кезектесіп отырған.
Шынында  да,  жалынды  жастығы,  бұла  дəурені  отызын-
шы  жылдардың  қиын-қысталаң  кезеңімен  тұспа-тұс  келген 
Бекқожа мен Жамалдың тұстастары тым ерте есейген еді.
-  Қына  ауылынан  бір  тон  жас  үдере  комсомолға  өтті. 
Əрқайсымызда  бір-бір  таудай  арман,  іңкəр  тілек:  оқу  оқысаң 
дейміз. Сол топтың ішінен Бекқожа жанының елгезектігімен, 
қоғамшылдығымен өзгемізді қай іске болсын еліктіріп əкететін.
Жамал апайдың əңгімесінен Бекқожаның өз ортасының 
ғана  емес,  бүкіл  Ақкөл  еліне  сыйлы  азамат  болғанын 
аңғарамыз.  Жастайынан  көнтерлі  еңбектің  ащы-тұщысын 
бірдей көтере білген ол «Мамай» совхозында бақташы бо-
лып, 1932 жылы партия қатарына қабылданды.
Бертін  оған  ауыл  коммунистері  үлкен  сенім  көрсетіп, 
Омбыдағы  партия-совет  мектебіне  жолдама  береді.  Оны 
ойдағыдай  бітірген  соң  сол  «Мамай»  совхозына  қайыра 
келіп партия ұйымының хатшысы болады. Ал 1937 жылдан 
майданға  аттанғанға  дейін  аудандық  партия  комитетінде 
жауапты қызметтер атқарған. Кішкентайынан қай мəселеге 
болсын көзі қанықты, білікті жан əскер қатарына алынысы-

215
мен  бірден  Томскідегі  əскери  училищеге  жіберілді.  Қысқа 
мерзімде  оны  бітірісімен  Бекқожа  майданның  алғы  шебіне 
аттанады.
– Майданға аттанып бара жатқандағы ең алғашқы жəне 
ең  соңғы  үшбу  сəлемі  мынау  ғана  болды, – деп  Əнуарбек 
сарғайған солдат хатын ұсына берді. Маржандай тізілген хат 
жолдары қалам иесінің ақыл-парасатынан, ой-зердесінен көп 
сыр аңғартқандай.
«Бауырым  Əнуарбек, – деп  басталады  хат, – бұл  хат-
ты  саған  Новосибирскіден  жазып  отырмын.  Фотосуретімді 
жолдадым. Офицерлік мектепті бітірдік, майданға кетіп ба-
рамыз. Ойымызда қорқыныш жоқ. Бір нəрсені білемін: ерлік 
– өлім,  бұл – парыз.
Əнуарбек,  қазақтар  «Жаман  айтпай  жақсы  жоқ»  дейді 
ғой.  Балалық  күндерімізде  саған  үлкендік  көрсетіп,  қол 
көтергенім де бар. Кешір, жаным менің.
Сенің Бекқожаң. 7-июль. 1944   жыл.
Туған Алексеевкада кездескенше».
Өз  тағдырын  болжап  білгендей  ме,  сірə,  осы  хат 
жөнелтілісімен  тура  екі  айдан  соң  Бекқожа  жауынгер  до-
старымен  бірге  неміс-фашистерімен  кескілескен  ұрыста 
жантəсілім  етті.  Сөйтіп  Жамал 1944 жылдың  сентябрінде 
Польшадан қара қағаз алады.
– Майданнан қара қағаз алғаныммен, Бекқожа өлді деген-
ге көңіл сенбеді, əйтеуір ең болмаса жатқан жерін барып көру 
бір арман болды, – дейді əңгімесін сабақтай түсіп Жамал.
Жылжып    жылдар соңынан жыл өтіп жатты, бірақ үміт 
жібі  үзілмеді.  Ойлап  отырса  содан  бері  қырық  жылдан 
аса  уақыт  Жамал  өмірінде  де  өз  белгісімен,  өз  беделімен 
есте  қалады  екен.  Бастапқыда  Жеңістің 10 жылдығы, 20 
жылдығы, 25 жылдығы, 30, 40 жылдықтары  дүбірлі  той-
ланып жатты. Ал бұл кезде ақиқатына келсе, Жамал үшін 
Бекқожаның рухына есеп беру кезеңдері болыпты.
Толарсақтан саз кешіп, тылдағы тірліктің қай-қайсысын 
да  ойланбастан  кіріскен  Жамалдың  жүрегінде  иненің  жа-
суындай үлесім ел игілігіне асса деген арман жүретін. Бұл 

216
араласпаған  шаруашылық  саласы  жоқ  десе  де  болады.  Ал 
қарынды  еңбек  қашанда  қайтарымды.  Соның  белгісіндей 
бүгінде  оның  омырауында  «Германияны  жеңгені  үшін», 
«Тың жəне тыңайған жерді игергені үшін», «В. И. Лениннің 
туғанына 100 жылдығы»  медальдары  жарқырайды. 
Əлденеше рет ауылдастарының сенім, құрметіне ие болып, 
ауылдық, аудандық Советтердің депутаттығына сайланды.
Бертін еңбек демалысына шыққан Жамал Кəкімжанова 
бүгінде  мектеп  оқушыларының  əрдайым  асыға  күтер 
қонағы. Оның əңгімелері сонау бір жылдар тасасында жы-
лыстап қалған сұрапыл күндер көрінісін қайта жаңғыртса, 
ал жас өрендер сол қан кешу уақытта ғаламат ерлік үлгісін 
көрсеткен қазақ офицерінің болмысына бойлап түскендей.
Осы игі дəстүр, тамаша өнеге Поляк Халық Республика-
сының  сонау  бір  түкпіріндегі  Белосток  воеводствосының 
Климанчевница  деревнясында  да  лайықты  жалғасын  тау-
ып келеді. Деревнядағы орта мектеп қазақ офицері Бекқожа 
Кəкімжановтың  есімімен  аталады.  Оқушылар  өздерінің 
бақытты болашағы үшін мерт болған батырдың семьясымен, 
туған-туысқандарымен  хат  жазысып  хабарласып  тұрады. 
Ал Бекқожаның жұбайы Жамал арагідік өзінің жары мəңгі 
ұйқыда жатқан поляк жеріне келіп кездесу кештеріне, Даңқ 
сабақтарына  қатысады.  Өйткені  мұнда  жыл  сайын  Жеңіс 
мерекесі  қарсаңында  Б.Кəкімжановтың  жəне  оның  май-
дандас  достарының  рухы  құрметіне  Даңқ  сабағын  өткізу 
дəстүрге айналған.
Дүниені дүмпумен теңселтіп, шайқалтқан екінші дүние 
-жүзілік  соғыс  өртінің  өшкеніне  де  қырык  жылдан  асты. 
Отан соғысы елдің    елдігіне, ердің мəрттігіне сын болды. 
Сол ерлердің тұлғасын асқақтата түсетін де уақыт деген са-
рапшы екен. Əр көрінісі жылдардан жылдарға жаңғырығыш, 
ұрпақтар  өнегесіне  айналған  от  кешу  күндердің  орны 
өзгеше. Ал олардың бəрі дəуір сабағының, даңқ сабағының 
алтын діңгегі.
1991 ж.

217

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет