14 тарау
Сара екеуміз 1995-жылдың 22-маусымында шаңырақ көтердік. Дәл сол жылы,
бізден біраз уақыт қана бұрын Сараның жақын құрбысы Элен майкке тұрмысқа шықты.
Өкінішке орай, бұл Майк екеуміздің «Оак Рум» қауымынан кетуге тиіс екенімізді білдірді.
Алдымен Майк, содан соң бірнеше айдан кейін мен кеттім. Сара мен Элен әке-шешелері
тұратын Эссексте жұмыс істейтін. Олар кішкентай кездерінен бастап дос болды, екеуі де –
жергілікті «Моркрофт Холл» қауымының мүшелері.
Арада көп өтпей-ақ біз қауымның жұмысына белсене араласып кеттік. Тәубеге
келген алғашқы күндерден бастап-ақ мен Қытайда немесе тым болмағанда қатал
режимдегі түрмелердің бірінде уағыздаушы болуды армандайтын едім. Бірақ мұның
орнына мен жүрегін балаларға арнаған Сараның соңынан ілестім. Оның әкесі көптеген
жылдар бойы балалардың жазғы лагерлерін ұйымдастыруға жетекшілік етті. Мен оған
көмектесе бастадым және де күтпеген жерден өзіме балалармен жұмыс істеудің
ұнайтынын байқадым. Маған олармен түрлі ойындар ойнаған ұнайтын. Сірә, бұл бала
кезімде маған осының жетіспегендігінен болар. Балалардың жазғы демалыс
бағдарламасын да суға шомылу мен қозғалысты талап ететін түрлі ойындар ойнату және
125
спорттық жарыстар болатын. Кешкісін біз бәріміз бірігіп балаларға Иса Мәсіх туралы
әңгімелейтінбіз. Бұл балалар үшін қызықты еді және олардың мені қандай
қызығушылықпен тыңдайтындарына өзімнің де көзім жетті.
«Моркрофт Холл» қауымы інжілдендіру шараларын өткізбейтін және оның үстіне
қауымда жастардың қарасы да аз еді. Осы айтып отырған жағдайлардан аз ғана уақыт
бұрын біз Сара, Майк және Элен бәріміз қауымның жанынан жастар клубын ашуды
ұйғардық. Қалада не істерлерін білмей көшеде сенделіп жүрген жастар көп болатын. Мен
көшеде жасөспірімдермен танысып, оларды қауымға шақырамын. Майк ізгі хабар айтады.
Жұма күндері біз жастарды жинап қауымға әкелу үшін шағын автобуспен бүкіл
Базилдонды аралап шығатынбыз. Сол кездері жастардың көпшілігі Мәсіхке келді.
Мысалы, Джейми. Ол өте әлжуаз және тым мазасыз бала болатын. Жасы тоғызда болса да
ол тым кішкене болып көрінетін. Сонысына қарамастан ол үйінен жиі қашып кететін және
міндетті түрде түрлі ыңғайсыз жағдайларға тап болып жүретін. Ол ешкімге сенбейтін
және мазасызданған кезінде кекештене бастайтын. Өзіміз жұмыс жасап жүрген
балалардың көпшілігі секілді, біз оның шыққан тегі мен алған тәрбиесі жайлы егжей-
тегжейлі білмейтінбіз. Оның әкесі жоқ болатын. Оған жалғызбасты анасы қарайтын. Біз
балалардың бәрінің ата-аналарымен мүмкіндігінше байланыс орнатуға тырыстық және
мен олардан өзімнің түрмеде отырып шыққанымды ешқашан жасырған емеспін. Бірақ біз
жүрген ортада бұл асқан масқара іс болып саналмайтын. Біздегі балалардың туған немесе
өгей әкелерінің көпшілігі түрмеде отырып шыққандар. Оның үстіне аналар балаларын
көшенің жағымсыз ықпалынан аман алып қалуға көмектесетініміз үшін бізге разы
болатын.
Джейми біздің жастар клубымызға келіп жүрді. Арада көп өтпей ол өзінің бауыры
мен қарындасы – Джон мен Мэндиді ертіп келе бастады. Қазір мен егер Джейми
өміріндегі қиын кезеңде біздің жастар клубымыздан қолдау таппағанда оның тағдыры
қандай болатын еді деп жиі ойлаймын.
Бекки Уотсон әдемі, жас қыз болатын. Біз оны Биллеркейден әр апта сайын
қауымға алып келетінбіз. Клубымыздың мүшелерінің саны күн санап көбейе бастады да,
енді оларды әкелу үшін біз шағын автобуспен бірге екі жеңіл көлікпен шыға бастадық.
Бірде кешкісін ойын алдында Беккиді алып келуді ұмытып кеткенімді байқадым.
Ойынды жүргізе беруді көмекшілеріме тапсырдым да, өзім оны алып келуге
аттандым. Өзімнің көлікті жақсы жүргізетін дағдыма сенім артқан мен жиырма минуттық
жерге лезде жетіп бардым. Қуанышыма қарай, тоңып қалғанына қарамай ол әлі күтіп тұр
екен. Қыз менің оны әкетуді ұмытып кеткенімді кең пейілдікпен кешірді. Бұл оған тән
қасиет болатын. Көлік ішінде әңгімелесіп келе жатқан кезімізде мен одан:
–
Айтшы, Бекки, сен Иса Мәсіхке сенесің бе? – деп сұрадым.
Көлік ішінде тыныштық орнады. Бұл туралы одан ешкім және ешқашан бұлайша
тура сұрамаған еді. Ол алдына тура қарап отыр, ал мен жолдан көз айырмай келе
жатырмын. Біз қауымның көлік тұрағына жеткенге дейін үнсіз келдік. Көлікті тоқтатып,
қауіпсіздік белдігін шеше бастаған кезімде Бекки кенет:
–
Иә! – деді.
–
Иә? – дедім мен түсінбей.
