Ана тілі. Оқылатын пәндердің бәріне бірдей керекті, бәрін қаусырып орап алатын пән - ана тілі екендігі даусыз. Ана тілін жақсы меңгеріп алмай өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі - халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы: өсіп, өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын тұқымнан тұқымға жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы - сол халықтың тілі. Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгереді.
…Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне тән мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысуы жөн. Балаға тілді дұрыс қолдандыру - әр оқытушының, әр мектептің міндеті… Білім тану жолы мен тіл үйрену жолын айыру дұрыс емес. Сондықтан біздің ұсынысымыз: 1. Басқа пәндерден тіл оқуы айырым болмасын, қайта өзге пәндер тіл үйренуде көмек етсін. 2. Жан жүйесінде (психологияда) тіл үйрену басты жұмыс емес, жанама жұмыс болғандықтан, бала әуелі тәжірибеге таянып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесіп, тыңдасын, жазсын, оқысын - тілге үйренсін. 3. Баланы тілдің әр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу, тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді, сондықтан әуелі баланың көрген - білгені туралы әңгіме құрып, содан кейін оқуға, жазуға үйретілсін. 4. Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін. Әңгіме үшін берілетін мағлұмат кітаптағы даяр заттай бола бермей, баланың тәжірибесінен, көрген-білгенінен алынсын. Кітаптан өмірге емес, өмірден кітапқа қарай жылжысын.
…Адамның жан қуаттарының жетілуіне, ақыл көлінің шарасын ұлғайтуға тарихтың маңызы күшті екендігінде сөз жоқ… Осы заманғы ғылымның көбі тарихпен байланысып жатыр: тұрмыс жүйесі, әлеумет ғылымы, заң, пәлсафа, әдебиет, мәдениет, өнер - бәрі тарихтан қозғайды не тарихпен байланысы бар. Ол тариx жалпы адамның тарихымен байланысты.
Тарих оқыту шәкірттердің ескілікке деген сезімін оятады, яғни өткен заманда қай жұрттың қандай маңызы болғандығын, әр халық, әр заман өз тұсында бағаланатындығын, қазіргі өмір мен өткен күннің байланысы барлығын білерлік сана туғызады. Өз жұртының тарихын білмей тұрып, жұртын айбарлы, берекелі, дәулетті қылуға кімнің, ненің себебі тигендігінен хабардар болмай, ақылды жетілту, білім беру мүмкін емес дейді кейбір тәрбиешілер.
Бастауыш мектепте тарих оқыту керек пе? Керек болса, қандай түрде, қай шамада оқыту керек? Бұл таласта жүрген мәселе. Бұрынғы, соңғы замандағы пікірлер мен таныс болу мүғалімге қажет… тарихи мағлұматтар жайлы әр тараулы білім алып, әзірленгеннен кейін, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи оңай әңгімелерді ұғынарлық болғаннан кейін, төңіректегі тұрмыс пен табиғаттан, жағрафиядан едәуір білім алғаннан кейін үйретілетін болса, міне, осы шарттар табылған уақытта, тарихты оқытуға болады. Осындай дайындық балаларда 4 класта болуға лайық. Сондықтан тарихта шын мағынасында емес, тарихи хабарлар есебінде 4-кластан бастап оқыту дұрыс.
…Енді қандай тарих оқыту керек? Жалпы тарих, жат халықтың тарихы оқытылу дұрыс емес. Бөтен жұрттың тұрмысында өзгешелік, жаттық бар: киімі, ойы, әдет-ғұрып, кәсібі, өнері - бәрі жат. Сондықтан ұғу қиын…
Жиып-теріп келгенде ең қолайлы, ең пайдалы тарих жергілікті халықтың өз тарихы болуы керек. Тарих оқытқанда ең керекті, ең басты оқиғалар көзделу керек. Басқа жұрттың тарихынан жергілікті тарихқа керекті, өткен һәм қазіргі заманға қатысы бар жерлерін ғана алу керек. Өз жұртының тарихын білуге өмірдің өзі, күндегі көрген-білген, алған әсер, тарихи ескерткіштер баланың ынтасын тартып, қызықтырып отырады. Бұл жалпы тарихты ұғу да өте пайдалы. Көбінесе, тарихта халықтың әлеуметтік тұрмысынан суреттер болғаны жөн.
