44
2
МЕДИАКЕҢІСТІКТЕГІ
ЛИНГВОЭКОЛОГИЯЛЫҚ
МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ КЕШЕНДІ СИПАТЫ
2.1 Медиакеңістіктегі лингвоэкологиялық мәселелердің «тіл↔адам»
моделі аясындағы көрінісі
Г.Г. Малинецкий: «Егер ХІХ ғасырды геосаясат ғасыры деп атауға
болатын болса, ХХ ғасыр – геоэкономика ғасыры, онда ХХІ ғасыр геомәдениет
ғасыры болмақ», – дейді [80]. Ал қазіргі геомәдениет ғасыры медиакеңістікке
үлкен лингвоэкологиялық жауапкершілік артады. ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың:
«Әлеуметтік институттар Интернет пен әлеуметтік желілердің, әсіресе, өсіп
келе жатқан жас буынға деструктивті ықпалына алаңдаушылық танытып отыр.
Адамдар жаңа құбылыстар мен қатерлерге иммунитеттің қалыптасуын
қажетсінеді. Мұның барлығын және өзге де проблемаларды медиа
қоғамдастықтар жан-жақты жауап алу мақсатында байыппен зерделеуі қажет»
деген болатын [81]. Әлем құбылып, геосаяси қайшылықтар мен жаңа
технологиялық мүмкіндіктер шиеленіскен қазіргі жағдайда медиакеңістік түрлі
мәселелердің туындауы мен алдын алудың жаһандық факторы бола алады.
ХI Еуразиялық медиа форумның ашылу салтанатында Н.Ә. Назарбаев:
«Медиа-саланың рөлін арттыру тек экономикада ғана емес, сонымен бірге
саясатта, әлеуметтік өмірде, қоғамның рухани-адамгершілік жағдайының
дамуының жоғары стандарттарын қалыптастырушы, мен «бұқаралық
инновация құралдары» деп атап отырған жаңа БИҚ-тың пайда болуына алып
келеді. Мен бұдан ұлттық және жаһандық масс-медианың ХХІ ғасырдағы басты
миссиясын көремін», - деген болатын. Елбасы халықаралық саясаттың
жаһандық бәсекелестік бағытынан жаһандық жауапкершілік бағытына өтудің
маңыздылығын, көпполярлық ұғымын қайта қарау қажеттігін, осы заманғы
халықаралық қарым-қатынастарды элитарлықтан эгалитарлық сипатқа көшіру
қажеттігін атап өтеді [82].
Н.Ә. Назарбаев: «Медиа кеңістігі айналада болып жатқан оқиғаларды тек
таратушы ғана емес, жалпы ғаламның және жекелеген елдердің беталысын
айқындайтын тегеурінді тетікке айналып келеді. Сөз жоқ, бұқаралық онлайн-
журналистика – БАҚ-тың дамуындағы жаңа кезең», – дейді [83]. Сондықтан
медиа төңкеріс жағдайындағы қазіргі әлем жаһандық жауапкершілікті талап
ететін медиакеңістікке айрықша көңіл аударып отыр. Бұл ретте елімізде 2002
жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде Еуразиялық медиа форум өтеді. Мұнда
әлемдік мәселелерді шешудегі медианың рөлі, оның дамуы, қазіргі жай-күйі
талқыланады. Еуразиялық медиа форум – бұл әлемдік медиакеңістіктің аса
маңызды фигураларының, медиақұрылым өкілдерінің, әлемдік деңгейдегі пікір
көшбасшыларының және түрлі саладағы танымал мамандардың қатысуымен
өтетін қазіргі заманның ең өзекті тақырыптарына арналған ашық диалог алаңы.
2019 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен
IV медиа форумда журналистиканың проблемалық үрдістері, атап айтқанда,
БАҚ-тағы негативизм, әлеуметтік желілердегі тілдік агрессия, жалған
ақпараттар ағынына төтеп берудің тетіктері айтылды. Бұл форумда қазір белең
45
алған дефейк технологиясы (жалған ақпарат тарату) мен негативтің (жағымсыз
хабар) қоғамның көңіл күйіне тигізер ықпалы туралы кеңінен талқыланды.
Бұл негативтілік қоғамның рухани мәдениеті үшін, сол мәдениеттің
компоненті тіл үшін, сондай-ақ мәдениет өкілі адам үшін өте қауіпті. Ол
адамның денсаулығы мен психикасына кері ықпал етеді. Сондықтан
медиакеңістіктегі мұндай құбылыстар лингвоэкологиялық бүлінуге алып
келеді. Олар, негізінен, үшке бөлінеді: лингвотоксиндік, лингвоперверсивтік,
лингвоастендік құбылыстар (3-сурет).
Сурет 3 – Лингвоэкологиялық құбылыстар
Ескерту – Автормен құрылған
Коммуникативтік жүйе ретіндегі тілге және сол тілде сөйлеушілердің
тілдік санасына зиян тигізетін сөздер мен оралымдар лингвотоксиндер деп
аталады. А.П. Сковородников: «К лингвотоксичным процессам отнесены
неоправданное иноязычное заимствование, токсичное словотворчество,
ярлыкообразование, вульгаризация и бюрократизация языка и речи,
производство и использование лингвоцинизмов, избыточная аббревиация,
криминализация речи, речевая вседозволенность, вербальная грубость» дей
келе, лингвотоксиндердің қатары мұнымен шектелмейтінін айтады [84].
Қазақтілді медиакеңістіктің лингвоэкологиялық мәселелерін сөз еткенде,
осы лингвотоксиндік құбылыстарды қарастыратын боламыз. Жоғарыда аталған
кірме сөздердің уәжсіз енуі, тіл мен сөйлеудің тұрпайылануы, тілдік агрессия,
т.б. секілді медиакеңістіктегі лингвотоксиндік үдерістер «тіл↔адам»,
«адам↔адам», «тіл↔тіл» модельдерінің аясында талданады.