–
Иә, мен Исаға сенемін, – деді Бекки көздеріме тура қарап. Оның әдемі жүзінде
күлкі табы пайда болып, көздері жарқырап кетті. – Иә, Тони, – деді ол қайталап.
– Енді мен Исаға сенемін.
126
Сол кезден бастап Бекки Мәсіх туралы үздіксіз куәлік айтып келеді. Және ол
Құдайға өзінің тамаша кештердің бірінде менің көлігімнің ішінде келгенін айтуды
ұмытпайды. Мен сол кезде оған әлгі сұрақты қоюға батылымның жеткеніне қуанатынмын.
Бекки қазір де ізгі хабар айтады ол мұны сондай табиғи және қарапайым түрде айтады.
Өз жүректерін Исаға ашқан және Ол туралы көбірек білгілері келген өзге де
көптеген балалар болды. Біз ондай балаларды Киелі кітапты оқып үйрену үшін әр аптаның
сейсенбі күндері өз үйімізге шақыра бастадық. Бізде бос бөлмелер жоқ болатын,
сондықтан бұл қыздар мен ұлдар он-он бестен қонақ бөлмемізге жиналатын. Бөлме тар
болса да, көңіліміз кең еді. Қысқасы, бұл керемет кез болатын.
Бұл арада күзет саласындағы жұмысым жақсы жүріп жатты. Мен қашан да алға
қарап, өз әрекеттерімді қарсыластарымнан бірнеше қадамға бұрын есептей білетінмін. Бұл
менің қызметімнің жоғарылауына және жалақымның көтерілуіне септігін тигізді. Мен әлі
де Исаны білмейтін адамдардың қамдарын ойлап жүрдім, бірақ рухани өмірімнің
діңгегінің сол кезде-ақ басқа жаққа қарай қисая бастағанын қазір түсініп жүрмін. Сара
екеуміз Құдай бізге бұдан да көп құрбандық жасауымыз үшін ккөп беріп жатыр деп
өзімізді шатастыра бастадық. Ал шын мәнінде бәрі керісінше болатын. Мен көп
уақытымды жұмыста өткіздім, ал бұл жағдай мені Сарадан және Құдайдың шақыруы
екенін жақсы түсінетін қауымдағы қызметімнен алшақтата бастады. Өзім де байқамастан
«өз-өзін алдарқату қақпанына түскен мәсіхші» деп атайтын адамға айналдым.
Осыдан бар-жоғы бірнеше жыл бұрын ғана мен өзім де соған айналған мәсіхшілер
туралы қатаңдау, жақтырмайтын сөздер айтатын едім. Англияға келген сәттен бастап мен
қауымның бір бөлшегіне айналуды армандадым. Түрмеде отырған кезімде алғашқы
Қауым жайындағы Көне өсиеттік әңгімелерді оқитынмын және қазіргі қауымдардан дәл
сондай нәрселерді көз алдыма елестететінмін. Құдай маған осы қуанышты сезіну
мүмкіндігін берді. Әрине, Кипрдегі рухани қайта туылудан кейін сенімдегі бауырлар
арасындағы өмірді мен сый ретінде қабылдадым. Бірақ уақыт өте берді және мен барған
қауымдардың көпшілігі көңілімді барған сайын қалдыра берді. Иә, бауырлар мен әпке-
қарындастар бір-бірлерін жақсы көретін, бірақ негізінен оларды жеке шаруалары мен
қажеттіліктері көбірек қызықтыратын еді. Әрине, олар мұқтаждар үшін мінажат етті, бірақ
өздерінің қауымдарынан тысқары жерде ізгі хабар таратуды олардың бірең-сараңы ғана
қалайтын еді.
Марқа жазған Ізгі хабарда Иса Өзінің жолын қуушыларға былай дейді: «Иса оларға
тағы былай деді: «Бүкіл жер бетіндегі күллі адамдарға барып, Ізгі хабарды жариялаңдар!»
(Марқа 16:15). Исаның бұл бұйрығы сол уақытта қандай болса, қазір де сол күйінде
қалады. Бұл бұйрық барлық уақыттарға және барша мәсіхшілерге қатысты. Бірақ соған
қарамастан мен көптеген мәсіхшілердің бұл бұйрықты орындамайтындарын байқаймын.
Кипрде құдіретті Құдайдың күшімен құтқарылып, қайта туылған мен Иса Мәсіх туралы
шындықты жасырып отыра алмадым. Бұл біреудің қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тауып,
оны ешкімге айтпай жасырып қалғанымен бірдей. Мәсіх туралы Ізгі хабар мен үшін дәл
осындай жаңалық болды. Бірақ менің бұл жерден көргендерім тым мардымсыз еді!
Құтқарылу мәселесін бәрінен бұрын, ешқандай кешеуілдесусіз шешуі тиіс. Біз адамдарға
осы туралы айтуға тиіс едік, бірақ бізде бұл атымен болған жоқ. Және де мен айналада дәл
осылай ойлайтын мәсіхшілердің неліктен тым аз екендігін түсіне алмадым.
127
Арада алты не жеті жыл өткенде тоқшылық өмірдің қақпанына менің өзім де түсіп
қалдым. Мен өзім де байқамастан рухани шөлдалаға аяқ бастым. Сара екеумізді алда ауыр
кезеңдер күтіп тұрды.
1999-жылдың жазында Майк пен Элен Беркширге жақын маңға қоныс аударды. Ол
жерде Майкке жақсы жұмыс ұсынған еді. Жастар тобы бұрынғысынша біздің үйімізге
жиналатын, бірақ Сара екеуміз қауымның өміріне қатты наразы едік. «Моркрофт Холл»
қауымында жасы бізбен қатар мәсіхшілер болған жоқ, ал біз тереңірек қарым-қатынасты
қаладық. Құдай, әрине, біздің наразылығымызды түсінді, біз бұған сенімді болдық.