Өнер. Адам баласының мәдениет тарихында өнер көрнекті орын алған болса, бұл күнгі мәдениетті өмірде өнердің зор маңызы бар болса, жалпы білім беретін мектепте өнердің қандай орын алу керектігі өзінен-өзі көрінсе керек. Өнерге негіз салуға жалпы білім беруді көксеген әрбір мектеп тырысуға тиісті. Әуелі кескін өнері мен әуез өнері, яғни сурет салу, ән, күй үйретуге негіз салу керек. Суретшінің суретшілігі: нәрсені барлық сыр-сипаты мен ұғып алып, яки қиялына құйып алып, нәрсенің өзінен аудармай жасап шығару. Жай адам нәрсенің бөлімдерін ғана көреді, суретші нәрсені тұтас қалпында сіңіріп, жалпы рухын ұғып алады. Нәрсені тұрған қалпында жалпы рухымен ойға тоқып, сіңіріп алу - жалпы білімнің көздеген зор мақсатының бірі. Өнердің әдемілік сезімін күшейтудегі ықпалы туралы педагогика пәнінде айтысады. Сондықтан мектеп әрбір баланың өнерге ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетіне де тәрбие ету керек.
Мектеп программасын қайта жасау туралы осы кездегі майданға шыққан пікірлерді білу жас оқытушыларға өте керек… Табиғаттану пәні бойынша мектеп программасын балалардың ұғымына лайықтап, төңіректегі өмірді, табиғатты бала өз бетімен қолма-қол айырып, танырлық түрде жасау керек. Әр жердің өзгеше тұрмыс жағдайына қарай өзіне қолайлы программасы, өзіне лайықты оқу кітабы болу керек. Оқуды күнделікті ұшырайтын балалардың өміріне жақын нәрселерден, құбыластардан бастау тиіс. Адамның өмірі белгілі заттардың, танымал нәрселердің ортасында өтеді. Мектептің міндеті: алдымен төңіректегі нәрселерге қызықтырып, баланың махаббатын арттыру… Қандай оқу алдымен жергілікті өмірмен жақындастырады, айқастырады (психологиялық, қатынасқа түсіреді). Балаға ең қымбат, ең жақын нәрсе туған жері; туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі өмірге, табиғатқа терең мазаұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, бала махаббатын арттырады, бала әлеумет түрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйренеді, жолығатын мәселелерді оңай шешетін болады, білгенін өмір жүзіне пайдаланатын болады.
Төңіректегі іліммен баланың ақылын таныстырып, күшейткеннен кейін оның қиялын қияға, жат нәрсеге аударып шарықтатуға мүмкін. Неғұрлым Отантану туралы баланың есінде терең, айқын суреттер көп болса, қиыр өмірінен, қиыр табиғатпен таныстыру да сондай жеңіл.
Балаларға туған жердің табиғатын, туған елдің әдет-ғұрпын, мінезін үйретіп, әкімшілік, әлеумет мекемелері мен, олардың қызметтері мен, сауда кәсібімен, қатынасу жолдарымен таныстырып, жергілікті тарихи ескерткіштердің мағынасын түсіндіріп, балаларды бұрын білмейтін жат нәрсемен яғни әлеумет ғылымымен таныстырамыз.