«Тіл↔адам» моделі аясындағы зерттеу медиакеңістік тілін адамның өмір
сүру ортасы ретінде қарастыруды, медиатехнологиялардың индивидтің
психикасы мен қоғамдағы әлеуметтік-мәдени үдерістерге тигізер ықпалын
анықтауды көздейді. Мұндағы басты міндет – ақпараттық кеңістік сапасының
46
өлшемдерін адамға зиянсыз болу тұрғысынан бекіту. Яғни адамның
ақпараттық, тілдік, мәтіндік ортасы қаншалықты экологиялық таза, адам мен ол
өмір сүретін ақпараттық ортаның қарым-қатынасы қаншалықты үйлесімді
екенін анықтау қажет. Бұл ретте коммуникативтік, мәтіндік, ақпараттық орта
секілді күрделі құбылыстардың экологиялық сипатын бекіту және олардың
көптеген мәтіндік хабарламаларды қолданатын, жалпыға ортақ диалог
контексінде өмір сүретін адресаттардың санасына әсер етуін қарастыру
мәселесі алға шығады. Жағымды ақпараттық
орта ақпараттық кеңістік
субъектісінің дамуына жағдай жасайды, жағымсыз ақпараттық орта оның
өмірлік және өнімділік әлеуетіне нұқсан келтіреді. Бұл жерде нақты индивид,
адамдардың әлеуметтік, ұлттық және кәсіби топтары, тұтас қауымдастықтар
мен түгел социум қорғаныс нысанына айналады.
Медиакеңістік тілінің тіл қолданушыларына түпсаналы ықпалының қаупі
көптеген зерттеушілерді алаңдатып келеді. Себебі медиа – аудиторияның
идеологиялық, эмоционалды, тіпті түпсаналы үміттеріне құрылған трансляция
жасаушы арна. Медиа-сарапшы Джерри Мандердің: «Бәлкім біз ақпарат
бұқаралық санамен жұтылатын дәуірге аяқ басқан болармыз. Телевизиялық
хабарлама қандай да бір сүзгіден өтпестен толығымен жадымызға келіп
құйылады, бірақ оны саналы анализдеу, түсіну мүмкін емес» деген пікірі
медиакеңістіктен түсетін ақпараттың еш кедергісіз қабылданатынын аңғартады
[85]. Расында, медиакеңістіктегі өзге әлемнің иллюзиясына ұмтылу адам үшін
өте қауіпті. Мұндай технологиялық инфрақұрылымның алдында адам әлсіз
және тәуелді. М. Маклюэннің пікірінше, медиа алғашқы кезден-ақ
тұтынушының санасын жаулап алуға ұмтылған. Зерттеуші медиалық даму
(электронды құралдардың болашақ дамуы) соңында адам санасын толығымен
«ампутацияға» алып келеді деген болжам айтады [68, с. 68].
Медиакеңістіктегі негативтілік мәтіндердің негативті тінінің тығыздығын
ұлғайтады. Бұл өз кезегінде ішкі жайсыздықты, күйзелісті, мазасыздық пен
алаңдаушылықты күшейтеді, физикалық және психологиялық бұзылуларға
алып келу арқылы адам денсаулығына кері ықпал етеді. Үнемі қайталанған
жағдайда бұл әрекеттер жеке, қоғамдық агрессияны ұлғайтуға әсер етіп, оң
құндылықтық бағдарлардың жоғалуына алып келеді.
Зерттеулерде адамға әсер ететін тілдік орта адамның тіршілік әрекеті
ретінде ұғынылады. Осы тілдік орта, әсіресе, ақпараттық орта ақпараттық
кеңістіктің субъектісі ретіндегі адамның, тұтас қоғамның дамуы үшін
әлеуметтік-мәдени жағдайларды қалыптастырады, бұл даму деңгейі адамның
мәдени өмір сүру уәждері мен қажеттіліктеріне тікелей байланысты. Елдің
әлеуметтік-мәдени кеңістігіне енетін адамның азаматтық санасының дамуына
оң жағдай туғызатын ақпараттық тепе-теңдікті анықтау мақсатында
телеарналардың
қазақтілді
жаңалықтар
бөліміне
лингвоэкологиялық
мониторинг жүргіздік. Мониторинг нысанына телеарналарды таңдап алу
себебіміз – халықтың ақпаратты алу көздерінің 2017 жылғы мәліметіне сәйкес,
бұл тізімде телеарналар 64%-бен көш бастап тұр (Интернет – 39%, чаттар –
31%, мерзімді басылымдар – 6%, радио – 7%) [86].
47
Талдау материалы ретінде Қазақстандағы зерттеуші компаниялардың
көшбасшысы «Kantar» сайтының 2019 жылғы маусым айының рейтингісіне
сәйкес үздік ондыққа кіретін КТК, Еуразия 1 арнасы, 31 арна, 7 арна, Астана,
Хабар, Қазақстан арналарының жаңалықтар топтамасы алынды [87].
Телеарналардың аудиторияны қамту көрсеткіші ай сайын өзгеріп
тұратындықтан төмендегі суретте 2019 жылдың екі айының көрсеткіші
салыстыру үшін берілді (4-сурет).
Сурет 4 – Телеарналардың Қазақстан бойынша аудиторияны қамту көрсеткіші
Ескерту – Автормен құрылған
1.07.2019-10.07.2019 аралығында барлығы 544 жаңалық оқыс оқиға,
Достарыңызбен бөлісу: |