Фелтамнан маған жұмыс ұсынған кезде мінажатымызға жауап бергені үшін Құдайға
алғысымызды білдірдік. Менің табысым тоқтаусыз өсе берді де, біраз уақыттан кейін біз
Лондонның жақсы аудандарының бірінен тәп-тәуір үй сатып алдық.
Біз қандай ақымақтар болдық десеңізші! Артыма қарап отырып, Құдайдың
қамқорлығының мәнінің үлкен жалақыда немесе жақсы үйде болмағанын қазір жақсы
көріп тұрмын. Бұл қажетті нәрселердің бәрі молшылықтағы өмірдің қақпаны екен.
Құдайдың еркімен біз Эссекстегі қызметті тапқан едік. Балалар бізге мұқтаж болды, ал біз
оларды тағдырдың талқысына тастап кеттік. Иә, біз балалармен жұмысты жергілікті
қауым мүшелеріне бөліп бердік және олардың балаларға қамқор болатындарына көз
жеткіздік, бірақ біз Құдайдың емес, өз жолымызбен кеттік. Шіркін, сол кезде осыны
түсінгенімізде ғой!
Қоныс аударардан екі апта бұрын штаттың қысқаруына байланысты мені жұмыстан
босатты. «Бұл не? Құдайдың жоспары ма?» – деп ойландым мен. Бірақ өзімнің басқа
жұмыс тауып алатыныма сенімді болдым. Шынында да, бірнеше аптадан кейін күзетпен
айналысатын бір фирмаға коммерциялық директор болып жұмысқа тұрдым және бұл
фирма әлде бір жақта емес, Лондонның қақ ортасында орналасқан болатын. Арада көп
өтпей Сара балалы болатынымызды айтып қуантты. Өмір сондай тамаша болып көрінді.
Біз өз жолымыздың дұрыстығына, өзімізге лайықты орынға тап болғанымызға сенімді
едік.
Жергілікті інжілшіл мәсіхшілер қауымында маған жастармен жұмыс істейтін
бағушы болуды ұсынды. Сөйтіп мен жастар тобын құра бастадым. Бұл қызмет үшін біраз
күрес жүргізуге тура келді. Кейбір сенушілермен арамызда жағымсыз қақтығыстар болды.
–
Маған олар бәрінен де балалар кілемдерін таптап тастайды деп қорқатын
секілді көрінеді, – дедім Сараға.
Олардың дегеніне көнбеймін деп өзіме серт бердім. Оларды істерім арқылы
ұялтамын, қауымда не істеуге болатынын және не істеу қажеттігін көрсетемін. Сөйтіп,
арада бірнеше ай өтпей-ақ қауымның жанында жастар клубы құрылып, табысты жұмыс
істей бастады.
Клубтың жұмыстарына ынталан кіріскен жастар қауымға өздерімен бірге достарын
ертіп әкеле бастады. Мұны қауымдағылар байқамай қалған жоқ. Бірақ келушілердің
бойында ізгі хабар айтуға деген тілек бәрібір оянған жоқ. Мен бұған назар аудармай, өз
ісімді жалғастыра бердім және кесімді әрекеттер жасадым. Ізгі хабар тарату Исаның
бұйрығы және мен Ізгі хабар айтамын, мұны жалғыз немесе біреулермен бірлесіп істеймін
бе – бұл енді басқа мәселе. Біреуге үйретпес бұрын, тек өзімнің жақсы ниетіме үміт арта
бермей, алдымен өзімнің үйренуім қажет болғанын қазір түсініп жүрмін. Сол кезде мен
Құдайдың өз істеріме батасын бермей жүргенін көре алған жоқпын.
128
2000-жылдың март айының басында, дүйсенбі күні кешкілік біздің үйімізге жастар
тобынан бір бала келді. Біз онымен сөйлесіп, оның мектептегі қиындықтары үшін мінажат
еттік, содан кейін мен оны үйіне апарып салдым. Қайтар жолда қытай мейрамханасына
соғып, үйге дайын тамақ алдым. Күн ауыр болып, қатты шаршаған едім.
Ақырын жаңбыр себелеп тұрды. Қараңғы түсіп кеткендіктен, мен көлікті өте
абайлап жүргізіп келе жаттым. Өткен айларда бірнеше рет шағын жол көлік оқиғаларына
ұрынға болатынмын. Мен көлікте көп жүрдім, жұмысқа барып келдім, кешкісін
балаларды үй-үйлеріне тараттым. Сондықтан қазір қатты шаршаулы күйде келе жаттым.
Мен жарығы жоқ сүрлеу жолмен келе жатқан болатынмын. Бұл жерде бұғылар көп
жүретін. «Жылдамдық көрсеткішке қарап отыр», – деп ескерттім өзіме. Ендігі жетіспегені
бұғымен соқтығысып қалу еді!
Әйтсе де мен бір кезде тоқтау керектігін білдіретін ескерту белгіні байқамай
қалдым да, не болғанын ұғып болғанша көшенің түйіскен жеріне жетіп келдім. Алдымнан
қызыл жарық жанған кезде тежегішті кілт бастым. Дөңгелектер бірден тоқтады да, көлік
екпінімен алға жылжи берді. Бақытыма орай, басты жолда ешкім жоқ еді. Ешқандай көлік
те, көлік жарығы да көрінбейді. Менің көлігім сырғанаған күйі қарсы жолға шығып кетті.
Мынау не болды екен? Тежегішті басып келе жатқан кезімде көліктің алдынан бір нәрсе
көлбең ете қалғандай болды. Сол кезде мен көлікке соғылған әлсіз дыбысты естіп шошып
кеттім. Сірә, бұл әлдебір аң болар. Мен көлікті тоқтатып сыртқа шықтым. Көліктің
алдыңғы жарық бергішінің әйнегі шағылыпты, өзге ештеңе жоқ. Жолда да ештеңе
көрінбейді. Бұл бұғының баласы немесе түлкі болар деп ойладым. Ол кім болса да,
орманның ішіне кіріп кеткенге ұқсайды.