Сонымен біздің ұсынатын жолымыз: бастауыш мектептің программасын бұрынғыдан өзгертіп, жергілікті шарттарға жанастырып, дүниетану, Отантану пәндерін алға қою керек…
Екінші жағынан географияны тарихтан бөлек қарауға болмайды… Ерте замандағы ,половец", ,печенег" тәрізді көшпелі жұрттардың тұрмысы мен танысуға бұл кездегі көшпелі қазақ, жұртының өмірін білудің пайдасы зор… Көркем әдебиеттің өзін жақсы ұғу үшін де, география мен тарихты жақсы ұғу үшін де, осы пәндерді байланыстыру пайдалы. Ондай біріктіруді оқытудың алғашқы күнінен бастау керек. Баланың меңгеруіне қарай пән сабақтарының байланыстарын бірте-бірте молайтып қиындата беру керек… Бірақ, мектеп программасында басынан аяғына шейін күллі пәндерді қалай да біріктіруге негізделсін деп ештақытта айтпаймыз. Ол тым соқырлық болады: неше тараулы пәндерді мидай араластырып жіберу ақылға сыймайды. Бұл жолды бастауыш мектепке ғана ұсынамыз. 4-кластан әрі, алған жеке-жеке мағлұматтардың басын біріктіріп, ретке салу, жүйелеу, жіктеу қажет болады…
…Ынталандыру жемісті іске сүйрейтін көңілдің көтеріңкі бір халі. Адамдағы бар ынта жетіліп, тәрбиелене берсе, жаңа ынта туа бермек. Ынта қазіргі істі жеңілдеткеннің үстіне, келешек іске де құмарландыратын нәрсе болу керек… Ынтаны қоздыратын жаңа мен ескісі аралас нәрсе. Баланың ынтасын тарту үшін оқылатын нәрседе бір жаңалық болу керек. Ол жаңалық бұрынғы ой да бар нәрсені не толықтыратындай, не дәлелмен бекітетіндей, не бұрынғыны бекерге шығаратындай, болмаса күшейтетіндей бір өзгеріс кіргізетін болу керек… Әр нәрсеге ынталанушылық адам өміріндегі бұлақтың көзі. Сондай көздерді көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу -- міне, адамның өмір күштерін өркендету өнері, онымен бірге әлеуметтің рухын сіңіру өнері…
Қызықты мағлұмат пен сабақты шабыттандырып, ынтасын сүйреп, мейір қандырып оқыта білген мұғалім баланың ерікті ілтипатын күшейтуге жол ашады. Ілтипат дегеніміз ойдың бір нәрсеге қадалып түйілуі яғни ойды ұзақ сол нәрсеге тоқтатып, ол нәрсеге керексіз ойларды кетіру. Оқытудың берік негізін салу үшін оқу деректеріне ілтипатты ояту керек. Ол үшін оқытушы төмендегі жобаларды есіне тұтқаны жөн. 1. Жаңа берілетін сабақты баланың білетін мағлұматымен ұштастыру. 2. Тиісті таныстыру арқылы сабақтың мазмұнына ынталандырып, ілтипат аудару. 3. Сабақтың алдын ала даярлайтын сұраулар қою арқылы ынтасын арттыру, итипатын сақтау. 4. Қажетсіз мағлұматтардан сақтанып, баланың ілтипатын қоздыратын қызықты нәрселерді ғана сөйлеп, үйрету. 3. Баланың ішін пыстыратын біркелкі мағлұматаардан сақтану; лайықты салыстыру, теңестіру, ұқсастыру түрлі әдіс, оңтаймен оқытуды жандандыруға тырысу. 6. Алғашқы кездегі оқыту деректі, көрнекі болу. Оған сай жобаларды дұрыс қолдану. 7. Өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы үйрететін нәрсесіне өзі де ынталану, өзі де жақсы көру; оқытушы сүйген нәрсені оқушылар да сүйеді.