Көлігіме қайтып оралып, бірнеше метір артқа жүріп, жол торабына келдім. Онда да
ештеңе байқалмайды. Бірақ бойымды жалаған мазасыздықтан еш арыла алмадым. Рульден
тас қылып ұстап біраз уақыт қозғалмай отырдым. Көше түйілісіне жақын маңға жол
жағасына екі көлік келіп тоқтады. Көліктерден ешкім шыққан жоқ. «Мүмкін, олар жаңағы
аңның кесірінен тоқтаған болар», – деп ойладым мен. Не істерімді білмедім. Ыдыстағы
тағам суып барады. Мен өзіме жол үстіндегі бейқамдығым үшін ашуландым.
Көліктегілерге барып мәселені анықтағым келген жоқ. Көлігімді қозғалтып, басқа жолмен
үйіме қайттым. Одан кейін қайтып бұл оқиға туралы ойлаған жоқпын.
Келесі сенбі күні үйге кезекті киелікітап сабағына жастар тобының балалары келді.
–
Ей, Тони, көлігіңе не болған? Бұзақының оғы тиген бе? – деп қалжыңдай
сөйлеген Том орындыққа гүрс етіп отыра кетті. Том криминалистикаға
қызығушылық танытатын. Ол үнемі жаңалықтарды тыңдап, жергілікті із
кесушілер жайында жазған газеттердің бәрін оқып жүретін. – Білесің бе,
полиция сенікі секілді көлікті іздестіріп жатыр екен, – деді ол.
–
Не дейсің?
–
Дүйсенбі күні кешкісін бір әйелді автокөлік қағып кетіпті. – Том осыны айтқан
кезде денем қалтырап кетті.
–
Оқиға қай жерде болыпты? – деп сұрадым мен жайбарақат болып көрінуге
тырысып.
–
Брэкнелл-роудте. Әйел мотоциклмен келе жатқан екен. Оны қағып кеткен көлік
жүргізушісі тіпті тоқтамапты да.
Мен өзімді мүлде жаман сезіндім.
129
–
Жарайды, тергеу ісінің қалай жүріп жатқанын кейін айтарсың, – дедім өзімді
қалыпты ұстауғңа тырысып. Балалар үйлеріне қайтқанша әзер шыдап отырдым.
–
Саған не болды? – деп сұрады Сара біз соңғы қонақты шығарып салғаннан
кейін. – Сабақты бұлай тез аяқтайды деп күтпеген едім.
Мен басымды қолдарыммен қысып, диван үстіне отыра кеттім. Мұны көргенде
Сара қатты мазасызданды.
–
Саған не болған? Науқастанып қалғаннан саумысың? – деп сұрады ол.
–
Саған бір нәрсені мойындауға тиіспін, – дедім мен көздерімнен жас парлай.
Сөйттім де Сараға өзімнің әлдебір жануарды қағып кеткендей болғанымды
және қаза болған әйел жайындағы Томның әңгімесін айтып бердім.
–
Ал неге сен ол екеуі бір жағдай деп ойлайсың? – деді Сара өз-өзіне ие болуға
барынша тырысып.
–
Басқаша болуы мүмкін емес. Оқиға бір уақытта, бір жерде болған. Ол жерде
меннен өзге біреудің болуы мүмкін емес.
–
Бұл туралы маған неге айтпадың?
–
Маңызды бір нәрсе болды деп ойламап едім.
–
Сен көліктің бір нәрсеге соғылғанын сездің ғой, солай ма?
–
Сондай бір нәрсе болды. Мен оны әлдебір жануар болар деп ойладым. Өзің
қарашы, алдыңғы жарық бергіш қана сынған.
–
Енді не болады?
–
Енді не болады? – деді Сара абыржып.
Мен өз-өзіме келуге тырысып, бөлме ішінде әрі-бері жүре бастадым.
–
Не болғанына көзімізді анық жеткізгенше ештеңе істемегеніміз абзал, – дедім
мен ақыры.
Сара оқылмаған газеттердлі ақтара бастады. Брэкнелл-роудтағы қайғылы оқиға
туралы мақаланы оқыған кезде ол айқайлап жібермес үшін алақанымен аузын баса қалды.
Мен оның қолындағы газетті жұлып алдым.
Онда болған оқиға туралы егжей-тегжейлі жазылыпты. Дүйсенбі күні кешкісін,
сағат тоғыз жарымдар шамасында Брэкнелл-Роудта белгісіз автокөлік көше түйілісінен
өтіп бара жатқан мотоциклді қағып кетіпті. Мотоциклді жүргізіп келе жатқан әйел бұта
арасына құлап түседі де, кейіннен жан тапсырады. Ол жергілікті жасөспірімдер
отрядының жетекшісі екен. Артында екі баласы қалыпты. Сол қайғылы кеште ол
жиналыстан қайтып келе жатады. Әрі қарай газетте әйелді соққан автокөлік
жүргізушісінің оқиға орнынан қашып кеткені және із кесушілердің қылмыскерді
табатындарынан үмітте екендіктері жайлы жазылыпты.
Менің тұла-бойым қалшылдап кетті. Сара баламызды қорғағандай болып ішін
басып алып жылап отыр.
–
Егер әлгі әйелді мен басып кеткен болсам, онда мені түрмеге қамайды... – дедім
мен.
–
Бірақ бұл жай ғана бақсытсыз жағдай ғой, қисынсыз кездейсоқтық! – деді Сара
жанұшырып.
–
Адам қаза болды! – дедім мен жабығып. – Кездейсоқтық болсын, болмасын,
мені бәрібір түрмеге жабады.
–
Ал сәбиіміз ше? – деді Сара өксіп. – Біз не істейміз?
130
Біз түннің бір уағына дейін әңгімелесіп, Құдайдың мені тағы да түрмеге жібергісі
келетіні екіталай екендігі жайлы ой қозғадық. Оның бізді бұдан құтқарып қалатындығы
айдан анық! Біз бірге көп мінажат еттік. «Иеміз Иса! Бізді құтқарып, аман сақтап қалшы».
Құдайға өтініш жасадық, бірақ біздің өтініштеріміз аянышты еді. Біз одан Оның Өзінің
емес, біздің еркімізді орындауын сұрадық. Біздікі дұрыс емес еді, сондықтан
мінажатымызға жауап болмады.
Біз ешқандай әрекет жасамауға шешім қабылдадық.
Бірнеше күннен кейін көлігімізді көлік жөндеу орталығында қалдырдық.
Жөндеушіге көлігімді автотұрақта зақымдап алдым деп өтірік айттым. Ол жерде бізге
уақытша басқа көлік берді. Мен Сараны өзі жұмыс істейтін мектепке апарып салдым.
Мектептен қозғала беріп көліктің артқы айнасынан велосипед мінген әлдебір полицейдің
оның жанына тоқтап, сөйлесе бастағанын көріп қалдым. Қайтадан кері оралуыма тура
келді. Мен Сарадан да әрмен мазасыздандым. Ол әлгі полицейді білетін еді, оның баласы
Сараның сыныбында оқитын.
Мен жақындап келген кезде ол Сарадан:
–
Сіздердің көліктеріңізге не болды? – деп сұрап жатты.
Сара маған мазасыздана көз тастады.
–
Мен оның көлік жөндеу орталығына тастап кеттім, – дедім мен.
–
Жақсы, – деді полицей күлімсіреп. – Қазір біз дәл сіздікі секілді көлікті
іздестіріп жатырмыз. Ауданда сондай көліктің бес жүзі тіркелген. Олардың бірі
адам өліміне әкеліп соқтырған жол көлік оқиғасына себепкер болды.
«Тек Сара өзін ұстаса екен», – деп ойладым мен көңілім жабырқап. Біздің
қуанышымызға орай, полицей көп кідірмей өз шаруаларымен кетіп қалды.
Осы кездесуден кейін мен бірден үйге қайтып келіп, телефонның анықтама кітабын
ақтара бастадым. Өзімнің үлкен бәлеге ұрынғанымды түсіндім. Бізге қорғаушы қажет еді.
Келесі күні таң атпай жатып үйдің есігі қатты қағылды. Мен төсегімнен қарғып
түсіп, төменге, есікке қарай жүгірдім. Есікті ашқан кезімде ит ерткен бірнеше полицейді
көрдім. Баспалдақта өңі қуарып кеткен Сара тұр. Полицейлер бізді тұтқындауға берілген
рұқсат қағазды көрсетті де, үйді тінте бастады. Қоқыс салған жәшіктерді ақтарып, алып
кету үшін компьютерді тоқтан ажыратты.
Сара жақ ашқан жоқ. Сара екеумізді екі бөлек көлікке мінгізіп жатқан кезде
көршілеріміз терезелерінен сығалап тұрды. Менің басым айналып кетті. Не істедім?
Жағдайды осындай күйге жеткіздім. Енді бұдан қалай құтыламын? Сарамен не болады?
Ол бұған қалай төзеді? Полиция бөлімшесінде бізді бөлек ұстап, бөлек бөлмелерде жауап
алды. Біздің тездетіп болған жайды сол күйінше баяндап бергіміз келді. Өтірік
айтқанымыз жетеді! Екеуміз де осы қорқынышты оқиға туралы бүге-шігесіне дейін айтып
беруге барынша тырыстық. Бірақ жауап алу мені онша мазалап отырған жоқ еді. Мен тек
өзім өлтіріп алған әйел туралы ғана ойладым. Ізгі хабар таратушы ретінде мен адамдарды
оларға жаңа өмір сыйлауы үшін Исаға алып келуге тиіс едім. Ал мен не істедім? Мен
өзіме бейтаныс бейкүнә әйелдің өліміне себепкер болдым. Мен секілді, ол да жастармен
жұмыс істеп болғаннан кейін үйіне қайтып келе жатқан. Үйінде оны күтіп отырған екі
баласы бар еді. Ал егер ол мәсіхші болмаса ше? Бұл менің оны мәңгілік өмірге ие болу
мүмкіндігінен айырғанымды білдіреді! Мен Құдайдан көктегі орнымды оған беріп, мені
тозақтың отына тастауын жалбарына өтіндім. Егер бұл оны тірілте алатын болса, мен өз
өмірімді аямайтын едім.
131
Полицияда бізге жанашырлықпен қарады. Ондағылар жағдайды дұрыс бағалауға
тырысты. Сот тергеуі менің жылдамдықты арттырмағанымды, жай ғана сол күні жаңбыр
жауып, жолдың тайғанақ болғанын және оның үстіне мотоциклде жарық беретін
белгілердің болмағанын анықтады. Бірақ та бұл мені еш қуанта алмады. Қалай дегенде де,
мен адам өліміне және отбасының қайғысына себепкер болдым.
–
Мұның бәріне әйелімнің еш қатысы жоқ, – дедім мен полицейлерге
жалбарынып, – өтінемін, оны босатыңыздаршы.
Сараға бұл жерде болудың өте қиынға түсетінін түсіндім. Оны көлігіміз соның
атына тіркелгендіктен тұтқындады. Полицейлердің пікірлері бойынша, оның тұтқындалуы
маған бәрін тезірек мойындатудың құралы болып табылады.
–
Тыңдаңызшы, бұл жай ғана бақытсыз жағдай, – деді маған сержант, бірақ бұл
мені мүлде тыныштандыра алмады. – Куәліктердің бәрі сіздің жағыңызда.
Қылмыстық қудалау қызметі сізге жеңілдік жасайды.
Мен торыға басымды шайқадым. Бұл мені қызықтырмайтын. Мен жазамды тартуға
тиіспін.