…Дидактика жүзінде бірнеше қабыл етілген әдістер бар. Бірақ әрбір оқытушыға білуге міндет жалпы бір әдіс бар, ол - ой жүйесі (логика)…
Ой жүйесі мұғалімді ойлау өнеріне үйретеді, шәкіртті ой дағдысына үйретеді, жаттықтырады. Педагогика, оның бір жағында дидактика пәні ой жүйесінің негізі мен жақ, сы таныс, оның ережелерін кемел, жетік білетін мұғалімдерге арналады. Мұғалім ойлау жүйесіне жетік болса ғана оқытуы дұрыс жүріп, шәкірттері білімді, ойшыл адам болып шығады…
Ақыл қызметінің осы айтылған жолын, бөлімдерден бүтінді құрау, жеке мағлұматтардан қорытып, жалпы ұғым, жалпы ереже, жалпы заң шығару, жалқыдан жалпыға көшу, бір сөзбен жалпылау (индукция) деп атайды… Бұған қарсы ойлаудың екінші жолы жалпы ұғым, жалпы ережеден жеке мағлұмат шығарып тараулатады. Ойлаудың бұл жолын жалпыдан жалқыға көшу яғни жалқылау (дедукция) деп атайды.
Мысал алайық. Жер жүзіндегі заттардың бәрінде салмақ, бар(жалпы ұғым). Ендеше ауаның да, тозаңның да, микробтардың да салмағы болуға тиіс (жеке ұғым).
Мектеп мейрамында балаларға неғұрлым ерік көйірек берілсе, балалар қымсынбай ойына келгенін істей алатын болса, мейрам да сонша қызық,ты, рухты болмақ… Мейрамның программасы балалардың қалауы, тілегімен жасалуы керек. Түрлі ойындар, кітап оқу, шебер сөйлеу, ән салу, домбыра тарту, міне, көбінесе балалар мейрамының программасына кіретін байырғы нөмірлер. Негізінен, бірігіп, қосылып орындайтын, нөмірлер тиімді; жеке орындау мақтаншақтық, тәкаппарлық сықылды жалаң мінездерді күшейтуге себеп болады. Пьесалар қойғанда өте сақ болу керек. Әсіресе, киімін, түрін бұзып ойнайтын қиын пьесаларды қою балалардың табиғатына лайықсыз еліктеу, қылжақ, мазақ, сықылды жаман әдеттер туғызады және балаларға «өнер» деген нәрсеге жеңіл, қате ұғым береді. Балалардың түрмысына лайық қысқа пьесалар қойған орынды: орындауы қиын ұзақ пьесалар балаларды қажытады, бала мереке көру орнына безі болады. Балаларға мейрамның, тынығудың, қуаныштың, сыйдың ең жақсысы - азаттық. Баланы оқудан босатып, ұзақ тынықтыру саулығына бір пайдалы, екінші, азаттық тәрбие, құлық жүзінен де мақсаты бар. Оқудан босаған соң шәкірт өзіне-өзі беріледі; мектептен алған әдетін пайдаланып, өз бетімен, өз қалауымен өмір жасайды, іс істейді. Тәрбиенің жемісі азаттық, уақытында көрінеді… Егер азаттық, кезде шәкірт жалқаулыққа салынып, түк істемесе, мектептін баланы жақсы дағдыға, еңбек сүюге үйрете алмағаны, оқудың жұқпағаны. Азаттық - қызмет өзгерту. Мектеп баланың өз бетімен істейтін жұмысына негіз салады, бағыт береді. Мектептен тысқары жерде бала мектептің берген бағытымен жүретін болса, тәрбие ықпалы күшті болғаны да. Азаттық баланың жанына біткен ерікті икемдерін (зеректігін) сыртқа шығаруға, сүйген ісіне емін-еркін берілуге кең жол ашады. Мұғалімнің бір қырағылығы - әр баланың бойындағы сондай қабілетін, икемін тап басып білу ғой. Оларды білсе, балаға бағыт сілтеу, азаттық, уағындағы қызметіне жоба көрсету қиын болмайды…
Достарыңызбен бөлісу: |