–
Егер әлгі әйел аман қалғанда, сот тергеуін жүргізуге еш негіз болмас еді, – деді
сержант сөзін жалғастырып. – Сізге төнетін бар қауіп, жүргізуші куәлігінен
айырыласыз.
Бұдан кейінгі уақыттар біз үшін өте ауыр сынаққа айналды. Адамдармен болған
жағдай туралы сөйлесу оңай емес еді. Бұл оқиғаны еске алған әрбір сәт бізге өте ауыр
тиетін. Тіпті ең жақын деген достарымыздың өздері болған жайдың тек бір шетін ғана
білетін. Қатты соққыны біз қауымның тарапынан алдық. Қауым мүшелерімен біз өзімізді
барынша адал ұстадық, бірақ олардың қолдаулары мен сүйіспеншіліктеріне аса мұқтаж
болған кезімізде олар бізден теріс айналды. Жастармен жұмыс істейтін бағушы міндетін
менің мойнымнан алып, оны өзге бір бауырға жүктеді. Бұл мен үшін арқамнан пышақ
сұққанмен бірдей болды. Мен бауырлар кеңесінің бұл шешімінің себебін түсінуге
тырыстым. Бұл менің жан дүниемде ауыр күрестің жүруіне себепкер болды.
Жағдай күн санап шиеленісе берді. Дәл осы уақыттарда, 2000-жылдың 11-
маусымында Сара босанып, дүниеге ұл алып келді. Біз оны Этан деп атадық. Өмірімдегі
ең қуанышты күн қайғылы жағдайлармен сәйкес келді. Егер мен сотталып кетсем не
болады? Сара жалғыз өзі балаға қалай қарайды? Ең жақын адамдарыма қалай көмектесе
аламын?
Осылай жарты жыл өткенде біз Лондоннан кетуге бел байладық. Дидкоттан үй
таптық, бірақ онда да көп тұрмадық. Жас баламен Сара ата-анасына жақын тұрғысы келді.
Біз Эссекске қайтып оралдық. Мен сол жерде Саутэндегі қараусыз балалар үйінде
жастардың рухани жетекшісі болып жұмыс істедім. Балалар үйінің директоры Рон Райт
маған барынша адал болды. Ол менің тергеуде жүргенімді білетін, бірақ Құдай менің ізгі
хабар айту және жастарға қызмет ету тілегіне толы жүрегімді оған ашып берді. Сірә,
өмірдің қатал мектебінен өткен менің қараусыз балалармен тіл табыса алатынымды ол
түсінсе керек.
Бұл арада Құдай Сара екеумізге тізе бүккізді. Мәсіхке деген сенімде өсудің,
Онымен және бір-бірімізбен қарым-қатынасымызда нығаюдың ауыр кезеңі осылай
басталды. Сара әлгі оқиғаға басқаша көзбен қарай бастады. Ал маған Құдай өкінудің,
мойынсұнудың және рақымдылықтың көптеген сабақтарын берді. Мен көптеген жылдар
бойы өзімнің ізгі хабар айтуға деген үлкен тілекпен алға ұмтылғанымды және тек өз
132
жоспарларымды қолға алып келгенімді түсіндім. Мен Құдайға орын бермедім, мені Өз
еркі бойынша пайдалануына кедергі жасадым. Мен өзіме тым сенімді болдым және өз
ойым бойынша Құдайдың сенімін ақтамады деп есептеген адамдарды оңай
жазғыратынмын. Өзімнің қандай тайғақ жолға түскенімді тек қазір ғана түсіне бастадым.
Сарамен қарым-қатынасымызда екеуміз алғаш рет шын жүректен бірлесіп мінажат ете
бастадық. Мінажаттарымыздың тақырыбы мен мазмұны да өзгерді. Бұл енді өзімшіл
тілектер емес еді. Енді біз толықтай Оның қолына берілдік және Құдайдан Оның
жоспарлары мен мақсаттарын тани білу қабілетін сыйлауды сұрадық. Сараның Құдаймен
жүргеніне көп болғанына, менің Оны Кипр түрмесінде ғажайып жолмен таныған
тәжірибеме қарамастан, біз екеуміз де Құдаймен қарым-қатынасымыздың ең төменгі
сатысында жүр едік.
Ай сайын біздің ісімізге қатысты сот отырысы болып тұрды және әр тыңдау кезінде
жаңа жағдайлар ашылып отырды. Біз өз қорғаушыларымызбен жиі кездесіп жүрдік. Сара
бұл кездесулерді ұнатпайтын. Бүкіл әділет жүйесінің жемқорлығы мені таңдандырмайтын,
ал Сара бұдан қатты шошынды. Біздің ісімізге қатысты куәгерлер жалған куәлік айтты, ал
қорғаушылар бізге шындыққа мүлде қатысы жоқ нәрселерді айтуға кеңес беретін және
мұның бәрі сотта жеңіп шығуымыз қажет нәрселер деп түсіндірілетін. Қорғаушылар мен
айыптаушылардан бастап барлығы бір-бірлерімен келісімдер жасасатын.
–
Болған нәрсені сол күйінде айтуға неге болмайды? – деп сұрайтын Сара өзінің
қорғаушысынан. Ал қорғаушы болса оның аңқаулығына тек күліп қана қоятын.
– Біз бір орнымыздан қозғалмай, күнәміздің үстіне күнә жамаудамыз, – деді
Сара маған торыға қарап.
Не істеу керектігін менің өзім де білмейтін едім. Бұл жүйені мен Сарадан кем жек
көрмейтінмін.
–
Маған тағы бір рет түсіндіріп беріңізші, – дедім мен өз қорғаушыма қарап, –
мені нақты не үшін айыптайды?
–
Ресми айыптау мынандай: көлікті абайсыз басқарудың нәтижесінде кісі өліміне
әкеліп соқтырған оқиғаға себеп болу және сотты адастыру мақсатында
жағдайды бұрмалап жеткізу, – деп жауап берді ол маған. – Соңғы мәселе сіздің
велосипед мінген әлгі полицейге өтірік айтқаныңызға қатысты, – деп қосты ол.
– Мұның сыртында, айыптаушының сізді оқиға орнында қалмағаныңыз және
бұл туралы тиісті орындарға хабарламағаныңыз үшін айыптауы мүмкін.
Мен күйінгеннен саусақтарымды қатты қыса бердім.
–
Бірақ бұл дұрыс айыптау, Тони, тым болмағанда, біз үміттене алатындардың
ішіндегі ең тәуірі, – деді қорғаушым. – Бұл айыптау бойынша ұзақ жылдарға
түрмеде отыруға жаза кеспейді. Қалай дегенде де, сізге өлім жазасын бермейді.
–
Ал Сарамен не болады? – дедім жаным түршігіп кеткен мен.
Екі қорғаушы өзара кеңесе бастады да, содан кейін Сараның қорғаушысы маған
қарап былай деді:
–
Егер сіздер тергеуді саналы түрде шатыстырғандарыңызды мойындайтын
болсаңыздар, ол жауапкершіліктен құтылады. Оны ақтайтындарына мен
сенімдімін.
–
Бірақ ол шын мәнінде ешкімді алдаған жоқ қой, – дедім мен түңіліп. – Өтірік
айтқан менмін. Сара бір сөз де айтқан жоқ.
133
Қорғаушылар қағаздарын ақтара бастады.
–
Ал полицей жағдайдың керісінше болғанын айтуы мүмкін, – деді олардың бірі.
– Сол күні көлігінің қайда екенін сұрағанда ол өзін дәл осы Сараның
шатастырғанына куәлік береді.
Бұл сөздерді естіген кезде Сара астыңғы ернін тістелей берді. Қорғаушы оның
қолынан сипады.
–
Уайымдамаңыз, Сара, сот отырысында бұл туралы айтылады деп ойламамын.
Сіздің арыңыз таза, сондықтан ешқандай қиындық туындамауы тиіс.
Біз бір сәтке үнсіз қалдық.
Кенет қорғаушылардың бірі сыбырлай сөйлеп:
–
Тони, тағы бір мәселе бар... Оны есепке алмай-ақ қоюға да болады, бірақ сіз ол
туралы білуге тиіссіз, – деді.
Оның не жайында айтпақ болғанын мен білетін едім. Бұл жайсыз жағдай осыдан
бірнеше апта бұрын болды. Содан бері мен шошыну мен ұяттан өз-өзіме әлі келе алмай
жүрмін.
Біздің компанияның жоғары қызметтегі клиенттерінің бірі менен Лондондағы грек
мейрамханаларының бірінде өзі үшін іскерлік кездесу ұйымдастыруымды өтінді. Орын
алу үшін грек ресторанына қоңырау шалған кезімде бір дөрекі адамға тап болдым.
–
Ертең кешке алты адамға орын алып қояйын деп едім, – дедім мен. – Бұл
мүмкін бе?
–
Әрине, мүмкін, – деп жауап берді ол, – біліп қойыңыз, бұл мейрамхана!
–
Маған өте беделді адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелді, – дедім мен.
– Маған жақсы үстел дайындап қоя аласыз ба?
–
Біздегі үстелдердің барлығы жақсы, – деген ол танауы астынан: – Қызтеке! –
деп күбір ете қалды.
–
Не дедің?
–
Біздегі үстелдердің бәрі жақсы деймін.
–
Мен сенің не айтқаныңды естідім. Сенің өзің қызтекесің, мен грекше білемін
және мені кім деп атағаныңды түсіндім.
–
Ой, оңбаған! Басымды әбден қатырдың ғой, құрышы әрі! – деді ол қызбаланып.
Менің таңданысым ашуға алмасты. Ұзақ уақыт бойына жиналып қалған ол
шөлмектен шыққан жындай сыртқа бір-ақ атылды. Грек тілінде оның ата-бабасынан
бастап сыбай жөнелдім. Дәл бір есімнен адасқандай болдым. Ұзақ жылдарғы Мәсіхтегі
азаттық болмағандай, мен қайтадан бұрынғы Тониге айналдым. Мен оны ең соңғы, ең лас
сөздерді айтып боқтадым. Қайғылы жол оқиғасы болған уақыттан бастап жиналып қалған
ширығу ашу болып бұрқ ете қалды. Оны айызым қанғанша боқтаған мен ақыры тұтқаны
тұғырына лақтыра салдым. Телефон сол сәтте қайта шылдырлады. Бұл жаңағы адам екен,
мен оны қайтадан сыбай жөнелдім. Боқтық сөздер мен қорқытып-үркіту қайтадан қарша
борады. Ол телефон тұтқасын қоя салды. Ашуыма ие бола алмаған мен оған қайтадан өзім
қоңырау шалдым. Ол тұтқаны бірден қоя салды. Келесі қоңырау полициядан болды. Әлгі
дөрекі менің үстімнен полицияға шағымданыпты.
Қорғаушы маған әлдебір құжатты ұсынды.
–
Тони, сіздің үстіңізден мынандай мазмұнда шағым түсіпті...
Ұяттан өртенген мен көзімнің астымен Сараға қарадым.
134
–
Сіз үшін мұның түкке тұрғысыз нәрсе екенін түсінемін, бірақ мұндай айыптау
жол көлік оқиғасына қатысты негізгі айыпты ауырлата түседі.
Мен орнымнан тұрып кеттім. Бәрінің қисыны кетті. Бірақ мен әлі де тек әлгі өзім
өмірін қиған бейшара әйел мен жетім қалған екі бала туралы ғана ойлаумен болдым.
Сот 2001-жылдың маусым айының алғашқы күндерінің бірінде болды. Сот
отырысының алдында біз қорғаушыларымызбен қысқаша кеңес өткіздік. Олардың екеуі де
өздерін сенімді ұстауда, бірақ мен өзімді науқас адам секілді сезіндім және көңіл-күйім
болмай тұрды.
–
Бекерге мазасызданбаңыз, – деді мұны байқаған менің қорғаушым. – Бәрі жақсы
болады. Тек жүргізуші куәлігіңізден айырылатыныңызға және қоғамға
пайдасын тигізетін жұмыс істеуге немесе мүлде шартты түрде жаза тартуға
кесілетініңізге уәде беремін.
Соттың қарауын Сара екеуміз айыпкерлер орындығында отырып тыңдадық. Арада
шамамен бір сағат өткенде сот төрағасы қорытынды шығара бастады, бірақ одан бұрын ол
қорғаушылармен көптеген онша маңызды емес жағдайларды талқылады. Мен
мазасыздана бастадым. Мұнда не болып жатыр? Сот төрағасы ақырында менің ісім
бойынша үкім шығару отырысының әрі қарай тергеудің қажеттігіне байланысты кейінге
шегерілетінін жариялады. Мен Сараға қарадым. Ол да дәл мен секілді таңданып отыр
екен. Ақырын ғана күлімсіреген ол менің қолымды қысып қойды. Оның жүзі қуарып
отыр. Мен оған қандай азап тарттырдым десеңші! Өзіне осыншама азап шектіргенімді ол
кешіре ала ма?
–
Сара Энтони, орныңыздан тұрыңыз, – деді сот төрағасы.
Сара орнынан тұрған кезде оның тізелерінің дірілдеп кеткенін байқадым. Мен
демімді ішіме тарттым. Сот төрағасы оның жол көлік оқиғасы туралы ести сала полицияға
хабарламағаны үшін кінәлі деп табылатынын айтты. Сара үнсіз басын изеді. Сара бойын
тік ұстап, күшті болып көрініп тұрғанымен, мен оның қылмыскерлер орындығын бөліп
тұрған ағашты қалай тас қылып ұстап тұрғанын байқадым. Мен өзімді өте әлсіз сезіндім.
–
Сізге жүз жиырма сағат қоғамға пайдалы істер атқаруға үкім шығарылады, –
деді сот төрағасы. – Өтінемін, отырыңыз.
Көздері жасқа толған Сара орындықтың арқалығына сүйеніп отыра кетті. Ол өз-
өзін ұстай алды, ал мен ашуым мен абдыраушылығыммен күресумен болдым. Оның
қорғаушысына жазғыра көз тастадым. Ол неге бұлай болғанын өзім де білмеймін дегендей
басын шайқап қойды.
Біздің ісіміз бойынша келесі сот отырысы 29-маусымда болды. Сараға өткен
отырыста үкім шығарылғандықтан, айыпкер орындығында мен жалғыз отырдым. Залдағы
адамдарға көз тастаған мен Сараны көре алмадым, бірақ та оның сонда екенін білетіндігім
маған қуат берді. Кенет мен айыпкер орындығын бөліп тұрған әйнектің ар жағынан
біреудің жүзін байқап қалдым. Дұрыстап көз салған мен оны таныдым. Мен оны бұрын
көрген болатынмын. Бұл адам соттың әрбір отырысына келіп отыратын. Ол жасы он
сегіздер шамасындағы, қысқа қара шашты жігіт еді. Ол маған көз алмай қадала қарап
қалыпты. Мен көздерімді одан бұрып әкеттім және өзімді тамағыма бір нәрсе тығылып
қалғандай сезіндім. Сірә, бұл әлгі қаза болған әйелдің баласы болса керек. Шынымен де
оны мен жетім қалдырдым ба? Содан соң әйнектің арғы жағынан басқа жүз көрінді. Бұл
кішкентай қыз екен. Мен оның бетіне қарай алмадым. Өзімді өте жайсыз сезіндім. Егер
қорғаушымның айтқандарына сенетін болсам, онда мен бұл жерден ақталып шығамын.
135
Бірақ мен ешқашан тыныштана және кінәлілік сезімінен арыла алмаймын. Әлгі баланың
жүзін ешқашан ұмыта алмаймын.
Сот отырысы басталды және маған қорғаушыларым өнбейтін іспен әуре болып
жатқандай болып көрінді. Олардың айтып жатқандарының бәрін сот төрағасы бұрын естіп
алған болатын. Өз қорғаушымның сөздері маған мүлде ұнаған жоқ. Ол жай ғана өзінің
жұмысын атқарып жатыр, бірақ мен оны өзімді судан ақ, судан таза секілді етіп көрсетіп
жатқаны үшін жек көрдім. Мен әйнектің арғы жағында балалар жайында ойлаумен
болдым. Менің кінәм мен жан қиналысымның қаншалықты ауыр екенін ешкім түсіне
алмайды. Содан кейін айыптаушы сөз алды. Бұл жолы ол халықаралық полициядан
алынған ақпаратты оқыды және бұрын менің Кипр түрмесінде отырып шыққанымды
жария етті. Менің қорғаушым бұған бірден қарсылық білдірді.
–
Мұның бұл іске ешқандай қатысы жоқ, – деді ол.
Сот төрағасы оның қарсылығын қабылдамады да, қорғаушы қайтадан орнына
отыруға мәжбүр болды.
Сот отырысы әрі қарай жалғасты. Мен олардың не айтып жатқандарын мүлде
дерлік естіген жоқпын. Болып жатқан жағдайдың бәрі маған шынайы емес секілді болып
көрінді. Мен Құдайдың алдында кінәлі едім. Менің өлгім келді. Ақыры үкімді оқи
бастаған кезде сот залында тыныштық орнай қалды, анда-санда әлде кімдердің өксіген
дыбыстары естіледі.
Маған он бес ай түрмеде отыруға үкім шығарды.
Достарыңызбен бөлісу: |